وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِذْ يُلْقُونَ أَقْلَامَهُمْ﴾، قَالَ: اقْتَرَعُوا، فَجَرَتْ أَقْلَامُهُمْ مَعَ الْجَرْيَةِ، فَعَالَ قَلَمُ زَكَرِيَّا الْجَرْيَةَ.
Ибн Аббас (р.анһума) ﴿ذَٰلِكَ مِنْ أَنْبَاءِ الْغَيْبِ نُوحِيهِ إِلَيْكَ ۚ وَمَا كُنْتَ لَدَيْهِمْ إِذْ يُلْقُونَ أَقْلَامَهُمْ أَيُّهُمْ يَكْفُلُ مَرْيَمَ وَمَا كُنْتَ لَدَيْهِمْ إِذْ يَخْتَصِمُونَ﴾ «Міне, бұлар ғайыптан хабарлар, оны саған уахи жолымен жеткізудеміз. Әйтпесе олар Мәриямды қайсымыз қамқорлыққа аламыз деп, қаламдарын лақтырып, жеребе тастап жатқанда, сен олардың қасында болмаған едің. Әрі олар өзара таласып жатқанда да қастарында емес едің»1 деген аятты былай түсіндірген: «Олар жеребе тарту үшін қаламдарын суға лақтырды. Қаламдары ағыспен бірге ағып кетті. Зәкәрияның ғана қаламы су бетіне қалқып шықты».2
Түсіндірме
عَالَ، أَيْ: ارْتَفَعَ عَلَى الْمَاءِ.
Мәриямды кімнің қамқорлығына беретіні жөнінде дау туған соң, олар жеребеге жүгінді. Риуаятқа қарағанда, әрқайсысы бір қаламнан суға тастаған. Өзгелердің қаламын ағыс су түбімен алып кетіп, Зәкәрияның қаламы ғана су бетіне қалқып шықты. Сөйтіп Мәриямға қамқорлық ету мәртебесі Зәкәрияға бұйырды. Бұхари Ибн Аббас түсіндірген осы аяттан кейбір даулы мәселені жеребемен шешуге болатынын аңғарған. Көпшілік ғалымның ұстанымынша, біздің шариғатымызда күшін жойғаны айтылмаса немесе оған қайшы үкім болмаса, бұрынғылардың шариғатындағы үкім бізге де жарамды. Құран осы аяттағыдай бір амалды құптап баяндаса, бұл ұстаным беки түседі. Сондықтан ғалымдардың көбі даулы істерде жеребе тартуға рұқсат берген. Алла елшісі де кейде жеребеге жүгінген. Мысалы, сапарға шығарда қай жұбайын ертіп барарын жеребемен анықтайтын.