Хадис

Кутуб ситтә, № 747

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 747 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
747
Кутуб ситтә, № 747 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَرُوسًا بِزَيْنَبَ فَقَالَتْ لِى أُمُّ سُلَيْمٍ: لَوْ أَهْدَيْنَا لِرَسُولِ اللَّهِ ﷺ هَدِيَّةً؟ فَقُلْتُ لَهَا افْعَلِى: فَعَمَدَتْ إِلَى تَمْرٍ وَسَمْنٍ وَأَقِطٍ فَاتَّخَذَتْ حَيْسَةً فِي بُرْمَةٍ فَأَرْسَلَتْ بِهَا مَعِى. فَانْطَلَقْتُ بِهَا إِلَيْهِ فَقَالَ ضَعْهَا، ثُمَّ أَمَرَنِى فَقَالَ: ادْعُ لِى رِجَالًا سَمَّاهُمْ وَادْعُ لِى مَنْ لَقِيتَ. قَالَ: فَفَعَلْتُ ثُمَّ رَجَعْتُ فَإِذَا الْبَيْتُ غَاصٌّ بِأَهْلِهِ، فَوَضَعَ ﷺ يَدَهُ فِي تِلْكَ الْحَيْسَةِ وَتَكَلَّمَ بِمَا شَاءَ اللَّهُ. ثُمَّ جَعَلَ يَدْعُو عَشَرَةً عَشْرَةً يَأْكُلُونَ مِنْهُ وَيَقُولُ لَهُمْ: اذْكُرُوا اسْمَ اللَّهِ تَعَالَى عَلَيْهِ، وَلْيَأْكُلْ كُلُّ رَجُلٍ مِمَّا يَلِيهِ حَتَّى تَصَدَّعُوا كُلُّهُمْ فَخَرَجَ مَنْ خَرَجَ وَبَقِىَ نَفَرٌ يَتَحَدَّثُونَ. ثُمَّ خَرَجَ النَّبِىُّ ﷺ نَحْوَ الْحُجُرَاتِ وَخَرَجْتُ فِي أَثَرِهِ فَقُلْتُ: إِنَّهُمْ قَدْ ذَهَبُوا. فَرَجَعَ فَدَخَلَ الْبَيْتَ وَأَرْخَى السِّتْرَ، وَإِنِّى لَفِي الْحُجْرَةِ وَهُوَ يَقُولُ: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَدْخُلُوا بُيُوتَ النَّبِىِّ. إِلَى قَوْلِهِ: وَاللَّهُ لَا يَسْتَحْيِى مِنَ الْحَقِّ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Зейнеппен (р.а.) үйленгенде, анам Үммі Суләйм маған: «Расулаллаға бір сыйлық ұсынсақ», – деді. Мен: “Бірдеңе әзірлеңіз”, – дедім. Анам құрма, май және кепкен сүзбеден қазанға хайс әзірлеп, менімен беріп жіберді. Расулаллаға алып бардым. «Тамақты қой!» – деді. Сосын маған бұйрық беріп: «Маған пәленшелерді шақыр», – деді де, олардың атын бір-бірлеп атап шығып: «Кімді кездестірсең, шақыр», – деп әмір берді.

Әнәс былай дейді: «Әмірін орындап, үйге қайттым. Үйге адам лық толыпты. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әлгі тамақтың үстіне қолын қойып, Алланың қалаған сөздерін айтты. Сосын қонақтарды он-оннан шақырды. Барлығы сол тамақтан жеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларға: “Тамақты Алланың атын айтып бастаңдар! Әркім өз алдынан жесін!” – деді.

Барлығы ас ішіп болғанша қонақтар осылай кезекпен отырды. Кейбіреулері қалып, әңгімелесіп жатты. Алла елшісі біраздан соң сыртқа шығып, бөлмелерге қарай беттеді. Кейін соңынан барып: “Қонақтар кетті!” – дедім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үйге қайта кіріп, пердені түсірді. Сол кезде мен бөлмеде едім. Ол мына аятты оқыды: “Уа, иман келтіргендер! Пайғамбардың бөлмелеріне рұқсатсыз кірмеңдер және пайғамбар үйіне ауқаттануға шақырылғандарыңда уақытынан ерте барып алып, астың пісуін күтіп отырмаңдар. Дастарханға шақырылғандарыңда ғана кіріңдер және тамақтанып болған соң әңгіме-дүкен құрып отырып алмай бірден тарап кетіңдер. Өйткені бұл қылықтарың пайғамбарды қапаландыруда, алайда ол сендерден ұялғанынан үндемеуде. Ал Алла ақиқатты ашып айтудан тартынбайды...”».1, 2

Түсіндірме

Осы риуаят Расулалланың (с.а.с.) Зейнеп бинт Жахшпен үйлену хикаясын баяндайды. Бұл оқиға хадис кітаптарында жиі кездеседі. Әр нұсқада оқиғаның әр қыры баяндалады. Кейбір мәліметтерде әзірет Әнәс орану аятының осы той кезінде түскенін, орану үкімі ескерілген алғашқы той осы болғанын айтады.

Жоғарыдағы риуаятта той асынан кейін қонақтардың бір бөлігі тарамай, әңгімелесіп отырғаны, соларға ыңғай танытып Алла Елшісінің сыртқа шыққаны, әйелдерінің бөлмелеріне жеке-жеке кіріп, сәлемдесіп, аяқ үсті әңгімелескені баяндалады.

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтып келгенде, бөлмесінде үш кісінің әлі отырғанын көрді. Қапаланғанымен, оларға кетіңдер деп айта алмады.

Бұхариде кездесетін бір риуаяттағы мәлімет бойынша, осындай көңіл-күймен бөлмесіне қайтадан кіргелі жатқанда, бір аяғы іште, екіншісі сыртта тұрған сәтте, Расулалла уахи сәтінде жамылатын жамылғысын үстіне жабады да, риуаят мәтінінде айтылған уахи келеді. Уахи түскен соң Алла елшісі сол жердегі жамағатқа жеткізеді.

Алла Елшісінің Зейнеп анамызбен некесінің өзге некелерінен бірнеше ерекшелігі бар. Алдымен, бұл некенің Алланың әмірімен қиылғаны Құранда айтылды.

• Той асынан Алланың берген берекесі көрінді. Шақырылған қонақтар дастарханға он-оннан отырып, Пайғамбардың қызметіндегі Әнәстің анасы Үммі Суләйм беріп жіберген аз ғана тамақтан жеп, тойып шыққан. Тіпті Әнәс ең соңында тамақтың ыдысын көтерген кезде: «Тамақ алғаш әкелген кезімде көп пе еді әлде ыдысты көтерген кезімде көп пе еді, соны ажырата алмадым», – дейді.

• Орану туралы үкім осы той кезінде түсті.

• Уахи тойдан кейінгі алғашқы түн басталмай тұрып түсті.

• Аятта қонаққа бару мен қонақта отыру әдебі баяндалды.

• Уахи Алла Елшісінің отбасында тағы бір мәрте түсті.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Ахзаб», 8, «Неке», 64, 67, «Тағам», 59, «Рұқсат сұрау», 10, 33, «Тәухид», 22. Мүслим, «Неке», 89 (№1428). Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (Ибраһим Жанан басылымында №3215–3217).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 53-аят.