Хадис

Кутуб ситтә, № 771

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
90. «Зүмәр» сүресі
Нөмірі
№ 771 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
771
Кутуб ситтә, № 771 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ حَبْرٌ مِنَ الْيَهُودِ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ فَقَالَ يَا مُحَمَّدُ، إِنَّ اللَّهَ يَضَعُ السَّمَاءَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالْأَرَضِينَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالْجِبَالَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَالشَّجَرَ وَالْأَنْهَارَ عَلَى أُصْبُعٍ، وَسَائِرَ الْخَلْقِ عَلَى أَصْبُعٍ؛ ثُمَّ يَقُولُ: أَنَا الْمَلِكُ، فَضَحِكَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَقَالَ: وَمَا قَدَرُوا اللَّهَ حَقَّ قَدْرِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Бір яһуди ғалымы Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Мұхаммед, Алла көк жүзін бір саусақтың үстіне, жерлерді бір саусақтың үстіне, тауларды бір саусақтың үстіне, ағаштар мен өзендерді бір саусақтың үстіне, басқа жаратылыстарды бір саусақтың үстіне қойып: ‘Мен – Патшамын’, – дейді”, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күліп, “Олар Алланы лайықты түрде танып, бағалай алмады”1 деген аятты оқыды».2

Түсіндірме

Ибраһим Жанан жинағында Алла елшісіне (с.а.с.) келген кісі Жәбірейіл деп берілген. Тирмизидегі түпнұсқада бір яһудидің келгені, ал Бұхари мен Мүслимде оның яһуди ғалымы екені айтылады. Негізінде, риуаяттың мазмұны да оның исраилиятқа жататынын көрсетеді. Тіпті кейбір кәламшылар Расулалланың (с.а.с.) (күлу, аят оқу секілді) әрекеттерін әлгі яһудиді растау емес, керісінше сөзін терістеу деп түсінген. Алайда имам Нәуәуи Расулалланың (с.а.с.) күлуін растау деп түсінген және дәлел ретінде аят оқығанын айтқан. Негізінде, Мүслимнің риуаятында осы хадистің мәтінінде: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) яһудидің сөзіне таңданып күлді де, оны растап мына аятты оқыды...» – дейді. Нәуәуи бұл қосымшаның риуаят етуші тарапынан қосылғанын айтады. Бірақ риуаят етушінің кім екендігін айтпаған. Ибн Хажар мұндай ұғымдарды түсіндіргенде жорамал жасамаған абзал дейді. Алайда «қол, саусақ» секілді сөздер «Алланың құдіреті, ісі» деген болжамдар айтылады. Хадистің кейбір нұсқасында «асабиғур-рахман» (Рахманның саусақтары) тіркесінің кездескеніне қарап ибн Фурақ оның «құдірет» немесе «періште»-ні білдіретінін айтты.

«Сүр үрленетін күні де бар билік бір Өзіне тиесілі болады»3 деген аятта анық айтылғандай, бұл аятта да «қиямет күні жер мен күллі аспан әлемі Оның «уысы» мен «оң қолында» болады» дегенде, бар билік бір Аллаға тиесілі болады, күллі жаратылыс атаулы Алланың иелігінде болады деген мағына меңзеледі. Яғни бұл аятта келген Аллаға қатысты «уыс» және «оң қол» – құдіреті шексіз Алланың шексіз билігін білдіретін хабари сипаттар болып табылады.

  1. 1«Зүмәр» сүресі, 67-аят Аяттың жалғасы: "... Дегенмен қиямет күні жер түгелдей Оның уысында, ал күллі аспан әлемі шиыршықталып бүктелген күйде Оң қолында болады...".
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Зүмәр», 2 (№4811), «Тәухид», 19, 26, 36. Мүслим, «Сифат әл-қияма», 19 (№2786). Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3238–3239, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3236). Бұхари мен Мүслимнің аталған нұсқаларында Пайғамбарға келген адам «яһуди ғалымы» деп көрсетілген. Ибраһим Жанан жинағындағы «Жәбірейіл» атауы осы дереккөздер бойынша түзетілді.
  3. 3«Әнғам» сүресі, 73-аят