Хадис

«Мүмін» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 91-тарау · 2 хадис · № 773–774

Хадистер

773
Кутуб ситтә, № 773 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ قَرَأَ حمٓ الْمُؤْمِنَ إِلَى قَوْلِهِ: إِلَيْهِ الْمَصِيرُ، وَآيَةَ الْكُرْسِيِّ حِينَ يُمْسِي حُفِظَ بِهِمَا حَتَّى يُصْبِحَ، وَمَنْ قَرَأَهُمَا حِينَ يُصْبِحَ حُفِظَ بِهِمَا حَتَّى يُمْسِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: “Кімде-кім кеш батқанда «Мүмін» сүресін басынан бастап إِلَيْهِ الْمَصِيرُ «Түпкілікті барар жер – Оның құзыры» деген жеріне дейін және Аят әл-Курсиді оқитын болса, осы оқығандарының арқасында таңға дейін қорғалады. Кімде-кім дәл осыларды таңертең оқыса, солардың арқасында кешке дейін қорғалады”».1

Түсіндірме

Расулалланың (с.а.с.) кешке және таңертең оқуды ұсынған бірінші бөлім өте қысқа:

حمٓ تَنْزِيلُ الْكِتَابِ مِنَ اللَّهِ الْعَزِيزِ الْعَلِيمِ غَافِرِ الذَّنْبِ وَقَابِلِ التَّوْبِ شَدِيدِ الْعِقَابِ ذِي الطَّوْلِ لَا إِلَهَ إِلَّا هُوَ إِلَيْهِ الْمَصِيرُ

﴿حمٓ ۝ تَنزِيلُ ٱلْكِتَٰبِ مِنَ ٱللَّهِ ٱلْعَزِيزِ ٱلْعَلِيمِ ۝ غَافِرِ ٱلذَّنۢبِ وَقَابِلِ ٱلتَّوْبِ شَدِيدِ ٱلْعِقَابِ ذِى ٱلطَّوْلِ لَآ إِلَٰهَ إِلَّا هُوَ إِلَيْهِ ٱلْمَصِيرُ﴾ «Ха, Мим. Бұл – Азиз (үстем әрі ұлы), Алим (шексіз ілім иесі) Алладан бірте-бірте түсірілген Кітап! Ол – күнәларды кешіруші һәм тәубелерді қабыл алушы, алайда жазасы қатты, сонымен қатар, теңдесі жоқ шарапат иесі! Одан басқа құдай жоқ! Ақырында барлығы Оған қайтады»2.

Хадисті түсіндірушілер таңертең оқылатындарды намаздан бұрын да, кейін де оқуға болатынын айтады. Маңызды болғаны, таң намазының уақыты кіру керек. «Кеш болғанда» тіркесі түн басталатын уақытты білдіреді. Шариғи түсінікте Күннің батуымен, яғни ақшам намазының уақыты кірісімен түн басталады.

  1. 1Тирмизи, «Сауаб әл-Құран», 2 (№2879, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №2882).
  2. 2«Мүмін» сүресі, 1-3-аяттар
774
Кутуб ситтә, № 774 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ الْعَلَاءِ بْنِ زِيَادٍ «أَنَّهُ كَانَ يُذَكِّرُ بِالنَّارِ. فَقَالَ رَجُلٌ: لِمَ تُقَنِّطُ النَّاسَ؟ فَقَالَ: وَأَنَا أَقْدِرُ أَنْ أَقَنِّطَ النَّاسَ؟ وَاللَّهُ تَعَالَى يَقُولُ: يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا؛ وَيَقُولُ: وَأَنَّ الْمُسْرِفِينَ هُمْ أَصْحَابُ النَّارِ؛ وَلَكِنَّكُمْ تُحِبُّونَ أَنْ تُبَشَّرُوا بِالْجَنَّةِ عَلَى مَسَاوِئِ أَعْمَالِكُمْ، وَإِنَّمَا بَعَثَ اللَّهُ مُحَمَّدًا مُبَشِّرًا بِالْجَنَّةِ لِمَنْ أَطَاعَهُ، وَمُنْذِرًا بِالنَّارِ لِمَنْ عَصَاهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ مُعَلَّقًا.

Қазақша аудармасы

Алә ибн Зиядтың айтуы бойынша, ол жаһаннам жайлы айтып жатқанда, бір адам оған: «Неге жұртты үмітсіздікке салып жатырсың?» – деп сөзге араласты. Сонда ол: «Мен жұртты қалай үмітсіздікке сала аламын? Алла Тағала: ﴿قُلْ يَٰعِبَادِىَ ٱلَّذِينَ أَسْرَفُوا۟ عَلَىٰٓ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا۟ مِن رَّحْمَةِ ٱللَّهِ إِنَّ ٱللَّهَ يَغْفِرُ ٱلذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُۥ هُوَ ٱلْغَفُورُ ٱلرَّحِيمُ﴾ “Құлдарыма мына сөзімді айтып жеткіз: ‘Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!’”1 – дейді. Сондай-ақ “...Шектен шығушылар бар емес пе, міне, солар нағыз тозақтықтар”2 дейді. Ал сендер жаман істеріңе қарамастан жаннатпен сүйіншіленуді қалайсыңдар. Алла Тағала Мұхаммедті (с.а.с.) мойынсұнғандарға жаннатты сүйіншілеу, қарсы келгендерді тозақтан ескерту үшін жіберді», – деді.3

Түсіндірме

Алә ибн Зияд – ең діндар табиғиндердің бірі. Аздаған риуаяттары бар. Бұхариде осыдан басқа риуаяты жоқ. 94 жылы қайтыс болған.

Осы риуаяттан аңғарғанымыздай, дініміз қорқыту мен сүйіншілеуді тең ұстайды. Уағыз-насихаттарда тек сүйіншілеуші аят-хадистерді айта бермей, қорқытатын, жаһаннамды, жаһаннам азабын еске түсіретін сөздерді қоса айту керек. Риуаяттан тағы бір түсінгеніміз: «Алладан қорқытуға болмайды, Алланы сүйдіру керек» деген секілді сөздер бұрындары да айтылған және ғұламалар оларға тиісті жауабын берген: «Құран һәм қорқытады, һәм сүйіншілейді, олай болса, біз де уағыз-насихатта әрі жаһаннамды еске түсіріп, қорқытамыз, һәм жаннатты еске салып сүйіншілейміз».

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 53-аят
  2. 2«Мүмін» сүресі, 43-аят
  3. 3Бұхари, Тәпсір, Мүмін 1.