Хадис

Кутуб ситтә, № 743

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
84. «Ахзаб» сүресі
Нөмірі
№ 743 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
743
Кутуб ситтә, № 743 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «إِذْ جَاءُوكُمْ مِنْ فَوْقِكُمْ وَمِنْ أَسْفَلَ مِنْكُمْ الْآيَةَ. قَالَتْ كَانَ ذَلِكَ يَوْمَ الْخَنْدَقِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) ﴿إِذْ جَآءُوكُم مِّن فَوْقِكُمْ وَمِنْ أَسْفَلَ مِنكُمْ وَإِذْ زَاغَتِ ٱلْأَبْصَٰرُ وَبَلَغَتِ ٱلْقُلُوبُ ٱلْحَنَاجِرَ وَتَظُنُّونَ بِٱللَّهِ ٱلظُّنُونَا۠ ۝ هُنَالِكَ ٱبْتُلِىَ ٱلْمُؤْمِنُونَ وَزُلْزِلُوا۟ زِلْزَالًا شَدِيدًا﴾ «Сонда біріккен жау қолы сендерге жоғарғы жақтан да, төменгі жақтан да төніп келіп, құрсап алған еді. Сол кезде көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылып, жан алқымға келген болатын. Сөйтіп, Алла жайлы сан түрлі жағымсыз ойларға қалған едіңдер. Міне, сонда мүміндер өте ауыр сынаққа тап болды және қатты сілкініске ұшырады»1 деген аятқа қатысты «Бұл Хандақ күні болған оқиға», – деген.2

Түсіндірме

Әзірет Айшаның айтуынша, аятта суреттелген аласапыран күндер Хандақ соғысын білдіреді. Аяттан көріп отырғанымыздай, мұсылмандар жан-жақтан қысқан аласапыран күндерді бастан кешіп, Алла туралы сан түрлі ойға барған.

Ибн Аббастың (р.а.) айтуы бойынша, аяттағы «жоғарғы жақтан... келгендер» – Уйәйна ибн Хисн басқарған жау әскері. Ал «төменгі жақтан... келгендер» – Әбу Суфиян ибн Харб басқарған жасақ еді.

Ибн Исхақ оқиғаны кеңірек баяндайды. Әбу Суфиян басқарған құрайыштықтар он мың кісілік қолмен бір жерге жиналды. Осы қолдың арасында құрайыштық рулардан басқа Кинанаұлдары мен Тихамалылар да бар еді. Уйәйна ибн Хисн, Ғатафан және оларға қосылған Нәжидтіктермен бірге Бабу Нұғман деп аталатын жердегі Ухудқа келді. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мен мұсылмандар оларға қарсы шықты. Үш мың кісілік қол таудың етегінде тұрды, дұшпанмен араларында Хандақ бар еді. Әйелдері мен балалары утмға (берік дуалдармен қоршалған үйлерге) орналастырылды. Хуйәй ибн Ахтаб мұсылмандармен келісім жасасқан Құрайза руына барып, оларды келісімді бұзуға көндірді. Келісімнің бұзылғаны мәлім болғанда мұсылмандардың жағдайы одан сайын қиындай түсті. Тіпті Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұшпанның бір бөлігін саптан шығару үшін Мәдинадағы құрма өнімінің үштен бірін беру шартымен Уйәйна ибн Хиснмен келісу жолын қарастырады. Алайда мәдиналықтар бұл ұсынысты қабылдамады. Осы соғыс кезінде мұнафықтар да бір жақтан қиындық шығарды, олар ең шешуші сәттерде «бала-шағамыз қорғаусыз қалды» деп, рұқсат сұрап соғыс майданын тастап кетті...»

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 10–11-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 29 (№4103).