وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَرَى هَذِهِ الْآيَةَ نَزَلَتْ فِي عَمِّى أَنَسِ ابْنِ النَّضْرِ: مِنَ الْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا مَا عَاهَدُوا اللَّهَ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Біз ﴿مِّنَ ٱلْمُؤْمِنِينَ رِجَالٌ صَدَقُوا۟ مَا عَٰهَدُوا۟ ٱللَّهَ عَلَيْهِ فَمِنْهُم مَّن قَضَىٰ نَحْبَهُۥ وَمِنْهُم مَّن يَنتَظِرُ وَمَا بَدَّلُوا۟ تَبْدِيلًا﴾ “Мүміндердің арасында Аллаға берген сертінде тұрған нағыз ерлер бар. Олардың кейбірі уәдесінде тұрып, жанын пида қылды. Енді біреуі күтуде. Олар серттерінен әсте тайған да, әуелгі қалыптарынан еш айныған да емес”1 деген аятты көкем Әнәс ибн Надр туралы түсті деп білетінбіз».2
Түсіндірме
Көріп отырғанымыздай, Әнәс ибн Надр – Әнәс ибн Мәликтің көкесі. Ухудта шейіт болған. Бұл кісі Бәдір соғысына қатыспағаны үшін қатты өкініп, Алла Елшісіне (с.а.с.) барып: «Мүшріктермен болған алғашқы шайқасыңа қатыса алмадым. Егер Алла Тағала мүшріктермен тағы соғыстыратын болса, оларға көресіні көрсетемін!» – дейді. Аятта айтылған серт осы болуы мүмкін. Өйткені Ухуд күні мұсылмандар шебі шашыраған кезде: «Я, Раббым, мыналардың (мұсылмандардың) жасағаны үшін кешірім сұраймын» деп, алға ұмтыла бергенде, алдынан Сағд ибн Муаз (р.а.) шығады. Оған: «Сағд, жәннат жақын! Әнәстің Раббысына ант етейін, Ухудтың алдынан оның иісін сезіп тұрмын», – дейді де, алға ұмтылады. Сағд ибн Муаз: «Мен оның жасағанын жасай алмадым», – дейді.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Біз оның денесінен сексеннен астам жарақат санадық. Қылыштың, садақ оғының және найзаның іздері бар еді. Мүшріктер көкемді өлтіріп қана қоймай, оның денесін қорлап, кескілеп, жұлмалап тастапты. Қарындасы Рубайығ бинт Надр оны саусақтарының ұшынан ғана таныды».
Аятта мақталған осы қаһарман сахабаның өмірінде мына оқиға болған.
Жоғарыда аты аталған Рубайығ бір әйелдің тісін сындырған. Зәбір көруші жақ қысас талап етіп Алла Елшісіне барады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қысасқа үкім шығарады. Әнәс ибн Надр: «Жоқ, уаллаһи, қарындасымның тісін сындырмайсыңдар, уа, Алла елшісі!» – деп қарсы шығады. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Алланың әмірі – қысас», – дейді. Осы кезде зәбір көруші жақ құнын төлетуге келіседі де, қысастың орнына құн төленген. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алланың сондай құлдары бар: серт берсе, Алла оны ақтап шығады (сертін бұзғызбайды)», – дейді.