Хадис

«Ахзаб» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 84-тарау · 13 хадис · № 740–752

Хадистер

740
Кутуб ситтә, № 740 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «إِنَّ زَيْدَ بْنَ حَارِثَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ مَوْلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ مَا كُنَّا نَدْعُوهُ إِلَّا زَيْدَ ابْنَ مُحَمَّدٍ حَتَّى نَزَلَ الْقُرْآنُ: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Біз Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азат еткен Зәйд ибн Харисаны “Зәйд ибн Мұхаммед” деп атайтынбыз. Осылай атауымыз «Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар»1 деген аят түскенге дейін жалғасты».2

Түсіндірме

Зәйд ибн Хариса жаһилият дәуірінде құлдыққа түскен. Хаким ибн Хизам оны Хадишаға сатып алып береді. Кейін Хадиша Зәйдті Алла Елшісіне (с.а.с.) сыйлайды. Пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрған сол кезде Зәйд сегіз жаста еді.

Әкесі Зәйдтің Меккеде және Абдулмутталибтің немересі Мұхаммедтің жанында екендігін естігенде, өзінің бауырын ертіп, Зәйдті құлдықтан құтқару үшін Меккеге келеді. Олар өздерін таныстырып, Зәйдті азат ету үшін құнын төлеуге дайын екенін айтады. Көп ақша сұрамауын, жеңілдік жасауын өтінеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Мен сендерге одан да жақсысын жасаймын. Зәйдті шақырып, таңдауды оған қалдырамын, сендерді таңдаса, ешқандай ақы сұрамастан өздеріңе сыйлаймын. Алайда мені таңдаса, ол кезде бере алмаймын», – дейді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйдті шақырып: «Оларды танисың ба?» – деп сұрайды. «Иә, біреуі – әкем, ал анау – көкем!» – дейді Зәйд. Пайғамбарымыз: «Міне, саған қалай қарайтынымды көрдің. Мені ме, әкеңді ме – өзің таңда», – дейді. Зәйд: «Мен олармен барғым келмейді, сенен басқа ешкімді де таңдамаймын», – деген кезде, әкесі мен көкесі таңғалып: «Құрып кеткір, Зәйд, отбасың мен азаттықты емес құлдықты таңдағаның ба?!» – дейді. Зәйд: «Иә, мен бұл кісіден сондай нәрсе көрдім: мен оны ешкімге айырбастамаймын!» – деп жауап береді.

Зәйдтің (р.а.) осы әрекетіне дән риза болған Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны Қағбаның ауласына апарып: «Уа, халайық! Куә болыңдар, мына Зәйд бұдан былай менің ұлым. Ол маған, мен де оған мұрагер боламын!» – дейді.

Мұны көрген әкесі мен көкесінің көңілі орнығып, елдеріне қайтады.

Міне, Зәйд осы оқиғадан кейін «Зәйд ибн Мұхаммед» деп аталатын болды.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үммі Әйманды Зәйдпен некелестіреді. Осы некеден Усама (р.а.) дүниеге келді. Расулалла Зәйдті және оның ұлы Усаманы өте жақсы көретін. Оларды өз отбасының мүшелері деп санайтын. Мұһажирлерді мәдиналықтармен бауырластырған кезде Расулалла Зәйдті өзінің көкесі Хамзамен бауырластырды. Әзірет Айша Алла елшісі (с.а.с.) жасаққа Зәйдті қосса, оны міндетті түрде қолбасшы етіп тағайындайтынын айтып, былай дейді: «Егер тірі болғанда, оны өзінің орнына қалдыратын еді».

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Шамға жасақ аттандырғанда Зәйдті қолбасшы етіп тағайындап: «Зәйд шейіт болса, орнына Жағфар, ол да шейіт болса, Абдулла ибн Рауаха қолбасшы болсын», – дейді. Зәйд осы жорықта, һижраның сегізінші жылы Мутада шейіт болды.

Зәйд – Құран Кәрімде есімі аталған жалғыз сахаба. Бұл – ол үшін зор абырой. Сондай-ақ құлдардан тұңғыш мұсылман болған ерекше абыройлы тұлға. Ол көпшілікке бұйырмаған сәттерде Пайғамбардың (с.а.с.) жанында болып, пайғамбарлықтың кейбір қырларына куә болған. Расулаллаға (с.а.с.) Жәбірейілдің (а.с.) дәрет алу мен намаз оқуды алғаш рет үйреткеніне қатысты риуаят әзірет Зәйд (р.а.) тарапынан жеткен: «Расулалланың (с.а.с.) риуаяты бойынша, Жәбірейіл (а.с.) өзіне келіп дәрет алу мен намаз оқуды үйретеді. Дәрет алып болған соң алақанына су алып, шалбарының ауына сепкен».

Аят асыранды баланы туған әкесінің атымен атауды бұйырады. Өгей әкесінің немесе қожайынының атымен шақырылған Зәйд қана емес еді. Әбу Хузайфаның азат еткен кісісі Сәлимнің жағдайы да Зәйдке ұқсайды. Онымен байланысты бірнеше мәселе де риуаят етілген.

Бұл аят жаңадан қалыптасқан мұсылман қоғамындағы туыстық қатынастарды реттеді. Зәйд мысалы арқылы қан жолымен туыстықты басқаша туыстық байланыстардан бөлген. Соның нәтижесінде туған ана, туған әке және туған бала ұғымдарының шегі айқындалды:

1. Қан туыстығы. «Алланың Кітабы бойынша ет жақын туыстар бір-біріне (мирасқорлық һәм өзара жәрдемдесу мәселесінде) өзге мүміндер мен мұһажирлерден де жақын тұрады».3

2. Туған ана. «Араларыңда әйелдеріне зиһар айтқандар (яғни, талақ айту ниетімен «Сен енді мен үшін анамның арқасындайсың» деп айтқандар) біліп қойсын, әйелдері олардың аналары емес. Олардың аналары өздерін тапқан әйелдер ғана».4

3. Туған әке. Бұған Зәйдке (р.а.) қатысты аят мысал: «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес»5. Осы аят түскен кезде Расулаллаға (с.а.с.) «әке» деп айтатын ұл баласы жоқ еді. Тек Зәйд (р.а.) қана осылай айтатын. Бұл аят солай атағанның өзінде туған әке мен балаға тән үкімдер жүрмейтінін көрсетті.

4. Туған бала. Бұл да Зәйдке қатысты аяттарда айтылған: «Сондай-ақ (аттарыңа жазғызып алған) асыранды балаларыңды да өз балаларың қылмады. Міне, мұның бәрі құр ауызбен айтқан негізсіз сөздерің ғана. Алла болса, тек ақиқатты ғана айтады һәм әрдайым тура жолға бағыттайды. Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады».6

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 5-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ахзаб», 2 (№4782). Мүслим, «Сахабалардың артықшылықтары», 62 (№2425). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3209, Ибраһим Жанан басылымында №3207).
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 6-аят.
  4. 4«Мужадилә» сүресі, 2-аят.
  5. 5«Ахзаб» сүресі, 40-аят.
  6. 6«Ахзаб» сүресі, 4–5-аяттар.
741
Кутуб ситтә, № 741 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَا مِنْ مُؤْمِنٍ إِلَّا وَأَنَا أَوْلَى النَّاسِ بِهِ فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ، اقْرَءُوا إِنْ شِئْتُمْ: النَّبِىُّ أَوْلَى بِالْمُؤْمِنِينَ مِنْ أَنْفُسِهِمْ الْآيَة، فَأَيُّمَا مُؤْمِنٍ تَرَكَ مَالًا فَلْتَرِثْهُ عَصَبَتُهُ مَنْ كَانُوا، وَإِنْ تَرَكَ دَيْنًا أَوْ ضِيَاعًا فَلْيَأْتِنِى فَأَنَا مَوْلَاهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: “Мен әрбір мүмінге фәни дүниеде де, ақыретте де адамдардан ең жақынымын. Қаласаңдар, (осы мәселеге қатысты) мына аятты оқыңдар: ‘Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, сондай-ақ (пайғамбар мүміндерге өз әкелеріндей, тіпті, одан да артық болғандықтан) оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады...’1 Мүмін дүние салғанда мал-мүлік қалдырса, оны әке жағынан жақын мұрагерлері алсын. Ал қарыз немесе қамқорлыққа мұқтаж отбасы мүшелерін қалдырса, маған жүгінсін. Мен оның қамқоршысымын”».2

Түсіндірме

Хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) әр мүмінге бәрінен жақын екенін түсіндіреді. Мүмін қарызын өтеуге жететін мүлік қалдырмай дүние салса, оның қарызын өтеу, асыраушысыз қалған отбасы мүшелері болса, оларға қамқор болу Алла Елшісіне жүктелген.

Бұхаридің «Кәфәлат» бөлімінде мынадай хадис те келтірілген. Алла елшісі қарызы бар кісінің жаназасына келгенде былай сұрайтын:

– Қарызын өтейтін мал-мүлік қалдырып па? – дейтін. «Иә, қалдырыпты» десе, жаназасын оқитын. «Қалдырмапты» десе:

– Бауырларыңның жаназасын өздерің оқыңдар, – деп, өзі жаназаға қатыспайтын. Алла Тағала мұсылмандарға жеңістер нәсіп еткен соң:

– Мен мүміндерге өздерінен де жақынмын... – деді.

Көріп отырғанымыздай, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұсылмандардың тұрмысы ауыр кезде, өтеуге шамасы жетпейтін қарыз алудан ісімен сақтандырған. Сондықтан қарызды өтейтін мүлкі жоқ адамның жаназасын өзі оқымаған. «Расулалланың намазынан мақұрым қалып қоямын» деген үрей мүминдердің жан дүниесіне қандай ой салатыны айдан анық. Осы әрекеті материалдық жағдай мәз емес кезінде адамдарды өтей алмайтын қарыз алудан қорғаған болу керек. Алайда жеңістерден кейін бұлай жасамауына материалдық жағдайдың жақсаруы ықпал еткен.

«Бұл тәжірибе Расулаллаға (с.а.с.) тән міндет пе әлде одан кейінгі ел басқаратын бүкіл басшыларды қамти ма?» деген мәселе көп талқыланған. Басым пікір бойынша, бұл міндет жалғасады. Қарыз басшының жеке мүлкінен емес, мемлекет қазынасынан өтеледі. Ибн Баттал сияқты кейбір ғалымдар Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұны өзінің жеке мүлкінен төлегенін жеткізген. Ендеше, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бағыштау түрінде қарыз төлеген болса, онда өзінен кейінгі ел басшыларына біреудің қарызын төлеу міндеті жүктелмейді».

«Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қарыздар адамның қарызын төлеуге тиіс пе еді, бұлай жасау оның міндеті ме еді?» деген сұраққа былай жауап берілген: «Кімде-кім қарыз қалдырса, оны төлеу – менің міндетім». Демек, бұл хадис қарыз қалдырған кісінің жаназасын Алла Елшісінің өзі оқымау жөніндегі бұрынғы амалдың тоқтағанын көрсетеді. «Оны төлеу – менің міндетім» сөзі «соғыстан түскен олжадан және садақалардан өзіне тиетін үлестен төлеу – менің міндетім» дегенді білдіреді. Демек, мұсылмандардың жауапкершілігін мойнына алған кісілер қарыз қалдырып кеткен кісілерге дәл солай қарауға тиіс. Төлемейтін болса, күнәһар болады, маңызды болғаны, өлген адамның мемлекет қазынасындағы үлесі қарызын өтеуге жетуі керек... Ибн Баттал бұған қоса былай дейді: «Имам қарыз қалдырып кеткен өлінің қарызын төлемесе, бұл кісінің қарызы жаннатқа кіруіне кедергі келтірмейді. Өйткені қарызы мемлекет қазынасындағы үлесінен көп болмаған жағдайда мемлекет қазынасынан өзінің қарызы мөлшерінде алашағы бар болып саналады».

Ибн Хажар былай дейді: «Мұндай кісінің жағдайы бір жағынан борышкер, екінші жағынан алашағы бар кісіге ұқсайды. Мұндай кісілер сырат көпірінен өткен соң, жаннат пен тозақ арасында көпірдің соңында тоқтатылады. Аласа-береселері сол жерде өтеледі. Қарызынан құтылғандарға жаннатқа кіруге рұқсат беріледі».

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 6-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Ахзаб 1, Кәфәләт 5, Истиқраз 11, Нафақат 15, Фараиз 4, 15, 25; Мүслим, Фараиз 14, (1619).
742
Кутуб ситтә, № 742 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «مَا جَعَلَ اللَّهُ لِرَجُلٍ مِنْ قَلْبَيْنِ فِي جَوْفِهِ. قَالَ: قَامَ نَبِىُّ اللَّهِ يَوْمًا لِيُصَلِّى فَخَطَرَ خَطْرَةً؛ فَقَالَ الْمُنَافِقُونَ الَّذِينَ يُصَلُّونَ مَعَهُ: أَتَرَى أَنَّ لَهُ قَلْبَيْنِ قَلْبًا مَعَكُمْ وَقَلْبًا مَعَهُمْ؟ فَنَزَلَتْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Алла бірде-бір адамның көкірек қуысында (біреуімен Аллаға, екіншісімен өзгелерге иман келтіріп, құлдық ұрсын деп) екі бірдей жүрек жаратпаған...»1 деген аят жайлы былай дейтін: «Бір күні Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз оқып тұрғанда бір сәт жаңылысты. Жамағаттағы онымен намаз оқыған мұнафықтар дереу: “Оның екі жүрегі барын көрмейсіңдер ме? Бірі сендермен, екіншісі олармен бірге”, – деді. Міне, олардың осы сөзіне байланысты аталмыш аят түсті».2

Түсіндірме

Ғалымдар аяттың түсу себебі жайлы әртүрлі пікір айтқан. Бір бөлігі: «Онымен «Мұхаммедтің екі жүрегі бар» деген мұнафықтардың өтірігін әшкерелеу көзделген. Осылайша Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жайлы жалған сөздері жоққа шықты» деген және ибн Аббастың (р.а.) жоғарыдағы риуаятын жеткізген.

Кейбіреулері: «Онымен өзінің екі жүрегі бар екенін айтып жүрген бір құрайыштық адам жайлы айтылған» деген. Айтылғандай, бұл кісі: «Менің екі жүрегім бар, солармен бүкіл нәрсені білемін. Олар Мұхаммедтің (с.а.с.) бір жүрегінен абзал» деп бөскен. Аят осыны жоққа шығарды», – деген.

Енді біреулері: «Онымен Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйд ибн Харисаны асырап алғандықтан, соған мысал ретінде осылай айтылды» деген.

Айта кетейік, бұл жерде «жүрек» сөзі ағзадағы қан айналымының орталығы болып табылатын тәндік жүрек емес, керісінше, адамның болмысы, жан дүниесі, рухани ауаны.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 4-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3199, Ибраһим Жанан басылымында №3197).
743
Кутуб ситтә, № 743 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِذْ جَاءُوكُمْ مِنْ فَوْقِكُمْ وَمِنْ أَسْفَلَ مِنْكُمْ الْآيَةَ. قَالَتْ كَانَ ذَلِكَ يَوْمَ الْخَنْدَقِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) ﴿إِذْ جَآءُوكُم مِّن فَوْقِكُمْ وَمِنْ أَسْفَلَ مِنكُمْ وَإِذْ زَاغَتِ ٱلْأَبْصَٰرُ وَبَلَغَتِ ٱلْقُلُوبُ ٱلْحَنَاجِرَ وَتَظُنُّونَ بِٱللَّهِ ٱلظُّنُونَا۠ ۝ هُنَالِكَ ٱبْتُلِىَ ٱلْمُؤْمِنُونَ وَزُلْزِلُوا۟ زِلْزَالًا شَدِيدًا﴾ «Сонда біріккен жау қолы сендерге жоғарғы жақтан да, төменгі жақтан да төніп келіп, құрсап алған еді. Сол кезде көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылып, жан алқымға келген болатын. Сөйтіп, Алла жайлы сан түрлі жағымсыз ойларға қалған едіңдер. Міне, сонда мүміндер өте ауыр сынаққа тап болды және қатты сілкініске ұшырады»1 деген аятқа қатысты «Бұл Хандақ күні болған оқиға», – деген.2

Түсіндірме

Әзірет Айшаның айтуынша, аятта суреттелген аласапыран күндер Хандақ соғысын білдіреді. Аяттан көріп отырғанымыздай, мұсылмандар жан-жақтан қысқан аласапыран күндерді бастан кешіп, Алла туралы сан түрлі ойға барған.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуы бойынша, аяттағы «жоғарғы жақтан... келгендер» – Уйәйна ибн Хисн басқарған жау әскері. Ал «төменгі жақтан... келгендер» – Әбу Суфиян ибн Харб басқарған жасақ еді.

Ибн Исхақ оқиғаны кеңірек баяндайды. Әбу Суфиян басқарған құрайыштықтар он мың кісілік қолмен бір жерге жиналды. Осы қолдың арасында құрайыштық рулардан басқа Кинанаұлдары мен Тихамалылар да бар еді. Уйәйна ибн Хисн, Ғатафан және оларға қосылған Нәжидтіктермен бірге Бабу Нұғман деп аталатын жердегі Ухудқа келді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен мұсылмандар оларға қарсы шықты. Үш мың кісілік қол таудың етегінде тұрды, дұшпанмен араларында Хандақ бар еді. Әйелдері мен балалары утмға (берік дуалдармен қоршалған үйлерге) орналастырылды. Хуйәй ибн Ахтаб мұсылмандармен келісім жасасқан Құрайза руына барып, оларды келісімді бұзуға көндірді. Келісімнің бұзылғаны мәлім болғанда мұсылмандардың жағдайы одан сайын қиындай түсті. Тіпті Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұшпанның бір бөлігін саптан шығару үшін Мәдинадағы құрма өнімінің үштен бірін беру шартымен Уйәйна ибн Хиснмен келісу жолын қарастырады. Алайда мәдиналықтар бұл ұсынысты қабылдамады. Осы соғыс кезінде мұнафықтар да бір жақтан қиындық шығарды, олар ең шешуші сәттерде «бала-шағамыз қорғаусыз қалды» деп, рұқсат сұрап соғыс майданын тастап кетті...»

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 10–11-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 29 (№4103).
744
Кутуб ситтә, № 744 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَرَى هَذِهِ الْآيَةَ نَزَلَتْ فِي عَمِّى أَنَسِ ابْنِ النَّضْرِ: مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّهَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Біз ﴿مِّنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا۟ مَا عَٰهَدُوا۟ ٱللَّهَ عَلَيْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَىٰ نَحْبَهُۥ وَمِنْهُم مَّن يَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا۟ تَبْدِيلًا﴾ “Мүміндердің арасында Аллаға берген сертінде тұрған нағыз ерлер бар. Олардың кейбірі уәдесінде тұрып, жанын пида қылды. Енді біреуі күтуде. Олар серттерінен әсте тайған да, әуелгі қалыптарынан еш айныған да емес”1 деген аятты көкем Әнәс ибн Надр туралы түсті деп білетінбіз».2

Түсіндірме

Көріп отырғанымыздай, Әнәс ибн Надр – Әнәс ибн Мәликтің көкесі. Ухудта шейіт болған. Бұл кісі Бәдір соғысына қатыспағаны үшін қатты өкініп, Алла Елшісіне (с.а.с.) барып: «Мүшріктермен болған алғашқы шайқасыңа қатыса алмадым. Егер Алла Тағала мүшріктермен тағы соғыстыратын болса, оларға көресіні көрсетемін!» – дейді. Аятта айтылған серт осы болуы мүмкін. Өйткені Ухуд күні мұсылмандар шебі шашыраған кезде: «Я, Раббым, мыналардың (мұсылмандардың) жасағаны үшін кешірім сұраймын» деп, алға ұмтыла бергенде, алдынан Сағд ибн Муаз (р.а.) шығады. Оған: «Сағд, жәннат жақын! Әнәстің Раббысына ант етейін, Ухудтың алдынан оның иісін сезіп тұрмын», – дейді де, алға ұмтылады. Сағд ибн Муаз: «Мен оның жасағанын жасай алмадым», – дейді.

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Біз оның денесінен сексеннен астам жарақат санадық. Қылыштың, садақ оғының және найзаның іздері бар еді. Мүшріктер көкемді өлтіріп қана қоймай, оның денесін қорлап, кескілеп, жұлмалап тастапты. Қарындасы Рубайығ бинт Надр оны саусақтарының ұшынан ғана таныды».

Аятта мақталған осы қаһарман сахабаның өмірінде мына оқиға болған.

Жоғарыда аты аталған Рубайығ бір әйелдің тісін сындырған. Зәбір көруші жақ қысас талап етіп Алла Елшісіне барады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қысасқа үкім шығарады. Әнәс ибн Надр: «Жоқ, уаллаһи, қарындасымның тісін сындырмайсыңдар, уа, Алла елшісі!» – деп қарсы шығады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алланың әмірі – қысас», – дейді. Осы кезде зәбір көруші жақ құнын төлетуге келіседі де, қысастың орнына құн төленген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың сондай құлдары бар: серт берсе, Алла оны ақтап шығады (сертін бұзғызбайды)», – дейді.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 23-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ахзаб», 3. Мүслим, «Имарат», 148 (№1903). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3200–3201, Ибраһим Жанан басылымында №3198–3199).
745
Кутуб ситтә, № 745 · тараудағы реті: 6

وَعَنْ أُمِّ عَمَّارَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ مَا أَرَى كُلَّ شَيْءٍ إِلَّا لِلرِّجَالِ، وَمَا أَرَى النِّسَاءَ يُذْكَرْنَ بِشَيْءٍ فَنَزَلَتْ: إِنَّ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُسْلِمَاتِ الْآيَة». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Умара (р.а.) былай дейді: «“Уа, Алла елшісі, бәрі ерлерге қатысты айтылғанын көріп жүрмін. Әйелдер туралы ештеңе айтылмай ма?” – дедім. Осыған байланысты мына аят түсті: ﴿إِنَّ ٱلْمُسْلِمِينَ وَٱلْمُسْلِمَٰتِ وَٱلْمُؤْمِنِينَ وَٱلْمُؤْمِنَٰتِ وَٱلْقَٰنِتِينَ وَٱلْقَٰنِتَٰتِ وَٱلصَّٰدِقِينَ وَٱلصَّٰدِقَٰتِ وَٱلصَّٰبِرِينَ وَٱلصَّٰبِرَٰتِ وَٱلْخَٰشِعِينَ وَٱلْخَٰشِعَٰتِ وَٱلْمُتَصَدِّقِينَ وَٱلْمُتَصَدِّقَٰتِ وَٱلصَّٰٓئِمِينَ وَٱلصَّٰٓئِمَٰتِ وَٱلْحَٰفِظِينَ فُرُوجَهُمْ وَٱلْحَٰفِظَٰتِ وَٱلذَّٰكِرِينَ ٱللَّهَ كَثِيرًا وَٱلذَّٰكِرَٰتِ أَعَدَّ ٱللَّهُ لَهُم مَّغْفِرَةً وَأَجْرًا عَظِيمًا﴾ “Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер; шын жүректен иман келтірген мүмін ерлер мен мүмін әйелдер; қалтқысыз бағынған ерлер мен қалтқысыз бағынған әйелдер; түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер; сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер; өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатшыл әрі кішіпейіл болған әйелдер; зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер; ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер; абиырларын күнәдан тыйған ерлер мен абиырларын күнәдан тыйған әйелдер; һәм Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер. Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды”1».2

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 35-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3211, Ибраһим Жанан басылымында №3209).
746
Кутуб ситтә, № 746 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «لَوْ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ كَاتِمًا شَيْئًا مِنَ الْوَحْىِ لَكَتَمَ هَذِهِ الْآيَةَ: وَإِذْ تَقُولُ لِلَّذِى أَنْعَمَ اللَّهُ عَلَيْهِ. يَعْنِى: بِالْإِسْلَامِ؛ وَأَنْعَمْتَ عَلَيْهِ. بِالْعِتْقِ: أَمْسِكْ عَلَيْكَ زَوْجَكَ إِلَى قَوْلِهِ وَكَانَ أَمْرُ اللَّهِ مَفْعُولًا؛ وَأَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ لَمَّا تَزَوَّجَهَا قَالُوا: تَزَوَّجَ حَلِيلَةَ ابْنِهِ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: مَا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَا أَحَدٍ مِنْ رِجَالِكُمْ وَلَكِنْ رَسُولَ اللَّهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّينَ. وَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ تَبَنَّاهُ وَهُوَ صَغِيرٌ فَلَبِثَ حَتَّى صَارَ رَجُلًا يُقَالُ لَهُ زَيْدُ ابْنُ مُحَمَّدٍ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ادْعُوهُمْ لِآبَائِهِمْ الْآيَة. فُلَانُ ابْنُ فُلَانٍ، وَفُلَانُ أَخُو فُلَانٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай деген: «Егер Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түскен уахиден бір нәрсені жасырар болса, мына аятты жасырар еді: ﴿وَإِذْ تَقُولُ لِلَّذِىٓ أَنْعَمَ ٱللَّهُ عَلَيْهِ وَأَنْعَمْتَ عَلَيْهِ أَمْسِكْ عَلَيْكَ زَوْجَكَ وَٱتَّقِ ٱللَّهَ وَتُخْفِى فِى نَفْسِكَ مَا ٱللَّهُ مُبْدِيهِ وَتَخْشَى ٱلنَّاسَ وَٱللَّهُ أَحَقُّ أَن تَخْشَىٰهُ فَلَمَّا قَضَىٰ زَيْدٌ مِّنْهَا وَطَرًا زَوَّجْنَٰكَهَا لِكَىْ لَا يَكُونَ عَلَى ٱلْمُؤْمِنِينَ حَرَجٌ فِىٓ أَزْوَٰجِ أَدْعِيَآئِهِمْ إِذَا قَضَوْا۟ مِنْهُنَّ وَطَرًا وَكَانَ أَمْرُ ٱللَّهِ مَفْعُولًا﴾ “Алла нығметіне бөлеген, өзің де көп жақсылық жасаған адамыңа: ‘Әйеліңнен ажырама, Алладан қорық!’ – деген едің. Сөйтіп, Алланың Өзі жарияға әйгілейін деп тұрған ақиқатты ішіңе бүгіп қалдың. Ел-жұрттан имендің. Дегенмен Алладан қорыққаның әлдеқайда абзал еді. Содан, Зәйд әйелімен біржола ажырасқан кезде, оның талақ еткен әйелін саған қостық. Біз мұны мүміндердің асыранды балалары өз әйелдерімен біржола ажырасқан кезде, өгей балаларының талақ еткен әйелдерін алу мәселесінде қиналмау үшін істедік. Алланың әмірі сөзсіз орындалуға тиіс”. Мұндағы Алланың нығметі – оған исламды нәсіп еткені, ал сенің жақсылығың – оны азат еткенің.1

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зейнеппен үйленгенде, жұрт: «Ұлының бұрынғы әйеліне үйленді», – деді. Осыған байланысты Алла Тағала мына аятты түсірді: ﴿مَّا كَانَ مُحَمَّدٌ أَبَآ أَحَدٍ مِّن رِّجَالِكُمْ وَلَٰكِن رَّسُولَ ٱللَّهِ وَخَاتَمَ ٱلنَّبِيِّـۧنَ وَكَانَ ٱللَّهُ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمًا﴾ «Мұхаммед араларыңдағы бірде-бір еркек кіндіктінің әкесі емес. Ол Алланың елшісі һәм ең соңғы пайғамбар. Алла барлық нәрсені білуші».2

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зәйдті кішкентай кезінде асырап алған еді. Зәйд ержеткенге дейін оның қасында болды. Барлығы оны “Зәйд ибн Мұхаммед” (Мұхаммедұлы Зәйд) деп шақыратын. Осыған байланысты “Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады”3 деген аят түсті. Яғни “пәленше пәленшенің ұлы”, “пәленше пәленшенің бауыры” деп атаңдар».4

Түсіндірме

Риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) асыранды ұлы Зәйд ибн Харисамен ажырасқан Зейнеп бинт Жахшқа үйленуін баяндайды. Жаһилият салтында асыранды ұлдың бұрынғы әйеліне үйленуге тыйым салынатын. Сондықтан жұрт бұл некені тосырқап қарсы алды. Мәдинада исламға қарсы сылтау іздегендер өсек таратты. Аят бұл некенің Алланың әмірімен қиылғанын және асыранды балаға қатысты бұрынғы құқықтық ұстанымды өзгерткенін баяндайды.

• Қан туыстығы мен асырап алудан туған қатынастың арасы ажыратылды.

• Асыранды ұлымен ажырасқан әйелге үйленуге рұқсат етілді.

• Некенің Алланың әмірімен қиылғаны айтылды.

Негізінде, әзірет Зейнеп – Алла Елшісінің әкесінің қарындасы Үмәйма бинт Абдулмутталибтің қызы еді. Текті отбасынан шыққан. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ел арасында азаттық алған кісілерді кемсітуді тоқтату, мүминдер өзара тең деген түсінікті орнату секілді ұлы мақсаттарды жүзеге асыру үшін әуелі өз жақындарынан үлгі көрсеткісі келіп, әрі өз әулетінен үлгі көрсетіп Зейнеп пен Зәйдті үйлендірген. Зейнеп бұл некені қаламады, бірақ Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өтінген соң, келіскен болатын.

Екеуі тіл табыса алмай, ақыры ажырасады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың ажырасқанын қаламады. Негізінде, ажырасу – Алла ұнатпайтын іс. Сондай-ақ бұл неке өзінің өтінішімен, қалауымен болған еді, соған байланысты Зәйдтің ажырасуын құптамай, «әйеліңмен ажыраспа» деп кеңес берген. Зәйд қайта-қайта қоймаған соң: سُبْحَانَ اللَّهِ مُقَلِّبَ الْقُلُوبِ «Жүректерді құбылтушы Алла пәк» деп, таңданысын білдіреді. Өйткені Зейнептей жас әрі сұлу әйелге Зәйд үйренісе алмай, барынша тезірек ажырасқысы келді, бұнысы шынымен де таңғалдыратын жағдай еді.

Алайда Зейнеп құрайыштық текті әулеттен шыққандықтан, құлдықтан азат болған Зәйдтен өзін жоғары санауы Зәйдтің осылай шешім қабылдауына себеп болған. Әзірет Зәйд болса, құлдықтан азат болғанымен, Алла Елшісінің (с.а.с.) ант іше отырып: «Ол (яғни Зәйд) қолбасшылыққа лайықты» деп мақтағанындай, асқақ рухты, кемсітуге көнбейтін тұлға еді. Осы жағдай ажырасуға түрткі болды. Аятта айтылғандай, ғиддат мерзімі аяқталып, әзірет Зәйдпен байланысы үзілген соң әзірет Зейнеп пен Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) илаһи әмірмен үйленді.

Кейбір тәпсір кітаптарында хадис ілімі тұрғысынан сахих тізбекке негізделмеген, хадис деуге келмейтін біршама риуаяттарда Расулалланың исматы (күнәсіз) мен пәктігіне үйлеспейтін жорамалды кездестіруге болады. Онда Расулалла әзірет Зейнепті жеңіл-желпі киімімен көріп қалып ұнатып қалыпты-мыс... Әзірет Зәйд осыны сезіп қалып, әзірет Зейнеппен ажырасыпты-мыс. Бұл пікір қарама-қайшылыққа толы. Себебі әзірет Зейнеп Расулалла бірінші рет көретіндей бейтаныс әйел емес, әкесінің қарындасының қызы еді, оны бала кезінен танитын. Орану аяты да кейіннен түскен, оған дейін қаншама рет жеңіл-желпі киімімен көрген болуы мүмкін. Сондай-ақ Зәйд пен Зейнептің үйленуіне бастамашы болған – ардақты Пайғамбардың өзі. Осыған дейін Зейнеппен үйленгісі келгенде, оған ешқандай кедергі жоқ еді. Ең маңыздысы, осы жолғы некесі илаһи әмірмен қиылған еді, аятта زَوَّجْنَاكَهَا «Оны саған біз некелестірдік» делінген. Тіпті әйелдер өзара мақтанған кезде, Зейнеп бинт Жахш әзірет Айшадан басым түсу үшін: «Менің некемді Алла қиды» дейді екен.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 37-аят.
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 40-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 5-аят.
  4. 4Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3208, Ибраһим Жанан басылымында №3206). Мүслим, «Иман», 287 (№177). Бұхари, «Тәухид», 22.
747
Кутуб ситтә, № 747 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَرُوسًا بِزَيْنَبَ فَقَالَتْ لِى أُمُّ سُلَيْمٍ: لَوْ أَهْدَيْنَا لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ هَدِيَّةً؟ فَقُلْتُ لَهَا افْعَلِى: فَعَمَدَتْ إِلَى تَمْرٍ وَسَمْنٍ وَأَقِطٍ فَاتَّخَذَتْ حَيْسَةً فِي بُرْمَةٍ فَأَرْسَلَتْ بِهَا مَعِى. فَانْطَلَقْتُ بِهَا إِلَيْهِ فَقَالَ ضَعْهَا، ثُمَّ أَمَرَنِى فَقَالَ: ادْعُ لِى رِجَالًا سَمَّاهُمْ وَادْعُ لِى مَنْ لَقِيتَ. قَالَ: فَفَعَلْتُ ثُمَّ رَجَعْتُ فَإِذَا الْبَيْتُ غَاصٌّ بِأَهْلِهِ، فَوَضَعَ ﷺ يَدَهُ فِي تِلْكَ الْحَيْسَةِ وَتَكَلَّمَ بِمَا شَاءَ اللَّهُ. ثُمَّ جَعَلَ يَدْعُو عَشَرَةً عَشْرَةً يَأْكُلُونَ مِنْهُ وَيَقُولُ لَهُمْ: اذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ تَعَالَى عَلَيْهِ، وَلْيَأْكُلْ كُلُّ رَجُلٍ مِمَّا يَلِيهِ حَتَّى تَصَدَّعُوا كُلُّهُمْ فَخَرَجَ مَنْ خَرَجَ وَبَقِىَ نَفَرٌ يَتَحَدَّثُونَ. ثُمَّ خَرَجَ النَّبِىُّ ﷺ نَحْوَ الْحُجُرَاتِ وَخَرَجْتُ فِي أَثَرِهِ فَقُلْتُ: إِنَّهُمْ قَدْ ذَهَبُوا. فَرَجَعَ فَدَخَلَ الْبَيْتَ وَأَرْخَى السِّتْرَ، وَإِنِّى لَفِي الْحُجْرَةِ وَهُوَ يَقُولُ: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتَ النَّبِىِّ. إِلَى قَوْلِهِ: وَاللَّهُ لَا يَسْتَحْيِى مِنَ الْحَقِّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зейнеппен (р.а.) үйленгенде, анам Үммі Суләйм маған: «Расулаллаға бір сыйлық ұсынсақ», – деді. Мен: “Бірдеңе әзірлеңіз”, – дедім. Анам құрма, май және кепкен сүзбеден қазанға хайс әзірлеп, менімен беріп жіберді. Расулаллаға алып бардым. «Тамақты қой!» – деді. Сосын маған бұйрық беріп: «Маған пәленшелерді шақыр», – деді де, олардың атын бір-бірлеп атап шығып: «Кімді кездестірсең, шақыр», – деп әмір берді.

Әнәс былай дейді: «Әмірін орындап, үйге қайттым. Үйге адам лық толыпты. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі тамақтың үстіне қолын қойып, Алланың қалаған сөздерін айтты. Сосын қонақтарды он-оннан шақырды. Барлығы сол тамақтан жеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: “Тамақты Алланың атын айтып бастаңдар! Әркім өз алдынан жесін!” – деді.

Барлығы ас ішіп болғанша қонақтар осылай кезекпен отырды. Кейбіреулері қалып, әңгімелесіп жатты. Алла елшісі біраздан соң сыртқа шығып, бөлмелерге қарай беттеді. Кейін соңынан барып: “Қонақтар кетті!” – дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйге қайта кіріп, пердені түсірді. Сол кезде мен бөлмеде едім. Ол мына аятты оқыды: “Уа, иман келтіргендер! Пайғамбардың бөлмелеріне рұқсатсыз кірмеңдер және пайғамбар үйіне ауқаттануға шақырылғандарыңда уақытынан ерте барып алып, астың пісуін күтіп отырмаңдар. Дастарханға шақырылғандарыңда ғана кіріңдер және тамақтанып болған соң әңгіме-дүкен құрып отырып алмай бірден тарап кетіңдер. Өйткені бұл қылықтарың пайғамбарды қапаландыруда, алайда ол сендерден ұялғанынан үндемеуде. Ал Алла ақиқатты ашып айтудан тартынбайды...”».1, 2

Түсіндірме

Осы риуаят Расулалланың (с.а.с.) Зейнеп бинт Жахшпен үйлену хикаясын баяндайды. Бұл оқиға хадис кітаптарында жиі кездеседі. Әр нұсқада оқиғаның әр қыры баяндалады. Кейбір мәліметтерде әзірет Әнәс орану аятының осы той кезінде түскенін, орану үкімі ескерілген алғашқы той осы болғанын айтады.

Жоғарыдағы риуаятта той асынан кейін қонақтардың бір бөлігі тарамай, әңгімелесіп отырғаны, соларға ыңғай танытып Алла Елшісінің сыртқа шыққаны, әйелдерінің бөлмелеріне жеке-жеке кіріп, сәлемдесіп, аяқ үсті әңгімелескені баяндалады.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтып келгенде, бөлмесінде үш кісінің әлі отырғанын көрді. Қапаланғанымен, оларға кетіңдер деп айта алмады.

Бұхариде кездесетін бір риуаяттағы мәлімет бойынша, осындай көңіл-күймен бөлмесіне қайтадан кіргелі жатқанда, бір аяғы іште, екіншісі сыртта тұрған сәтте, Расулалла уахи сәтінде жамылатын жамылғысын үстіне жабады да, риуаят мәтінінде айтылған уахи келеді. Уахи түскен соң Алла елшісі сол жердегі жамағатқа жеткізеді.

Алла Елшісінің Зейнеп анамызбен некесінің өзге некелерінен бірнеше ерекшелігі бар. Алдымен, бұл некенің Алланың әмірімен қиылғаны Құранда айтылды.

• Той асынан Алланың берген берекесі көрінді. Шақырылған қонақтар дастарханға он-оннан отырып, Пайғамбардың қызметіндегі Әнәстің анасы Үммі Суләйм беріп жіберген аз ғана тамақтан жеп, тойып шыққан. Тіпті Әнәс ең соңында тамақтың ыдысын көтерген кезде: «Тамақ алғаш әкелген кезімде көп пе еді әлде ыдысты көтерген кезімде көп пе еді, соны ажырата алмадым», – дейді.

• Орану туралы үкім осы той кезінде түсті.

• Уахи тойдан кейінгі алғашқы түн басталмай тұрып түсті.

• Аятта қонаққа бару мен қонақта отыру әдебі баяндалды.

• Уахи Алла Елшісінің отбасында тағы бір мәрте түсті.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Ахзаб», 8, «Неке», 64, 67, «Тағам», 59, «Рұқсат сұрау», 10, 33, «Тәухид», 22. Мүслим, «Неке», 89 (№1428). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (Ибраһим Жанан басылымында №3215–3217).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 53-аят.
748
Кутуб ситтә, № 748 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ عُرْوَةَ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَتْ خَوْلَةُ بِنْتُ حَكِيمٍ مِنَ اللَّاتِي وَهَبْنَ أَنْفُسَهُنَّ لِلنَّبِىِّ ﷺ. فَقَالَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَمَا تَسْتَحِى الْمَرْأَةُ أَنْ تَهَبَ نَفْسَهَا لِرَجُلٍ؟ فَلَمَّا نَزَلَتْ: تُرْجِى مَنْ تَشَاءُ مِنْهُنَّ وَتُؤْوِى إِلَيْكَ مَنْ تَشَاءُ. قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ: مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِي هَوَاكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Уруаның Айшадан (р.а.) жеткізуінше, ол былай деген: «Хаула бинт Хаким (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) өзімен некелесуді ұсынған әйелдердің бірі еді». Айша (р.а.) сөзін жалғастырып былай деді: «Мен (қызғаныштан): “Әйел адам өзін бір еркекке ұсынуға ұялмай ма екен?!” (деп осылайша Алла Елшісіне (с.а.с.) ұсыныс жасайтындарды айыптайтынмын). Алайда “(Уа, Мұхаммед!) Әйелдеріңе кезекпен бару мәселесіне келсек, қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің. Сондай-ақ кезегін кейінге шегерген әйелдеріңнің қайсыбіріне ертерек баруды қалап, кезегін қайтадан алға шығарсаң да күнәға қалмайсың...”1 деген аят түскенде, (өзімді ұстай алмай): “Уа, Алла елшісі, Раббың қалауыңды орындауға асығатын секілді”, – дедім».2

Түсіндірме

1. Әзірет Айша (р.а.) Бұхаридегі басқа риуаятта бұл жайды толығырақ баяндайды: «Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп үйленуді ұсынған әйелдерге қарсы қызғаныш сезімім оянып: «Бір әйел өзін қалай бағыштайды екен?!» – дейтінмін». Риуаяттың түпнұсқасында «өзін бағыштайтын» деп берілген. Алайда фиқыһ тұрғысынан ғұламалар «мәһір талап етпестен» деп түсінген, яғни «некенің толық болуы үшін керекті «мәһірді» талап етпестен, өз ақысын бағыштап (һиба етіп), үйленуді ұсыныс жасаған» мағынасында. Сонымен бірге وَهَبَتْ نَفْسَهُ (өзін бағыштады) сөзін осы мағынада түсінетіндерді растайтын риуаят та бар. Мұхаммед ибн Бишр: أَنْ تَهَبَ نَفْسَهَا بِغَيْرِ صَدَاقٍ «Әйел мәһір алмастан өзін бағыштауға ұялмай ма екен?» – дейтінмін».

Ғалымдар хадиске сүйеніп, мәһір белгіленбей қиылған некенің жарамдылығын талқылаған. Көпшілігі мәһірсіз некенің дұрыс болмайтынын айтады. Ханафилер мен Әузағи «болады» дейді. Алайда олар да «сол әйелге теңдес әйелдер алатын мөлшерде мәһір төлеу уәжіп болады» дейді. Әузағи мына түсініктемені де айтқан: «Некені «һиба» сөзімен қиятын кезде, «мәһірсіз» деп шарт қосылатын болса, бұл неке сахих болмайды». Көпшіліктің дәлелі – Пайғамбарымыз үйленуге болатын әйелдерді санамалайтын «Ахзаб» сүресінің 50-аятында жазылған мына сөздер: خَالِصَةً لَكَ مِنْ دُونِ الْمُؤْمِنِينَ «...сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық». Ендеше, көпшілік ғалымдар осы «мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйел» сөйлеміне сүйеніп, «һиба»-мен болған некені Пайғамбарға ғана қатысты үкім деп қабылдап, басқа мүминдерге мұндай некенің харам екендігін айтқан.

Некені жарамды санайтындар былай дәлел келтірген: «Аятта берілген – Расулалла заманындағы «уаһиба» (өзін бағыштаған әйел) сөзі тура мағынасындағы «һиба»-ның өзі емес. Олай болса, «һиба» сөзімен некелесуге болады, мәһірді нақтылаудың қажеті жоқ».

Хадиске қатысты екінші мәселе – «һиба» сөзімен қиылған некенің жарамдылығы. Шәфиғилер мен бірқатар ғалымдар некенің «неке» немесе «тәзуиж» сөздерімен сахих болатынын айтады. Өйткені бұл екі сөз Құран мен хадисте берілген түсіндірмеге сәйкес. Алайда көптеген ғалымдар неке мен тәзуиж мағыналарын беретін ауыспалы мағыналардың да сахих болатынын айтқан. Тахауи бұл мәселені талақпен салыстырады, себебі талақтың сахих болуы үшін тура мағыналы «талақ» сөзі де қолданылса болады, бұл мағынаны білдіретін ауыспалы мағыналар да қолданылса болады, маңызды болғаны, талақ мағынасын білдіру керек.

2. Айшаның Алла Елшісіне айтқан сөзі мына жағдайға байланысты. «Ахзаб» сүресінің 50-аятында Расулалланың (с.а.с.) үйленуіне болатын әйелдер айтылғаннан кейін, осы аталғандардан қалағанын ала алатынын баяндаған 51-аяттағы: «қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің...» деген аят келген кездегі әзірет Айшаның айтқан сөзі назар аудартады: يَارَسُولَ اللَّهِ مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِى هَوَاكَ Мәтінде бұл сөздерді «Уа, Алла елшісі, қарап отырсам, Раббың сені қуантуға кешікпепті» деп аудардық. Сөзбе-сөз аударғанда, бейәдеп сөз болып шығады. Қуртуби бұл сөздің қалай айтылғанын ескеріп, Алла Елшісінің оны дұрыс қабылдағанын басқа бір оқиғамен түсіндіреді: «Бұл сөз еркелеу, қызғану аралас сезіммен айтылған. Өйткені «ифк оқиғасында» өзін ақтаған аят келген кезде ата-анасы әзірет Айшаға: «Тұр, Расулаллаға рахмет айт!» дегенде, әзірет Айша: «Жоқ, саған рахмет айтпаймын, тек Аллаға хамд етемін», – деген. Әзірет Айшаның жоғарыдағы сөзі де осыған ұқсайды. Әйтпесе Расулаллаға нәпсіқұмар деп айту сөздің тура мағынасына негізделмейді. Өйткені ол ﴿وَمَا يَنطِقُ عَنِ ٱلْهَوَىٰٓ﴾ «Ол ешқашан өз әуейілігіне қарай сөйлемейді»3 һәм әуейілігіне қарай әрекет етпейді. Әзірет Айша مَا أَرَى رَبَّكَ إِلَّا يُسَارِعُ فِى مَرْضَاتِكَ яғни «Қарап отырмын, Раббың сені риза етуде кешікпепті» десе, дөп түсетін еді. Сонымен бірге қызғанышпен айтылған мұндай сөздер ерсі қабылданбайды».

Қуртуби сөздің мәнін оның айтылған жағдайымен бірге қарастырады. Бәлағат ілімінде сөзді түсіну үшін мына сұрақтарға мән беріледі: «Кім айтты, кімге айтты, қандай мақсатпен айтты, қандай жерде айтты?» Әйтпесе, әзірет Айша айтты, біз де айта аламыз деп, қандай да бір аятты немесе сүннетті талдағанда осындай сөздерді қолданатын болсақ, әдепсіздік болады һәм пасықтыққа, күпірлікке ұрындыруы да мүмкін.

3. Жоғарыдағы аяттың мазмұнын түсіну үшін одан бұрын түскен, «тахйир» («таңдау») деп аталатын аяттарға назар аударайық: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلنَّبِىُّ قُل لِّأَزْوَٰجِكَ إِن كُنتُنَّ تُرِدْنَ ٱلْحَيَوٰةَ ٱلدُّنْيَا وَزِينَتَهَا فَتَعَالَيْنَ أُمَتِّعْكُنَّ وَأُسَرِّحْكُنَّ سَرَاحًا جَمِيلًا ۝ وَإِن كُنتُنَّ تُرِدْنَ ٱللَّهَ وَرَسُولَهُۥ وَٱلدَّارَ ٱلْـَٔاخِرَةَ فَإِنَّ ٱللَّهَ أَعَدَّ لِلْمُحْسِنَٰتِ مِنكُنَّ أَجْرًا عَظِيمًا﴾ «Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа: “Егер қалағандарың дүниенің қу тіршілігі мен сән-салтанаты болса, келіңдер, тиісті дүниелеріңді берейін де бәріңе талақ айтып, жақсылықпен қоя берейін”. Ал егер Алланы, елшісін һәм мәңгілік ақырет мекенін қаласаңдар, онда біліп қойыңдар, Алла араларыңдағы игілікке құштар ізгі жандарға зор сауап, үлкен сый-сияпат дайындап қойды»4.

Бұхаридің риуаяты бойынша, осы аят түскенде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Айшаға (р.а.) және басқа жұбайларына жеке-жеке барып, аяттарды оқыды да, шешімді өздеріне қалдырды. Барлық әйелдері: «Мен Алланы, Расулалланы және ақыретті қалаймын», – деп жауап берді.

Тәпсірде мүміндердің аналарының таңдауы құпталып, 51-аят пен одан кейін 52-аят түскені айтылады. Ол аятта былай делінеді: ﴿لَّا يَحِلُّ لَكَ ٱلنِّسَآءُ مِنۢ بَعْدُ وَلَآ أَن تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَٰجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ وَكَانَ ٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ رَّقِيبًا﴾ «Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы»5

Осы аяттар Расулаллаға (с.а.с.) бұрынғы жұбайларына басқа әйелді қосуға тыйым салды. Тәпсірлердегі негізгі дерекке сүйенсек, осы аят түскен сәтте Расулалланың тоғыз әйелі бар еді, олар: Айша, Хафса, Үммі Хабиба, Сәуда бинт Замға, Үммі Сәләма, Сәфия, Мәймуна, Зейнеп бинт Жахш, Жуайрия (Алла оларға разы болсын).

4. Айша (р.а.) қызғанышпен сөз еткен әйелдердің арасында ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) әйелдері бар ма? Яғни бәлкім, Расулалладан (с.а.с.) мәһір сұрамастан пайғамбар отбасының мүшесі болу мәртебесіне ие болуды ғана ойлап үйленген мүминдердің аналары бар ма еді?

Бұл сұраққа жауап беру қиын. Өйткені Бұхаридің аталмыш хадистерінде бұған дәлел болатын дерек жоқ. Әзірет Айшаның (р.а.) қызғанышпен айтуы орынды, өйткені әйел күйеуін көбінесе басқа әйелінен қызғанады. Сонымен бірге, неке ұсынысымен келген әйелдерден қызғануы да түсінікті.

Алайда Табаридің ибн Аббастан жеткізген хасан риуаятында: «Алла Елшісінің жұбайлары арасында өзіне үйленуді сұрап, мәһірден бас тартқан әйел болған жоқ» делінген. Демек, ондай әйелдерге үйленуге рұқсат етілгенімен, Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) олардың ешқайсысымен үйленбеген. Осындай ұсыныс жасап үйленгендердің аты белгілі. Хаула бинт Хаким, Үммі Шәрик, Фатима бинт Шурайх, Ләйла бинт әл-Хатим, Расулалланың (с.а.с.) әйелі Зейнеп бинт Хузайма мен Мәймуна бинт әл-Харистің мәһірсіз үйленгендігіне қатысты кейбір риуаяттар бар болғанмен олар әлсіз хадиске жатады және ибн Аббастан жеткен аталмыш риуаятқа қайшы келеді. Сондықтан басқа сахих хадистер тұрғанда олар дәлел бола алмайды. Ендеше, кейбір кітаптардағы осы мағыналас сөздерге сақтықпен қарау керек.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 51-аят.
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Ахзаб 7, Неке 29; Мүслим, Рида 49, (1464); Әбу Дәуіт, Неке 39, (2136); Нәсәи, Неке 1, (6, 54).
  3. 3«Нәжм» сүресі, 3-аят.
  4. 4«Ахзаб» сүресі, 28–29-аяттар.
  5. 5«Ахзаб» сүресі, 52-аят.
749
Кутуб ситтә, № 749 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Үммі Һани

وَعَنْ أُمِّ هَانِئٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «خَطَبَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فاعْتَذَرْتُ إِلَيْهِ فَعَذَرَنِى، ثُمَّ أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: إِنَّا أَحْلَلْنَا لَكَ أَزْوَاجَكَ الَّاتِى آتَيْتَ أُجُورَهُنَّ الْآيَة. قَالَتْ فَلَمْ أَكُنْ أَحِلُّ لَهُ لِأَنِّى لَمْ أُهَاجِرْ: كُنْتُ مِنَ الطُّلَقَاءِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Һани (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Мен уәжімді айттым, ол оны қабыл алды. Кейін Алла Тағала мына аятты түсірді: «Уа, ардақты Пайғамбар! Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді, соғыстан түскен олжа ретінде Алланың өзіңе нәсіп еткен күңдеріңді, өзіңмен бірге Алла жолында (Мәдинаға) қоныс аударған әкеңнің бауырлары мен апа-қарындастарының қыздарын және анаңның бауырлары мен апа-сіңлілерінің қыздарын адал еттік, сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық».1

Үммі Һани сөзін былай жалғады: «Осы аят түскен соң, “Алла Елшісіне некелесуіме рұқсат етілмеді. Өйткені мен һижрет жасамаған едім. Мекке алынған күні босатылғандардың қатарында болдым”, – дедім».2

Түсіндірме

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесінің қызы Үммі Һани бинт Әбу Талибті жаһилият дәуірінде сұраған. Алайда Әбу Талиб Үммі Һаниді оған құда түскен Хубайра ибн Әбу Уәһбқа берді. Кейінірек Үммі Һани исламды қабылдаған соң Хубайрадан ажырасты. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үммі Һаниге қайтадан үйлену ұсынысын жасады. Үммі Һани бұл жолы да: «Мен баласы көп әйелмін» деп уәжін айтты. Расулалла да қинамады. Риуаятта қабыл етілген уәжі осы болса керек.

Аяттан мынадай маңызды үкімдер шығарылған:

– Риуаятта Алла Елшісіне мүмін әйелге үйленуге рұқсат берілгені, өзге діндегі әйелге, азат болса да, үйленуге тыйым салынғаны айтылады. Хадисті түсіндірушілер мұсылман үмбетіне Әһл-кітаптың әйелдерімен некелесу адал болғанмен, Алла Елшісіне олардың харам екенін айтады.

– Мәһір сұрамай, неке ұсынған әйелдер туралы үкім алдыңғы хадисте түсіндірілді. Бұл жерде ескертетін жайт: мұндай әйелдермен уәлисіз, куәгерсіз, мәһірсіз үйлену тек Алла Елшісіне адал қылынған.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 50-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3214, Ибраһим Жанан басылымында №3211).
750
Кутуб ситтә, № 750 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَصْنَافِ النِّسَاءِ إِلَّا مَا كَانَ مِنَ الْمُؤْمِنَاتِ الْمُهَاجِرَاتِ بِقَوْلِهِ: لَا يَحِلُّ لَكَ النِّسَاءُ مِنْ بَعْدُ وَلَا أَنْ تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَاجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ. فَأَحَلَّ اللَّهُ تَعَالَى فَتَيَاتِكُمُ الْمُؤْمِنَاتِ، وَامْرَأَةً مُؤْمِنَةً إِنْ وَهَبَتْ نَفْسَهَا لِلنَّبِىِّ؛ وَحَرَّمَ كُلَّ ذَاتِ دِينِ غَيْرِ الْإِسْلَامِ، ثُمَّ قَالَ: وَمَنْ يَكْفُرْ بِالْإِيمَانِ فَقَدْ حَبِطَ عَمَلُهُ وَهُوَ فِي الْآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ؛ وَقَالَ يَا أَيُّهَا النَّبِىُّ إِنَّا أَحْلَلْنَا لَكَ أَزْوَاجَكَ الَّلاتِى آتَيْتَ أُجُورَهُنَّ وَمَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ مِمَّا أَفَاءَ اللَّهُ عَلَيْكَ. إِلَى قَوْلِهِ: خَالِصَةً لَكَ مِنْ دُونِ الْمُؤْمِنِينَ. وَحَرَّمَ مَا سِوَى ذَلِكَ مِنْ أَصْنَافِ النِّسَاءِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Расулалланың мұһажир мүмін әйелдерден басқаларымен үйленуіне тыйым салынды. Аят былай дейді: ﴿لَّا يَحِلُّ لَكَ ٱلنِّسَآءُ مِنۢ بَعْدُ وَلَآ أَن تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَٰجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ وَكَانَ ٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ رَّقِيبًا﴾ «Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы»1, 2, 3. Сондай-ақ Алла мүмін күңдерге және мәһір сұрамай-ақ өзін Пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелге үйленуді адал етті. Алла Елшісіне исламнан өзге дінді ұстанған әйелдермен некелесуге тыйым салып, кейіннен былай деді: «...Кімде-кім иманды жоққа шығарып (яғни, Исламның үкімдерін теріске шығарып) күпірлік қылса, істеген бүкіл істері зая кетеді және ақыретте де зиян шегушілердің қатарында болады».4

Тағы бір аятта былай дейді: «Уа, ардақты Пайғамбар! Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді, соғыстан түскен олжа ретінде Алланың өзіңе нәсіп еткен күңдеріңді, өзіңмен бірге Алла жолында (Мәдинаға) қоныс аударған әкеңнің бауырлары мен апа-қарындастарының қыздарын және анаңның бауырлары мен апа-сіңлілерінің қыздарын адал еттік, сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық...»5

Осы аталғандардан басқа әйелдермен некелесуге Алла Елшісіне тыйым салынды».6

Бұл мәселе алдыңғы екі хадистің түсіндірмесінде қарастырылды.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 52-аят.
  2. 2«Ниса» сүресі, 25-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 50-аят.
  4. 4«Мәида» сүресі, 5-аят.
  5. 5«Ахзаб» сүресі, 50-аят.
  6. 6Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3215, Ибраһим Жанан басылымында №3213).
751
Кутуб ситтә, № 751 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا مَاتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَتَّى أُحِلَّ لَهُ النِّسَاءُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ، وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салмай тұрып, әйелдермен некелесуге рұқсат берілді», – деген.1

Түсіндірме

Әзірет Айшаның бұл риуаяты алдыңғы риуаятта Ибн Аббас (р.а.) атаған неке шектеулерінің Алла елшісі (с.а.с.) өмірінің соңына қарай алынғанын білдіреді. Ибн Әбу Хатимнің Үммі Сәләмадан (р.а.) жеткізген риуаяты да осыны растайды. Онда былай делінген: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлместен бұрын өзіне махрам туыстарынан басқа қалаған әйелге үйленуіне рұқсат етілді». Бұл мәселе мына аятта ашық берілген: «қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің...»2

Ибн Кәсир осы аяттан кейін былай дейді: «Осы аят өзінен кейін келген аяттың үкімін жойған. Үкімі жойылған аят мынау: ﴿لَّا يَحِلُّ لَكَ ٱلنِّسَآءُ مِنۢ بَعْدُ وَلَآ أَن تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَٰجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ وَكَانَ ٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ رَّقِيبًا﴾ «Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы»3

«Бақара» сүресінде де осындай мысал бар. Мұсхафта бұрын тұрған аят өзінен кейінгі аяттың үкімін жойған. Үкімді өзгерткен аят мынау: ﴿وَٱلَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَٰجًا يَتَرَبَّصْنَ بِأَنفُسِهِنَّ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا فَعَلْنَ فِىٓ أَنفُسِهِنَّ بِٱلْمَعْرُوفِ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ﴾ «Араларыңнан қайтыс болған ер адамдардың артында тұл қалған жұбайлары аза тұтып, төрт ай он күн күтеді. Олар күту мерзімін тамамдағаннан кейін, шариғат шеңберінен шықпай жеке бастарына қатысты қабылдаған шешімдері мен істеген істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар»4 Ал үкімі жойылған аят мынау: ﴿وَٱلَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَٰجًا وَصِيَّةً لِّأَزْوَٰجِهِم مَّتَٰعًا إِلَى ٱلْحَوْلِ غَيْرَ إِخْرَاجٍ فَإِنْ خَرَجْنَ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِى مَا فَعَلْنَ فِىٓ أَنفُسِهِنَّ مِن مَّعْرُوفٍ وَٱللَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ﴾ «Араларыңнан ажалы жетіп, артына тұл қалатын жұбайлар қалдыратындар, жұбайларының бір жылға дейін үйден қуылмауын әрі нәпақасыз қалмауын қамтамасыз ететін өсиет айтып кетсін. Егер тұл қалған әйелдер өз еркімен кететін болса, олардың шариғатқа сай қабылдаған заңды шешімдері мен істеген істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар. Алла Азиз һәм Хаким»5

Соңғы аят исламның алғашқы кезеңіндегі тәртіпті баяндайды. Күйеуі дүние салған әйел мұра алмайтын. Ол күйеуінің үйінде бір жыл тұрып, осы мерзімде нәпақамен қамтамасыз етілетін. Бұл жағдайда иддат мерзімі бір жыл еді. Әйел осы мерзімнің ішінде кетіп қалатын болса, нәпақа алу құқығынан айырылатын. Кейінірек жоғарыда берілген «Бақара» сүресінің 234-аяты осының үкімін жойды.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3216, Ибраһим Жанан басылымында №3214). Нәсәи, «Неке», 2 (№3204).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 51-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 52-аят.
  4. 4«Бақара» сүресі, 234-аят.
  5. 5«Бақара» сүресі, 240-аят.
752
Кутуб ситтә, № 752 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ كَانَ رَجُلًا حَيِيًّا سِتِّيرًا لَا يُرَى شَيْءٌ مِنْ جِلْدِهِ اسْتِحْيَاءً مِنْهُ فَآذَاهُ مَنْ آذَاهُ مِنْ بَنِى إِسْرَائِيلَ. فَقَالُوا مَا يَسْتَتِرُ هَذَا التَّسَتُّرَ إِلَّا مِنْ عَيْبٍ بِجِلْدِهِ؟ إِمَّا بَرَصٌ، وَإِمَّا أُدْرَةٌ، وَإِمَّا آفَةٌ، وَأَنَّ اللَّهَ تَعَالَى أَرَادَ أَنْ يُبَرِّئَهُ مِمَّا قَالُوا. فَخَلَا يَوْمًا وَحْدَهُ فَوَضَعَ ثِيَابَهُ عَلَى الْحَجَرِ ثُمَّ اغْتَسَلَ، فَلَمَّا فَرَغَ أَقْبَلَ إِلَى ثِيَابِهِ لِيَأْخُذَهَا، وَأَنَّ الْحَجَرَ عَدَا بِثَوْبِهِ فَأَخَذَ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ عَصَاهُ وَطَلَبَ الْحَجَرَ وَجَعَلَ يَقُولُ: ثَوْبِى حَجَرُ ثَوْبِى حَجَرُ حَتَّى انْتَهَى إِلَى مَلَإٍ مِنْ بَنِى إِسْرَائِيلَ فَرَأَوْهُ عُرْيَانًا أَحْسَنَ مَا خَلَقَ اللَّهُ تَعَالَى وَأَبْرَأَهُ مِمَّا يَقُولُونَ، وَقَامَ الْحَجَرُ. فَأَخَذَ ثَوْبَهُ فَلَبِسَهُ وَطَفِقَ بِالْحَجَرِ ضَرْبًا بِعَصَاهُ، فَوَاللَّهِ إِنَّ بِالْحَجَرِ لَنَدَبًا مِنْ أَثَرِ ضَرْبِهِ ثَلَاثًا أَوْ أَرْبَعًا أَوْ خَمْسًا. فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَكُونُوا كَالَّذِينَ آذَوْا مُوسَى فَبَرَّأَهُ اللَّهُ مِمَّا قَالُوا وَكَانَ عِنْدَ اللَّهِ وَجِيهًا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтты: “Мұса (а.с.) өте ұятты, денесін қымтап жүретін кісі еді. Ұятының күштілігінен денесінің ешбір жері көрінбейтін. Исрайыл ұрпақтарының кейбірі оны сөзбен жәбірледі. Олар: ‘Денесінде бір кінәрат болған соң осылай қымтанатын шығар. Не алапес, не ұмасы ісінген, не басқа бір дерті бар’, – десті.

Алла Тағала Мұсаны олардың жаласынан ақтауды қалады.

Бір күні Мұса (а.с.) оңаша жерге барып, киімін тас үстіне қойып, суға түсіп жуынды. Жуынып болған соң киімін алуға беттегенде, тас киімді ала қаша жөнелді. Мұса таяғын алып, тастың соңынан: ‘Тас, киімімді бер! Тас, киімімді бер!’ – деп жүгірді. Ақыры Исрайыл ұрпақтарынан бір топ кісінің жанына жетті. Олар Мұсаны жалаңаш күйінде көріп, дене бітімінің көркем, өздері айтқан кемістіктен ада екеніне көз жеткізді. Тас тоқтағанда, Мұса киімін алып киді де, тасты таяғымен ұрды”».

Әбу Һурайра: «Аллаға ант етемін, әлгі таста таяқтың үш, төрт немесе бес ізі қалған», – деген. ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ لَا تَكُونُوا۟ كَٱلَّذِينَ ءَاذَوْا۟ مُوسَىٰ فَبَرَّأَهُ ٱللَّهُ مِمَّا قَالُوا۟ وَكَانَ عِندَ ٱللَّهِ وَجِيهًا﴾ «Уа, иман келтіргендер! Мұсаға орынсыз жала жауып, көңіліне қаяу түсірген бейбақтарға ұқсап жүрмеңдер. Біле білсеңдер, Алла қауымының ол жайлы айтқан қауесет сөздерінің қып-қызыл жала екенін айқындап, оны толық ақтады. Ол Алланың алдында өте абыройлы еді»1 деген аят осы оқиғаға меңзейді.2

Түсіндірме

Риуаятта сол қауымның бірге жуынғанда бір-бірінен қымсынбағаны көрінеді. Мұса (а.с.) оларға қосылмаған соң, олар оның сыртынан өсек таратқан. Жоғарыда айтылғандай, Алла Тағала әзірет Мұсаны құтқарады. Аят мүминдерге осындай әрекеттерімен пайғамбарларын ренжітпеуді ескертуде. Алайда Расулалланы (с.а.с.) да осылай ренжіткендер болған. Бірде Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соғыстан түскен олжаларды таратып жатқанда, оның істегенін ұнатпаған бір кісі: «Мынауың Алланың ризалығына лайықты бөліс емес», – деген. Оның осы сөзі Расулалланы қатты ренжітіп, мұңайтқан. Расулалла былай деп өзін жұбатуға тырысады: «Алла Мұсаны мейіріміне бөлесін, ол бұдан бетер жәбір көрсе де сабырлық танытты».

Мұсаның (а.с.) өз қауымынан көрген жәбірі мұнымен шектелмеген. Баяндалған оқиға – солардың бірі.

Хадис соңындағы сөзді Әбу Һурайра Алла Елшісінен (с.а.с.) естіген болуы мүмкін. Өйткені сахаба ғайыпқа қатысты мұндай хабарды өздігінен айта алмайды. Сондықтан мұндай сөздер үкімі жағынан марфуғ, яғни Пайғамбарға телінетін хабар саналады.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 69-аят.
  2. 2Бұхари, «Ғұсыл», 20, «Әнбия», 27, «Тәпсір», «Ахзаб», 11. Мүслим, «Хайыз», 75, «Фадаил», 55 (№339). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3221, Ибраһим Жанан басылымында №3219).