Хадис

Кутуб ситтә, № 751

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 751 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
751
Кутуб ситтә, № 751 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَا مَاتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ حَتَّى أُحِلَّ لَهُ النِّسَاءُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ وَصَحَّحَهُ، وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.): «Алла елшісіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дүние салмай тұрып, әйелдермен некелесуге рұқсат берілді», – деген.1

Түсіндірме

Әзірет Айшаның бұл риуаяты алдыңғы риуаятта Ибн Аббас (р.а.) атаған неке шектеулерінің Алла елшісі (с.а.с.) өмірінің соңына қарай алынғанын білдіреді. Ибн Әбу Хатимнің Үммі Сәләмадан (р.а.) жеткізген риуаяты да осыны растайды. Онда былай делінген: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өлместен бұрын өзіне махрам туыстарынан басқа қалаған әйелге үйленуіне рұқсат етілді». Бұл мәселе мына аятта ашық берілген: «қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің...»2

Ибн Кәсир осы аяттан кейін былай дейді: «Осы аят өзінен кейін келген аяттың үкімін жойған. Үкімі жойылған аят мынау: ﴿لَّا يَحِلُّ لَكَ ٱلنِّسَآءُ مِنۢ بَعْدُ وَلَآ أَن تَبَدَّلَ بِهِنَّ مِنْ أَزْوَٰجٍ وَلَوْ أَعْجَبَكَ حُسْنُهُنَّ إِلَّا مَا مَلَكَتْ يَمِينُكَ وَكَانَ ٱللَّهُ عَلَىٰ كُلِّ شَىْءٍ رَّقِيبًا﴾ «Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы»3

«Бақара» сүресінде де осындай мысал бар. Мұсхафта бұрын тұрған аят өзінен кейінгі аяттың үкімін жойған. Үкімді өзгерткен аят мынау: ﴿وَٱلَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَٰجًا يَتَرَبَّصْنَ بِأَنفُسِهِنَّ أَرْبَعَةَ أَشْهُرٍ وَعَشْرًا فَإِذَا بَلَغْنَ أَجَلَهُنَّ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِيمَا فَعَلْنَ فِىٓ أَنفُسِهِنَّ بِٱلْمَعْرُوفِ وَٱللَّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ خَبِيرٌ﴾ «Араларыңнан қайтыс болған ер адамдардың артында тұл қалған жұбайлары аза тұтып, төрт ай он күн күтеді. Олар күту мерзімін тамамдағаннан кейін, шариғат шеңберінен шықпай жеке бастарына қатысты қабылдаған шешімдері мен істеген істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар. Алла сендердің не істеп жүргендеріңнен толық хабардар»4 Ал үкімі жойылған аят мынау: ﴿وَٱلَّذِينَ يُتَوَفَّوْنَ مِنكُمْ وَيَذَرُونَ أَزْوَٰجًا وَصِيَّةً لِّأَزْوَٰجِهِم مَّتَٰعًا إِلَى ٱلْحَوْلِ غَيْرَ إِخْرَاجٍ فَإِنْ خَرَجْنَ فَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ فِى مَا فَعَلْنَ فِىٓ أَنفُسِهِنَّ مِن مَّعْرُوفٍ وَٱللَّهُ عَزِيزٌ حَكِيمٌ﴾ «Араларыңнан ажалы жетіп, артына тұл қалатын жұбайлар қалдыратындар, жұбайларының бір жылға дейін үйден қуылмауын әрі нәпақасыз қалмауын қамтамасыз ететін өсиет айтып кетсін. Егер тұл қалған әйелдер өз еркімен кететін болса, олардың шариғатқа сай қабылдаған заңды шешімдері мен істеген істері үшін сендер күнә арқаламайсыңдар. Алла Азиз һәм Хаким»5

Соңғы аят исламның алғашқы кезеңіндегі тәртіпті баяндайды. Күйеуі дүние салған әйел мұра алмайтын. Ол күйеуінің үйінде бір жыл тұрып, осы мерзімде нәпақамен қамтамасыз етілетін. Бұл жағдайда иддат мерзімі бір жыл еді. Әйел осы мерзімнің ішінде кетіп қалатын болса, нәпақа алу құқығынан айырылатын. Кейінірек жоғарыда берілген «Бақара» сүресінің 234-аяты осының үкімін жойды.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Ахзаб» (№3216, Ибраһим Жанан басылымында №3214). Нәсәи, «Неке», 2 (№3204).
  2. 2«Ахзаб» сүресі, 51-аят.
  3. 3«Ахзаб» сүресі, 52-аят.
  4. 4«Бақара» сүресі, 234-аят.
  5. 5«Бақара» сүресі, 240-аят.