وَعَنْ أُمِّ هَانِئٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «خَطَبَنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فاعْتَذَرْتُ إِلَيْهِ فَعَذَرَنِى، ثُمَّ أَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: إِنَّا أَحْلَلْنَا لَكَ أَزْوَاجَكَ الَّاتِى آتَيْتَ أُجُورَهُنَّ الْآيَة. قَالَتْ فَلَمْ أَكُنْ أَحِلُّ لَهُ لِأَنِّى لَمْ أُهَاجِرْ: كُنْتُ مِنَ الطُّلَقَاءِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Үммі Һани (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) маған үйлену туралы ұсыныс жасады. Мен уәжімді айттым, ол оны қабыл алды. Кейін Алла Тағала мына аятты түсірді: «Уа, ардақты Пайғамбар! Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді, соғыстан түскен олжа ретінде Алланың өзіңе нәсіп еткен күңдеріңді, өзіңмен бірге Алла жолында (Мәдинаға) қоныс аударған әкеңнің бауырлары мен апа-қарындастарының қыздарын және анаңның бауырлары мен апа-сіңлілерінің қыздарын адал еттік, сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық».1
Үммі Һани сөзін былай жалғады: «Осы аят түскен соң, “Алла Елшісіне некелесуіме рұқсат етілмеді. Өйткені мен һижрет жасамаған едім. Мекке алынған күні босатылғандардың қатарында болдым”, – дедім».2
Түсіндірме
Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көкесінің қызы Үммі Һани бинт Әбу Талибті жаһилият дәуірінде сұраған. Алайда Әбу Талиб Үммі Һаниді оған құда түскен Хубайра ибн Әбу Уәһбқа берді. Кейінірек Үммі Һани исламды қабылдаған соң Хубайрадан ажырасты. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Үммі Һаниге қайтадан үйлену ұсынысын жасады. Үммі Һани бұл жолы да: «Мен баласы көп әйелмін» деп уәжін айтты. Расулалла да қинамады. Риуаятта қабыл етілген уәжі осы болса керек.
Аяттан мынадай маңызды үкімдер шығарылған:
– Риуаятта Алла Елшісіне мүмін әйелге үйленуге рұқсат берілгені, өзге діндегі әйелге, азат болса да, үйленуге тыйым салынғаны айтылады. Хадисті түсіндірушілер мұсылман үмбетіне Әһл-кітаптың әйелдерімен некелесу адал болғанмен, Алла Елшісіне олардың харам екенін айтады.
– Мәһір сұрамай, неке ұсынған әйелдер туралы үкім алдыңғы хадисте түсіндірілді. Бұл жерде ескертетін жайт: мұндай әйелдермен уәлисіз, куәгерсіз, мәһірсіз үйлену тек Алла Елшісіне адал қылынған.