Хадис

Кутуб ситтә, № 4688

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4688 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 28
4688
Кутуб ситтә, № 4688 · тараудағы реті: 28Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قِيلَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: اَلرَّجُلُ يَعْمَلُ الْعَمَلَ سِرًّا فَإِذَا اطُّلِعَ عَلَيْهِ أَعْجَبَهُ ذَلِكَ. فَقَالَ ﷺ: لَهُ أَجْرَانِ: أَجْرُ السِّرِّ وَأَجْرُ الْعَلَانِيَةِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деген: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Алла елшісі! Бір адам ізгі амалын жасырын істеп жүріп, оны жұрт біліп қойса әрі бұл өзіне ұнаса, оның жайы қалай болады?” – деп сұралды. Алла елшісі (с.а.с.): “Оған екі сауап беріледі. Бірі – жасырын істегенінің сауабы, екіншісі – жария болғанының сауабы”, – деді».1

Түсіндірме

Тирмизи хадисті былай түсіндіреді: «Бір топ ғалымның айтуынша, ізгі ісінің жұртқа мәлім болғанын адамға ұнамды ететін нәрсе – жұрттың сол ісін құптауы. Алла елшісі (с.а.с.): “Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер”, – деген. Жұрттың разылығын Алланың разылығының нышаны деп білген адам осы сүйіншіге қуанады. Ал жақсы ісін жұрт біліп, сол үшін өзін сыйлап, құрметтеп, ұлықтасын деп қаласа, бұл рия болады. Кей ғалымдар: “Адам істеген жақсылығы жұртқа мәлім болғанда, сол ісі өзгелерге үлгі болып, олардың да жақсылық істеуіне себепші болар деп қуанса, солардың сауабындай сауап оған да жазылады”, – деген. Өйткені хадисте: “Исламда кім бір игі жол бастаса, оған өзінің де, соңынан сол жолмен жүргендердің де сауабы жазылады”, – делінген».

عَنْ أَنَسِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «أَنْتُمْ شُهَدَاءُ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Әнәстің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Сендер – Алланың жер бетіндегі куәгерлерісіңдер», – деген.

عَنْ جَرِيرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «مَنْ سَنَّ فِي الْإِسْلَامِ سُنَّةً حَسَنَةً فَلَهُ أَجْرُهَا وَأَجْرُ مَنْ عَمِلَ بِهَا بَعْدَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Жәрир ибн Абдулланың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Исламда кім бір игі жол бастаса, оған өзінің де, соңынан сол жолмен жүргендердің де сауабы жазылады», – деген.

  1. 1Тирмизи, Зүһд 49 (2385).