Хадис

«Фуссилат» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 92-тарау · 3 хадис · № 775–777

Хадистер

775
Кутуб ситтә, № 775 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اجْتَمَعَ عِنْدَ الْبَيْتِ ثَلَاثَةُ نَفَرٍ ثَقَفِيَّانِ، وَقُرَشِيٌّ أَوْ قُرَشِيَّانِ، وَثَقَفِيٌّ، كَثِيرٌ شَحْمُ بُطُونِهِمْ، قَلِيلٌ فِقْهُ قُلُوبِهِمْ. فَقَالَ أَحَدُهُمْ: أَتَرَوْنَ أَنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَسْمَعُ مَا نَقُولُ؟ فَقَالَ الْآخَرُ: يَسْمَعُ إِنْ جَهَرْنَا وَ لَايَسْمَعُ إِنْ أَخْفَيْنَا، وَقَالَ الْآخَرُ: إِنْ كَانَ يَسْمَعُ إِذَا جَهَرْنَا فَإِنَّهُ يَسْمَعُ إِذَا أَخْفَيْنَا. فَأَنْزَلَ اللَّهُُ تَعَالَى: وَمَا كُنْتُمْ تَسْتَتِرُونَ أَنْ يَشْهَدَ عَلَيْكُمْ سَمْعُكُمْ وَلَا أَبْصَارُكُمْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Қағбаның жанына екі сақифтік, бір құрайыштық немесе екі құрайыштық, бір сақифтік – үш кісі жиналды. Олар қарындары майлы, пайымдары таяз адамдар еді. Біреуі: “Айтқандарымызды Алла естіп тұр ма, не дейсіңдер?” – дегенде, екіншісі: “Дауыстап сөйлейтін болсақ естиді, жасырын сөйлесек естімейді”, – деді. Үшіншісі: “Дауыстап сөйлегенімізді еститін болса, жасырын сөйлегенімізді де еститін шығар”, – деді. Осыған байланысты “Сендер (фәни дүниеде жүргенде) өз құлақтарыңның, көздеріңнің һәм терілеріңнің (Алланың алдына барғанда) өздеріңе қарсы куәлікке жүретінін қаперлеріңе ілмейтін едіңдер...”1 деген аят түсірілді».2

Түсіндірме

Хадисті түсіндірушілер осы хадистен «бір кісіде парасаттылық пен семіздіктің бірге болуы өте сирек кездеседі» деген үкім шығарған. Имам Шафиғи былай деген: «Әрі семіз, әрі ақылды болған бір ғана адамды көрдім, ол – Мұхаммед ибн Хасан, одан басқа бірде-бір адамды көрген емеспін».

Риуаятқа мән беріп қарайтын болсақ, үшеуінің сөзі үш түрлі болса да, мысалы, үшіншісі шындыққа жақын айтса да, үшеуі де түсінігі таяз деп сипатталған, өйткені өз ойын нық сеніммен емес күмәнмен айтқан.

Аят Аллаға ешбір нәрсенің перде бола алмайтынын, дуал, перде, қараңғылық секілді адамдардың көруіне кедергі келтіретін немесе сыбырлау секілді естуіне кедергі келтіретін жағдайлардың Алланың көруіне, естуіне кедергі емес екенін, себебі адам терісінің өзі бүкіл нәрсені жазып алып, куәлік ететінін баяндайды.

  1. 1«Фуссилат» сүресі, 22-23-аяттар Аяттардың жалғасы: "... сондықтан күнәларыңды олардан жасырмайтын едіңдер. Сондай-ақ істеп жүрген істеріңнің көбін Алла білмейді деп ойлайтынсыңдар. Міне, Раббыларың жайлы ойлаған осы бір жаман ойларың сендерді біржолата құртып, құрдымға батырып тынды, сөйтіп зиянға ұшырағандардың қатарына қосылдыңдар".
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ха-мим Сәжде» («Фуссилат»), 1–2, «Тәухид», 41. Мүслим, «Сифат әл-мұнафиқин», 5. Тирмизи, «Тәпсір», «Фуссилат» (№3248–3249, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3245).
776
Кутуб ситтә, № 776 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَرَأَ: إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا. قَالَ: قَدْ قَالَ النَّاسُ ثُمَّ كَفَرَ أَكْثَرُهُمْ؛ فَمَنْ مَاتَ عَلَيْهَا فَهُوَ مِمَّنْ اسْتَقَامَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ал «Раббымыз – Алла» деп иман айтқаннан кейін (шынайы иманның талабына сай сенімде, ниетте һәм іс-әрекеттерде ақиқаттан ауытқымай) тұп-тура жолмен жүргендерге оқтын-оқтын періштелер түседі»1 деген аятты оқып, былай деді: “Жұрт бұл сөзді айтты. Кейін көпшілігі иманнан тайды. Кім осы сеніммен дүниеден өтсе, сол – тура жолдан айнымағандардың бірі”».2

Түсіндірме

Тура жолда болу деген – әрдайым бір Аллаға сену әрі осы сеніміне селкеу түсірмеу және Алладан басқа құдайға бет бұрмау. Сахаба мен табиғиннің көпшілігі аяттағы «тура жолдың» мағынасын «ісін Алла ризалығы үшін жасап ықыласты болу» деп түсіндірген. Қатада мен ибн Зәйд: «Яғни Аллаға құлшылық жасағанда түзу болу», – деген. Хасан Басри: «Алланың әміріне бойсұнғанда тура болып, парыздарды жасап, харамдардан қашу», – деген. Ибн Аббас, Мүжәһид және Икрима: «Өлгенге дейін «лә илаһа иллаллаһ» деп куәлік айтудан айнымау» деп түсіндірген.

Қарап отырсақ, осы түсіндірмелердің барлығы әзірет Әнәстің (р.а.) аталмыш хадисінің мазмұнымен үйлеседі.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде аз сөзбен терең мағынаны жеткізіп, адамдардың дінді түсінуін жеңілдеткен. Демек, құтылу үшін екі шартқа бойсұну керек:

1. Аллаға сену;

2. Тура жолда болу.

Негізінде, екі сөзден тұратын бірінші шарттың ішінде иманның барлық негіздері, ал екінші шартта амалдардың негіздері жинақталған.

«Раббым – Алла» деген көптеген адамдар туралығын сақтай алмаған, әрі сақтай алмайды», – деген Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Ықыласқа кедергі келтіретін һәм «жасырын ширк» деп аталатын бүкіл нәрсе пендені тура жолдан адастырады. Дүниеқоңыздық, атаққұмарлық, Алладан емес адамнан қорқу, сараңдық, тәкаппарлық, екіжүзділік – барлығы да жасырын ширктің тармақтары болып табылады. Олардан арылған, біреуіне ұрынса дереу тәубемен есін жиған, құлдық бағытын тура жолда сақтай білген адамдардың саны өте аз дейді Расулалла.

  1. 1«Фуссилат» сүресі, 30-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ха-мим Сәжде» («Фуссилат») (№3250, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3247).
777
Кутуб ситтә, № 777 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «ادْفَعْ بِالَّتِي هِىَ أَحْسَنُ. قَالَ: الصَّبْرُ عِنْدَ الْغَضَبِ، وَالْعَفْوُ عِنْدَ الْإِسَاءَةِ. فَإِذَا فَعَلُوهُ عَصَمَهُمُ اللَّهُ تَعَالَى وَخَضَعَ لَهُمْ عَدُوُّهُمْ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ مَعَلَّقًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар»1 аятына қатысты былай деген: «(Аятта айтылған ең жақсы жол) ашуланғанда сабыр сақтау, жамандық жасаған адамды кешіру. Осылай істегендерді Алла қорғайды, дұшпандарын оларға мойынсұндырады».2

Түсіндірме

Бұл риуаят аятта айтылған «жамандықты жоятын» ең жақсы жолдың не екенін білдіреді. Аят бұл жолдың не екенін баяндаған. Шарттарға, мекенге, уақытқа, жамандық түріне қарай өзгеретін «ең жақсы жолдың» не екенін әрбір мүмін іздестіріп, сұрайтын болады. Ибн Аббас (р.а.) бұл сұраққа «ашу кезінде сабыр, жамандық көрген сәтте кешірім!» деп жауап береді. Олай болса, көпшілік уақытта жамандықты жоятын ең жақсы жол – ашу кезіндегі сабыр, жамандық көрген сәттегі кешірім. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тарапынан Құранды түсіндіру міндеті берілген һәм «тәржуманул-қуран» деген абыройға ие болған ибн Аббас (р.а.) бұл мәселені өте жақсы біледі, тіпті басқа риуаятта былай дегені бар: «Алла мүміндерге ашу кезінде сабырды, жамандық көрген сәтте кешірімді бұйырды».

Мужаһидтен жеткен риуаятта жамандықты жоятын ең жақсы жол ретінде «сәлем» көрсетілген.

  1. 1«Фуссилат» сүресі, 34-35-аят Аяттың жалғасы: "... Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің. Алайда ондай кемелдікке (қиындықтарға мойымаған, нәпсі мен әзәзіл шайтанның уәсуәсіне қарсы тұру һәм Аллаға қалтқысыз мойынсұну мәселесінде) сабырлылық таныта білгендер ғана қол жеткізе алмақ. Сондай-ақ оған адами қасиеттер мен жақсылықтан нәсібі мол болған жандар ғана қол жеткізбек".
  2. 2Бұхари, Тәпсір, Ха мим, Сәжде (Фуссилат) 1.