Хадис

«Иәсин» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 87-тарау · 5 хадис · № 758–762

Хадистер

758
Кутуб ситтә, № 758 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әнәс

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: لِكُلِّ شَيْءٍ قَلْبٌ وَقَلْبُ الْقُرْآنِ يَس؛ وَمَنْ قَرَأَهَا كَتَبَ اللَّهُ تَعَالَى لَهُ بِقِرَاءَتِهَا قِرَاءَةَ الْقُرْآنِ عَشْرَ مَرَّاتٍ دُونَ يٰسٓ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізеді: «Әр нәрсенің бір жүрегі бар. Құранның жүрегі – “Иәсин”. Кім осы сүрені оқыса, Алла оған “Иәсинді” қоспағанда, Құранды он рет оқығанның сауабын жазады».1

Түсіндірме

Хадистегі «жүрек» сөзі «өзек, негіз» дегенді білдіреді. «Иәсин» сүресі – Құран кәрімнің жүрегі» деген сөздер «Құран кәрімде айтылатын негізгі мәселелер осы сүреде жинақталып берілген» дегенді білдіреді. Имам Ғазали: «Құран кәрімнің ең маңызды идеясының иман екенін, ал оның хашырды (қайта тірілуді) растау арқылы кәміл болатынын, «Иәсин» сүресінде хашыр мәселесі өте керемет баяндалғаны, соған байланысты Құранның «жүрегі» деген сипатқа ие болғанын» айтқан. Атақты тәпсірші Фахруддин Рази де осы пікірді құптаған.

«Иәсин»-ді оқудың он есе сауапқа кенелтуіне келсек, былай деуге болады: қандай амалдың қанша сауапқа кенелтетіні Алланың қалауына байланысты. Алла Тағала «Иәсин» үшін осылай белгілеген екен, ардақты Пайғамбар да (с.а.с.) соны сол күйінде жеткізген, біз де соны солай қабылдап, иман келтіруіміз керек.

  1. 1Тирмизи, «Сауаб әл-Құран», 7 (№2887, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №2889).
759
Кутуб ситтә, № 759 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ بَنُو سَلَمَةَ فِي نَاحِيَةِ الْمَدِينَةِ فَأَرَادُوا النُّقْلَةَ إِلَى قُرْبِ الْمَسْجِدِ فَنَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: إِنَّا نَحْنُ نُحْيِ الْمَوْتَى وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا وَآثَارَهُمْ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ آثَارَكُمْ تُكْتَبُ. فَلَمْ يَنْتَقِلُوا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: Сәләма ұрпақтары Мәдинаның шет жағында тұратын. Олар Пайғамбар мешітіне жақын жерге көшкісі келді. Осыған байланысты мына аят түсті: ﴿إِنَّا نَحْنُ نُحْىِ ٱلْمَوْتَىٰ وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا۟ وَءَاثَٰرَهُمْ وَكُلَّ شَىْءٍ أَحْصَيْنَٰهُ فِىٓ إِمَامٍ مُّبِينٍ﴾ «Өлілерді қайта тірілтетін мына Біз! Һәм Біз адамдардың дүниеде өз қолымен істеп, ақиретке жолдаған сауаптары мен күнәларын және арттарында қалған жақсылықтары мен жамандықтарын түгелдей жазып алудамыз. Біз онсыз да барлық нәрсені жіпке тізіп, ап-айқын Кітапқа жазып қойдық»1. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аяқ іздерің (басқан әрбір қадамдарың сауап болып) жазылып жатыр», – деді. Сөйтіп, олар көшпей қалды.2

Түсіндірме

Сәләма ұрпақтары – ансарлық бір топ. Бұхаридегі бір риуаят бойынша, үйлері мешіттен алыс болғандықтан, барып-келгенде біршама қиналатын. Осы машақаттан құтылу үшін, үйлерін мешітке жақын жерге көшіріп алғылары келеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаның (кейбір жерлерінің) бос қалғанын қаламай: «Басқан қадамдарыңның сауабын елестете аласыңдар ма?» деп қарсы шығады.

Жақсылық жолында басқан әрбір қадамға сауап жазылатыны жоғарыдағы аятта айтылған. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соған сүйеніп Сәләма ұрпақтарына нақты ойын айтқан. Негізінде, аяттағы «асар» сөзі екі түрлі мағынаны білдіреді: аяқ іздері және артта қалған туындылар. Олай болса, мешітке немесе игі іске бара жатып аттаған әрбір қадам аяттың сүйіншісіне ортақ болғаны секілді қайтыс болған адамның артына қалдырған әрбір пайдалы туынды да осы категорияға кіреді.

Рас, аятта жақсы туынды деп нақты айтылмаған. Демек, артта қалған туынды жаман болса, оның да күнәсі өлімінен кейін келеді, жалғасады деген сөз.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 12-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Иәсин» (№3226, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3224).
760
Кутуб ситтә, № 760 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ بِمَدِينَةِ أَنْطَاكِيَّةَ فِرْعَوْنٌ مِنَ الْفَرَاعِنَةِ فَبَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى إِلَيْهِمُ الْمُرْسَلِينَ، وَهُمْ ثَلَاثَةٌ قَدَّمَ اثْنَيْنِ فَكَذَّبُوهُمَا فَقَوَّاهُمْ بِثَالِثٍ فَلَمَّا دَعَتْهُ الرُّسُلُ وَصَدَعَتْ بِالَّذِي أُمِرَتْ بِهِ وَعَابَتْ دِينَهُ. قَالَ لَهُمْ: إِنَّا تَطَيَّرْنَا بِكُمْ؛ قَالُوا طَائِرُكُمْ مَعَكُمْ: أَيْ مَصَائِبُكُمْ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Антакия қаласын перғауындардың бірі билейтін. Алла Тағала сол жердің халқына елшілер жіберді. Алғашында екі елші жіберді. Халық екеуін де өтірікшіге шығарған соң, Алла үшінші елшіні жәрдемге жіберді. Елшілер оларды дінге шақырып, бұйырылған нәрселерді жеткізіп, олардың ұстанған діндерінің дұрыс емес екенін айтқан кезде, олар пайғамбарларға: “Мына сендер біз үшін жаман ырым болдыңдар, сендердің кесірлеріңнен бақытсыздыққа ұшырамасақ етті. Егер мына істеріңнен тыйылмасаңдар, сендерді таспен атқылаймыз (бораған тастың астына аламыз), сөйтіп біздің аяусыз азабымызға тап боласыңдар!” – деп сес көрсетті. Пайғамбарлар оларға: “Жаман ырымдарың өздеріңмен бірге! Бастарыңа түскен кесапаттарың өздеріңнен. Сонда, насихат арқылы ақиқат естеріңе салынып, ескертілгендеріңді де жамандыққа жорисыңдар ма?! Анығында, сендер (Алланың адам бойына дарытқан көптеген сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай қор қылып жүрген) шектен шыққан қауымсыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Антакия қаласына жіберілген алғашқы екі елшіні кейбір тәпсіршілер әзірет Исаның хауарилары Юханна мен Павлос деп айтады, ал кейіннен келген үшінші елшіні Шамғун деп көрсетеді.

Олардың қауымы жаңадан келген дінді, тәухид дінін ұнатпай, оны «жаман ырым» деп айтқан. Тәухид діні – рухани тәртіп орнататын дін. Азғындаған, қалай болса солай өмір сүрген адамдардың жаңа тәртіпке үйренісуі қиынға соғады. Ұнамсыз нәрсеге «бақытсыздық әкеледі» деп, ұнатқан нәрсесіне «бақыт әкеледі» деп айту – адасқан адамдардың өмірлік ұстанымы. Тура жолдағылар жақсылық атаулыны Алладан деп біліп, шүкіршілік етеді, ал жамандықты нәпсісінен көріп, Алладан кешірім сұрайды. Осылайша жақсылық көрсе де, жамандық келсе де, құлшылыққа жүгінеді.

Аят кәрима баяндаған тағы бір маңызды мәселе – адасқан адамдардың екінші сипаты – зұлымдық. Барлық жерде барлық уақытта кәпірлер мен дінсіздер тура жолдағыларға, өздері секілді өмір сүрмейтіндерге ауыр зұлымдықтар жасаған және жасауды жалғастыруда.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 18-19-аяттар
761
Кутуб ситтә, № 761 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَجَاءَ مِنْ أَقْصَى الْمَدِينَةِ رَجُلٌ يَسْعَى إِلَى قَوْلِهِ: وَجَعَلَنِي مِنَ الْمُكْرَمِينَ. قَالَ: نَصَحَ قَوْمَهُ حَيًّا وَمَيِّتًا». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Содан шаһардың арғы басынан бір кісі жүгіріп келді де: “Уа, жарандар! Мына елшілерге еріңдер!” “Істеген игілікті істері үшін сендерден ақы сұрамайтын әрі хақ жолда жүрген жандарға еріңдер”. “Өзімді жоқтан жаратқанға құлшылық етпей маған не көрініпті? Һәм бәрің де бір күні Оған қайтарыласыңдар”. “Мен Одан өзгені қалай тәңір тұтамын?! Егер Рахман маған қандай да бір зиян тигізуді қаласа, әлгі жалған құдайлардың шапағаты маған түк те пайда бермейді, әрі олар мені (Алланың азабынан) құтқарып қала да алмайды”. “(Егер мен Алладан өзгені тәңір тұтсам), онда мен, сөзсіз, анық адасуда боламын”. “Мен (сендерді жоқтан жаратқан) Раббыларыңа иман еттім, мені тыңдаңдар!” – деп жанашырлықпен насихат айтты. Нәтижеде оған: “Мархабат, жаннатқа кір!” – делінді. Сонда ол: “Еһ, шіркін, қауымым мұны білсе ғой!” “Раббымның мені кешіргенін және ілтипатына бөлеп, ерекше сый-құрмет көрсеткенін білсе ғой!” – деп армандады»1 деген аяттар жайлы былай деді: «Бұл кісі тірісінде де, дүниеден өткенде де қауымының игілігін тіледі».

Түсіндірме

Тәпсіршілердің айтуынша, бұл кісі – Хабибун-Нәжжар атты мүмін. Ол ғалым болған. Әзірет Исаның (а.с.) сипаттары мен пайғамбар болатын уақытын кітаптарынан көріп, Алла елшісіне сенген еді. Қауымы елшілерді жоққа шығарған кезде, оларға жәрдем беруге тырысып, аяттағы сөздерді айтқан. Алайда аяттан байқағанымыздай, қауымы оған тас боратып, сол заматта шейіт еткен.

Хабибун-Нәжжардың елшілерге қатысты қолданған бір сипаты назар аудартады: «сендерден ақы сұрамайтын ол адамдар». Дінді насихат етушілердің өзінің уағыз-насихаты үшін ақы талап етпеуі, не қаласа да Алладан сұрауы, бүкіл ісін тек Алланың ризалығы үшін істеуі – бәрі де олардың өзгелерге ықпалын арттыратын істер.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 20-27-аяттар
762
Кутуб ситтә, № 762 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ عِنْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ فَقَالَ: يَا أَبَا ذَرٍّ أَتَدْرِي أَيْنَ تَذْهَبُ الشَّمْسُ؟ قُلْتُ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: تَذْهَبُ تَسْجُدُ تَحْتَ الْعَرْشِ فَتَسْتَأْذِنُ فَيُؤْذَنَ لَهَا، وَيُوشَكُ أَنْ تَسْجُدَ فَلَا يُقْبَلُ مِنْهَا، وَتَسْتَأْذِنُ فَلَا يُؤْذَنُ لَهَا فَيُقَالُ لَهَا، ارْجِعِي مِنْ حَيْثُ جِئْتِ فَتَطْلُعُ مِنْ مَغْرِبِهَا. فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَهَا الْآيَة. قَالَ: أَتَدْرُونَ مَتَى ذَلِكَُمْ؟ ذَلِكَ حِينَ لَا يَنْفَعُ نَفْسًا إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِنْ قَبْلُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен Расулалламен (с.а.с.) бірге мешітте болған кезімде, Күн батып бара жатқан еді. Маған: “Уа, Әбу Зәрр, Күннің қайда бара жатқанын білесің бе?” – деп сұрады. “Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі”, – дедім. “Арштың астына сәжде жасауға бара жатыр. Сәжде жасаған соң рұқсат сұрайды. Өзіне рұқсат беріледі. Сәжде жасаса да онысы қабыл болмайтын уақыт жақындады. Сол кезде рұқсат сұрайды, бірақ берілмейді, оған: ‘Келген жеріңе қайт’ делінеді. Сонда Күн батыстан шығады. Міне, осыны мына аят баяндайды: ‘Күн де оларға бір айғақ: ол өзінің жолымен, болмыстағы мінсіз жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, өзі үшін белгіленген ақтық межеге қарай ағып барады...’”1, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрі қарай: “Осы құбылыс қашан болатынын білесіңдер ме? Бұл – бұған дейін иман келтірмеген адамға енді иман келтіруі пайда бермейтін уақыт”, – деді».2

Түсіндірме

Осы риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайыпқа және болашаққа қатысты кейбір мәселелерді біршама теңеулермен адамның түсінуіне жеңілдетіп жеткізген. «Күннің рұқсат сұрауы», негізінде, «Күнге жауапты періштелердің рұқсат сұрауы» екенін астарлап жеткізген. Біздің сеніміміз бойынша, барлық нәрсенің өзіне жауапты періштелері бар, өзі бағынатын заңдылықтар бойынша өз міндетін орындайды, көктен жауатын жаңбырдың әрбір тамшысының да жауапты періштелері бар, демек, Күн секілді сан алуан қызметі бар алып аспан денесінің де жауапты періштелері бар.

Ибн Баттал тәрізді кейбір ғалымдар Күннің тіл бітіп, Алла Тағаладан рұқсат сұрайтынын айтқан. Мұның сырын білмесек те, жансызға жан бітіру Алланың құдіретіне жатады.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 38-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Иәсин», 1, «Бәд әл-халқ», 4, «Тәухид», 22–23. Мүслим, «Иман», 250 (№159). Тирмизи, «Тәпсір», «Иәсин» (№3227, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3225).