وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا أَصَابَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ قُرَيْشًا يَوْمَ بَدْرٍ وَقَدِمَ الْمَدِينَةَ جَمَعَ الْيَهُودَ فِي سُوقِ بَنِي قَيْنُقَاعَ، فَقَالَ: يَا مَعْشَرَ يَهُودَ، أَسْلِمُوا قَبْلَ أَنْ يُصِيبَكُمْ مَا أَصَابَ قُرَيْشًا قَالُوا يَا مُحَمَّدُ لَا يَغُرَّنَّكَ مِنْ نَفْسِكَ أَنْ قَتَلْتَ نَفَرًا مِنْ قُرَيْشٍ أَغْمَارًا لَا يَعْرِفُونَ الْقِتَالَ إِنَّكَ لَوْ قَاتَلْتَنَا لَعَرَفْتَ أَنَّا نَحْنُ النَّاسُ وَأَنَّكَ لَمْ تَلْقَ مِثْلَنَا. فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى فِي ذَلِكَ: قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا سَتُغْلَبُونَ وَتُحْشَرُونَ إِلَى جَهَنَّمَ إِلَى قَوْلِهِ فِئَةٌ تُقَاتِلُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ: أَىْ بِبَدْرٍ، وَأُخْرَى كَافِرَةٌ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ.
Ибн Аббастың (р.анһума) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Бәдір шайқасында құрайыштарды жеңіп, Мәдинаға оралғанда, Бәну Қайнуқа базарына яһудилерді жинап: «Уа, яһуди жұрты! Құрайыштың басына түскен жағдай сендерге де жетпей тұрғанда мұсылман болыңдар», – деген. Олар: «Уа, Мұхаммед! Құрайыштың шайқасқа ысылмаған бір тобын жеңгеніңе алданып қалма. Бізбен шайқассаң, кім екенімізді және бұрын біздей жұртпен кездеспегеніңді білер едің», – деп жауап берген. Осыған байланысты мына аяттар түскен: ﴿قُلْ لِلَّذِينَ كَفَرُوا سَتُغْلَبُونَ وَتُحْشَرُونَ إِلَىٰ جَهَنَّمَ ۚ وَبِئْسَ الْمِهَادُ قَدْ كَانَ لَكُمْ آيَةٌ فِي فِئَتَيْنِ الْتَقَتَا ۖ فِئَةٌ تُقَاتِلُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَأُخْرَىٰ كَافِرَةٌ يَرَوْنَهُمْ مِثْلَيْهِمْ رَأْيَ الْعَيْنِ ۚ وَاللَّهُ يُؤَيِّدُ بِنَصْرِهِ مَنْ يَشَاءُ ۗ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَعِبْرَةً لِأُولِي الْأَبْصَارِ﴾ «Күпірлік қылғандарға: “Сендер жер болып жеңілесіңдер және жаппай тозаққа айдаласыңдар. Ол қандай жаман жатақ еді!” – деп айт. Шүбәсіз бетпе-бет келген екі топта сендер үшін үлкен ғибрат бар. Бірі Алла жолында соғысса, екіншісі кәпірлер еді. Мүміндер олардың көзіне өздерінен екі есе көп көрінді. Алла қалағанын жәрдемімен қолдайды. Шүбәсіз, мұның өзінде көретін көзі барлар үшін ғибрат бар».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгеннен бастап ондағы яһуди қауымдарымен жақын қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Мұндай саясатқа екі жағдай ықпал етті деуге болады.
1. Кітап иелері саналатын яһудилер пайғамбардың келуін күткен. Алла елшісі әкелген діннің мәнін ұғынып, оны өздері күткен пайғамбар деп таныса, мұсылман болулары мүмкін еді. Алла елшісі осыдан үміттенді. Сирек те болса, Абдулла ибн Сәләм секілді исламды қабылдағандар кездесті.
2. Алғашқы кезде мұсылмандардың саны аз, саяси күші әлсіз еді. Мәдинадағы яһуди қауымдарының ұйымы берік әрі ықпалы күшті болатын. Олармен ашық қарсыласу сол қауымдарды құрайыштармен және исламға қарсы өзге күштермен одақтасуға итермелеуі мүмкін еді. Бұл мұсылмандарға елеулі қауіп төндірер еді. Жаңадан қалыптасып келе жатқан мұсылман қауымы ашық қарсы тұрған күштермен күресе жүріп, өзге ықпалды топтармен келісімге келуге, одақ құруға және арадағы қатынасты реттеуге ұмтылды. Алла елшісі (с.а.с.) алғашқы кезеңде осы ұстанымды басшылыққа алды. Құдыстың құбыла болып таңдалуында және уахи түспеген мәселелерде кітап иелерінің жолына жүгінуде осы саяси мақсат та ескерілген.
Бәдірдегі жеңіс саяси бетбұрыс болды. Мұсылмандар Мәдинада ықпалды күшке айналғанын іс жүзінде көрсетті. Бұл жеңіс саяси мүмкіндіктерді кеңейтіп, қарсы күштерді әлсіретуге жол ашты. Осы кезеңде Алла елшісі Мәдинадағы яһуди қауымдарымен қатынасты қайта қарады. Жоғарыдағы риуаятты осы жағдаймен байланыстыра түсінуге болады. Исламға шақырумен бірге ол алда туындауы мүмкін қақтығыс туралы саяси ескерту де болды. Осылайша бұрынғы жақындасу саясатының орнына қатаң ескерту мен Мәдинадан көшіру шаралары келді. Ислам қауымына қарсы әрекеттерге бұдан былай жол берілмеді.
Бәдірде жеңілген құрайыштарды мұсылмандардан кек алуға шақырған ақын Кағб ибн әл-Ашраф кейін өлтірілді. Ал Бәну Қайнуқаның зергерінен сауда жасаған мұсылман әйелдің орамалына байланысты жанжал шыққанда, оны бейбіт жолмен шешу жөніндегі ұсыныс қабылданбады. Осыдан кейін Алла елшісі Бәну Қайнуқаға қарсы жорық жариялады. Соның нәтижесінде олар Мәдинадан көшірілді. Кейін Алла елшісінің (с.а.с.) өміріне қастандық жасамақ болған Бәну Надир Хайбарға жер аударылды.
Бұдан кейін Хандақ шайқасындағы келісімді бұзған Бәну Құрайзаға өз кітаптарындағы үкімге сай жаза қолданылып, қару ұстауға жарамды ер адамдары өлім жазасына кесілді.
Хайбарда мұсылмандарға қарсы күштерді ұйымдастырған Сәлләм ибн Абдулхуқайқ пен оның ісін жалғастырған Үсәйр ибн Зарам да осы кезеңде өлтірілді. Бәну Құрайза оқиғасынан соң Мәдинадағы яһуди қауымдарының дербес саяси ықпалы жойылды. Хұдайбия келісімінен кейін Алла елшісі Хайбарға аттанып, ондағы қарсы күштерді де бағындырды. Осылайша Хижазда ислам қауымының қалыптасуына бөгет болып тұрған саяси күштердің ықпалы тоқтады. Автор осы саясаттың жалғасын Расулалланың (с.а.с.) өмірінің соңында айтылған өсиеттерінің бірінен көреді: «Яһудилерді Араб түбегінен шығарыңдар. Мұнда екі дін қатар тұра алмайды!»2