Хадис

Кутуб ситтә, № 4663

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4663 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4663
Кутуб ситтә, № 4663 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: مَنْ عَادَى لِي وَلِيًّا فَقَدْ آذَنْتُهُ بِحَرْبٍ، وَمَا تَقَرَّبَ إِلَيَّ عَبْدِي بِشَيْءٍ أَحَبَّ إِلَيَّ مِنْ أَدَاءِ مَا افْتَرَضْتُ عَلَيْهِ، وَلَا يَزَالُ عَبْدِي يَتَقَرَّبَ إِلَيَّ بِالنَّوَافِلِ حَتَّى أُحِبَّهُ، فَإِذَا أَحْبَبْتُهُ كُنْتُ سَمْعَهُ الَّذِي يَسْمَعُ بِهِ، وَبَصَرَهُ الَّذِي يُبْصِرُ بِهِ وَيَدَهُ الَّتِي يَبْطِشُ بِهَا، وَرِجْلَهُ الَّتِي يَمْشِي بِهَا، وَإِنْ سَأَلَنِي أَعْطَيْتُهُ، وَإِنِ اسْتَعَاذَنِي أَعَذْتُهُ، وَمَا تَرَدَّدْتُ عَنْ شَيْءٍ أَنَا فَاعِلُهُ تَرَدُّدِي عَنْ قَبْضِ نَفْسِ عَبْدِي الْمُؤْمِنِ، يَكْرَهُ الْمَوْتَ وَأَنَا أَكْرَهُ مَسَاءَتَهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайраның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Алла Тағала айтты: “Кім Менің әулие құлыма дұшпандық қылса, Мен оған соғыс жариялаймын. Құлымның Маған жақындау үшін істеген істерінің ішінде өзіне парыз еткен амалдарды орындауынан артық сүйіктісі жоқ. Құлым нәпіл ғибадаттарымен Маған жақындай береді, ақырында Мен оны жақсы көремін. Оны жақсы көрсем, еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы [ойланатын жүрегі, сөйлейтін тілі] боламын. Менен сұраса, беремін. Маған сыйынса, пана боламын. Істейтін ешбір ісімде мүмін құлымның жанын алудағыдай іркілген емеспін. Ол өлімді ұнатпайды, Мен де оның қиналғанын қаламаймын”».1

Түсіндірме

1. Бұл – Алла елшісінің (с.а.с.) Раббысынан жеткізген құдси хадистерінің бірі.

2. Хадистегі «әулие» сөзі Алланы таныған, құлшылығын тиісінше атқарып, оны ықыласпен орындаған кісіге қатысты.

3. Кей ғалымдар былай дейді: «Әулие тақуалығымен Алланың достығына ұмтылады. Алла оны дос тұтып, қорғап, жәрдем етуді Өзіне алады. Алланың хикметі бойынша, әулиенің дұшпаны – Алланың да дұшпаны. Сондықтан Алланың әулие құлына дұшпандық еткен кісі Аллаға қарсы соғыс ашқандай болады».

4. Әбул Қасым әл-Қушайри құлдың Аллаға жақындауын былай түсіндіреді: «Құл әуелі иманымен, содан соң ихсанымен Аллаға жақындайды. Алла дүниеде құлына Өзін тануды нәсіп етіп, ақыретте оған разы болу арқылы жақындайды. Осы екі аралықта Алланың алуан нығметі мен сыйы көрінеді. Құлдың Аллаға жақындығы оның жұрттан алшақтауымен кемеліне келеді». Қушайри сөзін былай жалғайды: «Алла ілімі мен құдіреті арқылы барлық адамға жақын. Ерекше құлдарына кеңшілігі мен жәрдемі арқылы, ал әулиелеріне достығымен жақындайды».

5. Хадистен Алланың құлға деген сүйіспеншілігі оның нәпіл ғибадаттарды орындауына байланысты екенін көреміз. Хадистің басында Аллаға ең сүйікті ғибадаттың парыз екені айтылады. Ал нәпіл ғибадаттар арқылы Алланың сүйіспеншілігіне жету туралы сөз парызға ілесе жүретін, оны толықтыратын нәпілдерге қатысты түсіндірілген. Мұны Әбу Умамадан жеткен мына риуаят та қуаттайды: «Уа, Адам баласы, саған парыз еткендерімді өтемейінше, Менің қасымдағыға жете алмайсың».

Фақихани: «Хадистің мәні мынада: құл парыздарды өтеп, намаз, ораза тәрізді ғибадаттардың нәпілдерін үзбей орындаса, Алланың сүйіспеншілігіне жетеді», – дейді. Ибн Хубәйраның да осыған қатысты ескертуі бар: «“Құлым Маған нәпіл ғибадаттармен жақындай береді” деген сөзден нәпілдің парыздың алдына шықпайтыны белгілі болады.

Нәпілдің “нәпіл” аталуы да парызға қосымша болуынан. Сондықтан парыз өтелмейінше, нәпілдің мәні ашылмайды. Кісі парызды орындап, оған нәпілді қосып, екеуін де үзбесе, Аллаға жақындауға деген еркі іс жүзінде көрінеді».

Ибн Хажар бұған былай деп қосады: «Әдетте адамдар бір-біріне міндеттелмеген істері, мысалы сыйлық не тарту арқылы жақындайды. Салығын не ақшалай қарызын өтеген адам жүректерді сыйлық бергендегідей жақындата алмайды. Сол сияқты Алла елшісіне (с.а.с.) шариғат етілген амалдардың арасында парызды толықтыратын нәпілдер бар. Мүслимдегі бір хадисте бұл былай баяндалады: “Қараңдаршы, құлымның парызындағы кемістікті толтыратын нәпілі бар ма екен?”». Демек, «нәпілдермен Аллаға жақындау» үшін әуелі парызды кемеліне келтіріп орындау керек. Парызды бұзуға да, елеусіз қалдыруға да болмайды. Кейбір ізгі кісілер: «Нәпілдің орнына парызды өтеген адам үзірлі. Парыздың орнына нәпілге берілген адам алданған», – деген.

6. Хадистегі түсіндіруді қажет ететін тұстың бірі – Алла Тағаланың құлының еститін құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы, жүретін аяғы, ойланатын жүрегі болуы. Бұл сөзді ғалымдар бірнеше тұрғыдан түсіндірген.

1) Бұл – астарлы мысал. Мағынасы мынадай: «Менің әмірімді бәрінен артық көргендіктен, Мен ол үшін көзі мен құлағындай болдым. Ол бұл мүшелерін қалай жақсы көрсе, Маған бойсұнып, қызмет етуді де солай жақсы көреді».

2) «Ол құлым бар болмысымен Маған ден қояды. Мені разы етпейтін нәрсені тыңдамайды, көзімен тек Мен бұйырған нәрсеге қарайды...»

3) «Мен оған құлағы мен көзі арқылы көздеген мақсатына жетуді нәсіп етемін».

4) «Дұшпанына қарсы жәрдем етуде Мен оған көзі, құлағы, қолы мен аяғы секілді боламын».

5) Фақихани: «Меніңше, хадисте айтылмай, ойда тұрған бір тіркес бар. Мағынасы мынадай: “Еститін құлағын қорғаймын, сонда ол тыңдауға болмайтын нәрсені тыңдамайды. Көзі мен өзге мүшелерін де солай қорғаймын”», – деген. 6) Фақихани мен Ибн Хубәйраның айтуынша, «құлағы» сөзі «естіген нәрсесі» дегенді де білдіруі мүмкін. Араб тілінде қимыл атауы кейде іс-әрекеттің нысанын білдіреді. Сонда хадистің мәні мынадай болады: «Ол Мені еске алудан басқа ештеңені тыңдамайды.

Кітабымды оқудан ғана ләззат алады. Маған мінәжат етуден ғана жұбаныш табады. Жаратқан нәрселерімнің ғажайыптарын ғана ойлайды. Қолын Мен разы болатын іске ғана созып, аяғын да сондай іске қарай басады».

Хаттаби бұл сөздерді мысал ретінде түсіндіреді: «Құл осы мүшелерімен амал еткенде, Алла оған көмектесіп, ол амалдарды оған сүйікті етеді және оңайлатады. Алла оны Өзі ұнатпайтын нәрсені тыңдаудан, тыйғанына көз салудан, адал етілмеген нәрсеге қол тигізуден және аяғымен теріс жолға түсуден сақтайды. Осылайша құлын Өзі разы болмайтын істерден қорғайды».

Хаттаби Алла құлын жақсы көргенде, Өзі ұнатпайтын істерді оған да жек көргізіп, олардан тыятынын айтқан.

7) Хаттабидің тағы бір түсіндіруі бойынша, хадис дұғаның тез қабыл болып, сұралған нәрсенің орындалатынын білдіреді. Адам істерін осы мүшелерімен атқарады. Кей ғалымдар аталған түсініктерге сүйеніп: «Кісі нәпілді үзбей оқып, бір дәрежеге жеткенде, оның барлық мүшесі Алланың жолында, Оның разылығына сай әрекет етеді», – дейді. Бәйхақи «Зуһд» кітабында Әбу Осман әл-Жизидің мына түсіндірмесін келтіреді: «Хадистегі сөздің мәні мынадай: “Құлымның құлағымен естуге, көзімен көруге, қолымен ұстауға және аяғымен жүруге қатысты қажеттерін тез орындаймын”».

7. Хадистегі «құлым Менен сұраса, беремін» деген сөзге қатысты мынадай сауал қойылған: «Талай тақуа табандылықпен дұға еткен, бірақ тілегі орындалмаған ғой». Бұған «Алла дұғаны бірнеше түрде қабыл етеді» деп жауап берген.

• Кейде сұрағанын сол сәтте береді.

• Кейде бір хикметпен кейінірек береді.

• Кейде сұрағанынан басқа нәрсе береді. Кісі сұраған нәрседе игілік болмай, берілген нәрседе игілік болуы мүмкін. Адам өзіне зиянды нәрсені ынтыға сұрайды, Алла оған мейірімімен ақыры қайырлы болатын басқа нәрсені береді.

8. Хадис намаздың мәртебесінің ұлылығын көрсетеді. Намаз құлды Алланың сүйіспеншілігіне бөлейді. Өйткені намаз – мінәжат пен жақындықтың орны. Құл онда араға ешбір дәнекер салмай, Раббысымен оңаша қалады. Оны намаздай қуантатын нәрсе жоқ. Сондықтан хадисте: «Көзімнің нұры намазда», – делінген. Бұл дәрежеге намазда сабырлы болу арқылы жетеді. Ғалымдар намазды сабырмен, үзбей оқуға айрықша мән берген. Өйткені осы жолдағы адам түрлі кесапатқа ұрынып, кейде ынтасы бәсеңдейді. Шайтан да оны тыныш қалдырмайды. Ол осының бәрін сабырмен, табандылықпен жеңуге тиіс.

Хузайфадан (р.а.) жеткен риуаятта намаздың нәтижесіне қатысты мынадай жалғасы бар: «Құлым әулиелерім мен таңдаулы құлдарымның бірі болады. Пайғамбарлармен, шыншылдармен және шейіттермен бірге жәннатта көршім болады».

9. Иләһи көрініс іздеп, риязат жолын ұстанған кейбір надандар осы хадиске сүйеніп: «Жүрек Алланың қорғауына енсе, оған келген ойлар қателіктен пәк болады», – деп шектен шыққан. Мәселені терең зерделеген тариқат өкілдерінің жауабы мынадай: «Жүрекке келген ойлардың Құран мен сүннетке үйлескеніне ғана мән беріледі. Үйлеспегені назарға алынбайды. Исмат, яғни күнә мен қатеден сақталу пайғамбарларға ғана тән. Олардан басқалар қателеседі. Омар (р.а.) жүрегіне илһам берілгендердің алдыңғы қатарында тұрса да, сахабалар кейде оған қарсы пікір айтатын. Сонда ол өз пікірін қалдырып, олардың сөзіне құлақ асатын. Кім Алла елшісі (с.а.с.) жеткізген үкімдердің орнына жүрегіне келген оймен амал ету жеткілікті десе, аса үлкен қателікке ұрынады. Ал одан әрі кетіп, “Жүрегім маған Раббымнан хабар беріп тұр”, – деу бұдан да өрескел қателік. Өйткені жүрегіне келген хабардың шайтаннан еместігіне кепіл жоқ».

10. Сүлеймен әт-Туфи былай дейді: «Бұл хадис – Алланың жолына түсіп, Оны тануға, сүйіспеншілігіне бөленуге және Оның жолына жетуге негіз болатын маңызды қағида. Жәбірейіл хадисінде баяндалған ішкі парыз – иман, сыртқы парыз – Ислам және сол екеуінен туатын ихсан осы хадисте қамтылған. Ихсан Алланың жолындағы кісінің зүһд, ықылас, мұрақаба секілді барлық дәрежесін қамтиды».

11. Адам өзіне міндеттелген амалдарды орындап, нәпілдермен Аллаға жақындаса, хадисте антпен бекітілген шынайы уәдеге сай, оның дұғасы кері қайтарылмайды. Бұған қатысты ескерілуге тиіс жайттар жоғарыда айтылды.

12. Хадис құлдың, ең биік дәрежеге жетіп, Алланың сүйікті құлы атанса да, Одан тілеуден қол үзбейтінін көрсетеді. Өйткені дұғада тағзым мен құлдық көрініс табады.

13. Хадистегі соңғы мәселе – Алланың іркілуі. Хаттаби: «Аллаға қатысты іркілу туралы айтуға болмайды», – деп, бұл сөзді екі түрлі жорыған.

1) «Құл өмірінде ауруға шалдығып, өліммен бетпе-бет келуі немесе кедейлікке ұшырауы мүмкін. Сонда Аллаға жалбарынады. Алла оған саулық беріп, кедейліктен құтқарады. Бұл – бір істі істеуге ниеттеніп, кейін одан бас тартқан кісінің халіне ұқсатылған әрекет. Ал ажалы келгенде өлетіні анық. Өйткені Алла Тағала Өзіне мәңгілікті, құлына өткіншілікті жазған».

2) «Мағынасы мынадай: “Басқа ешбір ісімде елшілерімді мүміннің жанын алуға жібергенімдегідей кері қайтарған емеспін”. Мұсаның қиссасында осылай болған. Мұса ажал періштесінің көзінен ұрып, періште оған бірнеше рет барып келген». Іркілудің мәнін Алланың құлына деген жанашырлығы, мейірімі және оған көрсеткен кеңшілігі деп түсіндіргендер де бар.

  1. 1Бұхари, Риқақ 38.