Хадис

Кутуб ситтә, № 522

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
55. «Әли Имран» сүресі
Нөмірі
№ 522 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 11
522
Кутуб ситтә, № 522 · тараудағы реті: 11

وَعَنْ بَهْزِ بْنِ حَكِيمٍ، عَنْ أَبِيهِ، عَنْ جَدِّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، أَنَّهُ سَمِعَ النَّبِيَّ ﷺ يَقُولُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ﴾: «إِنَّكُمْ تُتِمُّونَ سَبْعِينَ أُمَّةً، أَنْتُمْ خَيْرُهَا وَأَكْرَمُهَا عَلَى اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәһз ибн Хакимнің әкесі арқылы атасынан жеткен риуаятта атасы былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) ﴿كُنْتُمْ خَيْرَ أُمَّةٍ أُخْرِجَتْ لِلنَّاسِ﴾ «Сендер күллі адамзаттың игілігі үшін жарыққа шығарылған ең қайырлы үмбетсіңдер»1 деген аят жайында “Сендер үмбеттердің санын жетпіске толтырасыңдар. Сендер – солардың ең қайырлысы әрі Алла алдында ең қадірлісіңдер” дегенін естідім».2

Түсіндірме

«Үмбет» сөзі аяттар мен хадистерде бірнеше мағынада қолданылады.

1. Өзіне тән діні бар жеке адам. ﴿إِنَّ إِبْرَاهِيمَ كَانَ أُمَّةً قَانِتًا لِلَّهِ حَنِيفًا وَلَمْ يَكُ مِنَ الْمُشْرِكِينَ﴾ «Шүбәсіз, Ибраһим жалған діндердің бәрінен теріс бұрылып, бір Аллаға ғана сиынған һәм Аллаға жан-тәнімен берілген бір өзі бір үмбет болған еді. Ол әсте мүшрік болған емес.»3 деген аятта осы мағына көзделген. Алла елшісінің (с.а.с.) «Құсс ибн Сағида қиямет күні өз алдына бір үмбет болып тіріледі» деген сөзі де осы мағынада айтылған.

2. Адамдардың не жануарлардың бір тобы. «Иттер Алланы пәктейтін бір үмбет болмағанда, оларды өлтіруді бұйырар едім» деген хадисте сөз осы мағынада қолданылған.

3. Өзара келісімге келген, одақтасқан қауым. «Бәну Ауф яһудилері – мүміндермен бір үмбет» деген сөз осылай түсіндіріледі. Мәміле оларды мүміндермен бір қауымдай жақындастырып, сөзі мен ісін бір арнаға тоғыстырған.

4. Ұлыс, халық. Алла елшісі (с.а.с.) өз дәуіріндегі арабтарды меңзеп: «Біз үмми халықпыз. Жаза да, есептей де білмейміз», – деген.

Кей тәпсіршілер аяттағы «ең қайырлы үмбет» деп Алла елшісімен бірге Мәдинаға һижрет еткен мұһажирлер айтылғанын жеткізген. Көпшілік ғалым бұл сөзді барлық дәуір мен өңірдегі Мұхаммед үмбетіне қатысты деп түсінеді. Бұл мағынасында «үмбет» сөзі тілі, түр-түсі мен ұлты әртүрлі болса да, бір сенімге ұйысқан жамағатты білдіреді. Қазір сөз көбіне осы мағынада қолданылады.

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 110-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Әли Имран» (№3001, Ибраһим Жанан басылымында №3004). Ибн Мәжа, «Зуһд», 34 (№4288).
  3. 3«Нахл» сүресі, 120-аят.