Хадис

Кутуб ситтә, № 759

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
87. «Иәсин» сүресі
Нөмірі
№ 759 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
759
Кутуб ситтә, № 759 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ بَنُو سَلَمَةَ فِي نَاحِيَةِ الْمَدِينَةِ فَأَرَادُوا النُّقْلَةَ إِلَى قُرْبِ الْمَسْجِدِ فَنَزَلَتْ هَذِهِ الْآيَةُ: إِنَّا نَحْنُ نُحْيِ الْمَوْتَى وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا وَآثَارَهُمْ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ آثَارَكُمْ تُكْتَبُ. فَلَمْ يَنْتَقِلُوا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: Сәләма ұрпақтары Мәдинаның шет жағында тұратын. Олар Пайғамбар мешітіне жақын жерге көшкісі келді. Осыған байланысты мына аят түсті: ﴿إِنَّا نَحْنُ نُحْىِ ٱلْمَوْتَىٰ وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا۟ وَءَاثَٰرَهُمْ وَكُلَّ شَىْءٍ أَحْصَيْنَٰهُ فِىٓ إِمَامٍ مُّبِينٍ﴾ «Өлілерді қайта тірілтетін мына Біз! Һәм Біз адамдардың дүниеде өз қолымен істеп, ақиретке жолдаған сауаптары мен күнәларын және арттарында қалған жақсылықтары мен жамандықтарын түгелдей жазып алудамыз. Біз онсыз да барлық нәрсені жіпке тізіп, ап-айқын Кітапқа жазып қойдық»1. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аяқ іздерің (басқан әрбір қадамдарың сауап болып) жазылып жатыр», – деді. Сөйтіп, олар көшпей қалды.2

Түсіндірме

Сәләма ұрпақтары – ансарлық бір топ. Бұхаридегі бір риуаят бойынша, үйлері мешіттен алыс болғандықтан, барып-келгенде біршама қиналатын. Осы машақаттан құтылу үшін, үйлерін мешітке жақын жерге көшіріп алғылары келеді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Мәдинаның (кейбір жерлерінің) бос қалғанын қаламай: «Басқан қадамдарыңның сауабын елестете аласыңдар ма?» деп қарсы шығады.

Жақсылық жолында басқан әрбір қадамға сауап жазылатыны жоғарыдағы аятта айтылған. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) соған сүйеніп Сәләма ұрпақтарына нақты ойын айтқан. Негізінде, аяттағы «асар» сөзі екі түрлі мағынаны білдіреді: аяқ іздері және артта қалған туындылар. Олай болса, мешітке немесе игі іске бара жатып аттаған әрбір қадам аяттың сүйіншісіне ортақ болғаны секілді қайтыс болған адамның артына қалдырған әрбір пайдалы туынды да осы категорияға кіреді.

Рас, аятта жақсы туынды деп нақты айтылмаған. Демек, артта қалған туынды жаман болса, оның да күнәсі өлімінен кейін келеді, жалғасады деген сөз.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 12-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Иәсин» (№3226, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3224).