وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ: ﴿يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لَا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا﴾ وَلَا يُبَالِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Әсма бинт Язид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) “Уа, күнәға батып, өздеріне қиянат жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Шынында, Алла барлық күнәларды кешіреді” деп оқығанын естідім».1
Алла елшісі (с.а.с.) аяттың осы үзіндісінен кейін: «Құлдары қандай күнә істегеніне қарамайды», – деді.2
Түсіндірме
Тирмизидегі риуаятта وَلَا يُبَالِي тіркесі кешірімнің кеңдігін түсіндіреді. «Зүмәр» сүресінің 53-аяты «Рахим» сөзімен аяқталады.
Ахмад ибн Ханбалдың риуаятында إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا وَلَا يُبَالِي إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ түрінде келгені айтылады. Кейбір ғалымдар осы риуаяттарға қарап, وَلَا يُبَالِي сөзінің насых болған уахи екенін айтты. Алайда көпшілігі бұл тіркесті Алла елшісінің (с.а.с.) аятқа берген түсіндірмесі деп қабылдаған.
- 1«Зүмәр» сүресі, 53-аят Аяттың толық нұсқасы: " (Уа, Мұхаммед! Оларға Менің мына сөзімді жеткіз): «Уа, күнәға батып, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан һәм өздеріне берілген түрлі нығметтер, сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай зая қылған құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер! Өйткені Алла барлық күнәларды кешіреді. Шүбәсіз, Ол – Ғафур (құлдарының күнәлары қаншалықты ауыр болса да тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (ерекше мейірімді)!"
- 2Тирмизи, «Тәпсір», «Зүмәр» (№3237, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3235).