Хадис

«Зүмәр» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 90-тарау · 5 хадис · № 768–772

Хадистер

768
Кутуб ситтә, № 768 · тараудағы реті: 1

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمَّا نَزَلَتْ ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ عِنْدَ رَبِّكُمْ تَخْتَصِمُونَ. قَالَ الزُّبَيْرُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَتُكَرَّرُ عَلَيْنَا الْخُصُومَةُ بَعْدَ الَّذِي كَانَ بَيْنَنَا فِي الدُّنْيَا؟ قَالَ نَعَمْ. قَالَ: إِنَّ الْأَمْرَ إِذًا لَشَدِيدٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Зубәйір (р.а.) әкесінен жеткізеді: ﴿ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ عِندَ رَبِّكُمْ تَخْتَصِمُونَ﴾ «Содан кейін сендер қиямет күні Раббыларыңның құзырында бір-біріңмен дауласасыңдар»1 аяты түскен кезде: «Уа, Алла елшісі, дүниедегі дау-дамайымыз ақыретте тағы алдымызға келе ме?» – деп сұрадым. «Иә!» – деді. Мен (Зубәйір): «Олай болса, ісіміз қиын екен!» – дедім.2

Түсіндірме

Ибн Кәсир аятқа қатысты былай дейді: «Сендер бұл дүниеден міндетті түрде өтесіңдер, мұнда күмән жоқ. Ақыретте Алланың құзырында жиналып, фәни дүниеде таухид немесе ширк екеуінің қайсысын таңдаған болсаңдар, сол бойынша Аллаға есеп бересіңдер. Алла араларыңды ажыратып, ақиқатты паш етеді, себебі Ол – Фәттах (пенделері арасында әділ үкім айтып, тура жолдағы мен адасқанның ара-жігін ажыратушы), Алим (бәрін білуші). Нәтижеде, иманды, ықыласты, мууаххид (бір Аллаға сенген) мүміндерді құтқарады, ал кәпір, жоққа шығарушы, мүшрік және өтірікшілерді азаптайды. Сондай-ақ осы аят мүмін, кәпір және олардың араларындағы мәселелердің ақыреттегі есеп-қисабын айтқанмен, фәни дүниеде өзара қарама-қайшылыққа түскендердің бәрін қамтиды, өйткені аят олардың ақыретте де есеп айырысатынын айтып тұр».

Жағдайдың солай болатынын әзірет Зубәйірдің (р.а.) жоғарыдағы риуаяты да растап тұр. Бұл жайлы тәпсір кітаптарында басқа риуаяттар да бар.

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 31-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3236, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3234).
769
Кутуб ситтә, № 769 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «أَنَّ قَوْمًا قَتَلُوا فَأَكْثَرُوا، وَزَنَوْا فَأَكْثَرُوا وَانْتَهَكُوا فَأَكْثَرُوا. فَأَتَوْا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ فَقَالُوا: يَا مُحَمَّدُ، إِنَّ مَا تَدْعُونَا إِلَيْهِ لَحَسَنٌ لَوْ تُخْبِرُنَا أَنَّ لِمَا عَمِلْنَا كَفَّارَةً. فَنَزَلَتْ: وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَهًا آخَرَ. إِلَى قَوْلِهِ: فَأُولَئِكَ يُبَدِّلُ اللَّهُ سَيِّئَاتِهِمْ حَسَنَاتٍ. قَالَ: يُبَدِّلُ اللَّهُ شِرْكَهُمْ إِيمَانًا، وَزِنَاهُمْ إِحْصَانًا، وَنَزَلَتْ: قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір қауым адам өлтіруде шектен шықты, зина жасады және бұл істе де шектен шықты. Олар бұдан өзге де талай тыйымды бұзды. Соңында Алла елшісіне (с.а.с.) барып: “Уа, Мұхаммед! Бізге айтқандарың шынымен жақсы нәрселер. Алайда бұрын істеген күнәларымыздың кәффараты бар ма, бізге әуелі осыны айтып берсең!” – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті:

﴿وَٱلَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ ٱللَّهِ إِلَٰهًا ءَاخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ ٱلنَّفْسَ ٱلَّتِى حَرَّمَ ٱللَّهُ إِلَّا بِٱلْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ وَمَن يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا ۝ يُضَٰعَفْ لَهُ ٱلْعَذَابُ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِۦ مُهَانًا ۝ إِلَّا مَن تَابَ وَءَامَنَ وَعَمِلَ عَمَلًا صَٰلِحًا فَأُو۟لَٰٓئِكَ يُبَدِّلُ ٱللَّهُ سَيِّـَٔاتِهِمْ حَسَنَٰتٍ وَكَانَ ٱللَّهُ غَفُورًا رَّحِيمًا﴾ «Олар Алламен қатар, басқаны құдай тұтып жалбарынбайды. Алла өлтіруді харам еткен тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе, күнәсінің жазасын тартады. Қиямет күні оның азабы еселене түседі және ол сол азаптың ішінде мәңгі-бақи қор болып қалады. Ал кімде-кім тәубеге келсе әрі иман келтіріп, игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа айналдырады. Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді!».1

Ибн Аббас былай деді: «Алла олардың Өзіне ортақ қосуын иманға, зиналарын арлылыққа ауыстырады”, – деді. Сондай-ақ мына аят түсті: ﴿قُلْ يَٰعِبَادِىَ ٱلَّذِينَ أَسْرَفُوا۟ عَلَىٰٓ أَنفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا۟ مِن رَّحْمَةِ ٱللَّهِ إِنَّ ٱللَّهَ يَغْفِرُ ٱلذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُۥ هُوَ ٱلْغَفُورُ ٱلرَّحِيمُ﴾ «Құлдарыма мына сөзімді айтып жеткіз: “Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!”»2».3

Түсіндірме

Бұл тақырыпқа қатысты түсіндірме жоғарыда өтсе де, осы жерде ибн Кәсирдің бір түсіндірмесін айта кетейік. Ол былай дейді: «Осы аят кәпір мен кәпір болмаған барлық күнәһарларды тәубеге, Хақ тағалаға бет бұруға шақыруда және Алла Тағаланың күнәдан тәубе еткен жағдайда барлық күнәларды кешіретінін айтып тұр, күнә қандай болса да, қаншалықты жөн болса да, тіпті теңіз суының көбігіндей көп болса да, бәрібір. Алайда бұл кешірім тәубе етпеушілерді де қамтиды деу дұрыс емес. Өйткені Аллаға серік қосу тәубесіз кешірілмейді». Ибн Кәсир сөзінің соңында ибн Аббастың аталмыш хадисін осы пікіріне дәлел етіп көрсетеді.

  1. 1«Фурқан» сүресі, 68-70-аяттар
  2. 2«Зүмәр» сүресі, 53-аят
  3. 3Нәсәи, Тахрим әд-дәм 2 (7, 86); Бұхари, Тәпсір, Зүмәр 1; Мүслим, Иман 193, (122); Әбу Дәуіт, Фитән 6 (4273).
770
Кутуб ситтә, № 770 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әсма бинт Язид

وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ: ﴿يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا﴾ وَلَا يُبَالِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әсма бинт Язид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Уа, күнәға батып, өздеріне қиянат жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Шынында, Алла барлық күнәларды кешіреді” деп оқығанын естідім».1

Алла елшісі (с.а.с.) аяттың осы үзіндісінен кейін: «Құлдары қандай күнә істегеніне қарамайды», – деді.2

Түсіндірме

Тирмизидегі риуаятта وَلَا يُبَالِي тіркесі кешірімнің кеңдігін түсіндіреді. «Зүмәр» сүресінің 53-аяты «Рахим» сөзімен аяқталады.

Ахмад ибн Ханбалдың риуаятында إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا وَلَا يُبَالِي إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ түрінде келгені айтылады. Кейбір ғалымдар осы риуаяттарға қарап, وَلَا يُبَالِي сөзінің насых болған уахи екенін айтты. Алайда көпшілігі бұл тіркесті Алла елшісінің (с.а.с.) аятқа берген түсіндірмесі деп қабылдаған.

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 53-аят Аяттың толық нұсқасы: " (Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!"
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3237, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3235).
771
Кутуб ситтә, № 771 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ حَبْرٌ مِنَ الْيَهُودِ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ يَا مُحَمَّدُ، إِنَّ اللَّهَ يَضَعُ السَّمَاءَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالْأَرَضِينَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالْجِبَالَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالشَّجَرَ وَالْأَنْهَارَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَسَائِرَ الْخَلْقِ عَلَى أَصْبُعٍ؛ ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ، فَضَحِكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَقَالَ: وَمَا قَدَرُوا اللَّهَ حَقَّ قَدْرِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Бір яһуди ғалымы Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Мұхаммед, Алла көк жүзін бір саусақтың үстіне, жерлерді бір саусақтың үстіне, тауларды бір саусақтың үстіне, ағаштар мен өзендерді бір саусақтың үстіне, басқа жаратылыстарды бір саусақтың үстіне қойып: ‘Мен – Патшамын’, – дейді”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күліп, “Олар Алланы лайықты түрде танып, бағалай алмады”1 деген аятты оқыды».2

Түсіндірме

Ибраһим Жанан жинағында Алла елшісіне (с.а.с.) келген кісі Жәбірейіл деп берілген. Тирмизидегі түпнұсқада бір яһудидің келгені, ал Бұхари мен Мүслимде оның яһуди ғалымы екені айтылады. Негізінде, риуаяттың мазмұны да оның исраилиятқа жататынын көрсетеді. Тіпті кейбір кәламшылар Расулалланың (с.а.с.) (күлу, аят оқу секілді) әрекеттерін әлгі яһудиді растау емес, керісінше сөзін терістеу деп түсінген. Алайда имам Нәуәуи Расулалланың (с.а.с.) күлуін растау деп түсінген және дәлел ретінде аят оқығанын айтқан. Негізінде, Мүслимнің риуаятында осы хадистің мәтінінде: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудидің сөзіне таңданып күлді де, оны растап мына аятты оқыды...» – дейді. Нәуәуи бұл қосымшаның риуаят етуші тарапынан қосылғанын айтады. Бірақ риуаят етушінің кім екендігін айтпаған. Ибн Хажар мұндай ұғымдарды түсіндіргенде жорамал жасамаған абзал дейді. Алайда «қол, саусақ» секілді сөздер «Алланың құдіреті, ісі» деген болжамдар айтылады. Хадистің кейбір нұсқасында «асабиғур-рахман» (Рахманның саусақтары) тіркесінің кездескеніне қарап ибн Фурақ оның «құдірет» немесе «періште»-ні білдіретінін айтты.

«Сүр үрленетін күні де бар билік бір Өзіне тиесілі болады»3 деген аятта анық айтылғандай, бұл аятта да «қиямет күні жер мен күллі аспан әлемі Оның «уысы» мен «оң қолында» болады» дегенде, бар билік бір Аллаға тиесілі болады, күллі жаратылыс атаулы Алланың иелігінде болады деген мағына меңзеледі. Яғни бұл аятта келген Аллаға қатысты «уыс» және «оң қол» – құдіреті шексіз Алланың шексіз билігін білдіретін хабари сипаттар болып табылады.

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 67-аят Аяттың жалғасы: "... Дегенмен қиямет күні жер түгелдей Оның уысында, ал күллі аспан әлемі шиыршықталып бүктелген күйде Оң қолында болады...".
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Зүмәр», 2 (№4811), «Тәухид», 19, 26, 36. Мүслим, «Сифат әл-қияма», 19 (№2786). Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3238–3239, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3236). Бұхари мен Мүслимнің аталған нұсқаларында Пайғамбарға келген адам «яһуди ғалымы» деп көрсетілген. Ибраһим Жанан жинағындағы «Жәбірейіл» атауы осы дереккөздер бойынша түзетілді.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 73-аят
772
Кутуб ситтә, № 772 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَطْوِي اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ السَّمَاوَاتِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ ثُمَّ يَأْخُذُهُنَّ بِيَدِهِ الْيُمْنَى. ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ. أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟ ثُمَّ يَطْوِي الْأَرْضَ بِشِمَالِهِ. ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ. أَيْنَ الْجَبَّارُونَ؟ أَيْنَ الْمُتَكَبِّرُونَ؟». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Алла Тағала қиямет күні көктерді бүктеп, оң қолына алады да: ‘Мен – Патшамын! Озбырлар қайда? Тәкаппарлар қайда?’ – дейді. Содан кейін жерді сол қолымен бүктеп: ‘Мен – Патшамын! Озбырлар қайда? Тәкаппарлар қайда?’ – дейді”».1

Түсіндірме

Осындай аят-хадистерде кездесетін «екі қол» сөзі жайлы мұсылмандар арасында пікірталастар болған. Өйткені Құранда Алла لَيْسَ كَمِثْلِهِ شَىْءٌ «Оның ешбір ұқсасы жоқ»2 деп сипатталған. Аллаға екі қол телу басқа мүшелерінің де бар екенін ойға түсіреді, нәтижеде, Алла жаратылыстарға, адамға ұқсатылады. Тіпті кезінде Мушаббиһа деген ағым пайда болған. Кейбіреулері (Муғтазила секілді) теңеуден қашу үшін Аллаға сипат беруді жоққа шығарады, олар Муаттила деп аталады.

Әһл-сүннет уәл-жамағаттың кейінгі кезеңдердегі ғалымдары осындай сипаттарды тәуил етуді негізге алған. Олар «екі қол» сөзі «құдірет» деген мағынада қолданылған дейді. Өйткені адамдар күш-құдіретке қатысты істерді қолдарымен жасайды. Қол – құдіреттің белгісі. Біз көрмейтін һәм көре алмайтын илаһи ақиқаттарды біздің түсінігімізге сәйкес түсіндіру үшін Алла Тағала осындай жолды таңдаған. Имам Нәуәуидің Мүслимнің хадис жинағына жасаған түсіндірмесінде жазылғандай, «оң қол», «сол қол» теңеулері мысалды толықтыру үшін айтылған. Өйткені біз өзіміз құнды санайтын нәрселерді оң қолмен, басқаларын сол қолмен ұстаймыз. Сондай-ақ біз үшін оң қолдың күші көп. Көк жүзі жерден үлкен болғандықтан оны оң қолға, ал көктерден кішкентай болған жерді сол қолға теңеп, метафораны өте түсінікті етіп берген. Ақиқатында, бір нәрсенің Аллаға ауыр не жеңіл келетінін айта алмаймыз. Оның құдіретінің қасында барлық жаратылыс бірдей. Бұл – тек біздің түсінуімізді жеңілдету үшін қолданылған теңеу түрі. Қади Ияд риуаятта кездесетін «түру, уыстау, алу» секілді сөздердің «жинау» деген мағынаны білдіретінін айтады: «Мұндай риуаяттарда кездесетін «екі қол» секілді ауыспалы мағынадағы сөздердің тура мағынасын Алла біледі. Біз Алла Тағалаға және Оның сипаттарына иман келтіреміз, Оған ешбір нәрсені ұқсатпаймыз, Оны да ешбір нәрсеге ұқсатпаймыз. Оның ешбір ұқсасы жоқ. Бүкіл нәрсені толығымен еститін де, көретін де бір Алла. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) не айтса да ақиқат, шындық. Бір нәрсені түсінсек те, оны Алланың нәсіп етуімен түсіндік. Түсінбегендерімізге иман етіп, ілімін Алла Тағалаға тапсырамыз».

  1. 1Бұхари, Тәухид 19; Мүслим, Сипатул-мунафиқин 24, (2788); Әбу Дәуіт, Суннәт 21, (4736).
  2. 2«Шура» сүресі, 11-аят