Хадис

Кутуб ситтә, № 776

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
92. «Фуссилат» сүресі
Нөмірі
№ 776 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
776
Кутуб ситтә, № 776 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَرَأَ: إِنَّ الَّذِينَ قَالُوا رَبُّنَا اللَّهُ ثُمَّ اسْتَقَامُوا. قَالَ: قَدْ قَالَ النَّاسُ ثُمَّ كَفَرَ أَكْثَرُهُمْ؛ فَمَنْ مَاتَ عَلَيْهَا فَهُوَ مِمَّنْ اسْتَقَامَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Ал «Раббымыз – Алла» деп иман айтқаннан кейін (шынайы иманның талабына сай сенімде, ниетте һәм іс-әрекеттерде ақиқаттан ауытқымай) тұп-тура жолмен жүргендерге оқтын-оқтын періштелер түседі»1 деген аятты оқып, былай деді: “Жұрт бұл сөзді айтты. Кейін көпшілігі иманнан тайды. Кім осы сеніммен дүниеден өтсе, сол – тура жолдан айнымағандардың бірі”».2

Түсіндірме

Тура жолда болу деген – әрдайым бір Аллаға сену әрі осы сеніміне селкеу түсірмеу және Алладан басқа құдайға бет бұрмау. Сахаба мен табиғиннің көпшілігі аяттағы «тура жолдың» мағынасын «ісін Алла ризалығы үшін жасап ықыласты болу» деп түсіндірген. Қатада мен ибн Зәйд: «Яғни Аллаға құлшылық жасағанда түзу болу», – деген. Хасан Басри: «Алланың әміріне бойсұнғанда тура болып, парыздарды жасап, харамдардан қашу», – деген. Ибн Аббас, Мүжәһид және Икрима: «Өлгенге дейін «лә илаһа иллаллаһ» деп куәлік айтудан айнымау» деп түсіндірген.

Қарап отырсақ, осы түсіндірмелердің барлығы әзірет Әнәстің (р.а.) аталмыш хадисінің мазмұнымен үйлеседі.

Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көптеген хадистерінде аз сөзбен терең мағынаны жеткізіп, адамдардың дінді түсінуін жеңілдеткен. Демек, құтылу үшін екі шартқа бойсұну керек:

1. Аллаға сену;

2. Тура жолда болу.

Негізінде, екі сөзден тұратын бірінші шарттың ішінде иманның барлық негіздері, ал екінші шартта амалдардың негіздері жинақталған.

«Раббым – Алла» деген көптеген адамдар туралығын сақтай алмаған, әрі сақтай алмайды», – деген Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм). Ықыласқа кедергі келтіретін һәм «жасырын ширк» деп аталатын бүкіл нәрсе пендені тура жолдан адастырады. Дүниеқоңыздық, атаққұмарлық, Алладан емес адамнан қорқу, сараңдық, тәкаппарлық, екіжүзділік – барлығы да жасырын ширктің тармақтары болып табылады. Олардан арылған, біреуіне ұрынса дереу тәубемен есін жиған, құлдық бағытын тура жолда сақтай білген адамдардың саны өте аз дейді Расулалла.

  1. 1«Фуссилат» сүресі, 30-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Ха-мим Сәжде» («Фуссилат») (№3250, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3247).