Хадис

«Саффат» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 88-тарау · 4 хадис · № 763–766

Хадистер

763
Кутуб ситтә, № 763 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәмура ибн Жундуб

عَنْ سَمْرَةَ بْنِ جُنْدُبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَجَعَلْنَا ذُرِّيَّتَهُ هُمُ الْبَاقِينَ. قَالَ ﷺ: حَامٌ، وَسَامٌ، وَيَافِثٌ. فَسَامٌ أَبُو الْعَرَبِ، وَحَامٌ أَبُو الْحَبَشِ، وَيَافِثٌ أَبُو الرُّومِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сәмура ибн Жундуб (р.а.) «Сөйтіп, (Нұхтың) ұрпағын жер бетінде (тіршілік етіп) қалатын қылдық»1 деген аятқа қатысты мынаны риуаят етті: «Олар – Хам, Сам және Яфис. Сам – арабтардың, Хам – хабаштардың, ал Яфис – румдардың атасы».2

Түсіндірме

Аят шектеу есімдігі арқылы тек әзірет Нұхтың ғана ұрпағының жалғасатынын айтқан. Өйткені кәпірлердің барлығы топан судың астында қалған. Хам, Сам және Яфис – әзірет Нұхтың (а.с.)ұлдарының аты.

Саид ибн әл-Мусайяб қазіргі адамзаттың әзірет Нұхтың осы үш ұлынан тарағанын айтады: араб, парсы және византиялықтар – Самнан; Түрік, Сақалибә Яжуж бен Мажуж – Яфистен, Мысырлықтар (Қиптилар), Судан және Бәрбәрилер – Хамнан тараған. Уәһб ибн Мунаббиһ те осыған ұқсас нәрселер айтқан.

Бір риуаятта Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сам – Арабтардың, Хам – Хабаштықтардың, Яфис – Румдардың атасы», – деген.

  1. 1«Саффат» сүресі, 77-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Саффат» (№3230–3231, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3228–3229).
764
Кутуб ситтә, № 764 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ وَابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا «فِيمَا يُذْكَرُ عَنْهُمَا: أَنَّ إِلْيَاسَ هُوَ إِدْرِيسُ، وَكَانَ ابْنُ مَسْعُودٍ يَقْرَأُ سَلَامٌ عَلَى إِدْرَاسِينَ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас пен Ибн Мәсғудтан жеткен риуаятта Ілияс пен Ыдырыс (а.с.) бір кісі деп айтылады. Ибн Мәсғуд (р.а.) аятты سَلَامٌ عَلَى إِدْرَاسِينَ «Идрасинге сәлем болсын» деп оқыған.1

Түсіндірме

«Саффат» сүресінде аты аталған Ілияс (а.с.) – Иәсиннің (а.с.) ұлы. Ілияс аятта «Ілиясин» деп берілген. Алайда ол Әл Иәсин деп те оқылады. Қырағатта осы екі нұсқа кездеседі: ال ياسين. Олай болса, аят Әл Иәсин деп оқылса, Әл Иәсин дегені – Ілияс.

Иәсин, сондай-ақ Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) есімдерінің бірі. Кейбір ғалымдар осыны негізге алып: «Әли Иәсин деген – Мұхаммед үмбеті» деген. Демек, әзірет Ильясқа (а.с.) да, әзірет Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетіне де сәлем жолданған. Өйткені сүрені толықтай алып қарасақ, сәлем бөлімінің осы жерде аяқталғанын, әзірет Юнус пен әзірет Нұхтың (с.а.с.) қиссаларына өтіп, олардың ғибратты жағдайларының суреттелгенін көруге болады.

Риуаятта айтылған Идрис пен Ильястың бір адам екендігіне келсек, ибн Кәсир осы риуаятты бергенмен, оған қосымшаны жазбаған, түсіндірме де бермеген. Әзірет Ильястың жеке тұлғасына, тарихи рөліне қатысты исраилияттан бір риуаят жеткізеді, біз оны бұл жерде жазбадық. Пайғамбарлар тарихында Идрис пен Ильяс (а.с.) екі бөлек тұлға ретінде талқыланады, танытылады.

  1. 1Рәзин келтірген. Ибн Кәсир, «Тәпсір», «Саффат» сүресінің 123 және 130-аяттары.
765
Кутуб ситтә, № 765 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб

وَعَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَأَلْتُ النَّبِيَّ ﷺ عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَى: وَأَرْسَلْنَاهُ إِلَى مِائَةِ أَلْفٍ أَوْ يَزِيدُونَ. قَالَ يَزِيدُونَ عِشْرِينَ أَلْفًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) мына аятты сұрадым: ﴿وَأَرْسَلْنَٰهُ إِلَىٰ مِا۟ئَةِ أَلْفٍ أَوْ يَزِيدُونَ﴾ “Һәм оны саны жүз мыңға жететін, тіпті одан да асатын өз қауымына қайта жібердік”1. Маған: “Олар жүз мыңнан жиырма мыңға артық еді” деп жауап берді».2

  1. 1«Саффат» сүресі, 147-аят
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Саффат» (№3229, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3227).
766
Кутуб ситтә, № 766 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَإِنَّا لَنَحْنُ الصَّافُّونَ. قَالَ: الْمَلَائِكَةُ تُصَفُّ عِنْدَ رَبِّهَا تَعَالَى بِالتَّسْبِيحِ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «(Одан пәрмен алып, соны орындау үшін кезек күткен) қатар-қатар сап түзеушілер мына бізбіз»1 аятына қатысты былай деген: «Періштелер Раббысына тәсбих айтқанда қатар-қатар сап түзейді».2

Түсіндірме

Мүслимдегі риуаятта мұсылмандардың намазда періштелер секілді қаз-қатар тұрып сап түзеуі Ислам үмбетінің бір ерекшелігі екендігі айтылады.

  1. 1«Саффат» сүресі, 165-аят
  2. 2Рәзиннің қосымшасы. Мазмұндас риуаяттар Табари, «Тәпсір», 23-т., 67-б. және Мүслим, «Мәсәжид», 4 (№522) еңбектерінде берілген.