عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «اجْتَمَعَ عِنْدَ الْبَيْتِ ثَلَاثَةُ نَفَرٍ ثَقَفِيَّانِ، وَقُرَشِيٌّ أَوْ قُرَشِيَّانِ، وَثَقَفِيٌّ، كَثِيرٌ شَحْمُ بُطُونِهِمْ، قَلِيلٌ فِقْهُ قُلُوبِهِمْ. فَقَالَ أَحَدُهُمْ: أَتَرَوْنَ أَنَّ اللَّهَ تَعَالَى يَسْمَعُ مَا نَقُولُ؟ فَقَالَ الْآخَرُ: يَسْمَعُ إِنْ جَهَرْنَا وَ لَايَسْمَعُ إِنْ أَخْفَيْنَا، وَقَالَ الْآخَرُ: إِنْ كَانَ يَسْمَعُ إِذَا جَهَرْنَا فَإِنَّهُ يَسْمَعُ إِذَا أَخْفَيْنَا. فَأَنْزَلَ اللَّهُُ تَعَالَى: وَمَا كُنْتُمْ تَسْتَتِرُونَ أَنْ يَشْهَدَ عَلَيْكُمْ سَمْعُكُمْ وَلَا أَبْصَارُكُمْ الْآيَة». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Қағбаның жанына екі сақифтік, бір құрайыштық немесе екі құрайыштық, бір сақифтік – үш кісі жиналды. Олар қарындары майлы, пайымдары таяз адамдар еді. Біреуі: “Айтқандарымызды Алла естіп тұр ма, не дейсіңдер?” – дегенде, екіншісі: “Дауыстап сөйлейтін болсақ естиді, жасырын сөйлесек естімейді”, – деді. Үшіншісі: “Дауыстап сөйлегенімізді еститін болса, жасырын сөйлегенімізді де еститін шығар”, – деді. Осыған байланысты “Сендер (фәни дүниеде жүргенде) өз құлақтарыңның, көздеріңнің һәм терілеріңнің (Алланың алдына барғанда) өздеріңе қарсы куәлікке жүретінін қаперлеріңе ілмейтін едіңдер...”1 деген аят түсірілді».2
Түсіндірме
Хадисті түсіндірушілер осы хадистен «бір кісіде парасаттылық пен семіздіктің бірге болуы өте сирек кездеседі» деген үкім шығарған. Имам Шафиғи былай деген: «Әрі семіз, әрі ақылды болған бір ғана адамды көрдім, ол – Мұхаммед ибн Хасан, одан басқа бірде-бір адамды көрген емеспін».
Риуаятқа мән беріп қарайтын болсақ, үшеуінің сөзі үш түрлі болса да, мысалы, үшіншісі шындыққа жақын айтса да, үшеуі де түсінігі таяз деп сипатталған, өйткені өз ойын нық сеніммен емес күмәнмен айтқан.
Аят Аллаға ешбір нәрсенің перде бола алмайтынын, дуал, перде, қараңғылық секілді адамдардың көруіне кедергі келтіретін немесе сыбырлау секілді естуіне кедергі келтіретін жағдайлардың Алланың көруіне, естуіне кедергі емес екенін, себебі адам терісінің өзі бүкіл нәрсені жазып алып, куәлік ететінін баяндайды.
- 1«Фуссилат» сүресі, 22-23-аяттар Аяттардың жалғасы: "... сондықтан күнәларыңды олардан жасырмайтын едіңдер. Сондай-ақ істеп жүрген істеріңнің көбін Алла білмейді деп ойлайтынсыңдар. Міне, Раббыларың жайлы ойлаған осы бір жаман ойларың сендерді біржолата құртып, құрдымға батырып тынды, сөйтіп зиянға ұшырағандардың қатарына қосылдыңдар".
- 2Бұхари, «Тәпсір», «Ха-мим Сәжде» («Фуссилат»), 1–2, «Тәухид», 41. Мүслим, «Сифат әл-мұнафиқин», 5. Тирмизи, «Тәпсір», «Фуссилат» (№3248–3249, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3245).