Хадис

Кутуб ситтә, № 762

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
87. «Иәсин» сүресі
Нөмірі
№ 762 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
762
Кутуб ситтә, № 762 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ عِنْدَ غُرُوبِ الشَّمْسِ فَقَالَ: يَا أَبَا ذَرٍّ أَتَدْرِي أَيْنَ تَذْهَبُ الشَّمْسُ؟ قُلْتُ: اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَعْلَمُ، قَالَ: تَذْهَبُ تَسْجُدُ تَحْتَ الْعَرْشِ فَتَسْتَأْذِنُ فَيُؤْذَنَ لَهَا، وَيُوشَكُ أَنْ تَسْجُدَ فَلَا يُقْبَلُ مِنْهَا، وَتَسْتَأْذِنُ فَلَا يُؤْذَنُ لَهَا فَيُقَالُ لَهَا، ارْجِعِي مِنْ حَيْثُ جِئْتِ فَتَطْلُعُ مِنْ مَغْرِبِهَا. فَذَلِكَ قَوْلُهُ تَعَالَى: وَالشَّمْسُ تَجْرِي لِمُسْتَقَرٍّ لَهَا الْآيَة. قَالَ: أَتَدْرُونَ مَتَى ذَلِكَُمْ؟ ذَلِكَ حِينَ لَا يَنْفَعُ نَفْسًا إِيمَانُهَا لَمْ تَكُنْ آمَنَتْ مِنْ قَبْلُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Мен Расулалламен (с.а.с.) бірге мешітте болған кезімде, Күн батып бара жатқан еді. Маған: “Уа, Әбу Зәрр, Күннің қайда бара жатқанын білесің бе?” – деп сұрады. “Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі”, – дедім. “Арштың астына сәжде жасауға бара жатыр. Сәжде жасаған соң рұқсат сұрайды. Өзіне рұқсат беріледі. Сәжде жасаса да онысы қабыл болмайтын уақыт жақындады. Сол кезде рұқсат сұрайды, бірақ берілмейді, оған: ‘Келген жеріңе қайт’ делінеді. Сонда Күн батыстан шығады. Міне, осыны мына аят баяндайды: ‘Күн де оларға бір айғақ: ол өзінің жолымен, болмыстағы мінсіз жүйенің тұрақтылығын сақтай отырып, өзі үшін белгіленген ақтық межеге қарай ағып барады...’”1, – деді. Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрі қарай: “Осы құбылыс қашан болатынын білесіңдер ме? Бұл – бұған дейін иман келтірмеген адамға енді иман келтіруі пайда бермейтін уақыт”, – деді».2

Түсіндірме

Осы риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ғайыпқа және болашаққа қатысты кейбір мәселелерді біршама теңеулермен адамның түсінуіне жеңілдетіп жеткізген. «Күннің рұқсат сұрауы», негізінде, «Күнге жауапты періштелердің рұқсат сұрауы» екенін астарлап жеткізген. Біздің сеніміміз бойынша, барлық нәрсенің өзіне жауапты періштелері бар, өзі бағынатын заңдылықтар бойынша өз міндетін орындайды, көктен жауатын жаңбырдың әрбір тамшысының да жауапты періштелері бар, демек, Күн секілді сан алуан қызметі бар алып аспан денесінің де жауапты періштелері бар.

Ибн Баттал тәрізді кейбір ғалымдар Күннің тіл бітіп, Алла Тағаладан рұқсат сұрайтынын айтқан. Мұның сырын білмесек те, жансызға жан бітіру Алланың құдіретіне жатады.

  1. 1«Иәсин» сүресі, 38-аят
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Иәсин», 1, «Бәд әл-халқ», 4, «Тәухид», 22–23. Мүслим, «Иман», 250 (№159). Тирмизи, «Тәпсір», «Иәсин» (№3227, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде №3225).