Хадис

Кутуб ситтә, № 760

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
87. «Иәсин» сүресі
Нөмірі
№ 760 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
760
Кутуб ситтә, № 760 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ بِمَدِينَةِ أَنْطَاكِيَّةَ فِرْعَوْنٌ مِنَ الْفَرَاعِنَةِ فَبَعَثَ اللَّهُ تَعَالَى إِلَيْهِمُ الْمُرْسَلِينَ، وَهُمْ ثَلَاثَةٌ قَدَّمَ اثْنَيْنِ فَكَذَّبُوهُمَا فَقَوَّاهُمْ بِثَالِثٍ فَلَمَّا دَعَتْهُ الرُّسُلُ وَصَدَعَتْ بِالَّذِي أُمِرَتْ بِهِ وَعَابَتْ دِينَهُ. قَالَ لَهُمْ: إِنَّا تَطَيَّرْنَا بِكُمْ؛ قَالُوا طَائِرُكُمْ مَعَكُمْ: أَيْ مَصَائِبُكُمْ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Антакия қаласын перғауындардың бірі билейтін. Алла Тағала сол жердің халқына елшілер жіберді. Алғашында екі елші жіберді. Халық екеуін де өтірікшіге шығарған соң, Алла үшінші елшіні жәрдемге жіберді. Елшілер оларды дінге шақырып, бұйырылған нәрселерді жеткізіп, олардың ұстанған діндерінің дұрыс емес екенін айтқан кезде, олар пайғамбарларға: “Мына сендер біз үшін жаман ырым болдыңдар, сендердің кесірлеріңнен бақытсыздыққа ұшырамасақ етті. Егер мына істеріңнен тыйылмасаңдар, сендерді таспен атқылаймыз (бораған тастың астына аламыз), сөйтіп біздің аяусыз азабымызға тап боласыңдар!” – деп сес көрсетті. Пайғамбарлар оларға: “Жаман ырымдарың өздеріңмен бірге! Бастарыңа түскен кесапаттарың өздеріңнен. Сонда, насихат арқылы ақиқат естеріңе салынып, ескертілгендеріңді де жамандыққа жорисыңдар ма?! Анығында, сендер (Алланың адам бойына дарытқан көптеген сезімдер мен қабілеттерді орынды пайдаланбай қор қылып жүрген) шектен шыққан қауымсыңдар”, – деді».1

Түсіндірме

Антакия қаласына жіберілген алғашқы екі елшіні кейбір тәпсіршілер әзірет Исаның хауарилары Юханна мен Павлос деп айтады, ал кейіннен келген үшінші елшіні Шамғун деп көрсетеді.

Олардың қауымы жаңадан келген дінді, тәухид дінін ұнатпай, оны «жаман ырым» деп айтқан. Тәухид діні – рухани тәртіп орнататын дін. Азғындаған, қалай болса солай өмір сүрген адамдардың жаңа тәртіпке үйренісуі қиынға соғады. Ұнамсыз нәрсеге «бақытсыздық әкеледі» деп, ұнатқан нәрсесіне «бақыт әкеледі» деп айту – адасқан адамдардың өмірлік ұстанымы. Тура жолдағылар жақсылық атаулыны Алладан деп біліп, шүкіршілік етеді, ал жамандықты нәпсісінен көріп, Алладан кешірім сұрайды. Осылайша жақсылық көрсе де, жамандық келсе де, құлшылыққа жүгінеді.

Аят кәрима баяндаған тағы бір маңызды мәселе – адасқан адамдардың екінші сипаты – зұлымдық. Барлық жерде барлық уақытта кәпірлер мен дінсіздер тура жолдағыларға, өздері секілді өмір сүрмейтіндерге ауыр зұлымдықтар жасаған және жасауды жалғастыруда.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 18-19-аяттар