وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «فِينَا نَزَلَتْ: ﴿إِذْ هَمَّتْ طَائِفَتَانِ مِنْكُمْ أَنْ تَفْشَلَا وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾. قَالَ: نَحْنُ الطَّائِفَتَانِ: بَنُو حَارِثَةَ وَبَنُو سَلِمَةَ، وَمَا يَسُرُّنِي أَنَّهَا لَمْ تَنْزِلْ، لِقَوْلِ اللَّهِ تَعَالَى: ﴿وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «﴿إِذْ هَمَّتْ طَائِفَتَانِ مِنْكُمْ أَنْ تَفْشَلَا وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا ۗ وَعَلَى اللَّهِ فَلْيَتَوَكَّلِ الْمُؤْمِنُونَ﴾ “Міне, сол кезде араларыңнан екі бірдей жасақ жігерсіздік танытып, кері шегінуге бел буған еді. Алайда олардың қорғаны һәм медеткері Алла еді. Мүміндер ұдайы бір Аллаға тәуәкел етсін”1 деген аят бізге қатысты түсті. Ондағы екі жасақ – Бәну Хариса мен Бәну Сәлима. Аятта ﴿وَاللَّهُ وَلِيُّهُمَا﴾ “Алайда олардың қорғаны һәм медеткері Алла еді” делінген соң, осы аят біз туралы түспей қалса, қуанбас едім».2
Түсіндірме
Бұл аят Ухуд шайқасына қатысты. Мұсылмандар шайқасқа әзірленді. Алла елшісі (с.а.с.) дұшпанды қала ішінде қарсы алуды жөн көрген еді. Бәдір шайқасына қатыса алмаған жас жігіттер жауды қала сыртында қарсы алуды табандап сұраған соң, олардың пікірін ескеріп, Ухудқа бет алды.
Мұнафықтардың басшысы Абдулла ибн Үбәй шайқас басталмай тұрып: «Мұхаммед жастардың сөзін тыңдап, бізге құлақ аспады», – деген сылтаумен өз адамдарын ертіп, әскерден бөлінді. Аят мұнафықтар Мәдинаға қайтқан сәттегі ансарлардың күйін баяндайды. Әскердің екі қанатында Хазраждан шыққан Сәлима әулеті мен Әустан шыққан Хариса әулеті тұрды. Мұнафықтар осы екі топты да өздеріне ертіп әкеткісі келді. Олар бір сәт кері қайтуға бейім болғанымен, Алланың жәрдемімен Алла елшісін (с.а.с.) тастап кеткен жоқ. Жәбирдің сөздері аяттағы осы оқиғаның мән-жайын ашып береді.