Хадис

«Шура» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 93-тарау · 1 хадис · № 778

Хадистер

778
Кутуб ситтә, № 778 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّهُ سُئِلَ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَى: إِلَّا الْمَوَدَّةَ فِي الْقُرْبَى فَقَالَ سَعِيدُ بْنُ جُبَيْرٍ: قُرْبَى آلِ مُحَمَّدٍ ﷺ. فَقَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: عَجِلْتَ، أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ لَمْ يَكُنْ بَطْنٌ مِنْ قُرَيْشٍ إِلَّا كَانَ لَهُ فِيهِمْ قَرَابَةٌ؛ فَقَالَ: إِلَّا أَنْ تَصِلُوا مَا بَيْنِي وَبَيْنَكُمْ مِنَ الْقَرَابَةِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) айтуы бойынша, одан: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: “Мен сендерден (өздеріңді осынау зор жетістікке жеткізетін хақ дінді насихаттағаным үшін) ешқандай ақы сұрамаймын. (Сендерден бар өтінерім осы дінге көп еңбегі сіңетін) жақындарыма деген сүйіспеншілік қана”, – деп айт...»1 аятындағы «жақындар» жайлы сұралды. Сағид ибн Жубәйр: «Мұхаммед отбасының жақындары», – деп бірден жауап берді. Ибн Аббас (р.а.): «Асығыстық таныттың, Құрайыш тайпасының әрбір руына Расулалланың (с.а.с.) жақындығы бар, оның мағынасы – “арамыздағы туыстық байланысты сақтауларыңды ғана сұраймын” дегені», – дейді.2

Түсіндірме

Сағид ибн Жубәйрдің айтуынша, аяттағы القُرْبَى (жақындар) сөзі Алла елшісінің (с.а.с.) жақындарын білдіреді, демек, Расулалланың дінді насихаттау қызметіне қайтарым ретінде мүміндерден тек Пайғамбарымыздың жақындарын сүюді сұрағаны деген мағына шығады. Сағид ибн Жубәйрдің бұлай айтуына Табаридегі мына риуаят себеп болған: «(Аталмыш аят) түскен кезде сахабалар: «Уа, Алла елшісі, біз қандай жақындарыңызды сүюіміз керек?» – деп сұрады. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Фатима мен баласы», – деп жауап берді». Бұл екінші хадис – әлсіз хадис. Негізі, аят меккелік. Ол кезде әзірет Фатима (р.а.) тұрмысқа шықпаған еді, баласы да жоқ еді. Хадисті риуаят еткен Хүсейін әл-Әшкар, Рафидиттердің шейхы, ендеше, оның риуаяты қабылданбайды. Ибн Аббастың аталмыш риуаятына қайшы. Бұхариде жазылған осы сахих хадис тұрғанда, әрине, жоғарыдағы әлсіз хадистің күші жоқ.

Ибн Аббастың (р.а.) аяттан шығарған мағынасына келсек, аят Құрайышқа айтылған және «Уа, құрайыштықтар, мен сендерден ақы т.б. сұрамаймын. Арамыздағы туыстық үшін мені құрметтеңдер һәм мені қорғаңдар». Сөз тікелей Құрайышқа айтылған.

Аяттағы «қурба» (жақындар) сөзі әке-шеше жақтан туыстықты білдіреді. Сонда былай деуге болады: «Пайғамбарлық үшін маған бойсұнбасаңдар да, арамыздағы туыстық үшін мені қорғаңдар, мені құрметтеңдер».

Қорыта айтқанда, аяттың мағынасы былай болады: «Уа, Мұхаммед, Құрайыш мүшріктеріне айт: «Мен осы тәблиғ пен насихат қызметіме қайтарым ретінде сендерден ақы сұрамаймын, маған ондай нәрсе керек емес. Мен сендерден маған деген жаман ойларыңнан бас тартуларыңды, Раббымның пайғамбарлығын жеткізу ісінде маған еркіндік берулеріңді сұраймын, жәрдем бермесеңдер де ең болмаса кедергі келтірмеңдер. Арамызда туыстық бар, соның ақысы үшін осыларды жасаңдар».

  1. 1«Шура» сүресі, 23-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Ха-мим Айн-син-қаф» («Шура»), 1. Тирмизи, «Тәпсір», «Шура» (№3251, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3248).