Хадис

«Әли Имран» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 55-тарау · 23 хадис · № 512–534

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

512
Кутуб ситтә, № 512 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: تَلَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿هُوَ الَّذِي أَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ ۖ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ ۗ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّنَا ۗ وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّا أُولُو الْأَلْبَابِ﴾، قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «فَإِذَا رَأَيْتِ الَّذِينَ يَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ فَأُولَئِكَ الَّذِينَ سَمَّى اللَّهُ فَاحْذَرُوهُمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айшаның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына аятты оқыған: ﴿هُوَ الَّذِي أَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ ۖ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ ۗ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّنَا ۗ وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّا أُولُو الْأَلْبَابِ﴾ «Ол саған осынау Кітапты түсірді. Ондағы аяттардың бір бөлігі мағынасы анық мухкам аяттар, солар Кітаптың негізін құрайды. Ал енді бір бөлігі, мағынасы астарлы муташабиһ аяттар. Жүрегінде ауытқу болғандар бүлік шығару үшін, әрі ол аяттарды өз қалаулары бойынша тәпсірлеу үшін астарлы мағыналы муташабиһ аяттарды қазбалайды. Расында, оның шын тәпсірін бір Алладан басқа ешкім білмейді және ілімде тереңдегендер: “Біз оған толық иман келтірдік. Барлығы да Раббымыздың дәргейінен келді”, – деп айтады. Ендеше, ақыл иелері ғана терең ойланып, ғибрат алады»1. Аятты оқып болған соң: «Құранның мағынасы астарлы аяттарына ерген адамдарды көрсеңдер, Алла осы аятта атаған адамдар – солар. Олардан сақ болыңдар!» – деген.2

Түсіндірме

Бұл риуаятта Құран аяттарының екі түрі айтылған.

1. Мухкам аяттардың мағынасы қосымша түсіндіруді қажет етпейтіндей айқын әрі нақты. Мұндай аяттар «насс» деп те аталады.

2. Муташабиһ аяттардың мағынасы астарлы келеді. Усул әл-фиқһ ғалымдарының айтуынша, бұл аяттарда қандай мағына көзделгенін үмбет өздігінен анықтай алмайды. Муташабиһ аяттар екіге бөлінеді.

а) Кейбір сүрелердің басында келетін «әлиф, ләм, мим», «та, һа», «йә, син» тәрізді мұқаттаға әріптері. Олардың мәнін тікелей ажырату мүмкін емес.

ә) Сөзбе-сөз түсіндіргенде ақылға және иман негіздеріне қайшы мағына шығатын аяттар. Бұған «ТаҺа» сүресінің 5-аятындағы ﴿الرَّحْمَٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ﴾ «Рахман Аршқа “истиуа” етті.» деген сөз бен «Фәтх» сүресінің 10-аятындағы ﴿يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ﴾ «Алланың шарапаты олардың шарапатынан әлдеқайда жоғары.» деген үзінді мысал болады.

Бірінші аятты сөзбе-сөз ұқсақ, Аллаға дене мен мекен телінер еді. Алла дене мен мекеннен пәк. Екінші аятты да сөзбе-сөз қабылдау Аллаға қол теліп, Оны адамға ұқсатуға әкеледі. Ал Аллаға еш нәрсе ұқсамайды.

Муташабиһ аяттарды түсіндіруде екі көзқарас бар.

1. Сәләф ғалымдары муташабиһ аяттарды тәуилдеуден тартынған. Жоғарыдағы аятқа сүйеніп: «Олардың ақиқатын Алла біледі», – деген.

2. Кейінгі ғалымдар аяттарды тәуилдеп, меңзелген астарлы мағынаны іздеген. Олар ақылға және шариғаттың айқын қағидаларына сай тәуил жасауға рұқсат берген, тіпті кей тұста оны қажет деп санаған. Осы көзқарас бойынша, «истиуа» билік жүргізу, үстемдік ету деген мағынада. Рахманның Аршқа истиуа етуі – ілімі мен құдіреті бүкіл ғаламды қамтыған Алланың ұлы Аршқа билік жүргізуі. Сол сияқты «Алланың қолы» деген тіркес Алланың құдіретін меңзейді.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 7-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 1 (№4547); Мүслим, «Илм», 1 (№2665); Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№2994); Әбу Дәуіт, «Сүннет», 2 (№4598).
513
Кутуб ситтә, № 513 · тараудағы реті: 2

عَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ، قَالَ: قَالَ رَجُلٌ لِابْنِ عَبَّاسٍ: إِنِّي أَجِدُ فِي الْقُرْآنِ أَشْيَاءَ تَخْتَلِفُ عَلَيَّ، قَالَ: وَمَا هِيَ؟ قَالَ: {فَلَا أَنْسَابَ بَيْنَهُمْ يَوْمَئِذٍ وَلَا يَتَسَاءَلُونَ} [الْمُؤْمِنُونَ: 101]، {وَأَقْبَلَ بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ يَتَسَاءَلُونَ} [الصَّافَّاتُ: 27] {وَلَا يَكْتُمُونَ اللَّهَ حَدِيثًا} [النِّسَاءُ: 42]، {وَاللَّهِ رَبِّنَا مَا كُنَّا مُشْرِكِينَ} [الْأَنْعَامُ: 23]، فَقَدْ كَتَمُوا فِي هَذِهِ الْآيَةِ؟ وَقَالَ: {أَمِ السَّمَاءُ بَنَاهَا} [النَّازِعَاتُ: 27] إِلَى قَوْلِهِ: {دَحَاهَا} [النَّازِعَاتُ: 30] فَذَكَرَ خَلْقَ السَّمَاءِ قَبْلَ خَلْقِ الْأَرْضِ، ثُمَّ قَالَ: {أَئِنَّكُمْ لَتَكْفُرُونَ بِالَّذِي خَلَقَ الْأَرْضَ فِي يَوْمَيْنِ} [فُصِّلَتْ: 9] إِلَى قَوْلِهِ: {طَائِعِينَ} [فُصِّلَتْ: 11] فَذَكَرَ فِي هَذِهِ خَلْقَ الْأَرْضِ قَبْلَ خَلْقِ السَّمَاءِ؟ وَقَالَ: {وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَحِيمًا} [النِّسَاءُ: 96]، {عَزِيزًا حَكِيمًا} [النِّسَاءُ: 56]، {سَمِيعًا بَصِيرًا} [النِّسَاءُ: 58] فَكَأَنَّهُ كَانَ ثُمَّ مَضَى؟ فَقَالَ: {فَلَا أَنْسَابَ بَيْنَهُمْ} [الْمُؤْمِنُونَ: 101]: «فِي النَّفْخَةِ الْأُولَى، ثُمَّ يُنْفَخُ فِي الصُّورِ: {فَصَعِقَ مَنْ فِي السَّمَاوَاتِ وَمَنْ فِي الْأَرْضِ إِلَّا مَنْ شَاءَ اللَّهُ} فَلَا أَنْسَابَ بَيْنَهُمْ عِنْدَ ذَلِكَ وَلَا يَتَسَاءَلُونَ، ثُمَّ فِي النَّفْخَةِ الْآخِرَةِ، {أَقْبَلَ بَعْضُهُمْ عَلَى بَعْضٍ يَتَسَاءَلُونَ} [الصَّافَّاتُ: 27] وَأَمَّا قَوْلُهُ: {مَا كُنَّا مُشْرِكِينَ} [الْأَنْعَامُ: 23]، {وَلَا يَكْتُمُونَ اللَّهَ حَدِيثًا} [النِّسَاءُ: 42]، فَإِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ لِأَهْلِ الْإِخْلَاصِ ذُنُوبَهُمْ، وَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: تَعَالَوْا نَقُولُ لَمْ نَكُنْ مُشْرِكِينَ، فَخُتِمَ عَلَى أَفْوَاهِهِمْ، فَتَنْطِقُ أَيْدِيهِمْ، فَعِنْدَ ذَلِكَ عُرِفَ أَنَّ اللَّهَ لَا يُكْتَمُ حَدِيثًا، وَعِنْدَهُ: {يَوَدُّ الَّذِينَ كَفَرُوا} [الْحِجْرِ: 2] الْآيَةَ، وَخَلَقَ الْأَرْضَ فِي يَوْمَيْنِ ثُمَّ خَلَقَ السَّمَاءَ، ثُمَّ اسْتَوَى إِلَى السَّمَاءِ فَسَوَّاهُنَّ فِي يَوْمَيْنِ آخَرَيْنِ، ثُمَّ دَحَا الْأَرْضَ، وَدَحْوُهَا: أَنْ أَخْرَجَ مِنْهَا الْمَاءَ وَالْمَرْعَى، وَخَلَقَ الْجِبَالَ وَالْجِمَالَ وَالآكَامَ وَمَا بَيْنَهُمَا فِي يَوْمَيْنِ آخَرَيْنِ، فَذَلِكَ قَوْلُهُ: {دَحَاهَا} [النَّازِعَاتُ: 30]. وَقَوْلُهُ: {خَلَقَ الْأَرْضَ فِي يَوْمَيْنِ} [فُصِّلَتْ: 9]. فَجُعِلَتِ الْأَرْضُ وَمَا فِيهَا مِنْ شَيْءٍ فِي أَرْبَعَةِ أَيَّامٍ، وَخُلِقَتِ السَّمَاوَاتُ فِي يَوْمَيْنِ، {وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَحِيمًا} [النِّسَاءِ: 96] سَمَّى نَفْسَهُ ذَلِكَ، وَذَلِكَ قَوْلُهُ، أَيْ لَمْ يَزَلْ كَذَلِكَ، فَإِنَّ اللَّهَ لَمْ يُرِدْ شَيْئًا إِلَّا أَصَابَ بِهِ الَّذِي أَرَادَ، فَلَا يَخْتَلِفْ عَلَيْكَ الْقُرْآنُ، فَإِنَّ كُلًّا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ عَزَّ وَجَلَّ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйрдің (р.а.) айтуынша, бір кісі Ибн Аббасқа келіп: «Құранның кейбір аяттары маған бір-біріне қайшы сияқты көрінеді», – деген. Ибн Аббас: «Қай аяттар?» – деп сұрағанда, әлгі кісі мына аяттарды оқыған: ﴿فَإِذَا نُفِخَ فِي الصُّورِ فَلَا أَنْسَابَ بَيْنَهُمْ يَوْمَئِذٍ وَلَا يَتَسَاءَلُونَ﴾ «Сур үрленгенде, міне, сол күні араларында туыстық байланыстың жұрнағы да қалмайды. Тіпті бір-бірінің хал-жағдайын да сұраспайды»1. Тағы бір аятта ﴿وَأَقْبَلَ بَعْضُهُمْ عَلَىٰ بَعْضٍ يَتَسَاءَلُونَ﴾ «Олар бір-біріне беттеп келіп, біріне-бірі сұрақ жаудырып, кінә таға бастайды»2 делінген.

Бір аятта ﴿يَوْمَئِذٍ يَوَدُّ الَّذِينَ كَفَرُوا وَعَصَوُا الرَّسُولَ لَوْ تُسَوَّىٰ بِهِمُ الْأَرْضُ وَلَا يَكْتُمُونَ اللَّهَ حَدِيثًا﴾ «Сол күні өмір бойы күпірлікте қасарысып, ақырында, кәпір болып өлген әрі Расулаллаға қарсы шыққандар жермен-жексен болуды қалайды. Алайда олар өз аузымен айтқан бірде-бір сөзін де Алладан жасыра алмайды!»3 делінсе, екінші аятта ﴿ثُمَّ لَمْ تَكُنْ فِتْنَتُهُمْ إِلَّا أَنْ قَالُوا وَاللَّهِ رَبِّنَا مَا كُنَّا مُشْرِكِينَ﴾ «Сонда олардың жалғыз жауабы “Раббымыз Аллаға серт! Аллаға серік қоспадық!” деу болады»4 делінген. Сонда олар бұл аятта істегендерін жасырған болып шықпай ма?

«Назиғат» сүресінде ﴿أَأَنْتُمْ أَشَدُّ خَلْقًا أَمِ السَّمَاءُ ۚ بَنَاهَا ۝ رَفَعَ سَمْكَهَا فَسَوَّاهَا ۝ وَأَغْطَشَ لَيْلَهَا وَأَخْرَجَ ضُحَاهَا ۝ وَالْأَرْضَ بَعْدَ ذَٰلِكَ دَحَاهَا﴾ «Сендерді жарату қиын ба әлде аспанды ма?! Оны Алла тұрғызды! Алла оны тіреусіз биік күмбез етіп көтерді һәм мінсіз, толыққанды жүйеге келтірді. Түнін қараңғы қылды және күндізін жарық қылып шығарды. Содан кейін жерді жайды»5 делінген. Мұнда аспанның жаратылуы жерден бұрын айтылған.

Ал мына аяттарда жердің жаратылуы аспаннан бұрын айтылған: ﴿قُلْ أَئِنَّكُمْ لَتَكْفُرُونَ بِالَّذِي خَلَقَ الْأَرْضَ فِي يَوْمَيْنِ وَتَجْعَلُونَ لَهُ أَنْدَادًا ۚ ذَٰلِكَ رَبُّ الْعَالَمِينَ ۝ وَجَعَلَ فِيهَا رَوَاسِيَ مِنْ فَوْقِهَا وَبَارَكَ فِيهَا وَقَدَّرَ فِيهَا أَقْوَاتَهَا فِي أَرْبَعَةِ أَيَّامٍ سَوَاءً لِلسَّائِلِينَ ۝ ثُمَّ اسْتَوَىٰ إِلَى السَّمَاءِ وَهِيَ دُخَانٌ فَقَالَ لَهَا وَلِلْأَرْضِ ائْتِيَا طَوْعًا أَوْ كَرْهًا قَالَتَا أَتَيْنَا طَائِعِينَ﴾ «Оларға: “Сонда сендер жер бетін екі күнде жаратқан Алланы шынымен жоққа шығарып, Оған өзгелерді тең тұтасыңдар ма?! Ол күллі әлемдердің Раббысы!” “Ол жер астынан үстіне қарай көтерілген мызғымас тауларды орнатып, жерге құт-береке дарытты. Әрі онда Өзінен ризық-несібе тілеуші күллі жаратылыс атаулының бар азығын тұп-тура төрт күнде өтелетін етіп өлшеп бекітті”. Содан кейін қалауы мен құдіретін сол кезде тұмандық болған көкке қаратты да, көк пен жерге: “Мейлі өз еріктеріңмен, мейлі еріксіз түрде келіңдер!” – деп бұйырды. Сонда олар: “Біз әміріңе бойсұнған күйде келдік”, – деді».6

Құранда ﴿وَكَانَ اللَّهُ غَفُورًا رَحِيمًا﴾ «Алла – Ғафур, Рахим!», ﴿إِنَّ اللَّهَ كَانَ عَزِيزًا حَكِيمًا﴾ «Шүбәсіз, Алла – Азиз, Хаким!», ﴿إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا﴾ «Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ, Басир!» деп те айтылады. «Кәнә» етістігі өткен шақта тұр. Бұл сипаттар бұрын ғана болғандай көрінбей ме?

Ибн Аббас былай жауап берді: «Сур алғаш үрленгенде, араларында туыстық байланыс қалмайды. Сурдың алғашқы үнінен көкте де, жерде де Алла қалағандардан өзге тіршілік иелері сұлқ түседі. Сол кезде бір-бірінің халін де сұраспайды. Ал екінші рет үрленгенде, бір-біріне беттеп келіп, сұраса бастайды». Ибн Аббас сөзін жалғап, ﴿وَاللَّهِ رَبِّنَا مَا كُنَّا مُشْرِكِينَ﴾ «Раббымыз Аллаға серт! Аллаға серік қоспадық!» және ﴿وَلَا يَكْتُمُونَ اللَّهَ حَدِيثًا﴾ «Алайда олар өз аузымен айтқан бірде-бір сөзін де Алладан жасыра алмайды!» деген аят үзінділерін былай түсіндірді: «Алла ықыласты құлдарының күнәларын кешіреді. Сонда мүшріктер бір-біріне: “Келіңдер, мүшрік болмадық дейік”, – дейді. Алла ауыздарына мөр басады да, қолдары сөйлейді. Сол кезде Алладан бір сөзді де жасыру мүмкін еместігі анықталады». Осыған қатысты мына аят та келтіріледі: ﴿رُبَمَا يَوَدُّ الَّذِينَ كَفَرُوا لَوْ كَانُوا مُسْلِمِينَ﴾ «Күпірлік қылғандар күндердің күнінде: “Қап, мұсылман болғанымызда ғой!” – деп күйінеді».7

Ибн Аббас қалған сұрақтарға да жауап берді. Алла жерді екі күнде жаратты. Содан кейін аспанды жаратты. Одан соң аспанға бет бұрып, оны тағы екі күнде жеті қат етіп ретке келтірді. Одан соң жерді жайып, одан су мен жайылым шығарды. Тауларды, түйелерді, төбелерді және солардың арасындағыны тағы екі күнде жаратты. Алланың ﴿وَالْأَرْضَ بَعْدَ ذَٰلِكَ دَحَاهَا﴾ «Содан кейін жерді жайды»8 деген сөзі осыны білдіреді. Осылайша жер мен ондағы нәрселер төрт күнде, аспандар екі күнде жаратылды. «Алла кешірімді, мейірімді болды» деген сөзге келсек, Алла Өзін осылай атаған, Ол қашанда сондай. Алла не қаласа, сол міндетті түрде жүзеге асады. Құран аяттары саған қайшы көрінбесін, өйткені олардың барлығы Азиз әрі Жәлил Алладан.9

Түсіндірме

Ибн Хажар Ибн Аббасқа сұрақ қойған кісінің Нафиғ ибн әл-Азрақ екенін жазады. Ол кейін харижилердің азариқа тармағын басқарған. Меккеде Ибн Аббастың мәжілістеріне қатысып, сөзін тыңдаған, сұрақ қойып, кейде пікір таластырған. Оның сұрақтары туралы риуаяттарды Хаким, Табари, Абдурраззақ және өзге ғалымдар өз еңбектерінде келтірген.

Бұхари келтірген бұл риуаятта төрт мәселе қозғалған.

1. Қиямет күні адамдар бір-бірінің халін сұрай ала ма?

2. Мүшріктер өз істерін жасырғысы келгенде, Алла оларды қалай әшкерелейді?

3. Жер мен аспанның қайсысы бұрын жаратылған?

4. Алланың мәңгілік сипаттары неге өткен шақпен берілген?

Абдурраззақ жеткізген риуаяттағы қосымша мәліметке қарағанда, Ибн Аббас (р.анһума) әлгі кісіден былай сұраған:

– Бұл сөзіңді қалай түсінеміз? Құран аяттарына күмән келтіріп отырсың ба? – Күмәнім жоқ, бірақ маған аяттар бір-біріне қайшы сияқты көрінеді, – деген әлгі кісі.

Кейбір риуаяттарда Ибн Мәсғудтың қиямет күні бір-бірінен хал сұрасуды кешірім сұрап, ақысын адалдату деп түсіндіргені айтылады: «Қиямет күні бір кісіні қолынан ұстап, “Бұл – пәленшенің ұлы пәленше. Оның мойнында кімнің ақысы болса, келіп алсын!” деп жар салады. Сол кезде әйел әкесінің, ұлының, аға-бауырының не күйеуінің мойнында ақысы болғанын қалар еді. Ол күні араларында туыстық байланыс қалмайды, бір-бірінің халін де сұрамайды».

  1. 1«Муминун» сүресі, 101-аят.
  2. 2«Саффат» сүресі, 27-аят.
  3. 3«Ниса» сүресі, 42-аят.
  4. 4«Әнғам» сүресі, 23-аят.
  5. 5«Назиғат» сүресі, 27–30-аяттар.
  6. 6«Фуссилат» сүресі, 9–11-аяттар.
  7. 7«Хижр» сүресі, 2-аят.
  8. 8«Назиғат» сүресі, 30-аят.
  9. 9Бұхари, «Тәпсір», «Фуссилат» («Ха мим сәжде»), 1-тарау.
514
Кутуб ситтә, № 514 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا أَصَابَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ قُرَيْشًا يَوْمَ بَدْرٍ وَقَدِمَ الْمَدِينَةَ جَمَعَ الْيَهُودَ فِي سُوقِ بَنِي قَيْنُقَاعَ، فَقَالَ: يَا مَعْشَرَ يَهُودَ، أَسْلِمُوا قَبْلَ أَنْ يُصِيبَكُمْ مَا أَصَابَ قُرَيْشًا قَالُوا يَا مُحَمَّدُ لَا يَغُرَّنَّكَ مِنْ نَفْسِكَ أَنْ قَتَلْتَ نَفَرًا مِنْ قُرَيْشٍ أَغْمَارًا لَا يَعْرِفُونَ الْقِتَالَ إِنَّكَ لَوْ قَاتَلْتَنَا لَعَرَفْتَ أَنَّا نَحْنُ النَّاسُ وَأَنَّكَ لَمْ تَلْقَ مِثْلَنَا. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى فِي ذَلِكَ: قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا سَتُغْلَبُونَ وَتُحْشَرُونَ إِلَى جَهَنَّمَ إِلَى قَوْلِهِ فِئَةٌ تُقَاتِلُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ: أَىْ بِبَدْرٍ، وَأُخْرَى كَافِرَةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.анһума) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәдір шайқасында құрайыштарды жеңіп, Мәдинаға оралғанда, Бәну Қайнуқа базарына яһудилерді жинап: «Уа, яһуди жұрты! Құрайыштың басына түскен жағдай сендерге де жетпей тұрғанда мұсылман болыңдар», – деген. Олар: «Уа, Мұхаммед! Құрайыштың шайқасқа ысылмаған бір тобын жеңгеніңе алданып қалма. Бізбен шайқассаң, кім екенімізді және бұрын біздей жұртпен кездеспегеніңді білер едің», – деп жауап берген. Осыған байланысты мына аяттар түскен: ﴿قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا سَتُغْلَبُونَ وَتُحْشَرُونَ إِلَىٰ جَهَنَّمَ ۚ وَبِئْسَ الْمِهَادُ ۝ قَدْ كَانَ لَكُمْ آيَةٌ فِي فِئَتَيْنِ الْتَقَتَا ۖ فِئَةٌ تُقَاتِلُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَأُخْرَىٰ كَافِرَةٌ يَرَوْنَهُمْ مِثْلَيْهِمْ رَأْيَ الْعَيْنِ ۚ وَاللَّهُ يُؤَيِّدُ بِنَصْرِهِ مَنْ يَشَاءُ ۗ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَعِبْرَةً لِأُولِي الْأَبْصَارِ﴾ «Күпірлік қылғандарға: “Сендер жер болып жеңілесіңдер және жаппай тозаққа айдаласыңдар. Ол қандай жаман жатақ еді!” – деп айт. Шүбәсіз бетпе-бет келген екі топта сендер үшін үлкен ғибрат бар. Бірі Алла жолында соғысса, екіншісі кәпірлер еді. Мүміндер олардың көзіне өздерінен екі есе көп көрінді. Алла қалағанын жәрдемімен қолдайды. Шүбәсіз, мұның өзінде көретін көзі барлар үшін ғибрат бар».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгеннен бастап ондағы яһуди қауымдарымен жақын қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұндай саясатқа екі жағдай ықпал етті деуге болады.

1. Кітап иелері саналатын яһудилер пайғамбардың келуін күткен. Алла елшісі әкелген діннің мәнін ұғынып, оны өздері күткен пайғамбар деп таныса, мұсылман болулары мүмкін еді. Алла елшісі осыдан үміттенді. Сирек те болса, Абдулла ибн Сәләм секілді исламды қабылдағандар кездесті.

2. Алғашқы кезде мұсылмандардың саны аз, саяси күші әлсіз еді. Мәдинадағы яһуди қауымдарының ұйымы берік әрі ықпалы күшті болатын. Олармен ашық қарсыласу сол қауымдарды құрайыштармен және исламға қарсы өзге күштермен одақтасуға итермелеуі мүмкін еді. Бұл мұсылмандарға елеулі қауіп төндірер еді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан мұсылман қауымы ашық қарсы тұрған күштермен күресе жүріп, өзге ықпалды топтармен келісімге келуге, одақ құруға және арадағы қатынасты реттеуге ұмтылды. Алла елшісі (с.а.с.) алғашқы кезеңде осы ұстанымды басшылыққа алды. Құдыстың құбыла болып таңдалуында және уахи түспеген мәселелерде кітап иелерінің жолына жүгінуде осы саяси мақсат та ескерілген.

Бәдірдегі жеңіс саяси бетбұрыс болды. Мұсылмандар Мәдинада ықпалды күшке айналғанын іс жүзінде көрсетті. Бұл жеңіс саяси мүмкіндіктерді кеңейтіп, қарсы күштерді әлсіретуге жол ашты. Осы кезеңде Алла елшісі Мәдинадағы яһуди қауымдарымен қатынасты қайта қарады. Жоғарыдағы риуаятты осы жағдаймен байланыстыра түсінуге болады. Исламға шақырумен бірге ол алда туындауы мүмкін қақтығыс туралы саяси ескерту де болды. Осылайша бұрынғы жақындасу саясатының орнына қатаң ескерту мен Мәдинадан көшіру шаралары келді. Ислам қауымына қарсы әрекеттерге бұдан былай жол берілмеді.

Бәдірде жеңілген құрайыштарды мұсылмандардан кек алуға шақырған ақын Кағб ибн әл-Ашраф кейін өлтірілді. Ал Бәну Қайнуқаның зергерінен сауда жасаған мұсылман әйелдің орамалына байланысты жанжал шыққанда, оны бейбіт жолмен шешу жөніндегі ұсыныс қабылданбады. Осыдан кейін Алла елшісі Бәну Қайнуқаға қарсы жорық жариялады. Соның нәтижесінде олар Мәдинадан көшірілді. Кейін Алла елшісінің (с.а.с.) өміріне қастандық жасамақ болған Бәну Надир Хайбарға жер аударылды.

Бұдан кейін Хандақ шайқасындағы келісімді бұзған Бәну Құрайзаға өз кітаптарындағы үкімге сай жаза қолданылып, қару ұстауға жарамды ер адамдары өлім жазасына кесілді.

Хайбарда мұсылмандарға қарсы күштерді ұйымдастырған Сәлләм ибн Абдулхуқайқ пен оның ісін жалғастырған Үсәйр ибн Зарам да осы кезеңде өлтірілді. Бәну Құрайза оқиғасынан соң Мәдинадағы яһуди қауымдарының дербес саяси ықпалы жойылды. Хұдайбия келісімінен кейін Алла елшісі Хайбарға аттанып, ондағы қарсы күштерді де бағындырды. Осылайша Хижазда ислам қауымының қалыптасуына бөгет болып тұрған саяси күштердің ықпалы тоқтады. Автор осы саясаттың жалғасын Расулалланың (с.а.с.) өмірінің соңында айтылған өсиеттерінің бірінен көреді: «Яһудилерді Араб түбегінен шығарыңдар. Мұнда екі дін қатар тұра алмайды!»2

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 12–13-аяттар. Әбу Дәуіт, «Хараж», 22 (№3001).
  2. 2Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте аудармасы мен түсіндірмесі», 3-т., 356–358-бб.
515
Кутуб ситтә, № 515 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ لِكُلِّ نَبِيٍّ وُلَاةً مِنَ النَّبِيِّينَ، وَإِنَّ وَلِيِّيَ أَبِي وَخَلِيلُ رَبِّي إِبْرَاهِيمُ». ثُمَّ قَرَأَ: ﴿إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَرَجَّحَ طَرِيقًا مِنْ طُرُقِهِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғудтың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әр пайғамбардың өзіне жақын пайғамбарлары бар. Менің жақыным – бабам әрі Раббымның халилі Ибраһим», – деген. Содан кейін ﴿إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾ «Шынында, адамдар арасында Ибраһимге ең жақын болғандар – оның соңынан ергендер, мына аса қадірлі пайғамбар және маңайындағы иман келтіргендер. Алла – міне, сол мүміндердің жанашыр досы» деген аятты оқыған.1

Түсіндірме

Бұл хадис яһудилер мен христиандардың Ибраһим пайғамбарды өз діндеріне теліп, дауласуына байланысты. Құран Ибраһимнің қай жолды ұстанғанын және оған кімдер жақын екенін былай баяндайды: ﴿يَا أَهْلَ الْكِتَابِ لِمَ تُحَاجُّونَ فِي إِبْرَاهِيمَ وَمَا أُنْزِلَتِ التَّوْرَاةُ وَالْإِنْجِيلُ إِلَّا مِنْ بَعْدِهِ ۚ أَفَلَا تَعْقِلُونَ ۝ هَا أَنْتُمْ هَٰؤُلَاءِ حَاجَجْتُمْ فِيمَا لَكُمْ بِهِ عِلْمٌ فَلِمَ تُحَاجُّونَ فِيمَا لَيْسَ لَكُمْ بِهِ عِلْمٌ ۚ وَاللَّهُ يَعْلَمُ وَأَنْتُمْ لَا تَعْلَمُونَ ۝ مَا كَانَ إِبْرَاهِيمُ يَهُودِيًّا وَلَا نَصْرَانِيًّا وَلَٰكِنْ كَانَ حَنِيفًا مُسْلِمًا وَمَا كَانَ مِنَ الْمُشْرِكِينَ ۝ إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾ «Уа, кітап иелері! Сендер неліктен Ибраһим пайғамбар жайында дауласасыңдар? Тәурат та, Інжіл де одан кейін түсірілген. Сәл де болса ақылға салып ойланбайсыңдар ма?! Мақұл, өздерің азды-көпті білетін мәселе хақында дауластыңдар делік. Ал енді өздерің білмейтін мәселе жайында неге сөз таластырасыңдар?! Анығында, ақиқатты бір Алла біледі, сендер білмейсіңдер. Шынында, Ибраһим яһуди де, христиан да болған емес. Ол жалған сенімдерден іргесін аулақ салып, бір Аллаға ғана сиынып, қалтқысыз мойынсұнған шын мұсылман еді. Әрі ол мүшріктерден де емес еді. Шынында, адамдар арасында Ибраһимге ең жақын болғандар – оның соңынан ергендер, мына аса қадірлі пайғамбар және маңайындағы иман келтіргендер. Алла – міне, сол мүміндердің жанашыр досы.».2

Алла елшісі (с.а.с.) кітап иелерінің Ибраһимге деген құрметін ескеріп, яһудилік, христиандық және исламның түпкі қайнары бір екенін ұғындырмақ болды. Құранда Ибраһимнің аты 69 рет аталады. Оның хадистерде де жиі аталуы пайғамбардың биік мәртебесін танытады. Ибраһимнің ғибратты істерінің бірі – жұрттың пұтқа табынуына қарсы тұруы. Ол пұттарды қиратып, балтаны ең үлкен пұттың мойнына ілді. Мұны кім істегенін сұрағандарға былай жауап берді: ﴿قَالَ بَلْ فَعَلَهُ كَبِيرُهُمْ هَٰذَا فَاسْأَلُوهُمْ إِنْ كَانُوا يَنْطِقُونَ﴾ «Ибраһим оларға: “Кім біледі, бәлкім, мына үлкендері солай істеген шығар. Егер сөйлей алатын болса, солардың өздерінен сұрасаңдаршы”, – деді.». Пұтқа табынушылардың жауабы аятта былай берілген: ﴿ثُمَّ نُكِسُوا عَلَىٰ رُءُوسِهِمْ لَقَدْ عَلِمْتَ مَا هَٰؤُلَاءِ يَنْطِقُونَ﴾ «Алайда көп ұзамай қайтадан бұрынғы тәкаппар кейіптерін тауып Ибраһимге: “Олардың сөйлей алмайтынын өзің де жақсы білесің ғой”, – деп зекіді.». Ибраһим олардың өз уәждеріне сүйеніп, пұттардың дәрменсіздігін көрсетті: ﴿قَالَ أَفَتَعْبُدُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ مَا لَا يَنْفَعُكُمْ شَيْئًا وَلَا يَضُرُّكُمْ ۝ أُفٍّ لَكُمْ وَلِمَا تَعْبُدُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ ۖ أَفَلَا تَعْقِلُونَ﴾ «Ибраһим оларға: “Сонда сендер Алланы былай қойып, өздеріңе пайдасы да, зияны да тимейтін нәрселерге табынасыңдар ма?!” “Масқара, сендерге де, Алладан басқа табынған нәрселеріңе де! Сәл де болса ақылға салып, ойланбайсыңдар ма?!” – деді.». Сонда да қарсыластары оны тыңдамай, күшке жүгінді. Ақиқаттың үнін зұлымдықпен, азаппен және отпен баспақ болды: ﴿قَالُوا حَرِّقُوهُ وَانْصُرُوا آلِهَتَكُمْ إِنْ كُنْتُمْ فَاعِلِينَ﴾ «Сол кезде мүшріктер өзара: “Егер шара қолданамыз десеңдер, оны отқа тастаңдар. Сөйтіп, құдайларыңа қолдау көрсетіңдер”, – десіп, Ибраһимді өлім жазасына кесті.»3. Осылайша Ибраһим отқа тасталды. Ақырғы жеңіс мүміндерге тән екенін Алла былай танытты: ﴿قُلْنَا يَا نَارُ كُونِي بَرْدًا وَسَلَامًا عَلَىٰ إِبْرَاهِيمَ ۝ وَأَرَادُوا بِهِ كَيْدًا فَجَعَلْنَاهُمُ الْأَخْسَرِينَ﴾ «Сонда Біз отқа: “Уа, от, Ибраһим үшін салқын һәм қауіпсіз бол!” – деп бұйырдық. Олар, осылайша, Ибраһимге тұзақ құрғысы келді. Алайда Біз олардың өздерін зиянға ұшыраттық.».4

Алла құлдарын иман мен күпірліктің тартысы арқылы сынайды. Ибраһимнің оқиғасы өтірікке сүйенгендердің ақыл мен дәлелге құрылған пікірталасқа төзе алмай, күшке жүгінетінін көрсетеді. Ал иман иелерінің сүйенері – ақиқат. Олар зынданға салынса да, отқа тасталса да, ақырғы жеңіс ақиқатқа тиесілі. Алла бірнеше аятында қарсы жақтың айласын бұзып, құрған тұзағына өздерін түсіргенін баяндайды. Ибраһим пайғамбар осы тартыста иман иелерінің мойымауына, ақырғы жеңіске сеніп, күресін жалғастыруына және азап күшейгенде де сабыр етуіне ісімен үлгі болды. Оның жолбасшылық өнегесі қияметке дейін сақталады. Алла сәлеміміз бен адалдығымызды оған жеткізсін.5

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№2995); «Әли Имран» сүресі, 68-аят.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 65–68-аяттар.
  3. 3«Әнбия» сүресі, 68-аят.
  4. 4«Әнбия» сүресі, 69–70-аяттар.
  5. 5«Тариқ» сүресі, 14–16-аяттар; «Әнфал» сүресі, 18 және 30-аяттар; «Юсуф» сүресі, 52-аят; «Ғафир» сүресі, 25-аят; «Саффат» сүресі, 98-аят; «Нәміл» сүресі, 50-аят; «Әли Имран» сүресі, 54-аят.
516
Кутуб ситтә, № 516 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿آلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ﴾، قَالَ: هُمُ الْمُؤْمِنُونَ مِنْ آلِ إِبْرَاهِيمَ وَآلِ عِمْرَانَ وَآلِ يَاسِينَ وَآلِ مُحَمَّدٍ. يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ تَعْلِيقًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ﴿آلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ﴾ «Ибраһим әулетін және Имран әулетін» деген аят үзіндісін: «Бұлар – Ибраһим, Имран, Ясин және Мұхаммед әулеттерінің иман келтіргендері», – деп түсіндірген. Содан кейін Алланың ﴿إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾ «Шынында, адамдар арасында Ибраһимге ең жақын болғандар – оның соңынан ергендер, мына аса қадірлі пайғамбар және маңайындағы иман келтіргендер. Алла – міне, сол мүміндердің жанашыр досы» деген сөзін дәлелге келтірген.1

Түсіндірме

Ибн Аббас түсіндірген аяттар толық күйінде былай берілген: ﴿إِنَّ اللَّهَ اصْطَفَىٰ آدَمَ وَنُوحًا وَآلَ إِبْرَاهِيمَ وَآلَ عِمْرَانَ عَلَى الْعَالَمِينَ ۝ ذُرِّيَّةً بَعْضُهَا مِنْ بَعْضٍ ۗ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ﴾ «Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін және Имран әулетін бүкіл адамзаттан үстем әрі таңдаулы қылды. Оларды бір-бірінен тараған бір тұтас нәсіл ретінде таңдады. Алла – Сәмиғ, Алим.».2

Ибн Аббас бұл аятта таңдау Имран әулетінің барлығына бірдей таралғандай көрінетінін, алайда әулеттің белгілі бір адамдары меңзелгенін айтады. Ол осы пікіріне ﴿إِنَّ أَوْلَى النَّاسِ بِإِبْرَاهِيمَ لَلَّذِينَ اتَّبَعُوهُ وَهَٰذَا النَّبِيُّ وَالَّذِينَ آمَنُوا ۗ وَاللَّهُ وَلِيُّ الْمُؤْمِنِينَ﴾ «Шынында, адамдар арасында Ибраһимге ең жақын болғандар – оның соңынан ергендер, мына аса қадірлі пайғамбар және маңайындағы иман келтіргендер. Алла – міне, сол мүміндердің жанашыр досы.» деген аятты дәлел еткен.3

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 33 және 68-аяттар. Ибраһим Жанан риуаятты Бұхаридің «Әнбия», 44-тарауындағы мұғаллақ хабар ретінде атайды. Сондай-ақ Табари, «Жамиғ әл-баян», «Әли Имран» сүресінің 33-аятының тәпсірі (№6851).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 33–34-аяттар.
  3. 3«Әли Имран» сүресі, 68-аят.
517
Кутуб ситтә, № 517 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ أَيْضًا فِي تَفْسِيرِ قَوْلِ الْمَرْأَةِ الصَّالِحَةِ: ﴿رَبِّ إِنِّي نَذَرْتُ لَكَ مَا فِي بَطْنِي مُحَرَّرًا﴾، أَيْ: خَالِصًا لِلْمَسْجِدِ يَخْدُمُهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةِ بَابٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ізгі әйелдің ﴿رَبِّ إِنِّي نَذَرْتُ لَكَ مَا فِي بَطْنِي مُحَرَّرًا فَتَقَبَّلْ مِنِّي ۖ إِنَّكَ أَنْتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ﴾ «Уа, Раббым! Шынында, мен құрсағымдағы баламды толық азат етіп, бір Өзіңе басыбүтін атайтындығыма серт бердім! Менен қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен бәрін естуші әрі бәрін білетін шексіз ілім иесісің»1 деген мінәжатын: «Оны тек мешітте қызмет етуге атады», – деп түсіндірген.2

Түсіндірме

Ибн Аббас түсіндірген аят «Әли Имран» сүресінде толық былай берілген: ﴿إِذْ قَالَتِ امْرَأَتُ عِمْرَانَ رَبِّ إِنِّي نَذَرْتُ لَكَ مَا فِي بَطْنِي مُحَرَّرًا فَتَقَبَّلْ مِنِّي ۖ إِنَّكَ أَنْتَ السَّمِيعُ الْعَلِيمُ﴾ «Бір кездері Имранның әйелі: “Уа, Раббым! Шынында, мен құрсағымдағы баламды толық азат етіп, бір Өзіңе басыбүтін атайтындығыма серт бердім! Менен қабыл еткейсің! Шүбәсіз, Сен бәрін естуші әрі бәрін білетін шексіз ілім иесісің”, – деп мінәжат жасаған еді.». Аятта мінәжат еткен кісі – Имранның әйелі Ханна. Келесі аяттарда оның қыз босанғаны және есімін Мәриям қойғаны айтылады. Бұл – кейін Иса пайғамбарды дүниеге әкелген Мәриям.

Тәпсіршілер бұл аяттан бұрынғы шариғаттарда баланы ғибадат орнының қызметіне атау құпталғанын, мешітте қызмет етудің құрметті іс саналғанын аңғарған. Имранның әйелі құрсағындағы перзентін мешіт қызметіне атаған еді. Туған сәби қыз болды. Бұхари Ибн Аббастың осы түсіндірмесін тарау тақырыбына шығарып, сол тарауда бір хадис келтіреді. Онда Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітті тазалап жүрген кісінің қайтыс болғанын кейін біліп, қабірінің басына барып жаназа оқығанын жеткізеді. Бұхари Имранның әйелінің нәзіріне қатысты тәпсірді осы тарауға тақырып етіп, әйелдердің де мешіт қызметіне қатыса алатынын аңғартқан. Бұхари нұсқасында мешітті тазалаған адамның қара нәсілді әйел не ер кісі екені күмәнді берілген. Рауилердің бірі әйел болғанына сенімді екенін білдірген. Бұхариден өзге риуаяттарда оның қара нәсілді әйел екені, есімі Үммі Миһжан болғаны айтылады. Бұхаридің алдыңғы тарауындағы риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) оны көрмей, не болғанын сұрайды. Қайтыс болғанын білгенде: «Маған неге хабар бермедіңдер? Қабірін көрсетіңдер», – деп, қабірінің басына барып жаназа оқиды. Бұл ілтипат оның еңбегінің Пайғамбар назарында қадірлі болғанын көрсетеді. Ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, мешітте қызмет етуді ізгі амалға жатқызған. Ибн Баттал хадистен мешітті сыпырып, тазалауға ынталандыруды және адам жерленгеннен кейін де оған жаназа оқуға рұқсат барын аңғарған. Алла елшісінің (с.а.с.) мешітті өз қолымен сыпырғаны да риуаят етіледі. Сондықтан мешітте қызмет ету ізгілердің амалы саналады.

Хадистен мынадай үкімдер шығады:

1. Қызметтегі, достықтағы немесе өзге таныстықтағы кісі көрінбей қалса, жағдайын сұрастырған жөн.

2. Өзін мұсылмандарға қызмет етуге арнаған адамдарға дұға жасап, олардың еңбегін құрметтеу керек.

3. Ізгі адамдардың жаназасына қатысуға асыққан жөн.

4. Хадистен қабір басында жаназа оқуға рұқсат екені ұғынылады. Бұл мәселеде ғалымдар арасында пікір айырмасы бар. Сахабалардан Әли, Әбу Мұса, Ибн Омар, Ибн Мәсғуд және Айша қабір басында жаназа оқуға рұқсат берген. Әузағи, Шафиғи, Ахмад және Исхақ та осы пікірді ұстанған. Нәхәи, Хасан Басри, Сәури, Әбу Ханифа, Ләйс және Мәлик рұқсат бермеген. Кей ғалымдар марқұмның уәлиі не билеуші жаназа оқымаған болса, соларға кейін қабір басында оқуға рұқсат деген. Рұқсат бергендер жерленгеннен кейін қанша уақытқа дейін оқуға болатыны жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Бірі бір айға дейін, бірі дене шірігенге дейін, енді бірі уақытпен шектемей оқуға болады деген.

5. Кісі қайтыс болғанда, жұртқа хабар беру – мұстахаб.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 35-аят.
  2. 2Бұхари, «Салат», 74-тарау, «Мешіттегі қызметкерлер» тарауының тақырыбы. Тараудағы хадис – №460, алдыңғы риуаят – №458.
518
Кутуб ситтә, № 518 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَا مِنْ بَنِي آدَمَ مِنْ مَوْلُودٍ إِلَّا نَخَسَهُ الشَّيْطَانُ حِينَ يُولَدُ فَيَسْتَهِلُّ صَارِخًا مِنْ نَخْسِهِ إِيَّاهُ إِلَّا مَرْيَمَ وَابْنَهَا». ثُمَّ يَقُولُ أَبُو هُرَيْرَةَ: اقْرَؤُوا إِنْ شِئْتُمْ: ﴿وَإِنِّي أُعِيذُهَا بِكَ وَذُرِّيَّتَهَا مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ﴾. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Адам баласының әрбір сәбиін дүниеге келген сәтте шайтан түртіп қалады. Сәби сол түртуден шыңғырып жылайды. Мәриям мен оның ұлы бұдан тыс», – деген. Әбу Һурайра: «Қаласаңдар, мына аятты оқыңдар», – деп, ﴿وَإِنِّي أُعِيذُهَا بِكَ وَذُرِّيَّتَهَا مِنَ الشَّيْطَانِ الرَّجِيمِ﴾ «әрі мен оны һәм ұрпағын рақымыңнан қуылған шайтаннан сақтай көр деп, бір Өзіңе сиынамын»1 деген үзіндіні оқыған.2

Түсіндірме

Хадисте шайтанның түртуінен аман қалу Иса пайғамбар мен анасына тән айрықша қасиет ретінде аталады. Қади Ияд бұл ерекшелікті барлық пайғамбарларға қатысты деп түсіндірген.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 36-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 2 (№4548); Мүслим, «Фадаил», 146 (№2366).
519
Кутуб ситтә, № 519 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِذْ يُلْقُونَ أَقْلَامَهُمْ﴾، قَالَ: اقْتَرَعُوا، فَجَرَتْ أَقْلَامُهُمْ مَعَ الْجَرْيَةِ، فَعَالَ قَلَمُ زَكَرِيَّا الْجَرْيَةَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ﴿ذَٰلِكَ مِنْ أَنْبَاءِ الْغَيْبِ نُوحِيهِ إِلَيْكَ ۚ وَمَا كُنْتَ لَدَيْهِمْ إِذْ يُلْقُونَ أَقْلَامَهُمْ أَيُّهُمْ يَكْفُلُ مَرْيَمَ وَمَا كُنْتَ لَدَيْهِمْ إِذْ يَخْتَصِمُونَ﴾ «Міне, бұлар ғайыптан хабарлар, оны саған уахи жолымен жеткізудеміз. Әйтпесе олар Мәриямды қайсымыз қамқорлыққа аламыз деп, қаламдарын лақтырып, жеребе тастап жатқанда, сен олардың қасында болмаған едің. Әрі олар өзара таласып жатқанда да қастарында емес едің»1 деген аятты былай түсіндірген: «Олар жеребе тарту үшін қаламдарын суға лақтырды. Қаламдары ағыспен бірге ағып кетті. Зәкәрияның ғана қаламы су бетіне қалқып шықты».2

Түсіндірме

عَالَ، أَيْ: ارْتَفَعَ عَلَى الْمَاءِ.

Мәриямды кімнің қамқорлығына беретіні жөнінде дау туған соң, олар жеребеге жүгінді. Риуаятқа қарағанда, әрқайсысы бір қаламнан суға тастаған. Өзгелердің қаламын ағыс су түбімен алып кетіп, Зәкәрияның қаламы ғана су бетіне қалқып шықты. Сөйтіп Мәриямға қамқорлық ету мәртебесі Зәкәрияға бұйырды. Бұхари Ибн Аббас түсіндірген осы аяттан кейбір даулы мәселені жеребемен шешуге болатынын аңғарған. Көпшілік ғалымның ұстанымынша, біздің шариғатымызда күшін жойғаны айтылмаса немесе оған қайшы үкім болмаса, бұрынғылардың шариғатындағы үкім бізге де жарамды. Құран осы аяттағыдай бір амалды құптап баяндаса, бұл ұстаным беки түседі. Сондықтан ғалымдардың көбі даулы істерде жеребе тартуға рұқсат берген. Алла елшісі де кейде жеребеге жүгінген. Мысалы, сапарға шығарда қай жұбайын ертіп барарын жеребемен анықтайтын.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 44-аят.
  2. 2Бұхари, «Шаһадат», 30-тараудың тақырыбы.
520
Кутуб ситтә, № 520 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِنِّي مُتَوَفِّيكَ﴾، أَيْ: مُمِيتُكَ. أَخْرَجَهُمَا الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ﴿إِذْ قَالَ اللَّهُ يَا عِيسَىٰ إِنِّي مُتَوَفِّيكَ وَرَافِعُكَ إِلَيَّ وَمُطَهِّرُكَ مِنَ الَّذِينَ كَفَرُوا وَجَاعِلُ الَّذِينَ اتَّبَعُوكَ فَوْقَ الَّذِينَ كَفَرُوا إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ ۖ ثُمَّ إِلَيَّ مَرْجِعُكُمْ فَأَحْكُمُ بَيْنَكُمْ فِيمَا كُنْتُمْ فِيهِ تَخْتَلِفُونَ﴾ «Сол кезде Алла: “Уа, Иса! Енді сені бақиға аттандырамын. Сені Өз дәргейіме көтеріп әкетемін һәм күпірлік қылғандардан құтқарып, кінәсіз екеніңді паш етемін. Қиямет-қайымға дейін соңыңнан ергендердің мерейін күпірлікте табандағандардан үстем етемін. Содан кейін бәрің Маған қайтасыңдар. Сонда фәниде бір-біріңмен таласып-тартысқан мәселелеріңе қатысты Өзім үкім шығарамын”, – деп айтты»1 деген аяттағы «Енді сені бақиға аттандырамын» тіркесін «Жаныңды Өзім аламын» деп түсіндірген.

Түсіндірме

Ғалымдар Иса пайғамбарға қатысты аяттағы «мутауффика» сөзіне әртүрлі мағына берген. Бұл сөздің түбірі – «тәуаффи», яғни «толықтай алу». Тірі жанға қатысты айтылса, ажалы жеткенде жанын алу дегенді білдіреді. Айқын дәлел болғанда ғана сөзге өзге мағына беруге болады. Иса пайғамбар жөніндегі мына аят осы сөзді тура мағынасында түсінуді қиындатады. ﴿وَقَوْلِهِمْ إِنَّا قَتَلْنَا الْمَسِيحَ عِيسَى ابْنَ مَرْيَمَ رَسُولَ اللَّهِ وَمَا قَتَلُوهُ وَمَا صَلَبُوهُ وَلَٰكِنْ شُبِّهَ لَهُمْ ۚ وَإِنَّ الَّذِينَ اخْتَلَفُوا فِيهِ لَفِي شَكٍّ مِنْهُ ۚ مَا لَهُمْ بِهِ مِنْ عِلْمٍ إِلَّا اتِّبَاعَ الظَّنِّ ۚ وَمَا قَتَلُوهُ يَقِينًا﴾ «Һәм олардың Алланың елшісі Мәриямұлы Иса Мәсіх жайлы “Біз оны өлтірдік” деп мақтанғандықтан (Алла жүректерін мөрлеп тастады). Алайда олар оны өлтіре де алмады, айқышқа керіп аса да алмады. Бірақ олардың көзіне солай көрінді. Расында, Иса жайлы таласып-тартысқандардың да бұл мәселеде күмәндары жоқ емес. Олардың бұл мәселеде нақты білімі жоқ, тек ой-жорамалға сүйенеді. Анығында, олар оны өлтіре алмады.»2 Келесі аятта ﴿بَلْ رَفَعَهُ اللَّهُ إِلَيْهِ﴾ «Алайда Алла оны Өз дәргейіне көтеріп әкетті»3 делінеді.

Құранда айтылған Иса пайғамбардың көкке көтерілуі Кітап иелерінің арасында пікірталас туғызған. Ислам ғалымдары да бұл оқиғаны әртүрлі түсіндірген. Алла елшісінің (с.а.с.) «Иса өлген жоқ, қияметке дейін сендерге қайтып келеді» деген сөзіне және осыны қуаттайтын риуаяттарға сүйенген ғалымдардың ұстанымы мынадай. Иса пайғамбар көз жұмған да, өлтірілген де жоқ. Оған қастандық жасалғанда, Алла оны рақымымен көкке көтерді. Қастандық жасағандар оны өлтірдік деп ойлады. Иса қияметтен бұрын жерге түсіп, өзіне жүктелген істерді атқарады. Содан соң ажалы жетіп, жан тапсырады. Хадистерде оның жер бетінде әділет орнататыны, Дәжжалды өлтіретіні, біраз уақыттан кейін дүниеден өтіп, мұсылмандардың оның жаназасын оқып, жерлейтіні баяндалған.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 55-аят. Бұхари, «Тәпсір», «Мәида», 13-тараудың тақырыбы.
  2. 2«Ниса» сүресі, 157-аят.
  3. 3«Ниса» сүресі, 158-аят.
521
Кутуб ситтә, № 521 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ أَيْضًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ أَسْلَمَ، ثُمَّ ارْتَدَّ وَلَحِقَ بِدَارِ الشِّرْكِ، ثُمَّ نَدِمَ، فَأَرْسَلَ إِلَى قَوْمِهِ: سَلُوا لِي رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، هَلْ لِي مِنْ تَوْبَةٍ؟ فَجَاءَهُ قَوْمُهُ فَسَأَلُوا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالُوا: هَلْ لَهُ مِنْ تَوْبَةٍ؟ فَنَزَلَتْ: ﴿كَيْفَ يَهْدِي اللَّهُ قَوْمًا كَفَرُوا بَعْدَ إِيمَانِهِمْ﴾ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾، فَأَرْسَلَ إِلَيْهِ فَأَسْلَمَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Ансарлардың бірі мұсылман болды. Кейін діннен шығып, мүшріктерге қосылды. Артынша ісіне өкініп, өз қауымына “Алла елшісінен менің тәубем қабыл бола ма деп сұраңдаршы” деп хабар жіберді. Қауымы Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, әлгі кісінің тәубесі қабыл бола ма деп сұрады. Сонда мына аяттар түсті. ﴿كَيْفَ يَهْدِي اللَّهُ قَوْمًا كَفَرُوا بَعْدَ إِيمَانِهِمْ وَشَهِدُوا أَنَّ الرَّسُولَ حَقٌّ وَجَاءَهُمُ الْبَيِّنَاتُ ۚ وَاللَّهُ لَا يَهْدِي الْقَوْمَ الظَّالِمِينَ ۞ أُولَٰئِكَ جَزَاؤُهُمْ أَنَّ عَلَيْهِمْ لَعْنَةَ اللَّهِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ ۞ خَالِدِينَ فِيهَا لَا يُخَفَّفُ عَنْهُمُ الْعَذَابُ وَلَا هُمْ يُنْظَرُونَ ۞ إِلَّا الَّذِينَ تَابُوا مِنْ بَعْدِ ذَٰلِكَ وَأَصْلَحُوا فَإِنَّ اللَّهَ غَفُورٌ رَحِيمٌ﴾ “Иман келтіріп, пайғамбардың хақ екеніне куә болғаннан соң, әрі өздеріне анық мұғжизалар келгеннен кейін күпірлікке ұрынған қауымды Алла тура жолға қалай салмақ?! Алла залым қауымды әсте тура жолға салмайды. Олардың сазайы – Алланың, періштелердің және күллі адамзаттың қарғысына ұшырау. Олар мәңгі-бақи сол лағынеттің астында қалады. Олардың азабы әсте жеңілдетілмейді һәм оларға ешкім көз қиығын да салмайды Алайда содан кейін тәубе етіп түзелгендердің жөні бөлек. Шүбәсіз, Алла – Ғафур, Рахим.”1 Аяттардың хабары әлгі кісіге жеткен соң, ол қайта мұсылман болды».2

Түсіндірме

Бұл хадис иман есігінің баршаға ашық екенін көрсетеді. Діннен шыққан адамның қайта иман келтіруіне тосқауыл жоқ. Кейде «Мұсылман болу үшін әуелі христиан болып, бірнеше жыл дін қызметкері болып істеуі керек» деген сөз тарайды. Мұндай шарттың діни негізі жоқ. Адамның түр-түсі, нәсілі, бұрынғы нанымы, кәсібі мен жасаған күнәлары қандай болса да, ол куәлік сөзін шын жүректен айтып, мұсылман болады. Ол үшін жеке адамнан, билік иесінен не мүфтиден рұқсат алу, арнайы рәсім өткізу немесе тіркелу шарт етілмеген. Арнайы рәсімнің мақсаты – адамның мұсылман болғанын жұртқа жариялап, онымен солай қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беру.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 86–89-аяттар.
  2. 2Нәсәи, «Тахрим әд-дам», 15 (№4068, 7-т., 107-б.).
522
Кутуб ситтә, № 522 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ بَهْزِ بْنِ حَكِيمٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّهُ سَمِعَ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ﴾: «إِنَّكُمْ تُتِمُّونَ سَبْعِينَ أُمَّةً، أَنْتُمْ خَيْرُهَا وَأَكْرَمُهَا عَلَى اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәһз ибн Хакимнің әкесі арқылы атасынан жеткен риуаятта атасы былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) ﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ﴾ «Сендер күллі адамзаттың игілігі үшін жарыққа шығарылған ең қайырлы үмбетсіңдер»1 деген аят жайында “Сендер үмбеттердің санын жетпіске толтырасыңдар. Сендер – солардың ең қайырлысы әрі Алла алдында ең қадірлісіңдер” дегенін естідім».2

Түсіндірме

«Үмбет» сөзі аяттар мен хадистерде бірнеше мағынада қолданылады.

1. Өзіне тән діні бар жеке адам. ﴿إِنَّ إِبْرَاهِيمَ كَانَ أُمَّةً قَانِتًا لِلَّهِ حَنِيفًا وَلَمْ يَكُ مِنَ الْمُشْرِكِينَ﴾ «Шүбәсіз, Ибраһим жалған діндердің бәрінен теріс бұрылып, бір Аллаға ғана сиынған һәм Аллаға жан-тәнімен берілген бір өзі бір үмбет болған еді. Ол әсте мүшрік болған емес.»3 деген аятта осы мағына көзделген. Алла елшісінің (с.а.с.) «Құсс ибн Сағида қиямет күні өз алдына бір үмбет болып тіріледі» деген сөзі де осы мағынада айтылған.

2. Адамдардың не жануарлардың бір тобы. «Иттер Алланы пәктейтін бір үмбет болмағанда, оларды өлтіруді бұйырар едім» деген хадисте сөз осы мағынада қолданылған.

3. Өзара келісімге келген, одақтасқан қауым. «Бәну Ауф яһудилері – мүміндермен бір үмбет» деген сөз осылай түсіндіріледі. Мәміле оларды мүміндермен бір қауымдай жақындастырып, сөзі мен ісін бір арнаға тоғыстырған.

4. Ұлыс, халық. Алла елшісі (с.а.с.) өз дәуіріндегі арабтарды меңзеп: «Біз үмми халықпыз. Жаза да, есептей де білмейміз», – деген.

Кей тәпсіршілер аяттағы «ең қайырлы үмбет» деп Алла елшісімен бірге Мәдинаға һижрет еткен мұһажирлер айтылғанын жеткізген. Көпшілік ғалым бұл сөзді барлық дәуір мен өңірдегі Мұхаммед үмбетіне қатысты деп түсінеді. Бұл мағынасында «үмбет» сөзі тілі, түр-түсі мен ұлты әртүрлі болса да, бір сенімге ұйысқан жамағатты білдіреді. Қазір сөз көбіне осы мағынада қолданылады.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 110-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3001, Ибраһим Жанан басылымында №3004). Ибн Мәжа, «Зуһд», 34 (№4288).
  3. 3«Нахл» сүресі, 120-аят.
523
Кутуб ситтә, № 523 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿كُونُوا رَبَّانِيِّينَ﴾، قَالَ: «حُكَمَاءَ فُقَهَاءَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ﴿كُونُوا رَبَّانِيِّينَ﴾ «раббани болыңдар»1 деген аятты «Дана әрі дінді терең білетін адамдар болыңдар» деп түсіндірген.2

Түсіндірме

Бұхариден алынған бұл риуаят ықшамдалып берілген. Одан кейін «Раббани – ілімнің күрделі мәселелерінен бұрын оның қарапайым негіздерін үйрететін адам» деген түсіндірме келеді.

Бұл түсіндірмені Бұхари қосқан болуы ықтимал. «Ілімнің кішісі» дегені – түсінікті әрі жеңіл мәселелер, «ілімнің үлкені» дегені – ұғынуға қиын, терең мәселелер. Оқытуда әуелі оңай әрі анық тақырыптардан бастап, содан кейін күрделісіне көшу – педагогиканың байырғы қағидаларының бірі. Әл-Әсмағи мен әл-Исмағили «раббани» сөзін «Рабб» атауынан таратып, ілім мен амалда Раббысының бұйырғанын көздейтін адам деп түсіндіреді. Кейбір шарх авторлары ілімді дамытып, сақтайтын ғұламаларды «раббаниун» деген. Олар сөздің тәрбиелеу, өсіру, дамыту мағыналарына сүйенген. Сөздегі әлиф пен нун мағынаны күшейтеді. Сөйтіп ғалымдар бұл сөздің «Рабб» атауына қатысы бар ма, әлде тәрбиелеу мағынасынан тарай ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Екінші түсінікте ілімді өсіріп, дамыту көзделсе, Бұхари келтірген түсіндірмеде ілімді игерудің реті айтылады.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 79-аят.
  2. 2Бұхари, «Ілім», 10-тараудың тақырыбы.
524
Кутуб ситтә, № 524 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فِينَا نَزَلَتْ: ﴿إِذْ هَمَّتْ طَائِفَتَانِ مِنْكُمْ أَنْ تَفْشَلَا وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾. قَالَ: نَحْنُ الطَّائِفَتَانِ: بَنُو حَارِثَةَ وَبَنُو سَلِمَةَ، وَمَا يَسُرُّنِي أَنَّهَا لَمْ تَنْزِلْ، لِقَوْلِ اللَّهِ تَعَالَى: ﴿وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «﴿إِذْ هَمَّتْ طَائِفَتَانِ مِنْكُمْ أَنْ تَفْشَلَا وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا ۗ وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ﴾ “Міне, сол кезде араларыңнан екі бірдей жасақ жігерсіздік танытып, кері шегінуге бел буған еді. Алайда олардың қорғаны һәм медеткері Алла еді. Мүміндер ұдайы бір Аллаға тәуәкел етсін”1 деген аят бізге қатысты түсті. Ондағы екі жасақ – Бәну Хариса мен Бәну Сәлима. Аятта ﴿وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾ “Алайда олардың қорғаны һәм медеткері Алла еді” делінген соң, осы аят біз туралы түспей қалса, қуанбас едім».2

Түсіндірме

Бұл аят Ухуд шайқасына қатысты. Мұсылмандар шайқасқа әзірленді. Алла елшісі (с.а.с.) дұшпанды қала ішінде қарсы алуды жөн көрген еді. Бәдір шайқасына қатыса алмаған жас жігіттер жауды қала сыртында қарсы алуды табандап сұраған соң, олардың пікірін ескеріп, Ухудқа бет алды.

Мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Үбәй шайқас басталмай тұрып: «Мұхаммед жастардың сөзін тыңдап, бізге құлақ аспады», – деген сылтаумен өз адамдарын ертіп, әскерден бөлінді. Аят мұнафықтар Мәдинаға қайтқан сәттегі ансарлардың күйін баяндайды. Әскердің екі қанатында Хазраждан шыққан Сәлима әулеті мен Әустан шыққан Хариса әулеті тұрды. Мұнафықтар осы екі топты да өздеріне ертіп әкеткісі келді. Олар бір сәт кері қайтуға бейім болғанымен, Алланың жәрдемімен Алла елшісін (с.а.с.) тастап кеткен жоқ. Жәбирдің сөздері аяттағы осы оқиғаның мән-жайын ашып береді.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 122-аят.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 18, «Тәпсір», «Әли Имран», 8 (№4558). Мүслим, «Фадаил әс-сахаба», 171 (№2505).
525
Кутуб ситтә, № 525 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَدْعُو عَلَى صَفْوَانَ بْنِ أُمَيَّةَ، وَسُهَيْلِ بْنِ عَمْرٍو، وَالْحَارِثِ بْنِ هِشَامٍ، فَنَزَلَتْ: ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ﴾». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Сафуан ибн Үмәйяға, Суһәйл ибн Амрға және Харис ибн Һишамға қарсы дұға етті. Сонда мына аят түсті. ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ﴾ “Әсілі, сенің бұл іске еш қатысың да, ықпалың да жоқ. Алла қаласа, оларды тәубеге келтіріп, күнәларын кешіреді, қаласа, оларды залымдар ретінде азаптайды.”1».2

Түсіндірме

Бұл аят Алла елшісінің (с.а.с.) Ухуд шайқасында кейбір мүшріктерге қарсы жасаған дұғасына байланысты түсті. Сира еңбектерінде сол күнгі ауыр жағдай егжей-тегжейлі баяндалады. Алла елшісінің жүзі жараланып, бір тісі сынып, иығына жебе тиген. Ол жүзінен аққан қанды сүртіп жүріп, дұшпанға жебе атқан. Риуаяттарда оның осындай қиын сәтте Әбу Суфиян, Сафуан ибн Үмәйя, Суһәйл ибн Амр және Харис ибн Һишамның атын атап, Алладан оларға лағынет тілегені айтылады. Осыдан кейін түскен аят Алла елшісіне (с.а.с.) ескерту жасап, мұндай дұғаға тыйым салды.

Сол күні Исламға қарсы тұрған Құрайыш басшылары кейін Мекке азат етілген тұста мұсылман болып, дінге шын ықыласымен қызмет етті.

Әбу Суфиян – Мұғауияның әкесі. Ухуд пен Хандақ шайқастарында Құрайышты басқарды. Мекке азат етілген тұста мұсылман болып, Хунайн мен Тайыф жорықтарына қатысты.

Харис ибн Һишам – Әбу Жәһилдің бауыры. Бәдір мен Ухудта мүшріктердің сапында болды. Бәдірде майданнан шегініп, аман қалды. Мекке азат етілгенде Исламды қабылдап, ықыласты сахабалардың қатарынан орын алды. Кейін Шамға жорыққа аттанып, сол жақта қалды. Түсіндірмеде оның һижраның 18-жылында Амуас обасы кезінде қайтыс болғаны айтылады.

Сафуан ибн Үмәйя Мекке азат етілген күні қашып кеткенімен, кейін Алла елшісіне (с.а.с.) қосылды. Исламды әлі қабылдамаған күйінде мұсылмандармен бірге Хунайн мен Тайыф жорықтарына қатысты. Ол көңілі жібітілуі көзделген «муәлләфатул-қулуб» қатарында еді. Алла елшісінің (с.а.с.) жомарттығын көріп, мұсылман болды. Ярмұқ жорығына мұсылман болып қатысты. Саид Нұрси мұсылмандардың Ухудтың соңында және Хунайнның басында жеңіліс табуының хикметін былай түсіндірген: «Ол кезде мүшріктердің арасында кейін Халид секілді көрнекті сахабалармен қатар тұратын талай адам бар еді. Алланың хикметі олардың абыройын біржола түсірмей, келешекте жасайтын ізгі істерінің қарымтасын сол кезде-ақ нәсіп етті. Бұрын мұсылман болған сахабалардың кейін сахаба болатындардан жеңіліс табуында осындай мән бар. Кейінгі сахабалар Исламды қылыштың жүзінен сескенгеннен емес, ақиқаттың нұрына құштар болып қабылдасын, айбынды болмысы қорланбасын деген хикмет көзделді».

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 128-аят.
  2. 2Бұхари, «Мағази», 21 (№4070), «Тәпсір», «Әли Имран», 9 (№4559). Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3004–3005, Ибраһим Жанан басылымында №3007–3008). Нәсәи, «Салат», 121 (№1078, 2-т., 203-б.).
526
Кутуб ситтә, № 526 · тараудағы реті: 15

وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ أَنَّهُ ﷺ قَالَ يَوْمَ أُحُدٍ: «اللَّهُمَّ الْعَنْ أَبَا سُفْيَانَ، اللَّهُمَّ الْعَنِ الْحَارِثَ بْنَ هِشَامٍ، اللَّهُمَّ الْعَنْ صَفْوَانَ بْنَ أُمَيَّةَ». فَنَزَلَتْ: ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ﴾، فَتَابَ عَلَيْهِمْ فَأَسْلَمُوا وَحَسُنَ إِسْلَامُهُمْ.

Қазақша аудармасы

Тирмизи жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Ухуд күні: «Уа, Алла! Әбу Суфиянға, Харис ибн Һишамға және Сафуан ибн Үмәйяға лағынет ет!» – деген. Сонда мына аят түсті. ﴿لَيْسَ لَكَ مِنَ الْأَمْرِ شَيْءٌ أَوْ يَتُوبَ عَلَيْهِمْ أَوْ يُعَذِّبَهُمْ فَإِنَّهُمْ ظَالِمُونَ﴾ «Әсілі, сенің бұл іске еш қатысың да, ықпалың да жоқ. Алла қаласа, оларды тәубеге келтіріп, күнәларын кешіреді, қаласа, оларды залымдар ретінде азаптайды.»1 Кейін Алла олардың тәубесін қабыл етті. Олар Исламды қабылдап, оны берік ұстанды.2

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 128-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3004, Ибраһим Жанан басылымында №3007).
527
Кутуб ситтә, № 527 · тараудағы реті: 16

وَعِنْدَ النَّسَائِيِّ: «أَنَّهُ سَمِعَهُ حِينَ رَفَعَ رَأْسَهُ مِنْ صَلَاةِ الصُّبْحِ مِنَ الرَّكْعَةِ الْآخِرَةِ وَقَالَ: اللَّهُمَّ الْعَنْ»، وَذَكَرَهُ نَحْوَهُ.

Қазақша аудармасы

Нәсәидің риуаятында Ибн Омар (р.анһума) Алла елшісінің (с.а.с.) таң намазының соңғы рәкатында рукуғтан басын көтергенде «Уа, Алла, лағынет ет!» дегенін естіген. Риуаяттың жалғасы жоғарыдағы хадиске ұқсас.1

  1. 1Нәсәи, «Салат», 121 (№1078, 2-т., 203-б.).
528
Кутуб ситтә, № 528 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «نَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: ﴿وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَنْ يَغُلَّ﴾، فِي قَطِيفَةٍ حَمْرَاءَ فُقِدَتْ يَوْمَ بَدْرٍ، فَقَالَ بَعْضُ الْقَوْمِ: لَعَلَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ أَخَذَهَا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى هَذِهِ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «﴿وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ أَنْ يَغُلَّ﴾ «Ешбір пайғамбар олжаға қол сұғып, аманатқа қиянат жасамайды»1 деген аят Бәдір шайқасы күні жоғалған қызыл барқыт матаға байланысты түсті. Жұрттың кейбірі “Бәлкім, Алла елшісі алған шығар” дегенде, Алла осы аятты түсірді».2

Түсіндірме

Бәдір олжаларының арасынан қызыл барқыт мата жоғалғанда, мұнафықтар «Оны Алла елшісі алды» деген қауесет таратқан. Ғалымдардың түсіндіруінше, осы аят Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қиянат атаулыдан пәк екенін білдіреді.

1. Олжаны бөліп, тиісті орнына жұмсағанда қиянат жасамайды.

2. Тұтқындардың бір бөлігін үлестіріп, қалғанын өзіне алып қалмайды.

3. Алла түсірген аяттарды түгел жеткізеді, ешбірін жасырмайды. Кәлби мен Мұқатил аяттың түсу себебін басқаша түсіндірген. Олардың айтуынша, аят Ухуд шайқасына байланысты түскен. Кейбіреулер «Алла елшісі “Кім олжадан бір нәрсе алса, сол зат соныкі болсын” деп, Бәдірде істегеніндей олжаны бөліп бермей қояр ма екен?» деп қауіптенеді. Сөйтіп шепті тастап, олжа жинауға ұмтылады. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: «Менен бұйрық келмейінше, орындарыңнан қозғалмаңдар демеп пе едім?» – дейді. Олар «Бәріміз кеткен жоқпыз, арамызда қалып қойғандар бар» деп жауап береді. Сонда Алла елшісі: «Сендер олжаны өзіме алып қалып, бөліп бермейді деп ойладыңдар», – дейді. Осы оқиғадан кейін аталған аят түскен.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 161-аят.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Хуруф уәл-қирағат», 1 (№3971). Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3009, Ибраһим Жанан басылымында №3012).
529
Кутуб ситтә, № 529 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ لِأَصْحَابِهِ: «إِنَّهُ لَمَّا أُصِيبَ إِخْوَانُكُمْ بِأُحُدٍ جَعَلَ اللَّهُ تَعَالَى أَرْوَاحَهُمْ فِي جَوْفِ طَيْرٍ خُضْرٍ، تَرِدُ أَنْهَارَ الْجَنَّةِ، تَأْكُلُ مِنْ ثِمَارِهَا، وَتَأْوِي إِلَى قَنَادِيلَ مِنْ ذَهَبٍ مُعَلَّقَةٍ فِي ظِلِّ الْعَرْشِ. فَلَمَّا وَجَدُوا طِيبَ مَأْكَلِهِمْ وَمَشْرَبِهِمْ وَمَقِيلِهِمْ، قَالُوا: مَنْ يُبَلِّغُ إِخْوَانَنَا عَنَّا أَنَّنَا أَحْيَاءُ فِي الْجَنَّةِ نُرْزَقُ؟ لِئَلَّا يَزْهَدُوا فِي الْجَنَّةِ وَلَا يَنْكُلُوا عِنْدَ الْحَرْبِ. فَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: أَنَا أُبَلِّغُهُمْ عَنْكُمْ. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿وَلَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ قُتِلُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ أَمْوَاتًا بَلْ أَحْيَاءٌ عِنْدَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ﴾ إِلَى آخِرِ الْآيَاتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларына: “Ухудта бауырларың шейіт болғанда, Алла олардың рухтарын жасыл құстардың ішіне орналастырды. Құстар жәннат өзендеріне барып, жемістерінен жейді де, Арштың көлеңкесінде ілулі тұрған алтын шырағдандарға оралып, тынығады. Шейіттер ішіп-жеп, тынығудың рақатын көрген соң: ‘Бауырларымызға жәннатта тірі екенімізді, ризыққа бөленіп жатқанымызды кім жеткізер екен? Мұны білсе, олар жәннатқа құлшынып, шайқаста жасымас еді’, – деді. Сонда Алла Тағала: ‘Хабарларыңды оларға Өзім жеткіземін’, – деп, мына аяттарды түсірді. ﴿وَلَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ قُتِلُوا فِي سَبِيلِ اللَّهِ أَمْوَاتًا ۚ بَلْ أَحْيَاءٌ عِنْدَ رَبِّهِمْ يُرْزَقُونَ ۞ فَرِحِينَ بِمَا آتَاهُمُ اللَّهُ مِنْ فَضْلِهِ وَيَسْتَبْشِرُونَ بِالَّذِينَ لَمْ يَلْحَقُوا بِهِمْ مِنْ خَلْفِهِمْ أَلَّا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ﴾ ‘Алла жолында өлтіріліп, шейіт болғандарды өлі деп ойлама! Жоқ, олар тірі, әрі Раббыларының дәргейінде ризық-несібеге бөленуде. Олар Алланың шексіз шарапатымен берген нығметтеріне шат-шадыман болып қуануда әрі өздерімен әлі қауышпағандарды олар үшін де ешқандай қорқыныш жоқ екенін һәм әсте жабықпайтындықтарын айтып сүйіншілеуді қалайды.’1”».2

Түсіндірме

Бұл хадис шейіттердің тірі екенін білдіретін аяттардың түсу себебін баяндайды әрі мағынасын аша түседі. Сырттай қарағанда, шейіт болған адам да, өз ажалымен өлген кісі де өлім дәмін татады. Мүмін мен имансыздың, ізгі жан мен шектен шыққан адамның қабірдегі күйі әртүрлі боларын түсінуге болады. Ал шейіттердің өзгеше барзах өміріне бөленуін және олардың тірі саналуының мәнін ұғыну оңай емес.

Саид Нұрси өмірді бес сатыға бөліп, шейіттердің өмірін төртінші сатыға жатқызады. Оның түсіндіруінше, шейіттер ақиқат жолында дүние өмірін құрбан еткен соң, Алла оларды барзахта дүние тірлігіне ұқсас, бірақ оның қайғысы мен машақатынан ада өмірге бөлейді. Олар өздерінің өлгенін білмей, бұрынғыдан жақсы әлемге өткенін ғана сезеді. Сонда шаттыққа кенеліп, өліммен келген айырылыстың ащы дәмін татпайды. Қабірдегілердің рухы бақи болғанымен, олар өздерінің өлгенін біледі. Барзахта көретін рақаты шейіттердің рақатындай болмайды. Мұны бір түсте жәннаттай сарайға кірген екі адамның күйіне ұқсатуға болады. Бірі түс көріп жатқанын біліп, «Оянғанда осы рақаттан айырыламын» деп ойлайды. Екіншісі түс көріп жатқанын білмеген соң, шынайы шаттыққа бөленеді. Шейіттер мен өзге марқұмдардың барзахтағы күйінің айырмасы осындай. Ғалым осыны қуаттайтын оқиғалар мен риуаяттарды, соның ішінде шейіттердің төресі Хамзаның (р.а.) өзінен пана тілегендерді қорғап, кейбір дүние істеріне жәрдемдескені жөніндегі хабарларды мысал етеді. Содан соң өзі көрген түсті баяндайды: «Ұбайд есімді жиенім әрі шәкіртім бар еді. Ол қасымда жүріп, менің орныма шейіт болды. Кейін одан үш айлық жол қашықта тұтқында жатқанымда, қайда жерленгенін білмесем де, аян түсте жер астындағы баспанаға ұқсаған қабіріне кірдім. Оны шейіттерге тән өмірде көрдім. Ол мені өлді деп біліп, мен үшін көп жылағанын айтты. Ал өзін тірі санайды. Орыстардың бәлесінен қауіптеніп, жер астынан өзіне жайлы мекен жасап алған екен. Осы шағын түс өзге де нышандармен бірге әлгі ақиқатқа көзбен көргендей илануыма себеп болды».

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 169–170-аяттар.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Жиһад», 27 (№2520).
530
Кутуб ситтә, № 530 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُوا لَكُمْ﴾ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿وَقَالُوا حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ﴾، قَالَهَا إِبْرَاهِيمُ عَلَيْهِ الصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ حِينَ أُلْقِيَ فِي النَّارِ، وَقَالَهَا مُحَمَّدٌ ﷺ حِينَ قَالَ لَهُمُ النَّاسُ: ﴿إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُوا لَكُمْ﴾. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) ﴿الَّذِينَ قَالَ لَهُمُ النَّاسُ إِنَّ النَّاسَ قَدْ جَمَعُوا لَكُمْ فَاخْشَوْهُمْ فَزَادَهُمْ إِيمَانًا وَقَالُوا حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ﴾ «Ел-жұрт оларға: “Дұшпандарың сендерге қарсы қол жинады, ендеше, олардан қорқыңдар”, – дегенде, бұл хабар олардың иманын одан сайын арттыра түсті. Сонда олар: “Бізге бір Алла жетеді. Ол қандай керемет қамқоршы!” – деп жауап берді»1 деген аятты былай түсіндірген: «Ибраһим пайғамбар бұл сөзді отқа тасталғанда айтты. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) да өздеріне қарсы қол жиналғанын естігенде осы сөзді айтты».2

Түсіндірме

Риуаятқа қарағанда, бұл сөзді алғаш Ибраһим пайғамбар айтқан. Отқа тасталарда оның аузынан шыққан жалғыз сөз осы болғаны да айтылады. Ибн Исхақтың баяндауынша, Ухудтан кеткен Әбу Суфиян Құрайыш қолымен кері бұрылуға ниеттенген. Жолда кездескен Мағбад әл-Хузағи оған Алла елшісінің (с.а.с.) қалың қол жинап келе жатқанын, Ухудқа шықпай қалғандардың өкініп, оның төңірегіне жиналғанын хабарлаған. Әбу Суфиян мұсылмандардың жігерін құм қылмақ болып, өз әскерімен келе жатқанын Алла елшісіне (с.а.с.) бір кісіден айтқызып жібереді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) ﴿حَسْبُنَا اللَّهُ وَنِعْمَ الْوَكِيلُ﴾ «Бізге бір Алла жетеді. Ол қандай керемет қамқоршы!» деп жауап берген. Оқиғаның қай жерде, қай кезде болғаны жайында әртүрлі риуаят бар. Бәрінде де Әбу Суфиян мұсылмандарды қорқытпақ болғанда, Алла елшісінің (с.а.с.) осы сөзді айтқаны баяндалады.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 173-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 13 (№4563–4564).
531
Кутуб ситтә, № 531 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رِجَالًا مِنَ الْمُنَافِقِينَ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ كَانُوا إِذَا خَرَجَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى الْغَزْوِ تَخَلَّفُوا عَنْهُ، وَفَرِحُوا بِمَقْعَدِهِمْ خِلَافَ رَسُولِ اللَّهِ. فَإِذَا قَدِمَ اعْتَذَرُوا إِلَيْهِ وَحَلَفُوا لَهُ، وَأَحَبُّوا أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا، فَنَزَلَتِ الْآيَةُ: ﴿لَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا وَيُحِبُّونَ أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا﴾ الْآيَةَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жорыққа шыққанда, бір топ мұнафық онымен бірге бармай қалып, соған мәз болатын. Алла елшісі (с.а.с.) оралғанда, оған келіп, ант ішіп, сылтау айтатын. Өздері істемеген істері үшін де мақтау естігісі келетін. Олардың осы қылығына байланысты ﴿لَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا وَيُحِبُّونَ أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِنَ الْعَذَابِ ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ “Істеген жағымсыз істеріне мәз болғандарды һәм қолдарының ұшы тимеген істерді иемденіп, өздері атқарғандай мақтау естігенді қалайтындарды азаптан құтылады деп ойлама. Олар үшін жан төзгісіз азап бар”1 деген аят түсті».2

Түсіндірме

Бұл риуаятта аят жорықтан қалып, сылтау айтқан мұнафықтар жайында түскені баяндалады. Өзге риуаяттар оны «Бізге Кітап түскен, біз – ғибадат иелеріміз» дей тұра, Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын мойындамаған яһудилерге қатысты деп түсіндіреді. Құртуби мен бірқатар ғалым аят екі топты да қамтитынын айтып, риуаяттардың мәнін осылай сабақтастырған. Аяттың сөзі жалпы айтылғандықтан, істеген ісіне дандайсып, істемегені үшін де мақтау күтетін кез келген кісіге қатысты.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 188-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 16 (№4567). Мүслим, «Сифат әл-мунафиқин», 7 (№2777).
532
Кутуб ситтә, № 532 · тараудағы реті: 21

وَعَنْ حُمَيْدِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَوْفٍ، أَنَّ مَرْوَانَ قَالَ لِبَوَّابِهِ: «اذْهَبْ يَا رَافِعُ إِلَى ابْنِ عَبَّاسٍ، فَقُلْ: لَئِنْ كَانَ كُلُّ امْرِئٍ مِنَّا فَرِحَ بِمَا أَتَى وَأَحَبَّ أَنْ يُحْمَدَ بِمَا لَمْ يَفْعَلْ مُعَذَّبًا، لَنُعَذَّبَنَّ أَجْمَعُونَ». فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: «مَا لَكُمْ وَلِهَذِهِ الْآيَةِ؟ إِنَّمَا أُنْزِلَتْ فِي أَهْلِ الْكِتَابِ». ثُمَّ تَلَا: ﴿وَإِذْ أَخَذَ اللَّهُ مِيثَاقَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ لَتُبَيِّنُنَّهُ لِلنَّاسِ وَلَا تَكْتُمُونَهُ﴾، وَتَلَا: ﴿لَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا﴾ الْآيَةَ. وَقَالَ: «سَأَلَهُمُ النَّبِيُّ ﷺ عَنْ شَيْءٍ فَكَتَمُوهُ إِيَّاهُ، وَأَخْبَرُوهُ بِغَيْرِهِ، فَأَرَوْهُ أَنْ قَدِ اسْتُحْمِدُوا إِلَيْهِ بِمَا أَخْبَرُوهُ عَنْهُ فِيمَا سَأَلَهُمْ، وَفَرِحُوا بِمَا أَتَوْا مِنْ كِتْمَانِهِمْ إِيَّاهُ مَا سَأَلَهُمْ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хумайд ибн Абдуррахман ибн Ауф былай дейді: «Мәруан есік күзетшісіне: “Рафиғ, Ибн Аббасқа барып мынаны айт. Егер әрқайсымыз істеген ісіне мәз болып, істемегеніне мақтау естігісі келгені үшін азапталса, онда бәріміз азапталамыз”, – деді. Мұны естіген Ибн Аббас: “Бұл аяттың сендерге не қатысы бар? Ол Кітап иелері туралы түскен”, – деді». Содан кейін мына екі аятты оқыды. ﴿وَإِذْ أَخَذَ اللَّهُ مِيثَاقَ الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ لَتُبَيِّنُنَّهُ لِلنَّاسِ وَلَا تَكْتُمُونَهُ فَنَبَذُوهُ وَرَاءَ ظُهُورِهِمْ وَاشْتَرَوْا بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا ۖ فَبِئْسَ مَا يَشْتَرُونَ﴾ «Кезінде Алла Кітап иелерінен: “Кітаптағы ақиқаттарды ел-жұртқа ашық айтып жеткізетін боласыңдар һәм ондағы ақиқаттарды жасырмайсыңдар”, – деп уәде алған еді. Алайда олар ол уәдені қаперлеріне ілмей, бұзып, оны болмашы бағаға сатып жіберді. Расында, олардың бұл саудасы қандай жаман әрі зиянды еді!» ﴿لَا تَحْسَبَنَّ الَّذِينَ يَفْرَحُونَ بِمَا أَتَوْا وَيُحِبُّونَ أَنْ يُحْمَدُوا بِمَا لَمْ يَفْعَلُوا فَلَا تَحْسَبَنَّهُمْ بِمَفَازَةٍ مِنَ الْعَذَابِ ۖ وَلَهُمْ عَذَابٌ أَلِيمٌ﴾ «Істеген жағымсыз істеріне мәз болғандарды һәм қолдарының ұшы тимеген істерді иемденіп, өздері атқарғандай мақтау естігенді қалайтындарды азаптан құтылады деп ойлама. Олар үшін жан төзгісіз азап бар.»1 Ибн Аббас сөзін былай жалғады: «Алла елшісі (с.а.с.) олардан бір мәселе жайын сұрады. Олар оның сұрағанын жасырып, басқа жауап берді. Сол жауабы үшін мақтау естігісі келіп, сұралған мәселені жасырып қалғандарына қуанды».2

Түсіндірме

Алла елшісінің (с.а.с.) яһудилерден не сұрағаны риуаяттарда ашық айтылмаған. Пайғамбардың өз сипаттары олардың Кітабында бар-жоғын сұрағаны, ал олардың тура жауаптан жалтарғаны айтылады. Осы аятты тәпсірлегенде Ибн Аббас: «Алла Тағала Тауратта “Ислам – Алланың құлдарына парыз еткен діні, Мұхаммед – Алланың елшісі” деп айтқан», – деген. Бұл түсіндірмеден оның сұрақтың мазмұны жайында пікірі болғанын аңғарамыз. Ибн Хажардың түсіндіруінше, «істегеніне мәз болу» – олардың Тауратта айтылған Пайғамбар сипаттарын жасырғанына қуануы. Ал «істемегені үшін мақтау күту» – олардың «Біз Ибраһим пайғамбардың дінін ұстанамыз» деуі.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 187–188-аяттар.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 16 (№4568). Мүслим, «Сифат әл-мунафиқин», 8 (№2778). Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3014, Ибраһим Жанан басылымында №3018).
533
Кутуб ситтә, № 533 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مَا مِنْ بَرٍّ وَلَا فَاجِرٍ إِلَّا وَالْمَوْتُ خَيْرٌ لَهُ». ثُمَّ تَلَا: ﴿إِنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ لِيَزْدَادُوا إِثْمًا﴾، وَتَلَا: ﴿وَمَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ لِلْأَبْرَارِ﴾. أَخْرَجَهُ رَزِينٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума): «Ізгі адам болсын, күнәһар болсын, өлім әрқайсысы үшін қайырлы», – деді де, ﴿وَلَا يَحْسَبَنَّ الَّذِينَ كَفَرُوا أَنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ خَيْرٌ لِأَنْفُسِهِمْ ۚ إِنَّمَا نُمْلِي لَهُمْ لِيَزْدَادُوا إِثْمًا ۚ وَلَهُمْ عَذَابٌ مُهِينٌ﴾ «Күпірлік қылғандарға мұрсат берген болсақ, олар оны өздері үшін қайырлы екен деп ойламасын. Расында, Біз оларға одан сайын күнәға бата түссін деп, мұрсат берудеміз. Олар үшін қор қылатын азап бар»1 деген аятты оқыды. Содан кейін ﴿لَٰكِنِ الَّذِينَ اتَّقَوْا رَبَّهُمْ لَهُمْ جَنَّاتٌ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ خَالِدِينَ فِيهَا نُزُلًا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ ۗ وَمَا عِنْدَ اللَّهِ خَيْرٌ لِلْأَبْرَارِ﴾ «Алайда Раббыларына қарсы келмей, тақуалық шеңберінде өмір сүргендер үшін түбінен өзендер ағып жататын жәннат бақшалары бар. Олар онда мәңгі-бақи қалып, Алладан ерекше сый-құрмет көреді. Алланың дәргейіндегі бар игілік – ізгі де кемел мүміндер үшін әлдеқайда қайырлы»2 деген аятты оқыды.3

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 178-аят.
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 198-аят.
  3. 3Рәзин риуаятты дереккөзін атамай келтірген. Хаким, «әл-Мустадрак», 2-т., 298-б.
534
Кутуб ситтә, № 534 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Үммі Сәләма

وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَا أَسْمَعُ اللَّهَ تَعَالَى ذَكَرَ النِّسَاءَ فِي الْهِجْرَةِ بِشَيْءٍ». فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: ﴿أَنِّي لَا أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِنْكُمْ مِنْ ذَكَرٍ أَوْ أُنْثَى بَعْضُكُمْ مِنْ بَعْضٍ﴾ إِلَى قَوْلِهِ: ﴿وَاللَّهُ عِنْدَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ﴾. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Үммі Сәләма (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, Алла Тағаланың һижрет жайында әйелдерді атағанын естімедім», – дедім. Сонда мына аят түсті. ﴿فَاسْتَجَابَ لَهُمْ رَبُّهُمْ أَنِّي لَا أُضِيعُ عَمَلَ عَامِلٍ مِنْكُمْ مِنْ ذَكَرٍ أَوْ أُنْثَىٰ ۖ بَعْضُكُمْ مِنْ بَعْضٍ ۖ فَالَّذِينَ هَاجَرُوا وَأُخْرِجُوا مِنْ دِيَارِهِمْ وَأُوذُوا فِي سَبِيلِي وَقَاتَلُوا وَقُتِلُوا لَأُكَفِّرَنَّ عَنْهُمْ سَيِّئَاتِهِمْ وَلَأُدْخِلَنَّهُمْ جَنَّاتٍ تَجْرِي مِنْ تَحْتِهَا الْأَنْهَارُ ثَوَابًا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ ۗ وَاللَّهُ عِنْدَهُ حُسْنُ الثَّوَابِ﴾ «Раббылары олардың дұғасына былай жауап берді: “Шүбәсіз, Мен мейлі ер, мейлі әйел болсын, араларыңнан үнемі игі істер атқаратындардың еңбегін зая етпеймін. Өйткені сендер бір бүтінсіңдер. Менің жолымда һижрет еткен әрі атамекенінен қуылған, Менің жолымда сан түрлі зәбір-жапаға төзе білген һәм қасық қаны қалғанша соғысқан және өлтірілген әрбір жанның кінә-қателіктерін жасырамын, һәм шүбәсіз, оларды түбінен өзендер ағып жататын жәннат бақшаларына кіргіземін. Бұл – Алла тарапынан берілетін ерекше сый-сияпат”. Әлбетте, ең керемет сый-сияпат Алланың дәргейінде.»1 2

Түсіндірме

Бұл риуаятты аталған жинақтардың арасынан Тирмизи ғана жеткізген. Үммі Сәләманың сауалынан әйелдердің һижреттегі еңбегі де аталсын деген ынта байқалады. Алла елшісі (с.а.с.) сауалды теріске шығарған жоқ. Сауалға аят арқылы жауап берілді. Аятта ер мен әйелдің әрқайсысы амалына сай бірдей қарымта алатыны баян етіледі. «Сендер бір бүтінсіңдер» деген сөзді ғалымдар бірнеше мағынада түсіндірген. Ер мен әйелдің тегі бір, екеуі де Адам ата мен Хауа анадан тарайды. Дін ұстану, бір-біріне жәрдемдесу мен өзара жақындық тұрғысынан да тең. Сондай-ақ мойынсұнғаны үшін берілетін сауап пен қарсы келгені үшін берілетін жаза екі тарапқа да бірдей. Кей ғалымдар мұны ер мен әйелдің ғибадат атқару тәсілі ортақ деген мағынада түсіндірген.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 195-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ниса» (№3023, Ибраһим Жанан басылымында №3026).