Хадис

Кутуб ситтә, № 4691

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
707. Артықшылығы әртүрлі хадистерде айтылған амалдар мен сөздер
Нөмірі
№ 4691 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 31
4691
Кутуб ситтә, № 4691 · тараудағы реті: 31Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَغْرِسُ غَرْسًا أَوْ يَزْرَعُ زَرْعًا فَيَأْكُلُ مِنْهُ طَيْرٌ أَوْ إِنْسَانٌ أَوْ بَهِيمَةٌ إِلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقَةٌ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мұсылман ағаш отырғызса немесе егін ексе, одан құс, адам не жануар жеген сайын, бұл оған садақа болып жазылады».1

Түсіндірме

1. Бұхари бұл хадисті «Азық болатын өсімдікті егу мен ағаш отырғызудың артықшылығы» деген тарауда келтірген.

«Егу» мен «отырғызудың» артықшылығына Құран дәлел ретінде ﴿ءَأَنتُمْ تَزْرَعُونَهُۥٓ أَمْ نَحْنُ ٱلزَّٰرِعُونَ ۝ لَوْ نَشَآءُ لَجَعَلْنَٰهُ حُطَٰمًا فَظَلْتُمْ تَفَكَّهُونَ﴾ «Оны сендер өсіріп жатырсыңдар ма әлде өсіруші мына Біз бе? Егер қаласақ, әлгі өсіп шыққан егіндеріңді бірден қу қиқымға айналдырар едік те, не істерлеріңді білмей аңырып қалар едіңдер2…» аятын зікір етеді.

2. Бұхари қойған тарау атауынан аңғарылғандай, ғалымдар бұл хадисті егін егу мен ағаш отырғызудың ізгі іске жататынына және жерді көгалдандыруға ынталандыратынына дәлел еткен. Хадистен егіншілікпен айналысуға рұқсат бар деген үкім де шығарған.

Ибн Хажар былай дейді: «Бұл хадис егіншіліктің артықшылығын жоққа шығаратын кейбір тақуалардың пікірін теріске шығарады. Егіншіліктен сақтандырған риуаяттар оны діни міндеттерге кедергі келтіретін дәрежеде кәсіп етуден тыйған». Ол меңзеген риуаяттардың бірі: «Жер иесі болмаңдар, дүниеге беріліп кетесіңдер». Құртуби екі хадисті былай ұштастырған: тыйым егіншілікке тым беріліп, діни міндеттерді елеусіз қалдыруға қатысты. Ал осы хадисте қажетіне жарату, мұсылмандарға пайда тигізу немесе сауап алу ниетімен егін егу жайы сөз болады.

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا تَتَّخِذُوا الضَّيْعَةَ فَتَرْغَبُوا فِي الدُّنْيَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Абдулла ибн Мәсғудтың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Жер иесі болмаңдар, дүниеге беріліп кетесіңдер», – деген.

Мүслим жеткізген нұсқада хадистің айтылу себебі баяндалған. Бірде Алла елшісі (с.а.с.) бақта жұмыс істеп жатқан Үммі Мағбадқа келіп: «Мына құрмаларды кім отырғызды? Мұсылман ба, әлде кәпір ме?» – деп сұрады. Үммі Мағбад: «Мұсылман», – деді. Сонда Алла елшісі: «Мұсылман ағаш отырғызса немесе егін ексе, одан құс, адам не жануар жеген сайын, бұл оған садақа болып жазылады», – деді.

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: دَخَلَ النَّبِيُّ ﷺ عَلَى أُمِّ مَعْبَدٍ حَائِطًا فَقَالَ: «يَا أُمَّ مَعْبَدٍ، مَنْ غَرَسَ هَذَا النَّخْلَ، أَمُسْلِمٌ أَمْ كَافِرٌ؟» فَقَالَتْ: بَلْ مُسْلِمٌ. قَالَ: «فَلَا يَغْرِسُ الْمُسْلِمُ غَرْسًا فَيَأْكُلَ مِنْهُ إِنْسَانٌ وَلَا دَابَّةٌ وَلَا طَيْرٌ إِلَّا كَانَ لَهُ صَدَقَةً إِلَى يَوْمِ الْقِيَامَةِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Жәбир ибн Абдулланың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Мағбадтың бағына кіріп: «Уа, Үммі Мағбад! Мына құрмаларды кім отырғызды? Мұсылман ба, әлде кәпір ме?» – деп сұрады. Үммі Мағбад: «Мұсылман», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылман отырғызған ағаштың жемісінен адам, жануар не құс жесе, ол қиямет күніне дейін әлгі мұсылманға садақа болып жазылады», – деді.

3. Мүслимнің нұсқасында «Қиямет күніне дейін оған садақа болады» деген сөз бар. Демек, ізгі ниетпен егілген егін мен отырғызылған ағаш пайдаға жарап тұрған сайын, еккен адамға сауап жазылады. Мұны сол егіннің дәнінен, ағаштың тұқымы мен өскінінен кейін өсіп шығатын өсімдіктердің пайдасы үшін де қияметке дейін сауап жазылады деп түсінуге болады. Нәуәуи мен Ибн Хажар бұл сауабын тікелей өзі еккен өсімдіктің сақталу мерзімімен шектеген. Еккен кісі дүние салса да, егін не ағаш басқа иеге өтсе де, сол өсімдіктің жемісін жеу тоқтағанша, сауап әуелгі иесіне жазылады. Қалай болғанда да, хадис мүміндерді егіншілікке үндейді.

4. Ибн Хажар хадистегі «мұсылман» сөзі жалпы мағынада айтылғанына сүйеніп, бұл сауап азат адамға да, құлға да, пасыққа да, тақуаға да, ерге де, әйелге де ортақ екенін ескертеді. Егіннен жейтін кісі де «адам» деп жалпы аталған. Сондықтан оның ұлты, діні, жемісті сатып алғаны не ұрлағаны бұл үкімді өзгертпейді. Бір ғалым хадистің осы кең мағынасын былай берген: «Бақтың жемісін адам, мал, сиыр, құрт-құмырсқа, сатып алушы, тіпті ұры жесе де, ол садақаға есептеледі».

Мұндай хадистер қазір көпшілікке тараған зейнеткерлік ұғымының зиянды қырын ұғынуға да көмектеседі. Ол түсінік адамды белгілі бір жастан соң өнім өндіруден қол үзіп, тек тұтынушы болып қалуға итермелейді. Осы орайда егілген өсімдік пен отырғызылған ағаштың жемісі садақаға айналуы намаз оқу шартына байланысты деген бір ғалымның сөзінен үзінді келтіреміз.

«Жұмыс арасындағы тынығу уақытын көңіл мен рухты тыныштандыратын намазға арнасаң, табысыңа береке кіреді. Ақыретте азық болатын, өзіңе жетіп артылатын екі рухани пайда табасың.

Біріншіден, бағыңда өсірген жемістерің мен дәнді дақылдарыңның зікіріне, яғни Алланы мадақтауына ортақ боласың. Ниетің адал болса, олардың зікірінен саған да сауап тиеді.

Екіншіден, бақтың жемісін адам, мал, сиыр, құрт-құмырсқа, сатып алушы, тіпті ұры жесе де, ол саған садақа болып жазылады. Оның шарты мынадай: бұл істі шынайы Ризық берушінің атымен атқарып, Оның рұқсаты мен шариғаты аясында жүр. Оның мүлкін жаратылыстарына үлестіріп отырғаныңды мойында.

Қарашы, намазды тәрк еткен адам қанша зиян шегіп, қандай мол қазынадан құр қалады! Еңбекке ынта беріп, көңілін демеп, бойына қуат қосатын осы екі пайдадан айырылып, еңсесі түседі. Жасы ұлғайған сайын: “Менің не шаруам бар? Қартайдым. Ақыры өлемін. Босқа әуреленіп, неге шаршайын?” – деп, бау-бақша егіп, оны күтіп-баптаудан қалады. Ал әуелгі адам: “Құлшылығымды көбейтіп, адал еңбектенейін. Жинаған сауабым қабіріме нұр, ақыретіме азық болсын”, – дейді».

  1. 1Бұхари, Харс 1, Әдеп 27; Мүслим, Мусақат 12 (1553); Тирмизи, Ахкам 40 (1382).
  2. 2«Уақиға», 64,65.