Хадис

Түнгі намаздар, яғни тәһәжжүд

Муатта, 8-кітап · 33 хадис · № 1–33

Мазмұны: 5 бап
  1. 1Түнгі намаз, әсіресе тәһәжжүд намазы
  2. 2Ардақты Елшінің (с.а.с.) үтір намазы
  3. 3Үтір намазының бұйырылуы
  4. 4Үтір намазын уақытында оқи алмағандардың таң атқаннан кейін оқуы
  5. 5Таң намазының сүннеті

1-бапТүнгі намаз, әсіресе тәһәжжүд намазы

1
Муатта, 8-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жүбәйр қасындағы сенімді бір адамнан, ал ол ардақты Елшінің жұбайы әзірет Айшадан мына хадисті риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Түнде намаз оқуды әдет еткен адам ұйықтап қалып, тәһәжжүд намазына тұра алмаса, Алла оған тәһәжжүд сауабын жазады, ал ұйқысы садақа болып саналады”, – деп бұйырды1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Татаввуғ», 5/20; Нәсәи, «Қиям әл-ләйл», 20/61. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 167. Тәһәжжүд – түнде ұйқыдан тұрып оқылатын намаз. Оның өзге нәпіл намаздардан артықшылығы бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) тәһәжжүд намазын ең көбі сегіз, ең азы екі рәкағат етіп оқыған.
2
Муатта, 8-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деп баяндайды: «Ардақты Елші түнде тәһәжжүд намазын оқығанда, мен оның алдында жататынмын. Аяқтарым сәжде ететін жеріне жетіп тұратын. Сәжде жасағанда қолымен маған тиетін, мен аяғымды тартатынмын. Сәждеден тұрған кезде қайта созатынмын. Ол кездері үйлерде шам жағылмайтын1».

  1. 1Бұхари, «Намаз», 8/22; Муслим, «Намаз», 4/272.
3
Муатта, 8-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің жұбайы Айша (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Намазда ұйқысы келген адам жатып, ұйқысын қандырып алғаннан кейін намазын оқысын. Өйткені ұйқылы-ояу намаз оқыған адам, бәлкім, өзі де аңғармай, истиғфар етудің орнына өзін қарғап қоюы мүмкін”, – деп бұйырды1».

  1. 1Яғни дұға етіп тұрып, өзі аңғармастан қарғыс айтып қоюы мүмкін. Бұхари, «Дәрет», 4/53; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/222.
4
Муатта, 8-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Исмағил ибн Әби Хәкимге былай риуаят етілді: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде намаз оқитын бір әйел жайында естігенде: “Ол кім?” – деді. Оған: “Түуәйттің қызы Хаула. Түнде ұйықтамайды”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның түні бойы намаз оқығанын құп көрмеді. Тіпті мұны ұнатпағаны жүзінен байқалды. Сосын былай деді: “Сендер ғибадаттан жалығып, оны тастамайынша, Алла Тағала сендердің сауаптарыңды тоқтатпайды. Өздеріңді шаршатып, жалықтырмай, жалғастыра алатындай амал жасаңдар”1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «Бұл хадис Исмағилдің осы риуаяты бойынша мунқатиғ», – дейді. Бұхари («Иман», 2/32) мұны әзірет Айшадан маусул түрде риуаят етеді. Сондай-ақ қараңыз: Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/220.
5
Муатта, 8-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әсләмнен риуаят етіледі: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) түнде қалағанынша намаз оқитын. Таңға жуық: “Намазға тұрыңдар, намазға тұрыңдар”, – деп үй ішін намазға оятатын. Содан кейін мына аятты оқитын: “Үй-ішіңе намаз оқуды бұйыр, өзің де намазға берік бол. Біз сенен ризық сұрамаймыз. Сені ризықтандыратын – Бізбіз. Ақыр соңының қайырлы болуы – тақуа иелеріне тән”1».

  1. 1«Таһа» сүресі, 132-аят.
6
Муатта, 8-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйяб: «Құптан намазын оқымай тұрып ұйықтау және құптан намазынан кейін сөйлесу – мәкруһ1», – дейтін2.

  1. 1Өйткені құптан намазын оқымай ұйықтаған адам оянбай қалып, құптан намазы қаза болуы мүмкін. Ал құптаннан кейін әңгімеге берілсе, түнгі намазға, яғни тәһәжжүдке тұра алмайды.
  2. 2Бұхари, «Намаз уақыттары», 9/3; Муслим, «Мешіттер», 5/236.
7
Муатта, 8-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Түнгі және күндізгі нәпіл намаздар екі-екі рәкағаттан оқылады. Әр екі рәкағатта бір сәлем беріледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да солай. Яғни сүннет және нәпіл намаздарда екі рәкағатта бір сәлем беріледі».

2-бапАрдақты Елшінің (с.а.с.) үтір намазы

8
Муатта, 8-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің жұбайы Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде он бір рәкағат намаз оқитын. Оның бірін үтір етіп оқитын. Намазын аяқтаған соң оң қырымен жататын1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/121. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 165.
9
Муатта, 8-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман ибн Ауфтан риуаят етіледі: «Алла елшісінің жұбайы Айшадан: “Рамазанда Алла елшісі намазды қалай оқитын еді?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда да, басқа уақытта да түнгі намазда он бір рәкағаттан артық оқымайтын. Төрт рәкағат оқитын, оның көркемдігі мен ұзақтығын сұрама. Содан кейін тағы төрт рәкағат оқитын, оның да көркемдігі мен ұзақтығын сұрама. Сосын үш рәкағат үтір намазын оқитын”, – деп жауап берді».

Айша (р.а.) былай дейді: «Ардақты Пайғамбарға: “Уа, Расулалла! Үтірді оқымай ұйықтайсыз ба?” – дедім. Ол: “Уа, Айша! Көздерім ұйықтайды, бірақ жүрегім ұйықтамайды”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Тарауих намазы», 31/1; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/125. Жүректің рухани сергектігі күшейгенде, дене ұйықтаған кезде де ол ояу қалады. Бұл – пайғамбарларға тән жағдай.
10
Муатта, 8-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы Айшадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде он үш рәкағат намаз оқитын. Кейін таң намазының азанын естігенде, қиямда қысқа қырағат етіп, таң намазының екі рәкағат сүннетін оқитын1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/123. Бұл он үш рәкағаттың оны – тәһәжжүд, үшеуі – үтір намазы. Ардақты Елші тәһәжжүд намазын көбіне сегіз, кейде он рәкағат етіп оқитын.
11
Муатта, 8-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір түні ардақты Елшінің жұбайы, нағашы әпкем Мәймунаның үйіне қондым. Басымды Алла елшісінің жастығының шетіне қойып жаттым. Ардақты Пайғамбар ұйықтады. Түннің жартысы болғанда немесе одан сәл бұрын, яки сәл кейінірек тұрып отырды. Қолымен көздерін сүрткеннен кейін “Әли Имран” сүресінің соңғы он аятын оқыды. Содан кейін тұрып, ілулі тұрған торсықтағы1 сумен дәрет алды. Қандай көркем етіп дәрет алды десеңші! Содан соң тәһәжжүд намазын оқыды».

Ибн Аббас былай дейді: «Мен де тұрып, соның істегенін қайталадым. Сосын қасына барып тұрдым. Алла елшісі (с.а.с.) оң қолын басыма қойып, оң құлағымды сипады. Екі рәкағат намаз оқыды. Содан кейін екі рәкағат, сосын екі рәкағат, сосын екі рәкағат, сосын екі рәкағат, содан соң тағы екі рәкағат оқыды. Кейін бір рәкағат оқыды да, жатты. Мүәззин келгенде тұрып, қиямда қысқа қырағат етіп, таң намазының екі рәкағат сүннетін оқыды. Содан кейін сыртқа шығып, таң намазын оқытты2».

  1. 1Қырба – бұрын су тасушылар қолданған, жұқа былғарыдан немесе теріден жасалған су құятын ыдыс, торсық.
  2. 2Бұхари, «Дәрет», 4/36; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/182.
12
Муатта, 8-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Халид әл-Жүһәни былай деп баяндайды: «Бір түні Алла елшісінің (с.а.с.) тәһәжжүд намазын бақылау ниетімен бардым. Есігінің табалдырығына сүйендім. Алла елшісі (с.а.с.) түн ортасында тұрып, қырағатты ұзақ оқып, екі рәкағат намаз оқыды. Содан кейін олардан сәл қысқарақ екі рәкағат оқыды. Кейін одан да қысқарақ екі рәкағат оқыды. Сосын одан да қысқарақ екі рәкағат оқыды. Кейін одан да қысқарақ екі рәкағат оқыды. Кейін одан да қысқарақ екі рәкағат оқыды. Содан кейін бір рәкағат оқыды. Барлығы он үш рәкағат болды1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/195. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 166. Осы хадистерден аңғарылғандай, әзірет Пайғамбар үтір намазын оқығанда, екі рәкағаттан кейін сәлем беріп, бір рәкағатты бөлек оқитын. Имам Мәлик пен Имам Шафиғи осы хадистерге сай амал еткен. Кейде үш рәкағат үтір намазын бір сәлеммен оқитын. Әбу Ханифа да осыған сай амал еткен.

3-бапҮтір намазының бұйырылуы

13
Муатта, 8-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) өзінен түнгі намаз жайында сұраған адамға: “Түнгі намаз екі-екі рәкағаттан оқылады. Таң атып кетуінен қорықсаңдар, үтірді бір рәкағат етіп оқыңдар”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Үтір», 14/1; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/145. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 164.
14
Муатта, 8-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Ибн Мухайриз былай деп баяндайды: «Кинана тайпасынан шыққан Мүһдәжи деген адам Шамда Әбу Мұхаммед лақабымен танылған бір кісінің: “Үтір намазы – уәжіп”, – дегенін естіді». Мүһдәжи былай дейді: «Осыдан кейін Убада ибн әс-Самитке бардым. Оны мешітке бара жатқанда жолықтырдым. Оған Әбу Мұхаммедтің “үтір намазы уәжіп” дегенін айттым. Убада: “Әбу Мұхаммед қате айтыпты. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Алла құлдарына бес уақыт намазды парыз етті1. Кім бұларды оқымаса, Алланың оны жәннатына кіргізетіні жайында уәдесі жоқ. Қаласа, оны азаптайды, қаласа, жәннатқа кіргізеді’, – деп бұйырды”, – деді2».

  1. 1Намаз оқу адамды өзге жауапкершілік пен міндеттерден босатпайды. Тек намаз оқып, басқа күнәлар мен жаман істерді жасай беру дұрыс емес.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Үтір», 8/20; Нәсәи, «Намаз», 5/6; Ибн Мәжа, «Иқамат», 5/194.
15
Муатта, 8-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Ясар былай деп баяндайды: «Мекке жолында Абдуллаһ ибн Омармен бірге келе жатқан едім. Таң атуға жақындағанда көлігімнен түсіп, үтір намазын оқыдым. Абдуллаһқа жеткенімде, ол маған: “Қайда болдың?” – деді. Мен: “Таң атып кете ме деп қорқып, түсіп, үтір намазын оқыдым”, – дедім. Сонда Абдуллаһ: “Алла елшісіне ілескің келмей ме?” – деді. Мен: “Иә, уаллаһи, ілескім келеді”, – дедім. Абдуллаһ: “Алла елшісі (с.а.с.) үтір намазын түйесінің үстінде оқитын”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Үтір», 14/5; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/36.
16
Муатта, 8-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйябтан риуаят етілді: «Әбу Бәкір әс-Сыддық жатар кезде үтір намазын оқитын. Ал Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) үтір намазын түннің соңында, яғни сәресі уақытында оқитын».

Сағид ибн әл-Мусәйяб былай дейді: «Мен төсегіме жатар кезде үтірді оқимын».

17
Муатта, 8-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына хадис риуаят етілді: «Бір адам Абдуллаһ ибн Омардан: “Үтір намазы уәжіп пе?” – деп сұрағанда, Абдуллаһ: “Шүбәсіз, Алла елшісі (с.а.с.) және мұсылмандар үтір намазын оқыған”, – деді. Әлгі адам сол сұрақты қайта-қайта қойды. Абдуллаһ ибн Омар әр сұраған сайын: “Алла елшісі (с.а.с.) және мұсылмандар үтірді оқыған”, – деп жауап берді».

18
Муатта, 8-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейтін: «Таң атпай тұрып, яғни тәһәжжүд намазы уақытында ояна алмай қалудан қорыққан адам үтір намазын ұйықтамай тұрып оқысын. Ал ояна алатын адам үтір намазын кейінге қалдырып, сәресі уақытында оқысын».

19
Муатта, 8-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Меккеде Абдуллаһ ибн Омармен (р.а.) бірге едім. Күн бұлтты болатын. Абдуллаһ таң атып кете ме деп қорқып, бір рәкағат үтір намазын оқыды. Аспан ашылғаннан кейін уақыттың әлі ерте екенін көріп, тағы бір рәкағат оқып, оқыған жалғыз рәкағатын жұптады. Содан кейін екі-екіден тағы төрт рәкағат оқыды. Таң атуға жақындағанда дереу бір рәкағат үтір оқыды1».

  1. 1Шәйбани, 251.
20
Муатта, 8-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) үтір намазында екі рәкағаттан кейін сәлем беретін. Тіпті кейбір қажеттерін айтып, содан кейін бір рәкағатты бөлек оқитын1».

  1. 1Шәйбани, 258. Үтір намазы жөнінде мәзһабтар арасында екі мәселе бойынша пікір айырмашылығы бар: оның уәжіп не сүннет болуы және оқылу тәртібі. Ханафи мәзһабында үтір намазы – уәжіп. Бір сәлеммен үш рәкағат оқылады. Құптан намазынан кейін оқылады. Тәһәжжүд намазына тұратын адам үтірді кейінге қалдырып, тәһәжжүдтен соң оқиды. Шафиғи, мәлики және ханбали мәзһабтарында үтір намазы – сүннет муәккәдә, яғни ең қуатты сүннет. Екі рәкағаттан кейін сәлем беріліп, бір рәкағат бөлек оқылады. Үш мәзһабта да үш рәкағатты бір сәлеммен оқу жаиз. Барлық мәзһабта үтір намазының ең абзал уақыты – тәһәжжүдтен кейін, таң атпай тұрған мезгіл. Әзірет Пайғамбар үнемі осылай оқитын. Бір хадисінде: «Түнгі намаздарыңның ең соңында үтір намазын оқыңдар», – деген. Тәһәжжүдке тұра алмайтындар үтірді құптаннан кейін немесе жатар алдында оқиды.
21
Муатта, 8-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) құптаннан кейін бір рәкағат үтір оқитын1».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша бұлай емес. Үтір намазының ең азы – үш рәкағат».

  1. 1Бір рәкағатты намаз жоқ. Ол құптаннан кейін үтірдің екі рәкағатын оқып, содан соң бір рәкағат оқыған болуы мүмкін.
22
Муатта, 8-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динардан риуаят етілді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): “Ақшам намазы – күндізгі намаздардың үтірі”, – дейтін».

Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам түннің алғашқы бөлігінде үтір намазын оқып, ұйықтағаннан кейін оянып, тәһәжжүд намазын оқығысы келсе, оны екі-екі рәкағаттан оқысын. Естігендерімнің ішіндегі ең көркемі – осы1».

  1. 1Шәйбани, 249.

4-бапҮтір намазын уақытында оқи алмағандардың таң атқаннан кейін оқуы

23
Муатта, 8-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жүбәйр былай деп баяндайды: «Абдуллаһ ибн Аббас ұйқысынан оянып, қызметшісіне: “Қарашы, адамдар не істеп жатыр екен?” – деді. Ол кезде Абдуллаһтың көзі көрмей қалған еді. Қызметші барып қайтқаннан кейін: “Адамдар таң намазынан тарап кетті”, – дегенде, Абдуллаһ ибн Аббас үтір намазын оқып, сосын таң намазын оқыды1».

  1. 1Шәйбани, 256.
24
Муатта, 8-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған Абдуллаһ ибн Аббас, Убада ибн әс-Самит, әл-Қасым ибн Мұхаммед және Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабиғаның үтір намаздарын таң атқаннан кейін оқығандары риуаят етілді1».

  1. 1Шәйбани, 253, 254.
25
Муатта, 8-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Таң намазына қамат түсіріліп жатқан кезде де үтір намазын оқи аламын1».

  1. 1Шәйбани, 255.
26
Муатта, 8-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид риуаят етеді: «Убада ибн әс-Самит (р.а.) имамдық жасайтын. Бір күні таң намазына барды. Мүәззин қамат түсіріп жатқанда, Убада оны тоқтатты. Үтір намазын оқығаннан кейін таң намазын оқытты1».

  1. 1Шәйбани, 257.
27
Муатта, 8-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн әл-Қасым былай дейді: «Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабиғаның (р.а.): “Таң намазының қаматын естіп тұрған кезде немесе таң атқаннан кейін үтір намазын оқимын”, – дегенін естідім».

Абдуррахман Абдуллаһ ибн Амирдің «қамат түсіріліп жатқанда» деді ме, әлде «таң атқаннан кейін» деді ме деген мәселеде күмәнданады.

28
Муатта, 8-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Таң атқаннан кейін де үтір намазын оқимын».

Мәлик былай дейді: «Алайда үтірді оқымай ұйықтап қалған адам ғана таң атқаннан кейін үтір намазын оқи алады. Әйтпесе үтір намазын әдейі таң атқаннан кейінге қалдыру жаиз емес».

5-бапТаң намазының сүннеті

29
Муатта, 8-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Ардақты Елшінің жұбайы Хафса (р.а.) былай риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) мүәззин таң намазының азанын шақырғанда, қамат түсірілмей тұрып, қысқа қырағат етіп, екі рәкағат сүннет намазын оқитын1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/12; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/87. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 244.
30
Муатта, 8-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) таң намазының сүннетін соншалық жеңіл оқитын, тіпті ішімнен: “Фатиханы оқыды ма, әлде оқымады ма?” – деп ойлайтынмын1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «Мәликтен риуаят еткендер бұл хадистің мурсал екені жөнінде бір пікірде», – дейді.
31
Муатта, 8-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман былай дейді: «Бір таң намазында қаматты естіген жамағаттың бір бөлігі сүннет оқуға тұрды. Сол кезде Алла елшісі (с.а.с.) шыға келді. Оларды көргенде: “Екі намаз бірдей оқылып жатыр ма, екі намаз бірдей оқылып жатыр ма?” – деді1». Бұл таң намазының алдындағы екі рәкағат сүннет жайында еді.

  1. 1Әзірет Пайғамбар «екі намаз» деп таң намазының парызы мен сүннетін айтып тұр. Бұл хадистен парызға қамат түсірілгенде, мешіттегі бүкіл жамағаттың сүннет не нәпіл намазды бастамай, парызға тұруы керектігі аңғарылады.
32
Муатта, 8-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) бір күні таң намазының сүннетін оқи алмай қалып, күн шыққаннан кейін қазасын өтеді1.

  1. 1Ханафи мәзһабында таң намазының парызынан кейін сүннет оқылмайтындықтан, парызға қамат түсірілген кезде жамағатқа үлгере алатынына көзі жеткен адам сүннетті тез оқып, парызға қосылады.
33
Муатта, 8-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед те Абдуллаһ ибн Омар секілді парыздан бұрын оқи алмаған таң намазының сүннетін күн шыққаннан кейін оқыды.