Хадис

Кутуб ситтә, № 512

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
55. «Әли Имран» сүресі
Нөмірі
№ 512 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
512
Кутуб ситтә, № 512 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Айша

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: تَلَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿هُوَ الَّذِي أَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ ۖ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ ۗ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّنَا ۗ وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّا أُولُو الْأَلْبَابِ﴾، قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «فَإِذَا رَأَيْتِ الَّذِينَ يَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ فَأُولَئِكَ الَّذِينَ سَمَّى اللَّهُ فَاحْذَرُوهُمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Айшаның (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына аятты оқыған: ﴿هُوَ الَّذِي أَنْزَلَ عَلَيْكَ الْكِتَابَ مِنْهُ آيَاتٌ مُحْكَمَاتٌ هُنَّ أُمُّ الْكِتَابِ وَأُخَرُ مُتَشَابِهَاتٌ ۖ فَأَمَّا الَّذِينَ فِي قُلُوبِهِمْ زَيْغٌ فَيَتَّبِعُونَ مَا تَشَابَهَ مِنْهُ ابْتِغَاءَ الْفِتْنَةِ وَابْتِغَاءَ تَأْوِيلِهِ ۗ وَمَا يَعْلَمُ تَأْوِيلَهُ إِلَّا اللَّهُ ۗ وَالرَّاسِخُونَ فِي الْعِلْمِ يَقُولُونَ آمَنَّا بِهِ كُلٌّ مِنْ عِنْدِ رَبِّنَا ۗ وَمَا يَذَّكَّرُ إِلَّا أُولُو الْأَلْبَابِ﴾ «Ол саған осынау Кітапты түсірді. Ондағы аяттардың бір бөлігі мағынасы анық мухкам аяттар, солар Кітаптың негізін құрайды. Ал енді бір бөлігі, мағынасы астарлы муташабиһ аяттар. Жүрегінде ауытқу болғандар бүлік шығару үшін, әрі ол аяттарды өз қалаулары бойынша тәпсірлеу үшін астарлы мағыналы муташабиһ аяттарды қазбалайды. Расында, оның шын тәпсірін бір Алладан басқа ешкім білмейді және ілімде тереңдегендер: “Біз оған толық иман келтірдік. Барлығы да Раббымыздың дәргейінен келді”, – деп айтады. Ендеше, ақыл иелері ғана терең ойланып, ғибрат алады»1. Аятты оқып болған соң: «Құранның мағынасы астарлы аяттарына ерген адамдарды көрсеңдер, Алла осы аятта атаған адамдар – солар. Олардан сақ болыңдар!» – деген.2

Түсіндірме

Бұл риуаятта Құран аяттарының екі түрі айтылған.

1. Мухкам аяттардың мағынасы қосымша түсіндіруді қажет етпейтіндей айқын әрі нақты. Мұндай аяттар «насс» деп те аталады.

2. Муташабиһ аяттардың мағынасы астарлы келеді. Усул әл-фиқһ ғалымдарының айтуынша, бұл аяттарда қандай мағына көзделгенін үмбет өздігінен анықтай алмайды. Муташабиһ аяттар екіге бөлінеді.

а) Кейбір сүрелердің басында келетін «әлиф, ләм, мим», «та, һа», «йә, син» тәрізді мұқаттаға әріптері. Олардың мәнін тікелей ажырату мүмкін емес.

ә) Сөзбе-сөз түсіндіргенде ақылға және иман негіздеріне қайшы мағына шығатын аяттар. Бұған «ТаҺа» сүресінің 5-аятындағы ﴿الرَّحْمَٰنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَىٰ﴾ «Рахман Аршқа “истиуа” етті.» деген сөз бен «Фәтх» сүресінің 10-аятындағы ﴿يَدُ اللَّهِ فَوْقَ أَيْدِيهِمْ﴾ «Алланың шарапаты олардың шарапатынан әлдеқайда жоғары.» деген үзінді мысал болады.

Бірінші аятты сөзбе-сөз ұқсақ, Аллаға дене мен мекен телінер еді. Алла дене мен мекеннен пәк. Екінші аятты да сөзбе-сөз қабылдау Аллаға қол теліп, Оны адамға ұқсатуға әкеледі. Ал Аллаға еш нәрсе ұқсамайды.

Муташабиһ аяттарды түсіндіруде екі көзқарас бар.

1. Сәләф ғалымдары муташабиһ аяттарды тәуилдеуден тартынған. Жоғарыдағы аятқа сүйеніп: «Олардың ақиқатын Алла біледі», – деген.

2. Кейінгі ғалымдар аяттарды тәуилдеп, меңзелген астарлы мағынаны іздеген. Олар ақылға және шариғаттың айқын қағидаларына сай тәуил жасауға рұқсат берген, тіпті кей тұста оны қажет деп санаған. Осы көзқарас бойынша, «истиуа» билік жүргізу, үстемдік ету деген мағынада. Рахманның Аршқа истиуа етуі – ілімі мен құдіреті бүкіл ғаламды қамтыған Алланың ұлы Аршқа билік жүргізуі. Сол сияқты «Алланың қолы» деген тіркес Алланың құдіретін меңзейді.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 7-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Әли Имран», 1 (№4547); Мүслим, «Илм», 1 (№2665); Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№2994); Әбу Дәуіт, «Сүннет», 2 (№4598).