وَعَنْ أَبِي مَالِكِ الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْوُضُوءُ شَطْرُ الْإِيمَانِ، وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلَأُ الْمِيزَانَ، وَسُبْحَانَ اللَّهِ وَالْحَمْدُ لِلَّهِ تَمْلَأُ مَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، وَالصَّلَاةُ نُورٌ، وَالصَّدَقَةُ بُرْهَانٌ، وَالصَّبْرُ ضِيَاءٌ، وَالْقُرْآنُ حُجَّةٌ لَكَ أَوْ عَلَيْكَ، كُلُّ النَّاسِ يَغْدُو، فَبَائِعٌ نَفْسَهُ فَمُعْتِقُهَا أَوْ مُوبِقُهَا». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Мәлик әл-Ашғаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Дәрет – иманның жартысы. “Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады. “Субханаллаһ” пен “Әлхамду лиллаһ” көк пен жердің арасын толтырады. Намаз – нұр, садақа – айғақ, сабыр – жарық. Құран сенің пайдаңа не зияныңа дәлел болады. Әр адам таңертең өз нәпсісін саудаға салып шығады да, оны не азат етеді, не құрдымға кетіреді», – деді.1
Түсіндірме
«مُوبِقُهَا» أَيْ مُهْلِكُهَا.
1. Нәуәуи дәреттің иманның жартысы болуы жөніндегі ғалымдардың бірнеше пікірін келтірген. Біріншісі – тазалық үшін берілетін сауап еселеніп, иман сауабының жартысына жетеді.
Екіншісі – иман бұрынғы күнәларды қалай жойса, дәрет те алдыңғы күнәларды солай өшіреді. Дәреттің дұрыс болуы иманға байланысты. Осы тәуелділігіне орай дәрет иманның жартысы деп сипатталған.
Үшіншісі – «иман»2 сөзімен намаз меңзелген. ﴿وَمَا كَانَ ٱللَّهُ لِيُضِيعَ إِيمَٰنَكُمْ﴾ «Алла имандарыңды зая етпек емес» деген аятта да «иман» сөзі намазды білдіреді.
Дәрет – намаздың дұрыс болуының шарты. Осы себепті оны намаздың жартысы деген. Мұндағы «жарты» сөзін тура мағынасында түсіну шарт емес.
Нәуәуи осы соңғы түсіндірмені ең дұрыс деп санаған. Ол тағы бір мағынаны да келтіреді: «Иман – тілмен айтып, жүрекпен растау. Екеуі иманның екі жартысын құрайды. Тазалық намазды да қамтитындықтан, ол сыртқы мүшелердің иманды білдіруі болып саналады».
2. «“Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады» деген сөз оның сауабының молдығын білдіреді. Құран мен сүннеттегі көптеген дәлел амалдардың таразыға тартылып, кейбірі ауыр, кейбірі жеңіл болатынын көрсетеді. «Әлхамду лиллаһ» зікірі – ауыр тартатын амалдардың бірі.
3. «Субханаллаһ» пен «Әлхамду лиллаһ» сөздерінің жер мен көктің арасын толтыруын да солай түсінеміз. Бұлармен зікір ету – аса құнды амал. «Субханаллаһ» сөзі Алланы барлық кемшіліктен пәк деп білуді білдіреді. Хамд – бізге берілген нығметтің Алладан екенін мойындап, оны тілмен айту. Құлшылықтың өзі осыған сүйенеді. Бұл сөздер намаз үстінде жиі, ал намаздан кейін отыз үш реттен айтылады. Мағынасы терең болғандықтан, сауабы да мол. Алланы осы сөздермен жиі еске алу адамды ширктің алуан түрінен алыстатып, шынайы таухид пен таза ықыласқа жеткізеді. Бұл хадисте осы екі сөзді толықтыратын тәкбір айтылмағанымен, Тирмизидегі басқа нұсқада ол да бар: «Тәсбих – таразының жартысы. “Әлхамду лиллаһ” таразыны толтырады. Тәкбір аспан мен жердің арасын толтырады. Ораза – сабырдың жартысы. Тазалық – иманның жартысы».
4. Жолын нұрмен жарықтандырған адам қатерден сақтанғаны сияқты, Құранда сүйіншіленгендей, намаз да адамды жамандықтан сақтайды. Осылайша намаз оның өміріне нұр болады.
Кей ғалымдар: «Намаз қиямет күні нұр болады», – деген.
Енді біреулер: «Намаз танымның нұрын жағып, жүрекке жеңілдік береді. Ақиқаттардың жүректе орнығып, іс жүзінде орындалуына көмектеседі. Құлды жүрегімен де, денесімен де Аллаға бұрады», – деген.
Кейбіреулер: «Намаз оқыған адамның жүзі дүниеде де, ақыретте де нұрлы болады. Хадисте осы айтылған», – деген. Расында, Алла елшісі бір хадисте намаз оқып, дәрет алып жүрген мүміндердің қиямет күні дәрет суы тиген жерлері нұрланып тірілетінін айтқан. Өзге үмбеттердің арасында олардың жүздері, қолдары мен аяқтары жарқырайды.
5. Садақаның айғақ болуы былай түсіндірілген: қиямет күні адамнан малын қайда жұмсағаны сұралғанда, садақасын дәлел етіп, оны Алланың разылығы үшін жұмсағанын көрсетеді. Кей ғалымдар садақаны оны берген кісінің иманының айғағы деген. Себебі кәпірлер мен мұнафықтар зекетке сенбегендіктен, зекет те, садақа да бермейді. Адамгершілік ниетпен бергенін де Алла қабылдамайды. Садақаның қабыл болуы оның Алланың разылығы үшін берілуіне байланысты. Осындай ниетпен берген садақа адамның иманына дәлел болады.
6. Сабыр – жарық. Ғалымдар хадистерге сүйеніп, шариғат құптаған сабырды үш түрге бөлген.
1) Алланың әмірін орындаудағы сабыр – өмір бойы құлшылықты тастамай, жалықпай және салғырттыққа салынбай, бұйырғанын орындау.
2) Күнәдан тыйылудағы сабыр – Алла тыйған істерді істемей, нәпсісін тежеу.
3) Басына түскен қиындыққа сабыр. «Ақылға қонымды сақтықтың бәрін жасағаннан кейін сабыр ету керек. Басыңа келгенді тағдырдан біліп, адамдар аяп, жаны ашысын деп айқай-шу шығарма, шағымданба. Егер шағым айтқың келсе, Аллаға нәпсіңді шағып, халіңді айтып, Оған жүгін. Мүміннің негізгі қасиеттерінің бірі – сабыр сақтау және шамасы жетпеген істі Аллаға тапсыру». Кей ғалымдар сабырды Құран мен сүннетке берік болу деп түсіндірген.
Мүмін шариғат рұқсат еткен шекте сабыр сақтаса, дұрыс жол табады.
«Намаз – нұр, сабыр – жарық» деген сөз ғалымдарды осы екеуінің айырмасына үңілуге жетелеген. Жарық пен нұрдың мағынасы негізінен бірдей. Алайда ﴿هُوَ ٱلَّذِى جَعَلَ ٱلشَّمْسَ ضِيَآءً وَٱلْقَمَرَ نُورًا﴾ «Ол Күнді жарық, ал Айды нұр етіп жаратты» деген аятқа сүйеніп, олар жарықты қайнар көздің өзінен шығатын сәуле, ал нұрды сол алғашқы сәуленің шағылуынан пайда болған жарық деп түсіндірген. Олар: «Әр нұр – жарық, әр жарық нұр бола бермейді», – дейді. Осы түсінік бойынша, негіз – жарық. Сабыр нәпсіні құлшылық пен қиындыққа төздіру болғандықтан, ол намаздан бұрын келеді. Сондықтан сабыр негіз болған жарықпен, ал одан туатын намаз нұрмен сипатталған.
7. Құранның адамның пайдасына не зиянына дәлел болуының мәні айқын. Құран оқып, оған сай амал еткен кісіні Құран жақтайды. Ал оны оқымай, талабына сай амал етпей, тәрк еткендер туралы Алла елшісі шағым айтады: «Сол күні Алла елшісі де (с.а.с.): ﴿وَقَالَ ٱلرَّسُولُ يَٰرَبِّ إِنَّ قَوْمِى ٱتَّخَذُوا۟ هَٰذَا ٱلْقُرْءَانَ مَهْجُورًا﴾ “Алла елшісі: ‘Уа, Раббым! Расында, қауымым бұл Құранды мүлдем тәрк қылды’, – деді”, – деп айтады»3. Сондықтан амалдар таразыланғанда Құран олардың өздеріне қарсы дәлел болады.
8. Адамның таңертең тұрып, нәпсісін саудаға салуы былай түсіндірілген: «Әр адам өз нәпсісі үшін бір іс істейді. Бірі нәпсісін Аллаға тапсырып, оны ғибадатқа жұмсайды да, тозақ отынан құтылады. Енді бірі шайтанға бағынып, әуесіне еріп, өзін құрдымға жібереді. Күнделікті өмірде жанын осы екі жолдың біріне сатпайтын адам жоқ. Нәпсісін Аллаға сатпай, өмірін игі іспен өткізбеген кісі шайтан мен әуесінің соңында құрдымға кетеді. Өмірді Аллаға арнау – оны құлшылықпен, игі іспен өткізу. Осы сананы жоғалтып, өмірді ойланбай өз ағысына жіберсек, шайтанның жолына түсіп қалу қаупі бар. Алла елшісі (с.а.с.) осы шырғалаңнан шығатын жолды көрсеткен. Шайтанның жолын біле тұра таңдағандар жайында артық сөздің қажеті жоқ».