Хадис

Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер

Кутуб ситтә, 10-том, 707-тарау · 31 хадис · № 4661–4691

Хадистер

4661
Кутуб ситтә, № 4661 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мұғаз

عَنْ مُعَاذِ بْنِ جَبَلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فِي سَفَرٍ فَأَصْبَحْتُ يَوْمًا قَرِيبًا مِنْهُ وَنَحْنُ نَسِيرُ. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَخْبِرْنِي بِعَمَلٍ يُدْخِلُنِي الْجَنَّةَ وَيُبَاعِدُنِي مِنَ النَّارِ. فَقَالَ: لَقَدْ سَأَلْتَ عَنْ عَظِيمٍ، وَإِنَّهُ لَيَسِيرٌ عَلَى مَنْ يَسَّرَهُ اللَّهُ عَلَيْهِ. تَعْبُدُ اللَّهَ لَا تُشْرِكُ بِهِ شَيْئًا، وَتُقِيمُ الصَّلَاةَ، وَتُؤْتِي الزَّكَاةَ، وَتَصُومُ رَمَضَانَ، وَتَحُجُّ الْبَيْتَ. ثُمَّ قَالَ: أَلَا أَدُلُّكَ عَلَى أَبْوَابِ الْخَيْرِ؟ قُلْتُ: بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: الصَّوْمُ جُنَّةٌ، وَالصَّدَقَةُ تُطْفِئُ الْخَطِيئَةَ كَمَا يُطْفِئُ الْمَاءُ النَّارَ، وَصَلَاةُ الرَّجُلِ مِنْ جَوْفِ اللَّيْلِ شِعَارُ الصَّالِحِينَ. ثُمَّ تَلَا قَوْلَهُ تَعَالَى: { تَتَجَافَى جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ }. إِلَى قَوْلِهِ { جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ }. ثُمَّ قَالَ: أَلَا أُخْبِرُكَ بِرَأْسِ الْأَمْرِ وَعَمُودِهِ، وَذِرْوَةِ سَنَامِهِ؟ قُلْتُ: بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: رَأْسُ الْأَمْرِ الْإِسْلَامُ، وَعَمُودُهُ الصَّلَاةُ، وَذِرْوَةُ سَنَامِهِ الْجِهَادُ. ثُمَّ قَالَ: أَلَا أُخْبِرُكَ بِمِلَاكِ ذَلِكَ كُلِّهِ؟ قُلْتُ: بَلَى. قَالَ: كُفَّ عَلَيْكَ هَذَا، وَأَشَارَ إِلَى لِسَانِهِ. قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَإِنَّا لَمُؤَاخَذُونَ بِمَا نَتَكَلَّمُ بِهِ؟ فَقَالَ: ثَكِلَتْكَ أُمُّكَ يَا مُعَاذُ، وَهَلْ يَكُبُّ النَّاسَ فِي النَّارِ عَلَى وُجُوهِهِمْ، أَوْ قَالَ عَلَى مَنَاخِرِهِمْ إِلَّا حَصَائِدُ أَلْسِنَتِهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұғаз ибн Жәбәл (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге сапарда едік. Бір күні таңертең жол үстінде оған жақындап:

– Уа, Алла елшісі, мені жәннатқа кіргізіп, тозақтан алыстататын амалды айтыңызшы, – дедім. Ол:

– Сен зор істі сұрадың. Алла оны кімге жеңілдетсе, сол адамға ол оңай. Аллаға құлшылық ет, Оған еш нәрсені серік қоспа. Намазыңды оқы, зекет бер, Рамазан оразасын тұт және Алланың үйіне қажылық жаса, – деді. Содан соң:

– Саған жақсылықтың есіктерін көрсетейін бе? – деп сұрады.

– Иә, уа, Алла елшісі, – дедім. Ол: «Ораза – қалқан. Садақа судың отты өшіргеніндей күнәні өшіреді. Түн ортасында оқылған намаз – ізгілердің белгісі», – деді де, «Сәжде» сүресінің 16–17-аяттарын оқыды. ﴿تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ ٱلْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَٰهُمْ يُنفِقُونَ ۝ فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّآ أُخْفِىَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَآءًۢ بِمَا كَانُوا۟ يَعْمَلُونَ﴾ «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, қаһарынан қорыққан һәм шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалбарынып дұға етеді. Әрі өздеріне Біз берген ризық-несібенің бір бөлігін ізгілік жолында жұмсайды.1 Дүниеде істеген игі істерінің қарымы ретінде оларды көзайым етіп, зор қуанышқа бөлейтін қандай құпия һәм тосын сый-сияпаттың жасырылғанын жан баласы білмейді». Содан кейін:

– Саған бұл істің басын, тірегін және ең биік шыңын айтайын ба? – деді.

– Иә, уа, Алла елшісі, айтыңыз, – дедім.

– Істің басы – Ислам, тірегі – намаз, ең биік шыңы – жиһад, – деді. Сосын:

– Осының бәрін ұстап тұратын нәрсені айтайын ба? – деді.

– Иә, уа, Алла елшісі, – дедім. Ол тілін көрсетіп: “Мынаны тый”, – деді. Сонда мен:

– Уа, Алла елшісі, айтқан сөздеріміз үшін де жауапқа тартыламыз ба? – деп сұрадым. Ол:

– Әй, Мұғаз, анаң сенен айырылып қалғыр! Адамдарды тозаққа жүздерімен, яки тұмсықтарымен құлататын тілдерінің салған лаңы емес пе?! – деді».2

  1. 1«Сәжде», 16.
  2. 2Тирмизи, Иман 8 (2619).
4662
Кутуб ситтә, № 4662 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Дәрда

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَقَامَ الصَّلَاةَ، وَآتَى الزَّكَاةَ، وَمَاتَ لَا يُشْرِكُ بِاللَّهِ شَيْئًا كَانَ حَقًّا عَلَى اللَّهِ أَنْ يَغْفِرَ لَهُ، هَاجَرَ أَوْ مَاتَ فِي أَرْضِهِ الَّتِي وُلِدَ فِيهَا. فَقُلْنَا: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَلَا نُخْبِرُ بِهَا النَّاسَ فَيَسْتَبْشِرُونَ؟ قَالَ: إِنَّ فِي الْجَنَّةِ مِائَةَ دَرَجَةٍ مَا بَيْنَ كُلِّ دَرَجَتَيْنِ كَمَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ أَعَدَّهَا اللَّهُ لِلْمُجَاهِدِينَ فِي سَبِيلِهِ، وَلَوْلَا أَنْ أَشُقَّ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ وَ لَا أَجِدُ مَا أَحْمِلُهُمْ عَلَيْهِ وَ لَا تَطِيبُ أَنْفُسُهُمْ أَنْ يَتَخَلَّفُوا بَعْدِي مَا قَعَدْتُ خَلْفَ سَرِيَّةٍ، وَلَوَدِدْتُ أَنِّي أُقْتَلُ ثُمَّ أُحْيَا ثُمَّ أُقْتَلُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дарда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.):

– Кім намазын оқып, зекетін беріп, Аллаға еш нәрсені серік қоспай жан тапсырса, мейлі һижрет етсін, мейлі туған жерінде дүние салсын, оны кешіру Алланың өзіне алған міндеті, – деді.

– Уа, Алла елшісі, осыны жұртқа айтып, оларды сүйіншілемейміз бе? – дедік. Ол:

– Жәннатта жүз дәреже бар. Екі дәреженің арасы жер мен көктің арасындай. Алла оларды Өз жолында жиһад еткендерге әзірледі. Егер мүміндерді мінгізетін көлік таппай, олар менімен бірге шыға алмай қалғандарына қиналатын болса, соларға ауыр тимесін деп қалмасам, ешбір жорықтан қалмас едім. Алла жолында қаза тауып, қайта тіріліп, тағы қаза табуды қалар едім, – деді».1

  1. 1Нәсәи, Жиһад 18, (6, 20).
4663
Кутуб ситтә, № 4663 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: مَنْ عَادَى لِي وَلِيًّا فَقَدْ آذَنْتُهُ بِحَرْبٍ، وَمَا تَقَرَّبَ إِلَيَّ عَبْدِي بِشَيْءٍ أَحَبَّ إِلَيَّ مِنْ أَدَاءِ مَا افْتَرَضْتُ عَلَيْهِ، وَلَا يَزَالُ عَبْدِي يَتَقَرَّبَ إِلَيَّ بِالنَّوَافِلِ حَتَّى أُحِبَّهُ، فَإِذَا أَحْبَبْتُهُ كُنْتُ سَمْعَهُ الَّذِي يَسْمَعُ بِهِ، وَبَصَرَهُ الَّذِي يُبْصِرُ بِهِ وَيَدَهُ الَّتِي يَبْطِشُ بِهَا، وَرِجْلَهُ الَّتِي يَمْشِي بِهَا، وَإِنْ سَأَلَنِي أَعْطَيْتُهُ، وَإِنِ اسْتَعَاذَنِي أَعَذْتُهُ، وَمَا تَرَدَّدْتُ عَنْ شَيْءٍ أَنَا فَاعِلُهُ تَرَدُّدِي عَنْ قَبْضِ نَفْسِ عَبْدِي الْمُؤْمِنِ، يَكْرَهُ الْمَوْتَ وَأَنَا أَكْرَهُ مَسَاءَتَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала айтты: “Кім Менің әулие құлыма дұшпандық қылса, Мен оған соғыс жариялаймын. Құлымның Маған жақындау үшін істеген істерінің ішінде өзіне парыз еткен амалдарды орындауынан артық сүйіктісі жоқ. Құлым нәпіл ғибадаттарымен Маған жақындай береді, ақырында Мен оны жақсы көремін. Оны жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы [ойланатын жүрегі, сөйлейтін тілі] боламын. Менен сұраса, беремін. Маған сыйынса, пана боламын. Істейтін ешбір ісімде мүмін құлымның жанын алудағыдай іркілген емеспін. Ол өлімді ұнатпайды, Мен де оның қиналғанын қаламаймын”».1

Түсіндірме

1. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) Раббысынан жеткізген құдси хадистерінің бірі.

2. Хадистегі «әулие» сөзі Алланы таныған, құлшылығын тиісінше атқарып, оны ықыласпен орындаған кісіге қатысты.

3. Кей ғалымдар былай дейді: «Әулие тақуалығымен Алланың достығына ұмтылады. Алла оны дос тұтып, қорғап, жәрдем етуді Өзіне алады. Алланың хикметі бойынша, әулиенің дұшпаны – Алланың да дұшпаны. Сондықтан Алланың әулие құлына дұшпандық еткен кісі Аллаға қарсы соғыс ашқандай болады».

4. Әбул Қасым әл-Қушайри құлдың Аллаға жақындауын былай түсіндіреді: «Құл әуелі иманымен, содан соң ихсанымен Аллаға жақындайды. Алла дүниеде құлына Өзін тануды нәсіп етіп, ақыретте оған разы болу арқылы жақындайды. Осы екі аралықта Алланың алуан нығметі мен сыйы көрінеді. Құлдың Аллаға жақындығы оның жұрттан алшақтауымен кемеліне келеді». Қушайри сөзін былай жалғайды: «Алла ілімі мен құдіреті арқылы барлық адамға жақын. Ерекше құлдарына кеңшілігі мен жәрдемі арқылы, ал әулиелеріне достығымен жақындайды».

5. Хадистен Алланың құлға деген сүйіспеншілігі оның нәпіл ғибадаттарды орындауына байланысты екенін көреміз. Хадистің басында Аллаға ең сүйікті ғибадаттың парыз екені айтылады. Ал нәпіл ғибадаттар арқылы Алланың сүйіспеншілігіне жету туралы сөз парызға ілесе жүретін, оны толықтыратын нәпілдерге қатысты түсіндірілген. Мұны Әбу Умамадан жеткен мына риуаят та қуаттайды: «Уа, Адам баласы, саған парыз еткендерімді өтемейінше, Менің қасымдағыға жете алмайсың».

Фақихани: «Хадистің мәні мынада: құл парыздарды өтеп, намаз, ораза тәрізді ғибадаттардың нәпілдерін үзбей орындаса, Алланың сүйіспеншілігіне жетеді», – дейді. Ибн Хубәйраның да осыған қатысты ескертуі бар: «“Құлым Маған нәпіл ғибадаттармен жақындай береді” деген сөзден нәпілдің парыздың алдына шықпайтыны белгілі болады.

Нәпілдің “нәпіл” аталуы да парызға қосымша болуынан. Сондықтан парыз өтелмейінше, нәпілдің мәні ашылмайды. Кісі парызды орындап, оған нәпілді қосып, екеуін де үзбесе, Аллаға жақындауға деген еркі іс жүзінде көрінеді».

Ибн Хажар бұған былай деп қосады: «Әдетте адамдар бір-біріне міндеттелмеген істері, мысалы сыйлық не тарту арқылы жақындайды. Салығын не ақшалай қарызын өтеген адам жүректерді сыйлық бергендегідей жақындата алмайды. Сол сияқты Алла елшісіне (с.а.с.) шариғат етілген амалдардың арасында парызды толықтыратын нәпілдер бар. Мүслимдегі бір хадисте бұл былай баяндалады: “Қараңдаршы, құлымның парызындағы кемістікті толтыратын нәпілі бар ма екен?”». Демек, «нәпілдермен Аллаға жақындау» үшін әуелі парызды кемеліне келтіріп орындау керек. Парызды бұзуға да, елеусіз қалдыруға да болмайды. Кейбір ізгі кісілер: «Нәпілдің орнына парызды өтеген адам үзірлі. Парыздың орнына нәпілге берілген адам алданған», – деген.

6. Хадистегі түсіндіруді қажет ететін тұстың бірі – Алла Тағаланың құлының еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы, ойланатын жүрегі болуы. Бұл сөзді ғалымдар бірнеше тұрғыдан түсіндірген.

1) Бұл – астарлы мысал. Мағынасы мынадай: «Менің әмірімді бәрінен артық көргендіктен, Мен ол үшін көзі мен құлағындай болдым. Ол бұл мүшелерін қалай жақсы көрсе, Маған бойсұнып, қызмет етуді де солай жақсы көреді».

2) «Ол құлым бар болмысымен Маған ден қояды. Мені разы етпейтін нәрсені тыңдамайды, көзімен тек Мен бұйырған нәрсеге қарайды...»

3) «Мен оған құлағы мен көзі арқылы көздеген мақсатына жетуді нәсіп етемін».

4) «Дұшпанына қарсы жәрдем етуде Мен оған көзі, құлағы, қолы мен аяғы секілді боламын».

5) Фақихани: «Меніңше, хадисте айтылмай, ойда тұрған бір тіркес бар. Мағынасы мынадай: “Еститін құлағын қорғаймын, сонда ол тыңдауға болмайтын нәрсені тыңдамайды. Көзі мен өзге мүшелерін де солай қорғаймын”», – деген. 6) Фақихани мен Ибн Хубәйраның айтуынша, «құлағы» сөзі «естіген нәрсесі» дегенді де білдіруі мүмкін. Араб тілінде қимыл атауы кейде іс-әрекеттің нысанын білдіреді. Сонда хадистің мәні мынадай болады: «Ол Мені еске алудан басқа ештеңені тыңдамайды.

Кітабымды оқудан ғана ләззат алады. Маған мінәжат етуден ғана жұбаныш табады. Жаратқан нәрселерімнің ғажайыптарын ғана ойлайды. Қолын Мен разы болатын іске ғана созып, аяғын да сондай іске қарай басады».

Хаттаби бұл сөздерді мысал ретінде түсіндіреді: «Құл осы мүшелерімен амал еткенде, Алла оған көмектесіп, ол амалдарды оған сүйікті етеді және оңайлатады. Алла оны Өзі ұнатпайтын нәрсені тыңдаудан, тыйғанына көз салудан, адал етілмеген нәрсеге қол тигізуден және аяғымен теріс жолға түсуден сақтайды. Осылайша құлын Өзі разы болмайтын істерден қорғайды».

Хаттаби Алла құлын жақсы көргенде, Өзі ұнатпайтын істерді оған да жек көргізіп, олардан тыятынын айтқан.

7) Хаттабидің тағы бір түсіндіруі бойынша, хадис дұғаның тез қабыл болып, сұралған нәрсенің орындалатынын білдіреді. Адам істерін осы мүшелерімен атқарады. Кей ғалымдар аталған түсініктерге сүйеніп: «Кісі нәпілді үзбей оқып, бір дәрежеге жеткенде, оның барлық мүшесі Алланың жолында, Оның разылығына сай әрекет етеді», – дейді. Бәйхақи «Зуһд» кітабында Әбу Осман әл-Жизидің мына түсіндірмесін келтіреді: «Хадистегі сөздің мәні мынадай: “Құлымның құлағымен естуге, көзімен көруге, қолымен ұстауға және аяғымен жүруге қатысты қажеттерін тез орындаймын”».

7. Хадистегі «құлым Менен сұраса, беремін» деген сөзге қатысты мынадай сауал қойылған: «Талай тақуа табандылықпен дұға еткен, бірақ тілегі орындалмаған ғой». Бұған «Алла дұғаны бірнеше түрде қабыл етеді» деп жауап берген.

• Кейде сұрағанын сол сәтте береді.

• Кейде бір хикметпен кейінірек береді.

• Кейде сұрағанынан басқа нәрсе береді. Кісі сұраған нәрседе игілік болмай, берілген нәрседе игілік болуы мүмкін. Адам өзіне зиянды нәрсені ынтыға сұрайды, Алла оған мейірімімен ақыры қайырлы болатын басқа нәрсені береді.

8. Хадис намаздың мәртебесінің ұлылығын көрсетеді. Намаз құлды Алланың сүйіспеншілігіне бөлейді. Өйткені намаз – мінәжат пен жақындықтың орны. Құл онда араға ешбір дәнекер салмай, Раббысымен оңаша қалады. Оны намаздай қуантатын нәрсе жоқ. Сондықтан хадисте: «Көзімнің нұры намазда», – делінген. Бұл дәрежеге намазда сабырлы болу арқылы жетеді. Ғалымдар намазды сабырмен, үзбей оқуға айрықша мән берген. Өйткені осы жолдағы адам түрлі кесапатқа ұрынып, кейде ынтасы бәсеңдейді. Шайтан да оны тыныш қалдырмайды. Ол осының бәрін сабырмен, табандылықпен жеңуге тиіс.

Хузайфадан (р.а.) жеткен риуаятта намаздың нәтижесіне қатысты мынадай жалғасы бар: «Құлым әулиелерім мен таңдаулы құлдарымның бірі болады. Пайғамбарлармен, шыншылдармен және шейіттермен бірге жәннатта көршім болады».

9. Иләһи көрініс іздеп, риязат жолын ұстанған кейбір надандар осы хадиске сүйеніп: «Жүрек Алланың қорғауына енсе, оған келген ойлар қателіктен пәк болады», – деп шектен шыққан. Мәселені терең зерделеген тариқат өкілдерінің жауабы мынадай: «Жүрекке келген ойлардың Құран мен сүннетке үйлескеніне ғана мән беріледі. Үйлеспегені назарға алынбайды. Исмат, яғни күнә мен қатеден сақталу пайғамбарларға ғана тән. Олардан басқалар қателеседі. Омар (р.а.) жүрегіне илһам берілгендердің алдыңғы қатарында тұрса да, сахабалар кейде оған қарсы пікір айтатын. Сонда ол өз пікірін қалдырып, олардың сөзіне құлақ асатын. Кім Алла елшісі (с.а.с.) жеткізген үкімдердің орнына жүрегіне келген оймен амал ету жеткілікті десе, аса үлкен қателікке ұрынады. Ал одан әрі кетіп, “Жүрегім маған Раббымнан хабар беріп тұр”, – деу бұдан да өрескел қателік. Өйткені жүрегіне келген хабардың шайтаннан еместігіне кепіл жоқ».

10. Сүлеймен әт-Туфи былай дейді: «Бұл хадис – Алланың жолына түсіп, Оны тануға, сүйіспеншілігіне бөленуге және Оның жолына жетуге негіз болатын маңызды қағида. Жәбірейіл хадисінде баяндалған ішкі парыз – иман, сыртқы парыз – Ислам және сол екеуінен туатын ихсан осы хадисте қамтылған. Ихсан Алланың жолындағы кісінің зүһд, ықылас, мұрақаба секілді барлық дәрежесін қамтиды».

11. Адам өзіне міндеттелген амалдарды орындап, нәпілдермен Аллаға жақындаса, хадисте антпен бекітілген шынайы уәдеге сай, оның дұғасы кері қайтарылмайды. Бұған қатысты ескерілуге тиіс жайттар жоғарыда айтылды.

12. Хадис құлдың, ең биік дәрежеге жетіп, Алланың сүйікті құлы атанса да, Одан тілеуден қол үзбейтінін көрсетеді. Өйткені дұғада тағзым мен құлдық көрініс табады.

13. Хадистегі соңғы мәселе – Алланың іркілуі. Хаттаби: «Аллаға қатысты іркілу туралы айтуға болмайды», – деп, бұл сөзді екі түрлі жорыған.

1) «Құл өмірінде ауруға шалдығып, өліммен бетпе-бет келуі немесе кедейлікке ұшырауы мүмкін. Сонда Аллаға жалбарынады. Алла оған саулық беріп, кедейліктен құтқарады. Бұл – бір істі істеуге ниеттеніп, кейін одан бас тартқан кісінің халіне ұқсатылған әрекет. Ал ажалы келгенде өлетіні анық. Өйткені Алла Тағала Өзіне мәңгілікті, құлына өткіншілікті жазған».

2) «Мағынасы мынадай: “Басқа ешбір ісімде елшілерімді мүміннің жанын алуға жібергенімдегідей кері қайтарған емеспін”. Мұсаның қиссасында осылай болған. Мұса ажал періштесінің көзінен ұрып, періште оған бірнеше рет барып келген». Іркілудің мәнін Алланың құлына деген жанашырлығы, мейірімі және оған көрсеткен кеңшілігі деп түсіндіргендер де бар.

  1. 1Бұхари, Риқақ 38.
4664
Кутуб ситтә, № 4664 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Умама

وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ كُلُّهُمْ ضَامِنٌ عَلَى اللَّهِ: رَجُلٌ خَرَجَ غَازِيًا فِي سَبِيلِ اللَّهِ تَعَالَى، فَهُوَ ضَامِنٌ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى حَتَّى يَتَوَفَّاهُ اللَّهُ تَعَالَى فَيُدْخِلَهُ الْجَنَّةَ، أَوْ يَرُدَّهُ بِمَا نَالَ مِنْ أَجْرٍ وَغَنِيمَةٍ، وَرَجُلٌ رَاحَ إِلَى الْمَسْجِدِ، فَهُوَ ضَامِنٌ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى حَتَّى يَتَوَفَّاهُ اللَّهُ تَعَالَى فَيُدْخِلَهُ الْجَنَّةَ. وَرَجُلٌ دَخَلَ بَيْتَهُ بِسَلَامٍ، فَهُوَ ضَامِنٌ عَلَى اللَّهِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Умаманың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Үш адам Алланың кепілдігінде. Бірі – Алла жолында жиһадқа шыққан кісі. Қаза тапса, Алла оны жәннатқа кіргізеді, аман оралса, сауап пен олжаға кенелтеді. Екіншісі – мешітке шыққан кісі. Жан тапсырса, Алла оны жәннатқа кіргізеді. Үшіншісі – үйіне амандықпен кірген кісі. Ол да Алланың кепілдігінде».1

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад 10 (2494).
4665
Кутуб ситтә, № 4665 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ مُعَاذِ بْنِ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ الصَّلَاةَ وَالصِّيَامَ وَالذِّكْرَ تُضَاعَفُ عَلَى النَّفَقَةِ فِي سَبِيلِ اللَّهِ بِسَبْعَمِائَةِ ضِعْفٍ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Мұғаз ибн Әнәстің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Намаздың, оразаның және зікірдің сауабы Алла жолында мал жұмсағанның сауабынан жеті жүз есе артық», – деді.1

Түсіндірме

1. Инфақ – Алла жолында мал жұмсау. Хадис зікірдің сауабы Алла жолында мал жұмсаудың сауабынан әлдеқайда артық екенін білдіреді.

2. Мұндағы зікір тәсбих, тәһлил, тахмид, тәкбір, Құран оқу секілді ғибадаттарды қамтиды. Хадис Алланың жиһад кезінде осы амалдарды істегендерге жүздеген есе сауап беретінін айтады. Мунауидің айтуынша, сауабының қанша еселенуі адамның ниетінің тазалығына және тақуалығына байланысты. Сауапқа ықыласпен бірге оның жүрген жері мен жағдайы да әсер етеді. Өлім қаупі төнген қыстың суық түніндегі жиһадтың сауабы жеңілірек жағдайда орындалған жиһадпен бірдей болмайтыны анық.

Ибн әл-Қайим осы бөлімдегі басқа риуаяттарды да қарастырып, мәселені үш дәрежеге бөліп түсіндіреді.

Бірінші дәреже – зікір мен жиһад. Бұл – ең биік дәреже. Аятта: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوٓا۟ إِذَا لَقِيتُمْ فِئَةً فَٱثْبُتُوا۟ وَٱذْكُرُوا۟ ٱللَّهَ كَثِيرًا لَّعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Жаудың қандай да бір жасағымен бетпе-бет келгенде, табандылық танытыңдар және Алланы көп еске алыңдар, сонда мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер»2, – делінген.

Екінші дәреже – жиһадқа қатыспай, зікір ету. Бұл бірінші дәрежеден төменірек.

Үшінші дәреже – зікірсіз жиһад. Бұл алдыңғы екеуінен де төмен. Зікір етушінің дәрежесі бұдан артық. Өйткені жиһад зікір үшін шариғат етілген. Оның мақсаты – Алланы еске алу, ғибадатты жалғыз Оған арнау, Оны тану, таныту және Оны ғана Тәңір тұту. Зікір – жаратылыстың жаратылу мақсаты.

Ибн әл-Қайимнің (рахимаһуллаһ) бұл түсіндірмесімен келіспеу қиын. Өйткені Исламда жиһад, ең алдымен, мұсылмандардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз ету үшін шариғат етілген. Кәпірлер билеген жерде діни еркіндік болмайды. Олар басып алған жерлерде әуелі ғибадат үйлері қиратылған. Тарихи не сәулеттік құны үшін сақталған мешіттердің есігі құлыптаулы, мұнаралары үнсіз. Балқан елдеріндегі жағдай сондай. Кезінде жүздеген мешіті бар ірі Ислам орталығы болған Софияда бүгінде бір-ақ мешіт қалған. Югославияда да, мысалы, Мостарда аман қалған мешіттерге құлып салынған. Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Ыстанбұл мен Измир жаулап алынғаннан кейін орнаған биліктің ауыртпалығы құлшылық еткен жұртқа айрықша батты. Сол кезеңде мұнарасы құлатылған, қоймаға айналдырылған немесе түгелдей қиратылған мешіттер мыңнан асады, бірақ олардың нақты санын қазір ешкім айта алмайды. Исламның бір жерде үстемдік құруының айқын белгісі – ғибадат үйлерінің болуы. Еркіндіктің белгісі – зікір еркіндігі және қоғам өмірінің парыз зікірлерге сай реттелуі.

Әбуд-Дардадан жеткен бір риуаятта Алла елшісі: «Амалдарыңның ең жақсысын, Раббыларыңның алдында ең тазасын, дәрежелеріңді ең биікке көтеретінін айтайын ба? Ол сендер үшін алтын мен күміс жұмсаудан да, жауға жолығып, бір-біріңнің желкелеріңді шабудан да қайырлы», – деді. Сахабалар: «Иә, уа, Алла елшісі, айтыңыз», – десті. Ол: «Алла Тағаланы еске алу», – деді.

Басқа бір риуаятта Алла елшісінен (с.а.с.): «Қиямет күні Алланың алдында қандай ғибадат иесінің дәрежесі биік?» – деп сұрағанда, ол: «Алланы көп еске алушылардың», – деді. Риуаятты жеткізген Әбу Сағид былай дейді: «“Уа, Алла елшісі, Алла жолында соғысқан кісіден де ме?” – деп сұрадым. Ол: “Алла жолында соғысушы кәпірлер мен мүшріктерді қылышы сынып, өзі қанға боялғанша шапса да, Алланы еске алушының дәрежесі одан биік”, – деді».

  1. 1Әбу Дәуіт, Жиһад 14 (2498).
  2. 2«Әнфал», 45.
4666
Кутуб ситтә, № 4666 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ النُّعْمَانُ بْنُ نَوْفَلٍ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَأَيْتَ إِذَا صَلَّيْتُ الْمَكْتُوبَةَ، وَصُمْتُ رَمَضَانَ، وَأَحْلَلْتُ الْحَلَالَ وَحَرَّمْتُ الْحَرَامَ وَلَمْ أَزِدْ عَلَى ذَلِكَ شَيْئًا، أَأَدْخُلُ الْجَنَّةَ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: وَاللَّهِ لَا أَزِيدُ عَلَى ذَلِكَ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Нуғман ибн Нәуфал: “Уа, Алла елшісі! Парыз намаздарымды оқып, Рамазанда ораза тұтып, адалды адал, харамды харам деп білсем және бұларға ештеңе қоспасам, жәннатқа кіремін бе?” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә”, – деді. Нуғман: “Алланың атымен ант етемін, бұларға ештеңе қоспаймын”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Иман 16, (15).
4667
Кутуб ситтә, № 4667 · тараудағы реті: 7

وَعَنِ الْحَارِثِ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ اللَّهَ تَبَارَكَ وَتَعَالَى أَمَرَ يَحْيَى بْنَ زَكَرِيَّا عَلَيْهِمَا السَّلَامُ بِخَمْسِ كَلِمَاتٍ، أَنْ يَعْمَلَ بِهَا وَأَنْ يَأْمُرَ بَنِي إِسْرَائِيلَ أَنْ يَعْمَلُوا بِهَا، وَإِنَّهُ كَادَ أَنْ يُبْطِئَ بِهَا. فَقَالَ لَهُ عِيسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ: إِنَّ اللَّهَ أَمَرَكَ بِخَمْسِ كَلِمَاتٍ أَنْ تَعْمَلَ بِهَا وَتَأْمُرَ بَنِي إِسْرَائِيلَ أَنْ يَعْمَلُوا بِهَا فَإِمَّا أَنْ تَأْمُرَهُمْ بِهَا، وَإِمَّا أَنْ آمُرَهُمْ أَنَا بِهَا. فَقَالَ يَحْيَى عَلَيْهِ السَّلَامُ: أَخْشَى إِنْ سَبَقْتَنِي بِهَا أَنْ يُخْسَفَ بِي أَوْ أُعَذَّبَ. فَجَمَعَ النَّاسَ فِي بَيْتِ الْمَقْدِسِ فَامْتَلَأَ الْمَسْجِدُ وَقَعَدُوا عَلَى الشُّرَفِ. فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ أَمَرَنِي بِخَمْسِ كَلِمَاتٍ أَنْ أَعْمَلَ بِهِنَّ وَأَنْ آمُرَكُمْ أَنْ تَعْمَلُوا بِهِنَّ: أَوَّلُهُنَّ أَنْ تَعْبُدُوا اللَّهَ لَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا. فَإِنَّ مَثَلَ مَنْ أَشْرَكَ بِاللَّهِ كَمَثَلِ رَجُلٍ اشْتَرَى عَبْدًا مِنْ خَالِصِ مَالِهِ بِذَهَبٍ أَوْ وَرَقٍ وَقَالَ: هَذِهِ دَارِي، وَهَذَا عَمَلِي، فَاعْمَلْ وَأَدِّ إِلَيَّ، فَكَانَ يَعْمَلُ وَيُؤَدِّي إِلَى غَيْرِ سَيِّدِهِ، فَأَيُّكُمْ يَرْضَى أَنْ يَكُونَ عَبْدُهُ كَذَلِكَ؟ وَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى أَمَرَكُمْ بِالصَّلَاةِ، فَإِذَا صَلَّيْتُمْ فَلَا تَلْتَفِتُوا، فَإِنَّ اللَّهَ يَنْصِبُ وَجْهَهُ لِوَجْهِ عَبْدِهِ فِي صَلَاتِهِ مَا لَمْ يَلْتَفِتْ، وَأَمَرَكُمْ بِالصِّيَامِ: فَإِنَّ مَثَلَ ذلِكَ كَمَثَلِ رَجُلٍ فِي عِصَابَةٍ مَعَهُ صُرَّةٌ فِيهَا مِسْكٌ وَكُلُّهُمْ يُعْجِبُهُ رِيحُهَا، وَإِنَّ رِيحَ الصَّائِمِ أَطْيَبُ عِنْدَ اللَّهِ مِنْ رِيحِ الْمِسْكِ، وَأَمَرَكُمْ بِالصَّدَقَةِ: فَإِنَّ مَثَلَ ذلِكَ كَمَثَلِ رَجُلٍ أَسَرَهُ الْعَدُوُّ فَأَوْثَقُوا يَدَيْهِ إِلَى عُنُقِهِ وَقَدَّمُوهُ لِيَضْرِبُوا عَنُقَهُ. فَقَالَ: أَنَا أَفْدِي نَفْسِي مِنْكُمْ بِالْقَلِيلِ وَالْكَثِيرِ فَفَدَى نَفْسَهُ مِنْهُمْ، وَأَمَرَكُمْ أَنْ تَذْكُرُوا اللَّهَ: فَإِنَّ مَثَلَ ذَلِكَ كَمَثَلِ رَجُلٍ خَرَجَ الْعَدُوُّ فِي أَثَرِهِ سِرَاعًا حَتَّى أَتَى عَلَى حِصْنٍ حَصِينٍ فَأَحْرَزَ نَفْسَهُ مِنْهُمْ، وَكَذلِكَ الْعَبْدُ لَا يَحْرِزُ نَفْسَهُ مِنَ الشَّيْطَانِ إِلَّا بِذِكْرِ اللَّهِ تَعَالَى؛ وَقَالَ ﷺ: وَأَنَا آمُرُكُمْ بِخَمْسٍ، اللَّهُ تَعَالَى أَمَرَنِي بِهِنَّ: السَّمْعِ وَالطَّاعَةِ وَالْجِهَادِ وَالْهِجْرَةِ وَالْجَمَاعَةِ فَإِنَّ مَنْ فَارَقَ الْجَمَاعَةَ قِيدَ شِبْرٍ فَقَدْ خَلَعَ رِبْقَةَ الْإِسْلَامِ مِنْ عُنُقِهِ إِلَّا أَنْ يُرَاجِعَ، وَمَنْ دَعَا بِدَعْوَى الْجَاهِلِيَّةِ فَهُوَ فِي جَهَنَّمَ. فَقَالَ رَجُلٌ: وَإِنْ صَامَ وَصَلَّى يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ قَالَ: وَإِنْ صَامَ وَصَلَّى. فَادْعُوا بِدَعْوَى اللَّهِ الَّذِي سَمَّاكُمُ الْمُسْلِمِينَ وَالْمُؤْمِنِينَ عِبَادَ اللَّهِ تَعَالَى». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.

Қазақша аудармасы

Әл-Харис әл-Ашғаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала Яхия ибн Зәкәрияға (екеуіне де сәлем болсын) бес өсиетті орындауды және Исраил ұрпақтарына да соларды орындауды бұйыруды әмір етті. Яхия осы міндетті орындауға асықпады. Сонда Иса (а.с.) оған: “Алла саған бес өсиетті орындауды және Исраил ұрпақтарына да оларды орындауды бұйыруды әмір етті. Оларға не сен айт, не мен айтайын”, – деді. Яхия (а.с.): “Сен менен бұрын айтып қойсаң, жерге жұтылып кетемін бе, азапқа ұшыраймын ба деп қорқамын”, – деді. Сөйтіп, жұртты Бәйтул-Мақдиске жинады. Мешіт лық толып, жұрт мешіттің жоғарғы орындарына дейін жайғасты. Яхия былай деді: “Алла маған бес өсиетті орындауды, сендерге де соларды орындауды бұйыруды әмір етті. Біріншісі – Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Аллаға серік қосқанның мысалы мынадай: бір адам өз малынан алтын не күміс беріп, құл сатып алады да, оған: ‘Бұл – менің үйім, мынау – менің жұмысым. Жұмыс істе де, табысыңды маған бер’, – дейді. Құл жұмыс істейді, бірақ табысын иесінен басқа кісіге береді. Қайсысың құлыңның осылай істегеніне разы болар едің? Алла сендерге намаз оқуды да бұйырды. Намазда жан-жаққа бұрылмаңдар. Құл намазда жан-жағына бұрылмай тұрғанда, Алла оған жүзін бұрады.

Алла сендерге ораза тұтуды бұйырды. Мұның мысалы – бір топ адамның арасында ішінде жұпар иісті мискі бар дорба ұстап тұрған кісі. Оның иісі бәріне ұнайды. Ораза тұтқан адамның аузының иісі Алла алдында мисктің иісінен де жағымды.

Алла сендерге садақа беруді бұйырды. Мұның мысалы – дұшпаны тұтқынға алып, екі қолын мойнына байлап, басын шаппақ болған адам. Ол: ‘Аз болсын, көп болсын, төлем беріп, өзімді құтқарайын’, – дейді де, төлем беріп, олардан құтылады.

Алла сендерге Өзін еске алуды бұйырды. Мұның мысалы – дұшпаны ізіне түсіп, қуып келе жатқан адам. Ол берік қамалға жетіп, жаудан қорғанады. Құл да өзін шайтаннан тек Алланы еске алу арқылы қорғайды”».

Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғады: «Алла маған бұйырған бес істі мен де сендерге бұйырамын: тыңдаңдар, бағыныңдар, жиһад етіңдер, һижрет етіңдер және жамағатпен бірге болыңдар. Жамағаттан бір қарыс ажыраған адам қайта оралғанға дейін мойнындағы Ислам бауын шешкен болады. Кім жаһилия ұранымен шақырса, ол жаһаннамда болады». Бір кісі: «Уа, Алла елшісі, ораза тұтып, намаз оқыса да ма?» – деп сұрады. Ол: «Ораза тұтып, намаз оқыса да. Сендерді мұсылмандар, мүміндер, Алла Тағаланың құлдары деп атаған Алланың атауымен шақырыңдар», – деді.1

Түсіндірме

1. Хадисте Алла Тағаланың намаз оқып тұрған құлына жүзін бұратыны айтылған. Бұл – мұташабиһ сөз. Оны тура мағынасында түсінген адам Аллаға пішін, сипат пен мекен теліп, күпірлікке апаратын жаңсақ түсінікке ұрынуы мүмкін. Сөздің тура мағынасы жалпы қағидаға қайшы келсе, оны астарлы мағынада жориды. Хадисте Алланың разылығы мен сол разылықтан туатын рақымы меңзелген. Өйткені бұл сөз намазда жан-жаққа бұрылудан тыю үшін айтылған. Адам намазда жан-жағына жалтақтамай, оны әдебіне сай оқыса, Алланың шексіз рақымына бөленеді.

2. Мекке алынғанға дейін һижрет Меккеден Мәдинаға қоныс аударуды білдірген. Мекке мұсылмандардың қарамағына өткен соң һижрет ұғымы күпірлік жайлаған жерден Ислам жайлаған жерге, бидғаттан сүннетке, күнәдан тәубеге көшуді қамтыды. Бір хадисте: «Мұһажир – Алла тыйған нәрселерді тастаған кісі», – делінген.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْمُهَاجِرُ مَنْ هَجَرَ مَا نَهَى اللَّهُ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Абдулла ибн Амрдың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мұһажир – Алла тыйған нәрселерді тастаған кісі», – деген.

3. Тибидің түсіндіруінше, жамағат деп сахабалар, олардан кейінгі табиғиндер және табиғиндерге ерген буын аталады. Оларды «сәләф салихин» дейді. Хадис солардың тура жолын қабылдап, ұстануға және соларға қосылуға үндейді. Мұның мәні мынадай: сүннетті тастап, бидғатқа бет бұрған, бір сәтке болса да Аллаға бойсұнудан бас тартып, жамағат ұстанған жолдан бөлінген кісі мойнындағы Ислам бауын шешкен болады.

«Ислам бауы» деп Ислам дінінің өзі меңзелген. Адам дінді қабылдағанда, нәпсісіне өз еркімен шек қояды, Исламның қағидаларына мойынсұнады. Исламның шектеулері, үкімдері, әмірлері мен тыйымдары – бәрі де сол бауға кіреді.

Хадис жамағатқа бағынып, одан ажырамауды мүміннің негізгі сипаттарының бірі деп көрсетеді. Ал жамағаттан бөліну – жаһилиядан қалған мінез.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «مَنْ خَلَعَ يَدًا مِنْ طَاعَةٍ لَقِيَ اللَّهَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا حُجَّةَ لَهُ، وَمَنْ مَاتَ وَلَيْسَ فِي عُنُقِهِ بَيْعَةٌ مَاتَ مِيتَةً جَاهِلِيَّةً». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Абдулла ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім бағынудан бас тартса, қиямет күні Аллаға ешбір дәлелсіз жолығады. Кім мойнында берген серті жоқ күйде өлсе, жаһилия өлімімен өлген болады».

4. Соңғы хадиске сүйенсек, біз талдап отырған риуаяттағы «жаһилия ұранымен шақыру» жаһилия әдетін тұтас қамтиды. Өйткені осылай шақырудың өзі сол дәуірдің әдеті еді. Екінші түсіндірме бойынша, «дағуа» – үндеу, шақыру. Мұнда «мұсылман бола тұра, жаһилия дәуіріндегідей шақырған кісі» меңзеледі. Ол дәуірде қарсыласынан жеңілген адам: «Уа, пәленшенің әулеті!» – деп бар даусымен айқайлайтын. Үнді естіген руластары надандықпен оның залым не жәбірленуші екеніне қарамай, көмекке жүгіретін. Екінші түсіндірме де, түптеп келгенде, алғашқы пікірді қуаттайды.

  1. 1Тирмизи, Әмсал 3 (2867).
4668
Кутуб ситтә, № 4668 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَتَانِي اللَّيْلَةَ آتٍ مِنْ رَبِّي، وَفِي رِوَايَةٍ: أَتَانِي رَبِّي فِي أَحْسَنِ صُورَةٍ. فَقَالَ يَا مُحَمَّدُ. فَقُلْتُ: لَبَّيْكَ رَبِّي وَسَعْدَيْكَ. قَالَ: هَلْ تَدْرِي فِيمَ يَخْتَصِمُ الْمَلَأُ الْأَعْلَى؟ قُلْتُ: لَا أَعْلَمُ، فَوَضَعَ يَدَهُ بَيْنَ كَتِفَيَّ حَتَّى وَجَدْتُ بَرْدَهَا بَيْنَ ثَدْيَيَّ. فَعَلِمْتُ مَا فِي السَّمَوَاتِ وَمَا فِي الْأَرْضِ. ثُمَّ قَالَ: يَا مُحَمَّدُ! أَتَدْرِي فِيمَ يَخْتَصِمُ الْمَلَأُ الْأَعْلَى؟ قُلْتُ: نَعَمْ، فِي الدَّرَجَاتِ وَالْكَفَّارَاتِ وَنَقْلِ الْأَقْدَامِ إِلَى الْجَمَاعَاتِ، وَإِسْبَاغِ الْوُضُوءِ فِي السَّبَرَاتِ، وَانْتِظَارِ الصَّلَاةِ بَعْدَ الصَّلَاةِ، وَمَنْ حَافَظَ عَلَيْهِنَّ عَاشَ بِخَيْرٍ وَمَاتَ بِخَيْرٍ وَكَانَ مِنْ ذُنُوبِهِ كَيَوْمِ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ. ثُمَّ قَالَ: يَا مُحَمَّدُ. قُلْتُ: لَبَّيْكَ وَسَعْدَيْكَ. قَالَ: إِذَا صَلَّيْتَ فَقُلِ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَسْأَلُكَ فِعْلَ الْخَيْرَاتِ وَتَرْكَ الْمُنْكَرَاتِ، وَحُبَّ الْمَسَاكِينِ، وَإِذَا أَرَدْتَ بِعِبَادِكَ فِتْنَةً فَاقْبِضْنِي إِلَيْكَ غَيْرَ مَفْتُونٍ. قَالَ: وَالدَّرَجَاتُ إِفْشَاءُ السَّلَامِ وَإِطْعَامُ الطَّعَامِ وَالصَّلَاةُ بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббастың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Осы түні Раббымнан бір елші келді». Бір риуаятта: «Раббым маған ең көркем кейіпте келді», – делінген. «Ол: “Уа, Мұхаммед!” – деді. Мен: “Міне, Раббым, әміріңе әзірмін”, – дедім. Ол: “Жоғары жамағаттың қандай істерде жарысатынын білесің бе?” – деп сұрады. “Білмеймін”, – дедім. Сонда Ол қолын екі иығымның арасына қойды. Тіпті оның салқынын кеудемде сездім. Сол сәтте көктер мен жердегіні білдім. Содан кейін: “Уа, Мұхаммед! Жоғары жамағаттың қандай істерде жарысатынын білесің бе?” – деп сұрады. “Иә, дәрежені көтеретін амалдар мен кәффараттарда жарысады. [Кәффараттар –] жамағат намазына жаяу бару1, аязды күндерде дәретті толық алу және бір намаздан кейін келесі намазды күту. Осы амалдарды үзбеген адам қайырлы өмір сүреді, қайырлы күйде жан тапсырады және күнәдан анасы жаңа туған күндегідей таза болады”, – дедім. Ол тағы да: “Уа, Мұхаммед!” – деді. “Міне, әміріңе әзірмін”, – дедім. Ол: “Намаз оқығанда: ‘Уа, Алла, Сенен игі істер істеуді, жаман істерден тыйылуды, кедейлерді жақсы көруді сұраймын. Құлдарыңа бүлік жіберуді қаласаң, жанымды сол бүлікке ұшыратпай ала гөр’, – деп айт”, – деді.

Ол тағы: “Дәрежені көтеретін амалдар – сәлемді жаю, өзгелерге ас беру және жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқу”, – деді».2

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте кейбір амалдардың қаншалық маңызды, берекелі әрі сауапты екенін әсерлі түрде көрсетеді.

1) Пайғамбарымыз (с.а.с.) түсінде Раббысын ең көркем кейіпте көріп, баяндағалы тұрған ақиқатты Одан үйренген.

2) «Мәлә әл-ағла» – «ұлық жамағат» деген сөз. Оны Алла Тағалаға жақын ірі періштелер құрайды. Хадис осы ұлық жамағат мүшелерінің кейбір амалдар жөнінде өзара жарысқанын баяндайды. Біз маңызын толық аңғара бермейтін амалдар үшін ұлық періштелердің осылай жарысуы сол амалдардың қадірін көрсетеді.

Бұл жарыстың сипатын ғалымдар бірнеше түрлі түсіндірген.

• Амалдарды тіркеп, оларды көкке бәрінен бұрын жеткізуге ұмтылу болуы мүмкін.

• Амалдардың артықшылығы мен мәртебесін санап шығу болуы мүмкін.

• Адамдардың сол амалдарға ынтасын оятып, оларды игі істерге баулу және бойларында құмарлық болса да, сол істермен періштелерден артық дәрежеге жетуге жігерлендіру болуы мүмкін.

3) Періштелердің бұл ісі хадисте «мұхасама», яғни өзара сөз таластыру деп берілген. Хадис сұрақ-жауап түрінде жеткендіктен, мұны пікір алмасу мен пікірталасқа ұқсатуға болады. Біз оны «жарысу» деп аудардық.

4) Хадисте артықшылығы айтылған амалдар екі топқа бөлінеді.

1) Дәрежені көтеретін амалдар.

2) Кәффараттар, яғни күнәларды өшіретін амалдар.

Дәрежені көтеретін амалдар мыналар.

• Сәлемді жаю.

• Өзгелерге ас беру.

• Жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқу.

Кәффараттарға мына амалдар жатады.

• Жамағат намазына жаяу бару.

• Суық күндерде де дәретті толық алу.

• Бір намаздан кейін келесі намазды күту және намазды уақыты кіргенде оқу.

Осы амалдарды ұстану – Ислам көздейтін өмір салты. Оларды үзбеген адам анасынан жаңа туғандай күнәсіз күйде Аллаға қауышады.

2. Хадистегі Алланың ең көркем кейіпте көрінуі секілді тұстар кәлам ғылымында талас тудырған. Ғалымдар мұның түс екенін ескеріп, астарлы мағынада жоруды қажет деп таппаған. Әли әл-Қари: «Оқиға түсінде болғандықтан, мұны оғаш көрудің жөні жоқ. Адам түсінде өмірде болмайтын нәрсені де көреді. Пішіні жоқ нәрсені пішіні бардай, пішіні бар нәрсені пішінсіз көре алады», – дейді.

  1. 1Квадрат жақшалар риуаяттың Тирмизидегі түпнұсқасынан алынған, сәл ғана айырмашылығы бар.
  2. 2Тирмизи, Тәпсір, Сад, (3231, 3232).
4669
Кутуб ситтә, № 4669 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا يُرَى ظُهُورُهَا مِنْ بُطُونِهَا، وَبُطُونُهَا مِنْ ظُهُورِهَا، فَقَامَ أَعْرَابِيٌّ فَقَالَ: لِمَنْ هِيَ يَا رَسُولُ اللَّهِ؟ قَالَ: لِمَنْ أَطَابَ الْكَلَامَ، وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَأَدَامَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жәннатта сыртынан іші, ішінен сырты көрінетін бөлмелер бар”, – деді. Бір бәдәуи тұрып: “Уа, Алла елшісі, олар кімдерге арналған?” – деп сұрады. Ол: “Жақсы сөз сөйлеген, өзгелерге ас берген, оразасын үзбеген және жұрт ұйқыда жатқанда түнде намаз оқыған адамдарға”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис алдыңғы хадисте айтылған игі амалдарға тағы бірін қосып, соған ынталандырады. Ғалымдар жақсы сөз сөйлеуді адамдарға ілтипат көрсету, бос әрі пайдасыз сөз айтпау, кісі көңілін қалдырмау, әдепсіз, дөрекі және жағымсыз сөзден аулақ болу деп түсіндірген. Аятта: ﴿وَعِبَادُ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى ٱلْأَرْضِ هَوْنًا وَإِذَا خَاطَبَهُمُ ٱلْجَٰهِلُونَ قَالُوا۟ سَلَٰمًا﴾ «Рахманның хас құлдары жер бетінде кішіпейілділік танытып, байыпты түрде жүретін жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда: “Аман болыңдар!” – деп, өз жөндеріне кете барады», – делінген. Осылайша адам жер бетінде әдептен аспайтын Рахманның хас құлы болып, бірнеше аяттан кейін уәде етілген сыйға қол жеткізеді: ﴿أُو۟لَٰٓئِكَ يُجْزَوْنَ ٱلْغُرْفَةَ بِمَا صَبَرُوا۟ وَيُلَقَّوْنَ فِيهَا تَحِيَّةً وَسَلَٰمًا﴾ «Міне, осынау ізгі жандар хақ жолды ұстауда сабырлылық пен табандылық танытқандары үшін жұмақтағы ең жоғарғы мәртебелермен марапатталады. Әрі олар онда ерекше қошеметпен және сәлеммен қарсы алынады»2

Осы тұрғыдан хадис аятты тәпсірлеп тұр деуге болады. Аятта «Рахманның хас құлдары» деп аударған «ибадур-Рахманның» кейбір амалдары санамаланып, оларға ең биік мәртебе уәде етіледі. Демек, аятта уәде етілген жайлар хадисте сипатталғандай, сырты ішінен, іші сыртынан көрінетін бөлмелер болуы мүмкін.

2. «Өзгелерге ас берген» деген сөз ең әуелі қамқорлық жасау міндеттелген отбасы мүшелеріне, туған-туысқа, кедейлерге, жолаушылар мен қонақтарға Алланың разылығын көздеп, адал жолмен ас беруді білдіреді.

3. «Оразасын үзбеген» деген сөз парыздан тыс оразаны, соның ішінде тұрақты ұсталатын нәпіл оразаларды білдіреді. Мұның нақты санын белгілеу орынды болмас еді. Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетіне жүгіну керек. Ол Дәуіттің (а.с.) бір күн тұтып, бір күн тұтпаған оразасын ең сауапты ораза деп айтқан. Алайда өзінің оны әрдайым ұстағаны риуаят етілмеген. Кей хадисте дүйсенбі мен бейсенбіде, яғни аптасына екі күн, кей хадисте айына үш күн ораза ұстау ұсынылған. Риуаяттар әртүрлі келгендіктен, бір ғалым айына кемінде үш күн ораза ұстаған адам осы хадистің үкіміне кіреді деген. Аятта ең биік дәреже сабыр еткендерге уәде етіледі. Мұны хадистегі «оразасын үзбеген» деген сөзбен байланыстырып, осы тұста оразаны жалғастыру сабырдың айқын көрінісі екенін айтқан.

  1. 1Тирмизи, Бирр 53 (1985).
  2. 2(«Фурқан», 63, 75).
4670
Кутуб ситтә, № 4670 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: أَنَا عِنْدَ ظَنِّ عَبْدِي بِي، وَأَنَا مَعَهُ حِينَ يَذْكُرَنِي. فَإِذَا ذَكَرَنِي فِي نَفْسِهِ ذَكَرْتُهُ فِي نَفْسِي، وَإِنْ ذَكَرَنِي فِي مَلَإٍ ذَكَرْتُهُ فِي مَلَإٍ خَيْرٍ مِنْهُ. فَإِنِ اقْتَرَبَ إِلَيَّ شِبْرًا اقْتَرَبْتُ إِلَيْهِ ذِرَاعًا وَإِنِ اقْتَرَبَ إِلَيَّ ذِرَاعًا اقْتَرَبْتُ إِلَيْهِ بَاعًا، وَإِنْ أَتَانِي مَشْيًا أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала айтты: “Құлым Мені қалай деп ойласа, оған солай боламын. Ол Мені еске алғанда, онымен біргемін. Мені іштей еске алса, Мен де оны іштей еске аламын. Мені жамағат ішінде еске алса, Мен оны одан қайырлы жамағат ішінде еске аламын. Ол Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Ол Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Ол Маған аяңдап келсе, Мен оған жүгіріп барамын”».1

Түсіндірме

1. Хадистің мәні бойынша, Алла құлы Өзі жайлы қалай ойласа, оған солай мәміле етуге құдіретті. Ибн Хажар бұл сөз адамның Алла туралы жақсы ойлап, Одан үмітін үзбеуіне үндейді дейді. Кісі Алланың жазалайтынын ғана ойлап қоймай, кешіреді деп үміттенгені жөн. Дініміздің әдебі бойынша, Оның кешірімінен, кеңшілігінен және мейірімінен үміттенгендей, ашуынан, жазасы мен қаһарынан да қорқу керек. Үміт пен қорқынышты тең ұстау маңызды қағида болғандықтан, таразыны үнемі бір жағына басып қою дұрыс болмайды.

Осы хадис таразының басын үмітке қарай бұруға үндейді. Алла Өзі жайлы ойымызға сай мәміле ететінін білдіріп, әр құлының Өзі туралы жақсы ойда болуын қалайды.

Нәуәуи бұл жөнінде Ислам ғалымдарының мына сөзін келтіреді: «Алла туралы жақсы ойлау – Оның кешіріп, рақымына бөлейтініне сену». Үміт пен қорқыныш – адамға тән екі сезім. Кей ғалымдар өмірде қорқыныш басым болғаны жөн дейді. Алайда ажалдың белгілері білінгенде үміт басым болады немесе кісіні тұтас билейді. Қорқыныш адамды күнәлардан және жамандықтардан сақтайды, ғибадат пен игі істерге құлшындырады. Қарттықта бұл амалдарды орындау ауырлайтындықтан, Алла туралы жақсы ойда болу мұстахаб. Мұндай ой кісіге Аллаға мұқтаж екенін сездіріп, тілегін Одан сұрауға жетелейді.

Мүслимнің бір риуаятында: «Ешқайсың Алла туралы жақсы ойда болмай жан тапсырмасын», – делінген. Хадис ажал жақындағанда Алланың рақымынан үміт басым болуы керегін көрсетеді. Мүслимдегі басқа хадисте: «Әр құл қандай күйде жан тапсырса, сол күйде қайта тіріледі», – делінген. Демек, қартайғанда үмітті басым ұстау, Алла туралы жақсы ойлау және Рақымды Алланың мейіріміне сүйену – Исламдағы мұстахаб әдеп.

2. Кей ғалымдар хадистегі «занн» («ой») сөзін «білу» мағынасында түсінген. Сонда хадис «Адам Алланы қалай танып-білсе, Алла оған солай мәміле етеді» деген мағынаға келеді.

Құртуби хадистің басқа бір түсіндірмесін келтірген: «“Құлым Мен туралы қалай ойласа” деген сөз дұға еткенде қабыл боларына, тәубе еткенде тәубесінің қабыл боларына, кешірім сұрағанда кешірілеріне, ғибадатын шарттарына сай орындағанда сауап аларына сенуді білдіреді». Бұлай түсіндіргендер Алланың Өз уәдесіне шын берік екенін айтқан. Алла елшісі бұл уәдені жеткізген соң, біз оған сеніп, жақсы ойда болуға тиіспіз. Басқа хадисте: «Дұғаларыңның қабыл боларына сеніп, Аллаға дұға етіңдер», – делінген. Құртуби былай жалғайды: «Адам өзіне жүктелген міндеттерді Алла оларды қабыл алып, өзін кешіреді деген сеніммен толық орындауға тырыссын. Алла осылай уәде берген және Ол уәдесінен таймайды. Істеген амалымды Алла қабыл алмайды, маған одан пайда жоқ деп сену – Оның мейірімінен үміт үзу. Бұл – үлкен күнәлардың бірі. Кім осы ойда жан тапсырса, сол ойына сай қарымын көреді». Хадистің бір нұсқасында: «Солай болған соң, құлым Мен туралы қандай ойда болғысы келсе, сондай ойда болсын», – делінген.

Ғалымдар күнәда табандап тұрып, «Алла мені кешіреді» деуді надандық және өзін-өзі алдау деп санаған. Олардың айтуынша, мұндай түсінік адамды Мүржия ағымының көзқарасына жетелейді.

3. Хадистегі «Құлым Мені еске алса, онымен біргемін» деген сөз Алланың ілімімен бірге болуын білдіреді. Яғни Ол Өзін еске алған құлының зікірін біледі. Аятта: ﴿قَالَ لَا تَخَافَآ إِنَّنِى مَعَكُمَآ أَسْمَعُ وَأَرَىٰ﴾ «Сонда Алла: “Қорықпаңдар! Өйткені Мен қашан да сендермен біргемін. Мен бәрін де естіп, көріп тұрамын”, – деп екеуіне дем берді»2, – делінген. Бұл бірге болу мына аяттағы жалпы бірге болудан ерекше: ﴿أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ يَعْلَمُ مَا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ مَا يَكُونُ مِن نَّجْوَىٰ ثَلَٰثَةٍ إِلَّا هُوَ رَابِعُهُمْ وَلَا خَمْسَةٍ إِلَّا هُوَ سَادِسُهُمْ وَلَآ أَدْنَىٰ مِن ذَٰلِكَ وَلَآ أَكْثَرَ إِلَّا هُوَ مَعَهُمْ أَيْنَ مَا كَانُوا۟ ثُمَّ يُنَبِّئُهُم بِمَا عَمِلُوا۟ يَوْمَ ٱلْقِيَٰمَةِ إِنَّ ٱللَّهَ بِكُلِّ شَىْءٍ عَلِيمٌ﴾ «Алланың жеті қат көк пен жердегінің бәрін білетіндігін көрмеймісің?! Үш кісі оңаша бас қосып сыбырласса, сөзсіз, олардың төртіншісі Алла болмақ. Әрі бес кісі оңаша бас қосып, сыбырласса, сөзсіз, олардың алтыншысы Алла болмақ. Тіпті одан да аз яки көп адам қай жерде болмасын жасырын бас қосып құпия сөйлессе, Алла міндетті түрде олармен бірге болмақ. Кейін қиямет күні оларды не істеп, не қойғанынан толық хабардар етеді. Шүбәсіз, Алла – барлық нәрсені білуші!».3

4. Алланы еске алудың түрлері

Ғалымдар осы хадисті түсіндіре отырып, Алланы еске алудың төрт түрін атаған.

Бірінші түрі – Алланы тілмен еске алу.

Екінші түрі – Алланы жүрекпен еске алу.

Үшінші түрі – Алланы жүрекпен де, тілмен де еске алу.

Төртінші түрі – Алланың әміріне бойсұнып, тыйғанынан тыйылу арқылы Оны еске алу.

5. Құлдың Алланы іштей еске алуы – Оны жасырын дәріптеп, мадақтауы. Ал Алланың құлын еске алуы – оған жасырын сауап беріп, рақымымен еске алуы.

6. Періште артық па, әлде адам ба? Кейбір ғалымдар хадистегі «Құлым Мені жамағат ішінде еске алса, Мен оны одан да қайырлы жамағат ішінде еске аламын» деген сөзді періштелердің адамдардан артық екенінің айқын дәлелі санаған. «Қайырлы жамағат» деп Аллаға жақын періштелерді түсінген. Ибн Баттал мұны көпшіліктің пікірі деп келтіреді. Ал әһлі сүннет ғалымдарының басым бөлігі пайғамбарларды бүкіл жаратылыстан артық санаған.

Періштелерді сөзсіз артық санағандардың алғашқылары – философтар. Кейін бұл пікірді Мұғтазила ағымы жалғастырып, кей сопылар да қабылдаған. Заһири ағымының бірқатар өкілі осы көзқарасты ұстанған.

Кей ғалымдар адамның да, періштенің де өзіне тән артықшылықтары бар деген. Олардың айтуынша, періштенің болмысы адам болмысынан жоғары. Періште нұрдан жаратылған әрі қайырлы, жұмсақ, ілімі кең, қуатты, пәк болмыс иесі. Алайда бұл әр періште әр адамнан артық деген сөз емес. Кейбір адамдарда періштелік сипаттар молынан болуы мүмкін.

Кей ғалымдар таласты ізгі адамдар мен періштелерге ғана қатысты қарастырған. Енді бір тобы мәселені пайғамбарлармен шектеген.

Кей ғалымдар періштелерді пайғамбарлардан өзге барлық адамнан артық санаған.

Кейбіреулер періштелер Пайғамбарымыздан (с.а.с.) өзге барлық пайғамбардан артық деген.

Алла елшісінің (с.а.с.) періштелерден артық екенін айтқандардың бір дәлелі – Алланың періштелерге ﴿ٱسْجُدُوا۟ لِـَٔادَمَ﴾ «Адамға сәжде етіңдер» деп, оларды Адам пайғамбарға (а.с.) сәжде еткізуі. Бұл сәжде Адамды ұлықтау үшін жасалған. Ібіліс тәкаппарланып, Құранның әртүрлі аятында айтылған сылтауларын алға тартып, сәжде етуден бас тартқан.

Алла Тағала «Сад» сүресінің 75-аятында Адам туралы ﴿لِمَا خَلَقْتُ بِيَدَىَّ﴾ «Өзім ардақтап жаратқаныма» деген. Құрандағы тағы бір дәлел – ﴿إِنَّ ٱللَّهَ ٱصْطَفَىٰٓ ءَادَمَ وَنُوحًا وَءَالَ إِبْرَٰهِيمَ وَءَالَ عِمْرَٰنَ عَلَى ٱلْعَٰلَمِينَ﴾ «Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін және Имран әулетін бүкіл адамзаттан үстем әрі таңдаулы қылды»4 деген аят.

Тағы бір дәлел – мына аят: ﴿وَسَخَّرَ لَكُم مَّا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ جَمِيعًا مِّنْهُ﴾ «Әрі Ол өз тарапынан жеті қат көк пен жердегінің бәрін түгелдей сендерге бағындырды»5 Аяттағы «бәрі» дегенге періштелер де кіреді. «Игілігіне жаратылған нәрселер иесіне бағынышты болады, сондықтан ол өзіне бағындырылғандардан артық», – делінген. Сондай-ақ періштелердің құлшылығы олардың жаратылысына тән. Адам болса, құлшылық ету үшін нәпсісімен күреседі. Өйткені оның табиғатына құмарлық, ашкөздік, әуестік пен ашу секілді сезімдер берілген. Осындай сезімдермен құлшылық ету қиынырақ.

Періштелер құлшылықты өздеріне тікелей келген Алланың әмірімен орындайды. Ал адамның кейбір құлшылығы аят пен хадиске, кейбірі ижтиһадқа, кейбірі дәлелдерден үкім шығаруға сүйеніп орындалады. Сондықтан ол қиынырақ.

Періштелер шайтанның азғыруынан, күмән салуынан және адастыруынан қорғалған. Ал адам ондай азғыруға ұшырауы мүмкін. Періштелер ғайып әлеміне қатысты ақиқаттарды көре алады. Адамдар оны көрмейді, олар туралы тек Алла білдіргенде біледі.

Бұл мәселе жөніндегі пікірлер мен олардың дәлелдерін талқылау ұзаққа созылады. Сондықтан енді хадистегі келесі мәселеге тоқталамыз.

7. Құлдың Аллаға, Алланың құлға жақындауы және сол жақындаудың «жүру», «жүгіру» сөздерімен берілуі

Ибн Баттал былай дейді: «Бұл сөздердің әрқайсысын тура мағынада да, астарлы мағынада да түсінуге болады. Тура мағына қашықтықты жүріп өтуді, денелердің бір-біріне жақындауын талап етеді. Мұны Аллаға қатысты айту мүмкін емес. Араб тілінде сөзді тура мағынада түсіну мүмкін болмаса, оның астарлы мағынасы алынады. Демек, құлдың Аллаға қарыс не шынтақ жақындауы, Оған қарай келуі мен жүруі – бойсұнып, парыз бен нәпіл амалдарын орындау арқылы жеткен рухани жақындығы. Алланың құлға жақындауы, оған келуі мен жүруі – құлының бойсұнғанына сауап беріп, оған рақымымен жақындауы. Демек, “Оған жүгіріп келемін” дегені – “Сауабым оған тез жетеді” деген сөз». Табариден жеткен түсіндірмеде аз ғибадат «қарыс», Алланың мол сауабы мен сыйы «шынтақ» арқылы бейнеленген. Бұл – Алланың құлшылыққа бет бұрған құлына берер сауабы мен сыйының молдығына дәлел.

Рағиб мұны өзгеше түсіндірген: «Құлдың Аллаға жақындауы – Алланы сипаттауға жарайтын кейбір сипаттардың адамда да, оның шама-шарқынша көрініс табуы. Даналық, ілім, жұмсақтық пен мейірім – сондай сипаттар. Адам надандық, жеңілтектік, ашу секілді рухани кеселдерден арылғанда, осы қасиеттерге шамасы жеткенше ие болады. Бұл – рухани жақындық».

  1. 1Бұхари, Тәухид 15; 35; Мүслим, Зикр 2, (2675), Тәубе 1 (2675).
  2. 2«Taһа» 46.
  3. 3«Мужәдила», 7.
  4. 4«Әли Имран» 33.
  5. 5Жасия, 13.
4671
Кутуб ситтә, № 4671 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: مَنْ جَاءَ بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا؛ وَأَزِيدُ، وَمَنْ جَاءَ بِالسَّيِّئَةِ فَجَزَاءُ سَيِّئَةٍ مِثْلُهَا، أَوْ أَغْفِرُ، وَمَنْ تَقَرَّبَ إِلَيَّ شِبْرًا تَقَرَّبْتُ مِنْهُ ذِرَاعًا، وَمَنْ تَقَرَّبَ إِلَيَّ ذِرَاعًا تَقَرَّبْتُ مِنْهُ بَاعًا، وَمَنْ جَاءَنِي يَمْشِي أَتَيْتُهُ هَرْوَلَةً، وَمَنْ لَقِيَنِي بِقُرَابِ الْأَرْضِ خَطِيئَةً لَا يُشْرِكُ بِي شَيْئًا لَقِيتُهُ بِمِثْلِهَا مَغْفِرَةً». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәррдің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала айтты: “Кім бір жақсылықпен келсе, оған он есе сауап жазылады, одан да арттыра түсемін. Кім бір жамандықпен келсе, жазасы соған ғана тең болады, яки кешіремін. Кім Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір шынтақ жақындаймын. Кім Маған бір шынтақ жақындаса, Мен оған бір құлаш жақындаймын. Кім Маған аяңдап келсе, Мен оған жүгіріп барамын. Кім Маған еш нәрсені серік қоспай, жер толардай күнәмен жолықса, Мен оны сонша кешіріммен қарсы аламын”».1

Түсіндірме

1. Осы құдси хадистегі сөздер Құранда да кездеседі. «Әнғам» сүресінің 160-аятында: ﴿مَن جَآءَ بِٱلْحَسَنَةِ فَلَهُۥ عَشْرُ أَمْثَالِهَا وَمَن جَآءَ بِٱلسَّيِّئَةِ فَلَا يُجْزَىٰٓ إِلَّا مِثْلَهَا وَهُمْ لَا يُظْلَمُونَ﴾ «Кімде-кім Алланың алдына бір ғана жақсылықпен келсе, оған сол жақсылығы үшін он есе сауап жазылады. Ал кімде-кім бір жамандықпен келсе, ол тек сол күнәсінің ғана жазасын тартады. Олардың ешбіріне титтей де әділетсіздік жасалмайды», – делінген.

2. Өзге түсіндірмелер алдыңғы хадисте берілді.

  1. 1Мүслим, Зикр 22 (2687).
4672
Кутуб ситтә, № 4672 · тараудағы реті: 12Риуаят етуші: Әбу Мәлик әл-Ашғари

وَعَنْ أَبِي مَالِكِ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْوُضُوءُ شَطْرُ الْإِيمَانِ، وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلَأُ الْمِيزَانَ، وَسُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلَأُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، وَالصَّلَاةُ نُورٌ، وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ، وَالصَّبْرُ ضِيَاءٌ، وَالْقُرْآنُ حُجَّةٌ لَكَ أَوْ عَلَيْكَ، كُلُّ النَّاسِ يَغْدُو، فَبَائِعٌ نَفْسَهُ فَمُعْتِقُهَا أَوْ مُوبِقُهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мәлик әл-Ашғаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Дәрет – иманның жартысы. “Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады. “Субханаллаһ” пен “Әлхамду лиллаһ” көк пен жердің арасын толтырады. Намаз – нұр, садақа – айғақ, сабыр – жарық. Құран сенің пайдаңа не зияныңа дәлел болады. Әр адам таңертең өз нәпсісін саудаға салып шығады да, оны не азат етеді, не құрдымға кетіреді», – деді.1

Түсіндірме

«مُوبِقُهَا» أَيْ مُهْلِكُهَا.

1. Нәуәуи дәреттің иманның жартысы болуы жөніндегі ғалымдардың бірнеше пікірін келтірген. Біріншісі – тазалық үшін берілетін сауап еселеніп, иман сауабының жартысына жетеді.

Екіншісі – иман бұрынғы күнәларды қалай жойса, дәрет те алдыңғы күнәларды солай өшіреді. Дәреттің дұрыс болуы иманға байланысты. Осы тәуелділігіне орай дәрет иманның жартысы деп сипатталған.

Үшіншісі – «иман»2 сөзімен намаз меңзелген. ﴿وَمَا كَانَ ٱللَّهُ لِيُضِيعَ إِيمَٰنَكُمْ﴾ «Алла имандарыңды зая етпек емес» деген аятта да «иман» сөзі намазды білдіреді.

Дәрет – намаздың дұрыс болуының шарты. Осы себепті оны намаздың жартысы деген. Мұндағы «жарты» сөзін тура мағынасында түсіну шарт емес.

Нәуәуи осы соңғы түсіндірмені ең дұрыс деп санаған. Ол тағы бір мағынаны да келтіреді: «Иман – тілмен айтып, жүрекпен растау. Екеуі иманның екі жартысын құрайды. Тазалық намазды да қамтитындықтан, ол сыртқы мүшелердің иманды білдіруі болып саналады».

2. «“Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады» деген сөз оның сауабының молдығын білдіреді. Құран мен сүннеттегі көптеген дәлел амалдардың таразыға тартылып, кейбірі ауыр, кейбірі жеңіл болатынын көрсетеді. «Әлхамду лиллаһ» зікірі – ауыр тартатын амалдардың бірі.

3. «Субханаллаһ» пен «Әлхамду лиллаһ» сөздерінің жер мен көктің арасын толтыруын да солай түсінеміз. Бұлармен зікір ету – аса құнды амал. «Субханаллаһ» сөзі Алланы барлық кемшіліктен пәк деп білуді білдіреді. Хамд – бізге берілген нығметтің Алладан екенін мойындап, оны тілмен айту. Құлшылықтың өзі осыған сүйенеді. Бұл сөздер намаз үстінде жиі, ал намаздан кейін отыз үш реттен айтылады. Мағынасы терең болғандықтан, сауабы да мол. Алланы осы сөздермен жиі еске алу адамды ширктің алуан түрінен алыстатып, шынайы таухид пен таза ықыласқа жеткізеді. Бұл хадисте осы екі сөзді толықтыратын тәкбір айтылмағанымен, Тирмизидегі басқа нұсқада ол да бар: «Тәсбих – таразының жартысы. “Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады. Тәкбір аспан мен жердің арасын толтырады. Ораза – сабырдың жартысы. Тазалық – иманның жартысы».

4. Жолын нұрмен жарықтандырған адам қатерден сақтанғаны сияқты, Құранда сүйіншіленгендей, намаз да адамды жамандықтан сақтайды. Осылайша намаз оның өміріне нұр болады.

Кей ғалымдар: «Намаз қиямет күні нұр болады», – деген.

Енді біреулер: «Намаз танымның нұрын жағып, жүрекке жеңілдік береді. Ақиқаттардың жүректе орнығып, іс жүзінде орындалуына көмектеседі. Құлды жүрегімен де, денесімен де Аллаға бұрады», – деген.

Кейбіреулер: «Намаз оқыған адамның жүзі дүниеде де, ақыретте де нұрлы болады. Хадисте осы айтылған», – деген. Расында, Алла елшісі бір хадисте намаз оқып, дәрет алып жүрген мүміндердің қиямет күні дәрет суы тиген жерлері нұрланып тірілетінін айтқан. Өзге үмбеттердің арасында олардың жүздері, қолдары мен аяқтары жарқырайды.

5. Садақаның айғақ болуы былай түсіндірілген: қиямет күні адамнан малын қайда жұмсағаны сұралғанда, садақасын дәлел етіп, оны Алланың разылығы үшін жұмсағанын көрсетеді. Кей ғалымдар садақаны оны берген кісінің иманының айғағы деген. Себебі кәпірлер мен мұнафықтар зекетке сенбегендіктен, зекет те, садақа да бермейді. Адамгершілік ниетпен бергенін де Алла қабылдамайды. Садақаның қабыл болуы оның Алланың разылығы үшін берілуіне байланысты. Осындай ниетпен берген садақа адамның иманына дәлел болады.

6. Сабыр – жарық. Ғалымдар хадистерге сүйеніп, шариғат құптаған сабырды үш түрге бөлген.

1) Алланың әмірін орындаудағы сабыр – өмір бойы құлшылықты тастамай, жалықпай және салғырттыққа салынбай, бұйырғанын орындау.

2) Күнәдан тыйылудағы сабыр – Алла тыйған істерді істемей, нәпсісін тежеу.

3) Басына түскен қиындыққа сабыр. «Ақылға қонымды сақтықтың бәрін жасағаннан кейін сабыр ету керек. Басыңа келгенді тағдырдан біліп, адамдар аяп, жаны ашысын деп айқай-шу шығарма, шағымданба. Егер шағым айтқың келсе, Аллаға нәпсіңді шағып, халіңді айтып, Оған жүгін. Мүміннің негізгі қасиеттерінің бірі – сабыр сақтау және шамасы жетпеген істі Аллаға тапсыру». Кей ғалымдар сабырды Құран мен сүннетке берік болу деп түсіндірген.

Мүмін шариғат рұқсат еткен шекте сабыр сақтаса, дұрыс жол табады.

«Намаз – нұр, сабыр – жарық» деген сөз ғалымдарды осы екеуінің айырмасына үңілуге жетелеген. Жарық пен нұрдың мағынасы негізінен бірдей. Алайда ﴿هُوَ ٱلَّذِى جَعَلَ ٱلشَّمْسَ ضِيَآءً وَٱلْقَمَرَ نُورًا﴾ «Ол Күнді жарық, ал Айды нұр етіп жаратты» деген аятқа сүйеніп, олар жарықты қайнар көздің өзінен шығатын сәуле, ал нұрды сол алғашқы сәуленің шағылуынан пайда болған жарық деп түсіндірген. Олар: «Әр нұр – жарық, әр жарық нұр бола бермейді», – дейді. Осы түсінік бойынша, негіз – жарық. Сабыр нәпсіні құлшылық пен қиындыққа төздіру болғандықтан, ол намаздан бұрын келеді. Сондықтан сабыр негіз болған жарықпен, ал одан туатын намаз нұрмен сипатталған.

7. Құранның адамның пайдасына не зиянына дәлел болуының мәні айқын. Құран оқып, оған сай амал еткен кісіні Құран жақтайды. Ал оны оқымай, талабына сай амал етпей, тәрк еткендер туралы Алла елшісі шағым айтады: «Сол күні Алла елшісі де (с.а.с.): ﴿وَقَالَ ٱلرَّسُولُ يَٰرَبِّ إِنَّ قَوْمِى ٱتَّخَذُوا۟ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانَ مَهْجُورًا﴾ “Алла елшісі: ‘Уа, Раббым! Расында, қауымым бұл Құранды мүлдем тәрк қылды’, – деді”, – деп айтады»3. Сондықтан амалдар таразыланғанда Құран олардың өздеріне қарсы дәлел болады.

8. Адамның таңертең тұрып, нәпсісін саудаға салуы былай түсіндірілген: «Әр адам өз нәпсісі үшін бір іс істейді. Бірі нәпсісін Аллаға тапсырып, оны ғибадатқа жұмсайды да, тозақ отынан құтылады. Енді бірі шайтанға бағынып, әуесіне еріп, өзін құрдымға жібереді. Күнделікті өмірде жанын осы екі жолдың біріне сатпайтын адам жоқ. Нәпсісін Аллаға сатпай, өмірін игі іспен өткізбеген кісі шайтан мен әуесінің соңында құрдымға кетеді. Өмірді Аллаға арнау – оны құлшылықпен, игі іспен өткізу. Осы сананы жоғалтып, өмірді ойланбай өз ағысына жіберсек, шайтанның жолына түсіп қалу қаупі бар. Алла елшісі (с.а.с.) осы шырғалаңнан шығатын жолды көрсеткен. Шайтанның жолын біле тұра таңдағандар жайында артық сөздің қажеті жоқ».

  1. 1Мүслим, Таһарат 1 (223); Тирмизи, Дағауат 91 (3512); Нәсәи, Зекет 1, (5, 5, 6).
  2. 2«Бақара» 143.
  3. 3«Фурқан» 30.
4673
Кутуб ситтә, № 4673 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَوْمًا: مَنْ أَصْبَحَ الْيَوْمَ مِنْكُمْ صَائِمًا؟ قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَا. قَالَ: فَمَنْ تَبِعَ مِنْكُمُ الْيَوْمَ جَنَازَةً؟ قَالَ أَبُو بَكْرٍ: أَنَا. قَالَ: فَمَنْ أَطْعَمَ مِنْكُمُ الْيَوْمَ مِسْكِينًا؟ قَالَ أَبُو بَكْرٍ: أَنَا. قَالَ: فَمَنْ عَادَ مِنْكُمُ الْيَوْمَ مَرِيضًا؟ قَالَ أَبُو بَكْرٍ: أَنَا. قَالَ ﷺ: مَا اجْتَمَعْنَ فِي رَجُلٍ إِلَّا دَخَلَ الْجَنَّةَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Бір күні Алла елшісі (с.а.с.): “Бүгін араларыңнан кімнің таңы оразамен атты?” – деді. Әбу Бәкір (р.а.): “Мен”, – деп жауап берді. “Бүгін кім жаназаға ілесіп барды?” – деді. Әбу Бәкір: “Мен”, – деді. “Бүгін кім бір міскінге ас берді?” – деді. Әбу Бәкір тағы: “Мен”, – деп жауап берді. “Бүгін кім науқастың көңілін сұрады?” – дегенде де Әбу Бәкір: “Мен”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Осы амалдар кімнің бойында түгел табылса, ол міндетті түрде жәннатқа кіреді”, – деді».1

Түсіндірме

Кей ғалымдар осы хадиске сүйеніп, адамның «мен» деуінде айып жоқ деген. Бір топ ғалым «“Мен” деп сөйлеу Ібіліске тән, осы сөзі оның лағынеттелуіне себеп болды» деп пікір айтқан. Бұған қарсы пікірдегі ғалымдар осы хадисті және Құран мен сүннеттегі өзге дәлелдерді келтіріп, «мен» деудің мәкруһ еместігін айтқан. Ібіліс «мен» деген сөзі үшін емес, Алланың әміріне қарсы шығып, ﴿أَنَا۠ خَيْرٌ مِّنْهُ﴾ «Мен одан әлдеқайда артықпын» дегені үшін лағынеттелген.

  1. 1Мүслим, Зекет 87 (1028).
4674
Кутуб ситтә, № 4674 · тараудағы реті: 14Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ ذَهَبَ أَهْلُ الدُّثُورِ بِالْأُجُورِ، يُصَلُّونَ كَمَا نُصَلِّي وَيَصُومُونَ كَمَا نَصُومُ، وَيَتَصَدَّقُونَ بِفَضْلِ أَمْوَالِهِمْ. قَالَ: أَوَلَيْسَ قَدْ جَعَلَ اللَّهُ لَكُمْ مَا تَتَصَدَّقُونَ بِهِ، إِنَّ بِكُلِّ تَسْبِيحَةٍ صَدَقَةً، وَكُلِّ تَكْبِيرَةٍ صَدَقَةً، وَكُلِّ تَحْمِيدَةٍ صَدَقَةً، وَكُلِّ تَهْلِيلَةٍ صَدَقَةً، وَأَمْرٌ بِالْمَعْرُوفِ صَدَقَةٌ، وَنَهْيٌ عَنْ مُنْكَرٍ صَدَقَةٌ، وَفِي بُضْعِ أَحَدِكُمْ صَدَقَةٌ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَيَأْتِي أَحَدُنَا شَهْوَتَهُ وَيَكُونُ لَهُ فِيهَا أَجْرٌ؟ قَالَ: أَرَأَيْتُمْ لَوْ وَضَعَهَا فِي حَرَامٍ أَكَانَ عَلَيْهِ وِزْرٌ؟ قَالُوا: نَعَمْ. قَالَ: كَذَلِكَ إِذَا وَضَعَهَا فِي الْحَلَالِ كَانَ لَهُ أَجْرٌ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай дейді: «Бір топ сахаба: “Уа, Алла елшісі, байлар сауаптың бәрін алып кетті. Олар біз сияқты намаз оқып, біз сияқты ораза ұстайды. Оның үстіне мал-мүлкінің артығынан садақа береді”, – деді. Ол: “Алла сендерге де садақа етер нәрселер берген жоқ па? Әрбір тәсбих – садақа, әрбір тәкбір – садақа, әрбір тахмид – садақа, әрбір тәһлил – садақа. Жақсылыққа шақыру – садақа, жамандықтан тыю – садақа. Тіпті жұбайыңмен қосылғаның да – садақа”, – деді. Олар: “Уа, Алла елшісі, адам өз құмарын қандырып та сауап ала ма?” – деп сұрады. Ол: “Айтыңдаршы, құмарын харам жолмен қандырса, күнә арқалай ма?” – деді. Олар: “Иә”, – десті. Сонда ол: “Сол сияқты, адал жолмен қандырса, сауап алады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадис Исламның бірқатар жалпы қағидасын айқындайды. Соның бірі – жауапты адамның әр сәті үшін есеп беруі. Әр әрекеті не пайдасына, не зиянына жазылады. Жұбайлардың жақындасуының өзі садақа саналып, оған сауап берілсе, өзге істердің де бағаланатыны түсінікті. Хадис Исламдағы жауапкершілік ұғымының кеңдігін, тереңдігін және нәзік тұстарын көрсетеді.

2. Хадисте Исламдағы садақа ұғымының кең екені көрсетілген. Сауап жазылатын әрбір әрекет осы ұғымға кіреді. Кедейлігінен мал-мүлікпен садақа бере алмаған кісі осы жолмен байдан да көп садақа сауабына жете алады. Малмен садақа бергенде рияға салыну, міндетсіну, ықылассыз беру не менмендікке ұрыну қаупі бар. Ал тәсбих, тахмид, жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю, қалауын адал жолмен қанағаттандыру секілді ауыспалы мағынадағы садақалар сауапқа жетудің сенімді әрі құнды жолы. Осыған сенген адам бос сәттерін зікірге арнап, уақыттың жібіне мәңгілік нұрдың асыл тастарындай тізе алады.

Келесі хадис садақа ұғымының өзге қандай амалдарды қамтитынын нақтылап, осы хадисті толықтырады.

3. Хадистен шығатын кейбір үкімдер

Дұрыс ниетпен істелген рұқсатты әрекеттің бәрі, тіпті ерлі-зайыптылардың жақындасуы да ғибадатқа айналуы мүмкін. Бұл хадис қиястың, яғни салыстыру арқылы үкім шығарудың рұқсат екеніне дәлел ретінде келтірілген. Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларға адал жолмен қосылу мен харам жолмен қосылуды салыстырып, содан қорытынды шығаруды ұсынған. Бұл – қиястың өзі. Әһлі сүннет ғалымдары қиясты бірауыздан жайыз санаған. Заһирилердің қарсы пікірі бұл үкімге әсер етпеген.

  1. 1Мүслим, Зекет 53 (1006).
4675
Кутуб ситтә, № 4675 · тараудағы реті: 15

وَلِلتِّرْمِذِيِّ فِي رِوَايَةٍ: «تَبَسُّمُكَ فِي وَجْهِ أَخِيكَ صَدَقَةٌ، وَأَمْرُكَ بِالْمَعْرُوفِ وَنَهْيُكَ عَنِ الْمُنْكَرِ صَدَقَةٌ، وَإِرْشَادُكَ الرَّجُلَ فِي أَرْضِ الضَّلَالِ لَكَ صَدَقَةٌ، وَبَصَرُكَ لِلرَّجُلِ الرَّدِيءِ الْبَصَرِ صَدَقَةٌ، وَإِمَاطَتُكَ الْحَجَرَ وَالشَّوْكَ وَالْعَظْمَ عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَةٌ، وَإِفْرَاغُكَ مِنْ دَلْوِكَ فِي دَلْوِ أَخِيكَ صَدَقَةٌ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің бір риуаятында: «Бауырыңа күлімсіреп қарағаның – садақа. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйғаның – садақа. Жолдан адасқан кісіге бағыт көрсеткенің – садақа. Көзі нашар көретін кісіге көмектескенің – садақа. Жолдан тас, тікен мен сүйекті алып тастағаның – садақа. Өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құйғаның – садақа», – делінген.1

  1. 1Тирмизи, Бирр 36 (1957).
4676
Кутуб ситтә, № 4676 · тараудағы реті: 16Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ نَشَرَ اللَّهُ عَلَيْهِ كَنَفَهُ وَأَدْخَلَهُ الْجَنَّةَ: رِفْقٌ بِالضَّعِيفِ، وَالشَّفَقَةُ عَلَى الْوَالِدَيْنِ، وَالْإِحْسَانُ إِلَى الْمَمْلُوكِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдулланың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Бойында мына үш қасиет бар кісіні Алла Өз панасына алып, жәннатқа кіргізеді: әлсізге жұмсақтық таныту, ата-анаға мейірім көрсету және қол астындағы құлға жақсылық жасау», – деді.1

  1. 1Тирмизи, Қиямет 49 (2496).
4677
Кутуб ситтә, № 4677 · тараудағы реті: 17Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ حَقٌّ عَلَى اللَّهِ عَوْنُهُمْ: الْمُجَاهِدُ فِي سَبِيلِ اللَّهِ، وَالْمُكَاتَبُ الَّذِي يُرِيدُ الْأَدَاءَ، وَالنَّاكِحُ الَّذِي يُرِيدُ الْعَفَافَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Үш адамға жәрдем етуді Алла Өз міндетіне алған: Алла жолында жиһад еткен кісі, азаттығы үшін келісілген өтемін төлегісі келген мұкатаб және арын сақтағысы келіп үйленген кісі», – деді.1

  1. 1Тирмизи, Фазаилул-Жиһад 20 (1655); Нәсәи, Никах 5, (6, 61).
4678
Кутуб ситтә, № 4678 · тараудағы реті: 18Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: ثَلَاثَةٌ يُحِبُّهُمُ اللَّهُ، وَثَلَاثَةٌ يُبْغِضُهُمُ اللَّهُ: فَأَمَّا الثَّلَاثَةُ الَّذِينَ يُحِبُّهُمْ فَرَجُلٌ أَتَى قَوْمًا فَسَأَلَهُمْ بِاللَّهِ وَلَمْ يَسْأَلْهُمْ بِقَرَابَةٍ بَيْنَهُ وَبَيْنَهُمْ فَمَنَعُوهُ، فَتَخَلَّفَ رَجُلٌ بِأَعْقَابِهِمْ فَأَعْطَاهُ سِرًّا لَا يَعْلَمُ بِعَطِيَّتِهِ إِلَّا اللَّهُ وَالَّذِي أَعْطَاهُ، وَقَوْمٌ سَارُوا لَيْلَتَهُمْ حَتَّى إِذَا كَانَ النَّوْمُ أَحَبَّ إِلَيْهِمْ مِمَّا يُعْدَلُ بِهِ فَنَزَلُوا. فَقَامَ رَجُلٌ يَتَمَلَّقُنِي وَيَتْلُو آيَاتِي، وَرَجُلٌ كَانَ فِي سَرِيَّةٍ فَلَقِيَ الْعَدُوَّ فَانْهَزَمُوا فَأَقْبَلَ بِصَدْرِهِ حَتَّى يُقْتَلَ أَوْ يُفْتَحَ لَهُ، وَأَمَّا الثَّلَاثَةُ الَّذِينَ يُبْغِضُهُمُ اللَّهُ: فَالشَّيْخُ الزَّانِي، وَالْفَقِيرُ الْمُخْتَالُ، وَالْغَنِيُّ الظَّلُومُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәррдің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла үш адамды жақсы көреді, үш адамды жек көреді. Жақсы көретіндерінің біріншісі – бір топ адамға келіп, туыстық хақысына сүйенбей, Алланың атымен қайыр сұраған кісіге жасырын садақа берген адам. Жұрт қайыршыға ештеңе бермегенде, ол өзгелерден кейін қалып, әлгі кісіге жұртқа білдірмей береді. Мұны Алла мен садақа алған кісіден басқа ешкім білмейді.

Екіншісі – бір топ жолаушымен түні бойы жол жүрген адам. Ұйқы оларға бәрінен қымбат болған шақта аялдап, бәрі жатады. Сонда біреуі орнынан тұрып, Маған кішіпейілділікпен жалбарынады әрі аяттарымды оқиды.

Үшіншісі – бір жасақтың сапына қосылған кісі. Жасақ жаумен кездесіп, жеңіліп шегінгенде, ол алға шығып, қаза тапқанша немесе жеңіске жеткенше шайқасады.

Алланың жек көретін үш адамы – зина жасаған қарт, тәкаппар кедей және зұлым бай».1

Түсіндірме

1. Алла елшісі бұл хадисте құлшылық әдебіне сай үш жақсы қасиет пен оған үйлеспейтін үш жаман қасиетті баяндайды. Жақсы қасиеттер мыналар.

• Садақаны жасырын беру.

• Сапарда жүрсе де, түнде ғибадат ету.

• Жау алдында жалғыз қалса да, шайқасты жалғастыру.

Бұл мінез әсіресе жеңіліс үстінде маңызды. Алла елшісі (с.а.с.) Ұхұд пен Хунәйн шайқасында осылай әрекет етіп, бытыраған мұсылман әскерін қайта жинаған. Ұхұдта одан да ауыр зардаптың алдын алса, Хунәйнде айқын жеңіске себепші болды. Алла елшісі (с.а.с.) жеңіліп бара жатқан шақта бір адамның батылдығы да шайқастың бетін бұра алатынына назар аудартады.

2. Кейбір хадис түсіндірушілер «қарттың зинасы» деген сөзбен мұхсан, яғни некеде болған адамның зинасы меңзелуі мүмкін деген. Өйткені дініміз некедегі адам мен бойдақтың зинасын тең қарастырмайды. Бойдақтың зинасы жеңілірек күнә саналған. Автордың бұл жердегі түсіндіруінше, біріншісінің жазасы – өлім, екіншісінің жазасы – сексен дүре. Бұл сөзбен жастан өзгеше, жасы ұлғайған кісінің зинасы да меңзелуі мүмкін. Осылай түсінсек, бір теріс істің ауырлығы оны істеген адамның жағдайына қарай өзгеретіні көрінеді. Зина – ауыр күнә, оны қарт кісінің істеуі одан да сорақы. Сол сияқты әдеп пен арлылық – көркем қасиет, ал ол жас адамның бойында болса, тіпті құнды. Жастайынан әдеп пен арлылыққа үйренген адам сол қасиеттерін өмір бойы сақтап, тура жолда жүреді. Кейіннен нәсіп болған жақсылық жамау не екпе секілді, жастықтан орныққан қасиеттей әсерлі әрі берекелі болмауы мүмкін.

  1. 1Тирмизи, жәннат 25 (2571); Нәсәи, Зекет 75, (5, 84).
4679
Кутуб ситтә, № 4679 · тараудағы реті: 19Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمُ اللَّهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لَا ظِلَّ إِلَّا ظِلُّهُ: إِمَامٌ عَادِلٌ، وَشَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ اللَّهِ، وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ بِالْمَسْجِدِ حَتَّى يَعُودَ إِلَيْهِ، وَرَجُلَانِ تَحَابَّا فِي اللَّهِ، اجْتَمَعَا عَلَى ذَلِكَ وَتَفَرَّقَا عَلَيْهِ، وَرَجُلٌ دَعَتْهُ امْرَأَةُ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَجَمَالٍ فَقَالَ: إِنِّي أَخَافُ اللَّهَ، وَرَجُلٌ تَصَدَّقَ بِصَدَقَةٍ فَأَخْفَاهَا حَتَّى لَا تَعْلَمَ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ، وَرَجُلٌ ذَكَرَ اللَّهَ خَالِيًا فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Өзінің саясынан басқа сая болмайтын күні Алла жеті түрлі адамды саясына алады. Олар – әділ басшы, Аллаға құлшылық етіп өскен жас, мешітке қайта оралғанша жүрегі соған байланған адам, бірін-бірі Алла үшін жақсы көріп, сол үшін кездесіп, сол үшін айырылған екі адам, сұлу әрі мансапты әйел өзіне шақырғанда “Мен Алладан қорқамын” деген ер кісі, оң қолы бергенді сол қолы білместей етіп садақасын жасырған адам және оңаша қалғанда Алланы еске алып, көзінен жас аққан адам».1

  1. 1Бұхари, Азан 36, Зекет 16, Риқақ 24, Худуд 19; Мүслим 91 (1031); Муатта 14, (952, 953); Тирмизи, Зүһд 53 (2392); Нәсәи, Қудат 2, (8, 222, 223).
4680
Кутуб ситтә, № 4680 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ دَعَا إِلَى هُدًى كَانَ لَهُ مِنَ الْأَجْرِ مِثْلُ أُجُورِ مَنِ اتَّبَعَهُ لَا يَنْقُصُ ذَلِكَ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْئًا، وَمَنْ دَعَا إِلَى ضَلَالَةٍ كَانَ عَلَيْهِ مِنَ الْإِثْمِ مِثْلُ آثَامِ مَنِ اتَّبَعَهُ لَا يَنْقُصُ ذَلِكَ مِنْ آثَامِهِمْ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَمَالِكٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім тура жолға шақырса, оған соңынан ергендердің сауабындай сауап жазылады. Олардың сауабы одан кемімейді. Ал кім адасушылыққа шақырса, оған соңынан ергендердің күнәсіндей күнә жазылады. Олардың күнәсі одан кемімейді».1

  1. 1Мүслим, Илм 16 (2674); Тирмизи, Илм 15 (2676); Әбу Дәуіт, Сүннет 7 (4609); Муатта, Құран 41, (1, 218).
4681
Кутуб ситтә, № 4681 · тараудағы реті: 21Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الدَّالُّ عَلَى الْخَيْرِ كَفَاعِلِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Жақсылыққа жол көрсеткен адам оны жасаған кісідей сауап алады».1

  1. 1Тирмизи, Илм 14 (2672).
4682
Кутуб ситтә, № 4682 · тараудағы реті: 22Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ لِمَلَائِكَتِهِ: إِذَا هَمَّ عَبْدِي بِعَمَلِ سَيِّئَةٍ فَلَا تَكْتُبُوهَا حَتَّى يَعْمَلَهَا، فَإِذَا عَمِلَهَا فَاكْتُبُوهَا عَلَيْهِ وَاحِدَةً، وَإِنْ تَرَكَهَا لِأَجْلِي فَاكْتُبُوهَا لَهُ حَسَنَةً، وَإِذَا هَمَّ بِعَمَلِ حَسَنَةٍ وَلَمْ يَعْمَلْهَا فَاكْتُبُوهَا لَهُ حَسَنَةً، فَإِنْ عَمِلَهَا فَاكْتُبُوهَا لَهُ بِعَشْرِ أَمْثَالِهَا إِلَى سَبْعِمِائَةِ ضِعْفٍ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Ұлы Алла періштелеріне былай дейді: “Құлым бір жамандық жасауға ниеттенсе, оны істемейінше жазбаңдар. Істесе, бір күнә деп жазыңдар. Одан Мен үшін бас тартса, бір сауап жазыңдар. Ал жақсылық жасауға ниеттеніп, оны істемесе де, бір сауап жазыңдар. Егер істесе, сауабын он еседен жеті жүз есеге дейін көбейтіп жазыңдар”».1

عَنْ عَبْدِ اللّٰهِ بْنِ عَبَّاسِ بْنِ عَبْدِ الْمُطَّلِبِ، عَنْ رَسُولِ اللّٰهِ: «إِنَّ اللّٰهَ كَتَبَ الْحَسَنَاتِ وَالسَّيِّئٰاتِ ثُمَّ بَيَّنَ ذٰلِكَ: فَمَنْ هَمَّ بِحَسَنَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا اللّٰهُ تَبَارَكَ وَتَعَالٰى عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً، وَإِنْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا كَتَبَهَا اللّٰهُ عَشْرَ حَسَنَاتٍ إِلٰى سَبْعِ مِائَةِ ضِعْفٍ إِلٰى أَضْعَافٍ كَثِيرَةٍ، وَإِنْ هَمَّ بِسَيِّئَةٍ فَلَمْ يَعْمَلْهَا كَتَبَهَا اللّٰهُ عِنْدَهُ حَسَنَةً كَامِلَةً، وَإِنْ هَمَّ بِهَا فَعَمِلَهَا كَتَبَهَا اللّٰهُ سَيِّئَةً وَاحِدَةً»

Абдулла ибн Аббас ибн Абдулмутталибтен (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) Раббысынан мына сөзді жеткізген: «Расында, Алла жақсылықтар мен жамандықтарды жазып, оны былай түсіндірді: “Кім бір жақсылық жасауға ниеттеніп, оны істемесе, Алла оны Өз құзырында толық бір жақсылық деп жазады. Ниеттеніп, оны істесе, Алла он жақсылықтан бастап, жеті жүз есеге дейін, тіпті одан да көп етіп жазады. Ал кім бір жамандық жасауға ниеттеніп, оны істемесе, Алла оны Өз құзырында толық бір жақсылық деп жазады. Ниеттеніп, оны істесе, Алла бір ғана жамандық деп жазады”».2

  1. 1Бұхари, Тәухид 35; Мүслим, Иман 203, 205, (128, 129); Тирмизи, Тәфсир, Әнғам (3075).
  2. 2Бұхари, риқақ 31; Мүслим, иман 207.
4683
Кутуб ситтә, № 4683 · тараудағы реті: 23Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ حَافِظَيْنِ رَفَعَا إِلَى اللَّهِ مَا حَفِظَا مِنْ عَمَلِ عَبْدٍ مِنْ لَيْلٍ أَوْ نَهَارٍ فَيَجِدُ اللَّهُ فِي أَوَّلِ الصَّحِيفَةِ وَآخِرَهَا خَيْرًا، إِلَّا قَالَ لِلْمَلَائِكَةِ: أُشْهِدُكُمْ أَنِّي قَدْ غَفَرْتُ لِعَبْدِي مَا بَيْنَ طَرَفَي الصَّحِيفَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Екі періште құлдың түнде не күндіз істеген амалдарынан жазып алғандарын Алланың құзырына көтереді. Алла парақтың басы мен соңынан жақсылық көрсе, періштелеріне: “Сендерді куә етемін. Құлымның парағының басы мен соңы арасындағы күнәларын кешірдім”, – дейді».1

  1. 1Тирмизи, Жанаиз 9 (981).
4684
Кутуб ситтә, № 4684 · тараудағы реті: 24

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ عَبَسَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ شَابَ شَيْبَةً فِي الْإِسْلَامِ كَانَتْ لَهُ نُورًا يَوْمَ الْقِيَامَةِ، وَمَنْ رَمَى بِسَهْمٍ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَبَلَغَ الْعَدُوَّ أَوْ لَمْ يَبْلُغْهُمْ كَانَ لَهُ عِتْقُ رَقَبَةٍ، وَمَنْ أَعْتَقَ رَقَبَةً مُؤْمِنَةً كَانَتْ فِدَاءَهُ مِنَ النَّارِ عُضْوًا عُضْوًا». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ النَّسَائِيِّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Абәсә (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кімнің мұсылман күйінде бір тал шашы ағарса, сол шаш қиямет күні оған нұр болады. Кім Алла жолында жебе атса, ол дұшпанға жетсе де, жетпесе де, бір құл азат еткендей сауап алады. Кім бір мүмін құлды азат етсе, азат еткен құлының әрбір мүшесі оның тиісті мүшесінің тозақ отынан құтылуына себеп болады».1

  1. 1Тирмизи, Фазаилул-Жиһад (1634); Нәсәи, Жиһад 26, (6, 26); Әбу Дәуіт, Итқ 14 (3966).
4685
Кутуб ситтә, № 4685 · тараудағы реті: 25Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: يَقُولُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ يَوْمَ الْقِيَامَةِ: يَا ابْنَ آدَمَ: مَرِضْتُ فَلَمْ تَعُدْنِي. فَيَقُولُ: يَا رَبِّ كَيْفَ أَعُودُكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ قَالَ: أَمَا عَلِمْتَ أَنَّ عَبْدِي فُلَانًا مَرِضَ فَلَمْ تَعُدْهُ؟ أَمَا عَلِمْتَ أَنَّكَ لَوْ عُدْتَهُ لَوَجَدْتَنِي عِنْدَهُ؟ يَا بْنَ آدَمَ: اِسْتَطْعَمْتُكَ فَلَمْ تَطْعِمُنِي. قَالَ: يَا رَبِّ كَيْفَ أُطْعِمُكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ قَالَ: أَمَا عَلِمْتَ أَنَّ عَبْدِي فُلَانًا اِسْتَطْعَمَكَ فَلَمْ تُطْعِمْهُ. أَمَا عَلِمْتَ لَوْ أَنَّكَ أَطْعَمْتَهُ لَوَجَدْتَ ذَلِكَ عِنْدِي. يَا ابْنَ آدَمَ: اسْتَسْقَيْتُكَ فَلَمْ تُسْقِنِي. قَالَ: يَا رَبِّ كَيْفَ أَسْقِيكَ وَأَنْتَ رَبُّ الْعَالَمِينَ؟ فَيَقُولُ: إِنَّ عَبْدِي فُلَانًا اسْتَسْقَاكَ فَلَمْ تَسْقِهِ. أَمَا عَلِمْتَ أَنَّكَ لَوْ سَقَيْتَهُ لَوَجَدْتَ ذَلِكَ عِنْدِي». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қиямет күні Ұлы Алла: “Уа, Адам баласы! Мен ауырдым, ал сен көңілімді сұрамадың”, – дейді. Пенде: “Уа, Раббым! Сен әлемдердің Раббысысың. Көңіліңді қалай сұраймын?” – дейді. Алла: “Пәленше құлымның ауырғанын білмеп пе едің? Оның көңілін сұрамадың. Сұрағаныңда, Мені оның қасынан табатыныңды білмедің бе?” – дейді. “Уа, Адам баласы! Сенен ас сұрадым, ал сен Маған ас бермедің”. Пенде: “Уа, Раббым! Сен әлемдердің Раббысысың. Саған қалай ас беремін?” – дейді. Алла: “Пәленше құлым сенен ас сұрағанда, оған ас бермегеніңді білмеп пе едің? Оған ас бергеніңде, қарымын Менің құзырымнан табатыныңды білмедің бе?” – дейді. “Уа, Адам баласы! Сенен су сұрадым, ал сен Маған су бермедің”. Пенде: “Уа, Раббым! Сен әлемдердің Раббысысың. Саған қалай су беремін?” – дейді. Алла: “Пәленше құлым сенен су сұрады, ал сен оған су бермедің. Оған су бергеніңде, қарымын Менің құзырымнан табатыныңды білмедің бе?” – дейді».1

Түсіндірме

Хадисте науқастың көңілін сұрау, аш адамға ас беру, шөлдегенге су беру сияқты істердің сауабы айрықша тілмен жеткізілген. Пенденің Алланы науқастың жанынан табуы және мұқтажға бергенінің қарымын Оның құзырынан көруі осы істері үшін Алланың мол сауабы мен мейіріміне бөленетінін білдіреді.

  1. 1Мүслим, Бирр 43 (2569).
4686
Кутуб ситтә, № 4686 · тараудағы реті: 26Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ أَكَلَ طَيِّبًا وَعَمِلَ فِي سُنَّةٍ وَأَمِنَ النَّاسُ بَوَائِقَهُ دَخَلَ الْجَنَّةَ. قَالَ لَهُ رَجُلٌ: يَا رَسُولَ اللَّهِ! إِنَّ هَذَا الْيَوْمَ فِي النَّاسِ كَثِيرٌ. قَالَ: فَسَيَكُونُ فِي قُرُونٍ بَعْدِي». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім адал ас ішіп, сүннетке сай амал етсе және адамдар одан келер жамандықтан аман болса, жәннатқа кіреді”, – деді. Бір кісі: “Уа, Алла елшісі! Бүгінде мұндай адамдар көп қой”, – деді. Ол: “Менен кейінгі замандарда да сондай адамдар болады”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) адал ризықпен күнелтіп, сөзі мен ісі сүннетке немесе Құранның айқын нұсқауына сай келетін, жұртқа зияны тимейтін адамның жәннатқа кіретінін айтқан. Пайғамбарымыз мұндай ізгі адамдар өзінен кейінгі замандарда да болатынын сүйіншілеген.

  1. 1Тирмизи, Қиямет 61 (2522).
4687
Кутуб ситтә, № 4687 · тараудағы реті: 27Риуаят етуші: Бәра

وَعَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ مَنَحَ مِنْحَةَ لَبَنٍ أَوْ وَرَقٍ، أَوْ هَدَى ضَالًّا طَرِيقًا، أَوْ أَعْمَى زُقَاقًا، كَانَ لَهُ مِثْلُ مَنْ أَعْتَقَ رَقَبَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Кім сауынды малды сүтін пайдалана тұрсын деп уақытша берсе, ақша қарызға берсе, адасқан адамға жол көрсетсе немесе көзі көрмейтін кісіні баратын көшесіне жеткізсе, бір құл азат еткеннің сауабын алады».1

  1. 1Тирмизи, Бирр 37 (1958).
4688
Кутуб ситтә, № 4688 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: اَلرَّجُلُ يَعْمَلُ الْعَمَلَ سِرًّا فَإِذَا اطُّلِعَ عَلَيْهِ أَعْجَبَهُ ذَلِكَ. فَقَالَ ﷺ: لَهُ أَجْرَانِ: أَجْرُ السِّرِّ وَأَجْرُ الْعَلَانِيَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Бір адам ізгі амалын жасырын істеп жүріп, оны жұрт біліп қойса әрі бұл өзіне ұнаса, оның жайы қалай болады?” – деп сұралды. Алла елшісі (с.а.с.): “Оған екі сауап беріледі. Бірі – жасырын істегенінің сауабы, екіншісі – жария болғанының сауабы”, – деді».1

Түсіндірме

Тирмизи хадисті былай түсіндіреді: «Бір топ ғалымның айтуынша, ізгі ісінің жұртқа мәлім болғанын адамға ұнамды ететін нәрсе – жұрттың сол ісін құптауы. Алла елшісі (с.а.с.): “Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер”, – деген. Жұрттың разылығын Алланың разылығының нышаны деп білген адам осы сүйіншіге қуанады. Ал жақсы ісін жұрт біліп, сол үшін өзін сыйлап, құрметтеп, ұлықтасын деп қаласа, бұл рия болады. Кей ғалымдар: “Адам істеген жақсылығы жұртқа мәлім болғанда, сол ісі өзгелерге үлгі болып, олардың да жақсылық істеуіне себепші болар деп қуанса, солардың сауабындай сауап оған да жазылады”, – деген. Өйткені хадисте: “Исламда кім бір игі жол бастаса, оған өзінің де, соңынан сол жолмен жүргендердің де сауабы жазылады”, – делінген».

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «أَنْتُمْ شُهَدَاءُ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Әнәстің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер», – деген.

عَنْ جَرِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «مَنْ سَنَّ فِي الْإِسْلَامِ سُنَّةً حَسَنَةً فَلَهُ أَجْرُهَا وَأَجْرُ مَنْ عَمِلَ بِهَا بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Жәрир ибн Абдулланың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Исламда кім бір игі жол бастаса, оған өзінің де, соңынан сол жолмен жүргендердің де сауабы жазылады», – деген.

  1. 1Тирмизи, Зүһд 49 (2385).
4689
Кутуб ситтә, № 4689 · тараудағы реті: 29Риуаят етуші: Әбу Зәрр

وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: الرَّجُلُ يَعْمَلُ الْخَيْرَ وَيَحْمَدُهُ النَّاسُ عَلَيْهِ. فَقَالَ: تِلْكَ عَاجِلُ بُشْرَى الْمُؤْمِنِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Зәрр (р.а.) былай деген: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Бір адам жақсылық жасап, жұрт оны сол үшін мақтаса, бұл қалай болады?” – деп сұралды. Ол: “Бұл – мүміннің осы дүниеде алған сүйіншісі”, – деді».1

Түсіндірме

Нәуәуидің айтуынша, адам өзі себепші болмай, жұрт оны сыртынан мақтаса, бұл – Алланың разылығының белгісі. Мақтау естуді өзі қалаған адамның жайы бұл сүйіншіге жатпайды.

  1. 1Мүслим, Бирр 166 (2642).
4690
Кутуб ситтә, № 4690 · тараудағы реті: 30Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: وَفْدُ اللَّهِ ثَلَاثَةٌ: اَلْغَازِي، وَالْحَاجُّ، وَالْمُعْتَمِرُ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла үшін сапар шегетіндер үшеу: жорыққа шыққан адам, қажылыққа барған адам және ұмраға барған адам».1

  1. 1Нәсәи, Хажж 4, (5, 113).
4691
Кутуб ситтә, № 4691 · тараудағы реті: 31Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мұсылман ағаш отырғызса немесе егін ексе, одан құс, адам не жануар жеген сайын, бұл оған садақа болып жазылады».1

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті «Азық болатын өсімдікті егу мен ағаш отырғызудың артықшылығы» деген тарауда келтірген.

«Егу» мен «отырғызудың» артықшылығына Құран дәлел ретінде ﴿ءَأَنتُمْ تَزْرَعُونَهُۥٓ أَمْ نَحْنُ ٱلزَّٰرِعُونَ ۝ لَوْ نَشَآءُ لَجَعَلْنَٰهُ حُطَٰمًا فَظَلْتُمْ تَفَكَّهُونَ﴾ «Оны сендер өсіріп жатырсыңдар ма әлде өсіруші мына Біз бе? Егер қаласақ, әлгі өсіп шыққан егіндеріңді бірден қу қиқымға айналдырар едік те, не істерлеріңді білмей аңырып қалар едіңдер2…» аятын зікір етеді.

2. Бұхари қойған тарау атауынан аңғарылғандай, ғалымдар бұл хадисті егін егу мен ағаш отырғызудың ізгі іске жататынына және жерді көгалдандыруға ынталандыратынына дәлел еткен. Хадистен егіншілікпен айналысуға рұқсат бар деген үкім де шығарған.

Ибн Хажар былай дейді: «Бұл хадис егіншіліктің артықшылығын жоққа шығаратын кейбір тақуалардың пікірін теріске шығарады. Егіншіліктен сақтандырған риуаяттар оны діни міндеттерге кедергі келтіретін дәрежеде кәсіп етуден тыйған». Ол меңзеген риуаяттардың бірі: «Жер иесі болмаңдар, дүниеге беріліп кетесіңдер». Құртуби екі хадисті былай ұштастырған: тыйым егіншілікке тым беріліп, діни міндеттерді елеусіз қалдыруға қатысты. Ал осы хадисте қажетіне жарату, мұсылмандарға пайда тигізу немесе сауап алу ниетімен егін егу жайы сөз болады.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَتَّخِذُوا الضَّيْعَةَ فَتَرْغَبُوا فِي الدُّنْيَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Жер иесі болмаңдар, дүниеге беріліп кетесіңдер», – деген.

Мүслим жеткізген нұсқада хадистің айтылу себебі баяндалған. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) бақта жұмыс істеп жатқан Үммі Мағбадқа келіп: «Мына құрмаларды кім отырғызды? Мұсылман ба, әлде кәпір ме?» – деп сұрады. Үммі Мағбад: «Мұсылман», – деді. Сонда Алла елшісі: «Мұсылман ағаш отырғызса немесе егін ексе, одан құс, адам не жануар жеген сайын, бұл оған садақа болып жазылады», – деді.

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: دَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى أُمِّ مَعْبَدٍ حَائِطًا فَقَالَ: «يَا أُمَّ مَعْبَدٍ، مَنْ غَرَسَ هَذَا النَّخْلَ، أَمُسْلِمٌ أَمْ كَافِرٌ؟» فَقَالَتْ: بَلْ مُسْلِمٌ. قَالَ: «فَلَا يَغْرِسُ الْمُسْلِمُ غَرْسًا فَيَأْكُلَ مِنْهُ إِنْسَانٌ وَلَا دَابَّةٌ وَلَا طَيْرٌ إِلَّا كَانَ لَهُ صَدَقَةً إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Жәбир ибн Абдулланың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Мағбадтың бағына кіріп: «Уа, Үммі Мағбад! Мына құрмаларды кім отырғызды? Мұсылман ба, әлде кәпір ме?» – деп сұрады. Үммі Мағбад: «Мұсылман», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылман отырғызған ағаштың жемісінен адам, жануар не құс жесе, ол қиямет күніне дейін әлгі мұсылманға садақа болып жазылады», – деді.

3. Мүслимнің нұсқасында «Қиямет күніне дейін оған садақа болады» деген сөз бар. Демек, ізгі ниетпен егілген егін мен отырғызылған ағаш пайдаға жарап тұрған сайын, еккен адамға сауап жазылады. Мұны сол егіннің дәнінен, ағаштың тұқымы мен өскінінен кейін өсіп шығатын өсімдіктердің пайдасы үшін де қияметке дейін сауап жазылады деп түсінуге болады. Нәуәуи мен Ибн Хажар бұл сауабын тікелей өзі еккен өсімдіктің сақталу мерзімімен шектеген. Еккен кісі дүние салса да, егін не ағаш басқа иеге өтсе де, сол өсімдіктің жемісін жеу тоқтағанша, сауап әуелгі иесіне жазылады. Қалай болғанда да, хадис мүміндерді егіншілікке үндейді.

4. Ибн Хажар хадистегі «мұсылман» сөзі жалпы мағынада айтылғанына сүйеніп, бұл сауап азат адамға да, құлға да, пасыққа да, тақуаға да, ерге де, әйелге де ортақ екенін ескертеді. Егіннен жейтін кісі де «адам» деп жалпы аталған. Сондықтан оның ұлты, діні, жемісті сатып алғаны не ұрлағаны бұл үкімді өзгертпейді. Бір ғалым хадистің осы кең мағынасын былай берген: «Бақтың жемісін адам, мал, сиыр, құрт-құмырсқа, сатып алушы, тіпті ұры жесе де, ол садақаға есептеледі».

Мұндай хадистер қазір көпшілікке тараған зейнеткерлік ұғымының зиянды қырын ұғынуға да көмектеседі. Ол түсінік адамды белгілі бір жастан соң өнім өндіруден қол үзіп, тек тұтынушы болып қалуға итермелейді. Осы орайда егілген өсімдік пен отырғызылған ағаштың жемісі садақаға айналуы намаз оқу шартына байланысты деген бір ғалымның сөзінен үзінді келтіреміз.

«Жұмыс арасындағы тынығу уақытын көңіл мен рухты тыныштандыратын намазға арнасаң, табысыңа береке кіреді. Ақыретте азық болатын, өзіңе жетіп артылатын екі рухани пайда табасың.

Біріншіден, бағыңда өсірген жемістерің мен дәнді дақылдарыңның зікіріне, яғни Алланы мадақтауына ортақ боласың. Ниетің адал болса, олардың зікірінен саған да сауап тиеді.

Екіншіден, бақтың жемісін адам, мал, сиыр, құрт-құмырсқа, сатып алушы, тіпті ұры жесе де, ол саған садақа болып жазылады. Оның шарты мынадай: бұл істі шынайы Ризық берушінің атымен атқарып, Оның рұқсаты мен шариғаты аясында жүр. Оның мүлкін жаратылыстарына үлестіріп отырғаныңды мойында.

Қарашы, намазды тәрк еткен адам қанша зиян шегіп, қандай мол қазынадан құр қалады! Еңбекке ынта беріп, көңілін демеп, бойына қуат қосатын осы екі пайдадан айырылып, еңсесі түседі. Жасы ұлғайған сайын: “Менің не шаруам бар? Қартайдым. Ақыры өлемін. Босқа әуреленіп, неге шаршайын?” – деп, бау-бақша егіп, оны күтіп-баптаудан қалады. Ал әуелгі адам: “Құлшылығымды көбейтіп, адал еңбектенейін. Жинаған сауабым қабіріме нұр, ақыретіме азық болсын”, – дейді».

  1. 1Бұхари, Харс 1, Әдеп 27; Мүслим, Мусақат 12 (1553); Тирмизи, Ахкам 40 (1382).
  2. 2«Уақиға», 64,65.