Хадис

Кейбір араб ру-тайпаларының артықшылығы

Кутуб ситтә, 10-том, 677-тарау · 13 хадис · № 4534–4546

Хадистер

4534
Кутуб ситтә, № 4534 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَسْلَمُ سَالَمَهَا اللَّهُ، وَغِفَارٌ: غَفَرَ اللَّهُ لَهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Әсләмге Алла есендік берсін, Ғифарды Алла кешірсін!” – деді».1

Түсіндірме

1. Расулалла (с.а.с.) Ғифар тайпасының кешірілуін тілеп дұға еткен. Ибн әт-Тин мұны Ғифардың жаһилият дәуіріндегі ісімен байланыстырады. Олар қажылардың жолын тосып, оларды тонап, қарақшылық жасайтын. Мұсылман болғаннан кейін Алла елшісі олардың бұрынғы күнәларының кешірілуін тіледі.

2. Ибн Хажардың түсіндіруінше, олар исламды алғашқылардың бірі болып қабылдағандықтан Пайғамбардың дұғасына бөленді.

Жаһилият дәуірінде Әсләм, Әшжағ, Жуһәйна, Хусайн, Ғифар және Музәйна тайпалары күш-қуаты мен абырой-беделі жағынан Бәни Амир ибн Сағсаға, Бәни Тәмим секілді тайпалардан төмен тұрды. Ислам келгенде, бәлкім, осы әлсіз жағдайы ықпал еткен болар, олар жаңа дінді ертерек қабылдап, абырой-беделге ие болды.

  1. 1Бұхари, Манақиб 6; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 183, (2515, 2516).
4535
Кутуб ситтә, № 4535 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: قُرَيْشٌ وَالْأَنْصَارُ وَجُهَيْنَةُ وَمُزَيْنَةُ وَأَسْلَمُ وَأَشْجَعُ وَغِفَارٌ مَوَالِيَّ. لَيْسَ لَهُمْ مَوْلَى دُونَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Құрайыш, ансар, Жуһәйна, Музәйна, Әсләм, Әшжағ және Ғифар – менің жақтастарым. Олардың Алла мен Оның елшісінен басқа қамқоршысы жоқ”, – деді».1

Түсіндірме

Расулалла мұнда алдымен Құрайыш пен ансарды мақтаған. Исламның алғашқы дәні Құрайыш арасында себілді. Расулалланың өзі, исламды алғаш қабылдап, кейін халифалық міндет атқарған әзірет Әбу Бәкір, әзірет Омар, әзірет Осман және әзірет Әли де Құрайыштан шыққан. Мекке азат етілгеннен кейін де исламға қызмет етуде, күпірлік жайлаған аймақтарды алуда жетекшілік еткендер құрайыштықтар еді. Сондықтан олар Пайғамбардың мақтауына лайық болды. Расулаллаға ең қатты қарсылық көрсеткендер де Құрайыштың кәпірлері еді. Бірақ Мекке азат етілген соң бұл қарсылық тоқтады. Ал ансар – Расулалла мен исламды Мекке мүшріктерінен қорғаған, жомарттығы, мәрттігі және жанкештілігімен адамзат тарихында айрықша орын алған ұрпақ. Алла Тағала оларды өздері мұқтаж бола тұра, мұһажир бауырларын өздерінен артық көргендері үшін мақтаған.

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ: «لَوْ سَلَكَ النَّاسُ وَادِيًا وَسَلَكَتِ الْأَنْصَارُ شِعْبًا لَاخْتَرْتُ شِعْبَ الْأَنْصَارِ».

Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Елдің бәрі бір жолға түсіп, ансар басқа жолмен кетсе, мен ансардың жолын таңдар едім», – деген.2

Өзге тайпалардың мақталуын ғалымдар олардың исламды ерте қабылдауымен түсіндірген. Олар соғысып жеңілмей де, тұтқынға түспей де өз еріктерімен келіп, исламды қабылдағандықтан, Алланың жақыны болу мәртебесіне жетті делінген. Кей ғалымдар хадис оларды тұтқынға алуға тыйым салады деген пікір айтқанымен, бұл пікір әлсіз деп табылған.

  1. 1Бұхари, Манақиб 6; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 189, 190, (2520, 2521); Тирмизи, Манақиб (3945).
  2. 2Бұхари, «Мағази», №4333.
4536
Кутуб ситтә, № 4536 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Мұса

وَعَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنِّي أَعْرِفُ أَصْوَاتَ رُفْقَةِ الْأَشْعَرِيِّينَ بِالْقُرْآنِ حِينَ يَدْخُلُونَ بِاللَّيْلِ، وَأَعْرِفُ مَنَازِلَهُمْ مِنْ أَصْوَاتِهِمْ بِاللَّيْلِ بِالْقُرْآنِ، وَإِنْ كُنْتُ لَمْ أَرَ مَنَازِلَهُمْ حِينَ نَزَلُوا بِالنَّهَارِ، وَمِنْهُمْ حَكِيمٌ، إِذَا لَقِيَ الْخَيْلَ – أَوْ قَالَ: الْعَدُوَّ – قَالَ لَهُمْ: إِنَّ أَصْحَابِي يَأْمُرُونَكُمْ أَنْ تَنْظُرُوهُمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Ашғари қауымы түнде үйлеріне кіргенде, Құран оқыған дауыстарын танимын. Күндіз қонған жерлерін көрмесем де, түнде Құран оқыған дауыстарынан олардың қайда тұрғанын білемін. Араларында Хаким бар. Аттыларға (немесе жауға) кездескенде ол: ‘Жолдастарым өздерін күте тұруларыңды бұйырды’, – деген”, – деді».1

Түсіндірме

1. Риуаяттан ашғарилердің түнде мешітке не бір шаруамен шығып, үйлеріне қайтқанда Құранды дауыстап оқығаны аңғарылады. Расулалланың (с.а.с.) мұны мақұлдай айтуы оған рұқсат берілгенін білдіреді. Ибн Хажар риядан сақтанып, ешкімге кедергі келтірмеген жағдайда мұны құптарлық іс деп санаған.

2. «Хаким» ашғарилердің бірінің аты деген де, әлдебір адамның сипаты деген де пікір бар. Егер ол жауға кезіккен болса, батылдығынан тайсалмай, жалғыз өзі олардың мысын басу үшін: «Сарбаздарымыз келе жатыр, күте тұрыңдар, сонда кімнің кім екенін көресіңдер», – деген мағынада сөйлеген. Бұл түсінік риуаятшы күмәнданған екі нұсқаның екіншісіне сай келеді. Ал аттыларға кезіккен болса, оның сөзі: «Уа, аттылар, күте тұрыңдар, артта қалған жаяу әскер де келсін. Жауға бірге қарсы шығыңдар!» – деген мағынада. Бұл жағдайда аттылар мұсылман болған. Ибн Хажар соңғы түсіндірмені дұрысырақ деп санаған. Ибн әт-Тин: «Хакимнің сөзі оның жолдастары Алла жолында күресуді жақсы көретінін, сол жолда бастарына түскен қиындыққа мойымайтынын білдіреді», – деген.

  1. 1Бұхари, Мағази 38; Хумус 15, Манақибул-Ансар 37; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 166 (2499).
4537
Кутуб ситтә, № 4537 · тараудағы реті: 4

وَلَهُمَا فِي رِوَايَةٍ عَنْهُ: «قَالَ ﷺ: إِنَّ الْأَشْعَرِيِّينَ إِذَا أَرْمَلُوا فِي الْغَزْوِ أَوْ قَلَّ طَعَامُ عِيَالِهِمْ بِالْمَدِينَةِ جَمَعُوا مَا كَانَ عِنْدَهُمْ فِي ثَوْبٍ وَاحِدٍ، ثُمَّ اقْتَسَمُوهُ بَيْنَهُمْ بِإِنَاءٍ وَاحِدٍ بِالسَّوِيَّةِ. فَهُمْ مِنِّي وَأَنَا مِنْهُمْ». «أَرْمَلُوا» يَعْنِي نَفَدَ زَادُهُمْ.

Қазақша аудармасы

Бұхари мен Мүслим Әбу Мұсадан мына риуаятты жеткізген: «Расулалла (с.а.с.): “Ашғарилер жорықта азықсыз қалса немесе Мәдинадағы отбасыларының тамағы азайса, қолда барын бір шүберекке жинап, бір ыдыспен өзара тең бөліседі. Олар менен, мен де оларданмын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Расулалла (с.а.с.) ашғарилердің осы жақсы қасиетін мақтаған. Олар таршылықта, тіпті жорық үстінде де қолда бар азығын ортаға салған. Расулалла: «Олар менен, мен де оларданмын», – деп олардың ынтымағын құптап, үмбетіне үлгі еткен. Нәуәуи бұл сөздің бір жолды ұстанудағы және дүние-мүлікті Алла жолында жұмсаудағы ұқсастықты күшейтіп жеткізетінін айтқан.

2. Ғалымдар бұл риуаяттан адамның өз басынан өткен жайтты айтуына, мөлшері белгісіз сыйлық беруге болатынын, сондай-ақ ынтымақ пен өзгені өзінен артық көрудің ізгі қасиет екенін аңғарған.

  1. 1Бұхари, Ширкет 1; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 167 (2500).
4538
Кутуб ситтә, № 4538 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَا أَزَالُ أُحِبُّ بَنِي تَمِيمٍ بَعْدَ ثَلَاثٍ سَمِعْتُهَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَقُولُهَا فِيهِمْ، سَمِعْتُهُ يَقُولُ: هُمُ أَشَدُّ أُمَّتِي عَلَى الدَّجَّالِ. وَجَاءَتْ صَدَقَاتُهُمْ، فَقَالَ ﷺ: هَذِهِ صَدَقَاتُ قَوْمِنَا، وَكَانَتْ سَبِيَّةٌ مِنْهُمْ عِنْدَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا. فَقَالَ ﷺ: اعْتَقِيهَا فَإِنَّهَا مِنْ وَلَدِ إِسْمَاعِيلَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.) Бәни Тәмим туралы айтқан үш сөзін естігелі бері оларды жақсы көремін. Ол: “Олар – үмбетімнің Дажжалға ең қатты қарсы тұратындары”, – деді. Олардың зекеті келгенде: “Бұл – біздің қауымның зекеті”, – деді. Айшаның (р.а.) қасында солардан тұтқынға түскен бір әйел бар еді. Расулалла оған: “Оны азат ет. Өйткені ол – Исмайылдың ұрпағы”, – деді».1

Түсіндірме

Риуаятта арабтардың ірі тайпаларының бірі Бәни Тәмим үш қасиеті үшін мақталған. Оларды Алла елшісі (с.а.с.) мақтағанын естіген Әбу Һурайра (р.а.) тәмимдіктерді жақсы көре бастаған. Ахмад ибн Ханбал келтірген нұсқада: «Бұрын Тәмимді жек көргенімдей ешбір тайпаны жек көрмейтін едім. Кейін оларға деген өшпенділігім сейіліп, жақсы көріп кеттім», – деген қосымша бар. Бұл өшпенділікті жаһилият дәуірінен қалған араздықпен түсіндіреді. Осы риуаят Расулалланың (с.а.с.) бір ауыз сөзбен ескі өшпенділікті сейілтіп, адамдардың көңілін қалай өзгерткеніне мысал болады. Үш қасиеттің біріншісі – Дажжалға табандылықпен қарсы тұруы. Басқа риуаятта: «Олар – ұрыста ең жүрек жұтқан адамдар», – делінген. Екі риуаятты салыстырған ғалымдар: «Олар Дажжалға қарсы шайқаста ең табанды болады», – деп түсіндірген. Екінші қасиеті – олардың зекеті келгенде Расулалланың тегін солармен байланыстырып, «қауымымыз» деуі. Түсіндірмешілер Ілияс ибн Мудар Бәни Тәмим мен Құрайышқа ортақ ата екенін айтқан. Расулалла Бәни Тәмимнің бір тармағы Бәни Сағдтың зекеті келгенде де: «Міне, қауымымның зекеті», – деген. Үшінші қасиеті – тәмимдіктердің Исмайылдан тарауы. Бұл жайында әртүрлі риуаят бар. Түсіндірмешілер соларға сүйеніп, Исмайыл ұрпағынан тұтқынға түскен адамды азат ету абзал деген үкім шығарған.

  1. 1Бұхари, Итқ 13, Мағази 67; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 198 (2525).
4539
Кутуб ситтә, № 4539 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ أَحْسِبُهُ مِنْ قَيْسٍ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ، الْعَنْ حِمْيَرًا فَأَعْرَضَ عَنْهُ. ثُمَّ جَاءَهُ مِنَ الشِّقِّ الْآخَرِ، فَأَعْرَضَ عَنْهُ. فَقَالَ ﷺ: رَحِمَ اللَّهُ حِمْيَرًا أَفْوَاهُهُمْ سَلَامٌ، وَأَيْدِيهِمْ طَعَامٌ، وَهُمْ أَهْلُ أَمْنٍ وَإِيمَانٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Қайс тайпасынан болса керек, бір адам келіп: “Уа, Расулалла, Химиярға лағынет айтыңыз!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.) одан жүзін бұрды. Әлгі адам екінші жағынан келгенде де, Алла елшісі одан жүзін бұрды. Содан соң: “Алла Химиярды рақымына бөлесін! Ауыздарынан сәлем үзілмейді, қолдарынан ас түспейді. Олар – амандық пен иман иелері”, – деді».1

Түсіндірме

1. Расулалла Химияр халқының бірқатар қасиетін мақтаған. Олар кезіккен адамға сәлем беруден жаңылмайды, мұқтаждарды, жолаушылар мен қонақтарды тамақтандырады. Өздері ешкімге зиян келтірмейтін, сенімді әрі жүректері иман нұрына толы адамдар.

2. Химияр – Йемендегі тайпалардың бірі.

  1. 1Тирмизи, Манақиб №3939.
4540
Кутуб ситтә, № 4540 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْأَزْدُ أَزْدُ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ، يُرِيدُ النَّاسُ أَنْ يَضَعُوهُمْ وَيَأْبَى اللَّهُ إِلَّا أَنْ يَرْفَعَهُمْ وَلَيَأْتِيَنَّ عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ يَقُولُ الرَّجُلُ فِيهِ: يَا لَيْتَ أَبِي كَانَ أَزْدِيًّا، وَيَا لَيْتَ أُمِّي كَانَتْ أَزْدِيَّةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَقَالَ: قَدْ رُوِيَ مَوْقُوفًا عَلَى أَنَسٍ، وَهُوَ عِنْدَنَا أَصَحُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Әзд – Алланың жер бетіндегі Әзд тайпасы. Адамдар оларды төмендеткісі келеді, ал Алла олардың мәртебесін көтереді. Бір заман келеді, сонда адамдар: ‘Әттең, әкем Әзд тайпасынан болғанда ғой! Әттең, анам да Әзд тайпасынан болғанда ғой!’ – дейтін болады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Әзд немесе Әзд Шәнуя – Йемендегі тайпалардың бірі. Басқа риуаятта (№4544) «Әзд» сөзінен кейін «яғни Йемен» делініп, Алла елшісінің (с.а.с.) Йеменді меңзегені аңғарылады. Қади былай түсіндірген: «Алла елшісі (с.а.с.) “Әзд” деп Йемендегі Әзд Шәнуя тайпасын меңзеген. Олар Әзд ибн Ғаус ибн Ләйс ибн Мәлик ибн Кәһлан ибн Сәбадан тараған. Алланың жақтастары болып, Алла елшісіне жәрдем бергендіктен осылай аталған». Тиби «Алланың Әзді» тіркесіне бірнеше түсінік береді: «Бұл атауға соғыста қашпайтын табанды, төзімді адамдар лайық. Олардың жеке қасиетін көрсетіп, абыройын асқақтату үшін, “Бәйтуллаһ” (Алланың үйі), “Нақатуллаһ” (Алланың түйесі) деген секілді Аллаға телінген. Хадистің жалғасында адамдардың оларды төмендетуге тырысатыны айтылады. Осыған орай мәртебелерін көтеру үшін Аллаға телінген. Алла елшісі (с.а.с.) “Әзд” сөзімен батылдық пен ержүректікті меңзеген де болуы мүмкін. Онда сөз ұқсату мағынасында жұмсалған. “Әсад” арыстан дегенді білдіреді, яғни “Асадуллаһ” – “Алланың арыстаны”. “Әсад” сөзінің “Әзд” түрінде келуі таңбалануының ұқсастығынан немесе “син” әрпінің “зәй” әрпіне ауысуынан болуы мүмкін». Әли әл-Қари Тибидің пікірін келтіріп: «Бұл түсіндірмені “әл-Мәсабихқа” түсіндірме жазған Сахиб әл-Азһар да қолдаған. Алайда бұл пікір дұрыс болу үшін “Әзд” сөзінің “әсадтан” шыққанын тіл тұрғысынан дәлелдеу керек. “Қамус” сөздігі мұның олай еместігін көрсетеді», – дейді.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3937).
4541
Кутуб ситтә, № 4541 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ الطُّفَيْلُ بْنُ عَمْرٍو الدَّوْسِيُّ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: إِنَّ دَوْسًا قَدْ هَلَكَتْ، عَصَتْ وَأَبَتْ، فَادْعُ اللَّهَ عَلَيْهِمْ فَظَنَّ النَّاسُ أَنَّهُ يَدْعُو عَلَيْهِمْ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ اهْدِ دَوْسًا وَأْتِ بِهِمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Туфәйл ибн Амр әд-Дауси Расулаллаға (с.а.с.) келіп: “Даус қауымы құрыды. Олар қарсы шығып, исламды қабылдамай қойды. Оларға қарсы дұға етіңіз!” – деді. Жұрт Алла елшісі оларға қарғыс айтады деп ойлады. Бірақ ол: “Уа, Алла, Даус қауымын тура жолға салып, оларды бізге жеткізе гөр!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Даус – әзірет Әбу Һурайра (р.а.) шыққан йемендік тайпа.

2. Расулаллаға (с.а.с.) жүгінген Туфәйл ибн Амр (р.а.) да Даус тайпасынан еді. Ол Меккеде мұсылман болып, еліне оралды. Мәдинаға һижрет еткенше тайпасын исламға шақырып, олардың мұсылман болуы үшін қажырлы еңбек етті. Бірақ жұрт оған құлақ аспаған соң, Расулаллаға келіп, олардың өсім жеп, зина жасағанын айтып, қарғыс айтуын сұрады. Алайда әлемдерге рақым ретінде жіберілген Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың құруын тілемей, дұғасы арқылы олардың тура жол табуын қалайтын. Бұл жолы да Алладан Даусқа тура жол нәсіп етуін тіледі. Дұғасы қабыл болып, Даус тайпасы исламды қабылдады.

  1. 1Бұхари, Мағази 75, Жиһад 100, Дағауат 59; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 197 (2524).
4542
Кутуб ситтә, № 4542 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ الصَّحَابَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ: أَخْرَقَتْنَا نِبَالُ ثَقِيفٍ، فَادْعُ اللَّهَ عَلَيْهِمْ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ اهْدِ ثَقِيفًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Жабир (р.а.) жеткізеді: «Сахабалар (р.а.): “Уа, Расулалла! Сақифтың жебелері бізді әбден жаралады. Оларға қарсы дұға етіңіз”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Уа, Алла, Сақифты тура жолға сала гөр!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Таиф қаласының тұрғындары Бәни Сақиф немесе қысқаша Сақиф деп аталады. Таиф жорығы жайында бұған дейін айтылған (№4295). Қаланы қоршау кезінде берік бекіністен жауған жебелер қорғанысты күшейтіп, біраз мұсылманның қаза табуына, бірнешеуінің жаралануына себеп болды. Осы қиындықтан кейін кейбір мұсылман жауынгерлер Расулалладан қала халқына қарғыс айтуын сұрады. Хадисте айтылғандай, Алла елшісі оларға тура жол нәсіп етуін сұрап, Аллаға дұға етті.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3942).
4543
Кутуб ситтә, № 4543 · тараудағы реті: 10Риуаят етуші: Әбу Барза әл-Әсләми

وَعَنْ أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِلَى حَيٍّ مِنْ أَحْيَاءِ الْعَرَبِ رَجُلًا فَسَبُّوهُ وَضَرَبُوهُ. فَجَاءَ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَأَخْبَرَهُ. فَقَالَ ﷺ: لَوْ أَنَّ أَهْلَ عُمَانَ أَتَيْتَ مَا سَبُّوكَ وَلَا ضَرَبُوكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) бір адамды араб тайпаларының біріне жіберді. Олар оны балағаттап, ұрып жіберді. Ол Расулаллаға (с.а.с.) оралып, болған жайды айтты. Сонда Расулалла: “Оман халқына барғаныңда, олар сені балағаттамас та, ұрмас та еді”, – деді».1

Түсіндірме

Кейбір түсіндірмешілер Расулалла (с.а.с.) бұл сөздерімен омандықтардың істің байыбына баратын, аңғарымпаз әрі йемендіктер секілді жүрегі жұмсақ, биязы халық екенін айтқан деп түсіндіреді. Хадисте Оман халқының осы артықшылығы баяндалған.

  1. 1Мүслим, Фазаилус-Сахаба 228 (2544).
4544
Кутуб ситтә, № 4544 · тараудағы реті: 11Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْمُلْكُ فِي قُرَيْشٍ، وَالْقَضَاءُ فِي الْأَنْصَارِ، وَالْأَذَانُ فِي الْحَبَشَةِ، وَالْأَمَانَةُ فِي الْأَزْدِ، يَعْنِي الْيَمَنَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Билік Құрайышқа, қазылық ансарға, азан хабаштарға, аманатқа адалдық Әзд тайпасына, яғни Йемен халқына тән”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте биліктің Құрайыштың қолында болатыны айтылған. Бұл мәселеге бұған дейін тоқталғанбыз (№4530, 4533).

2. Расулалла (с.а.с.) ансарды қуантып, көңілін көтеру үшін қазылық істері олардың қолында екенін айтқан. Ансар мұндай абыройға әбден лайық еді. Олар исламның орнығуына ұйытқы болды. Олардың қамқорлығы, жанкештілігі мен құрбандығы болмағанда, сырттай саны аз әрі әлсіз алғашқы мұсылмандар тасжүрек, залым, ынсапсыз Құрайыш мүшріктеріне төтеп бере алмай, құрып кетер еді. Ансардың (р.а.) қолдауы исламның қанат жаюына жол ашып, адамзаттың иләһи тура жол табуына дәнекер болды.

3. Мұндағы «қазылық» жайында бірнеше пікір бар. Мұны белгілі бір адамға қатысты үкім деп түсіндіргендер Расулалланың: «Үмбетімнің ішінде адал мен арамды ең жақсы білетін – Муаз», – деген сөзіне сүйенеді. Муаз ансардан шыққан. Нақиб – қауымның жай-күйі мен істерін қадағалайтын өкіл. Ақаба келісімінде Расулалла мәдиналықтарға араларынан он екі өкіл сайлауды ұсынды. Сонда ансардың әр тобы өзіне өкіл сайлаған. Осыған сүйенген кей ғалымдар «Қазылық ансарға тән» деген сөзді «қауымға өкілдік ету ансардың қолында» деп түсіндірген. Басқа ғалымдардың айтуынша, мұнда сотта шағым қарап, үкім шығару меңзелген. Расында, әзірет Муаз Йеменге қазы болып жіберілген. Әли әл-Қари осы соңғы пікірді дұрысырақ санаған.

4. Азанның хабаштарға телінуі Расулалланың бас азаншысы Биләлдің хабаш болуына байланысты.

5. Аманатқа адалдықтың Әздке телінуі «Әзд» сөзімен Йеменнің меңзелгенін білдіреді. Расулалла (с.а.с.) адамзат өркениетінің алғашқы бесіктерінің бірі болуы ықтимал осы өлкенің халқын бірнеше хадисте мақтаған. Ол йемендіктердің білімін, танымын, жүрегінің жұмсақтығын, биязылығы мен байсалдылығын атап, білім мен даналықтың да Йеменге тән екенін айтқан. Бір риуаятта: «Сендерге йемендіктер келді. Олардың жүрегі жұмсақ, көңілі нәзік. Иман Йемендікі, даналық та Йемендікі», – делінген. Мүслимдегі бір нұсқада: «Фиқһ та Йемендікі», – деген қосымша бар. Иманның Йеменге телінуі бірнеше түрлі түсіндірілген. Ибн Хажардың айтуынша, иман бастау алған жері себепті Йеменге телінген. Мекке Мәдинаға қарағанда Йемен жағында жатыр. Кей ғалымдар мұнымен иманды Мекке мен Мәдинаға телу көзделгенін айтады. Расулалла бұл сөзді Тәбукта айтқандықтан, Шаммен салыстырғанда Хижаз Йемен жағында еді. Мүслим жеткізген: «Иман Хижаз халқында», – деген риуаят осы түсіндірмені қуаттайды. Өзге пікір бойынша, мұнда тегі йемендік ансар меңзелген. Иманды оларға телу орынды, өйткені Расулалла (с.а.с.) әкелген шариғаттың орнығуына әуелі солар қолдау көрсетті. Ибн Салах Әбу Убәйданың «Ғариб әл-хадис» еңбегіндегі осы түсіндірмеге қосылмай, былай дейді: «Сөзді тура мағынасында түсінуге болады. Хадисте иманды шын көңілімен қабылдаған йемендіктер шығыс халқынан артық қойылған. Олар исламды қабылдағанда мұсылмандарға көп қиындық туғызған жоқ. Ал шығыс халқы мен өзгелер олай істемеді. Бір адам белгілі бір қасиетін айқын танытса, сол қасиеттің бойында кемел екенін көрсету үшін оны сол адамға телу қалыпты. Сондықтан иманды йемендіктерге телу басқаларда иман жоқ дегенді білдірмейді. Хадистің өзінде сөздің нақты адамдарға қатысты айтылғанын көрсететін белгілер бар. Алла елшісі (с.а.с.) бүкіл өлкені емес, алдына келген адамдарды меңзеген. Кей нұсқада: “Сендерге йемендіктер келді. Олардың жүрегі жұмсақ, көңілі нәзік. Иман Йемендікі, даналық та Йемендікі. Ал күпірдің басы шығыс жақта”, – делінген. Мұны тура мағынасында түсініп, “Йемен халқы” дегенді сол қалпында алуға болады. Сөз барлық замандағы йемендіктер туралы емес, сол кезде өмір сүрген йемендіктер туралы. Хадистің сөзі бұдан кең мағынаны қажет етпейді. Ал “фиқһ” дінді түсінуді, “хикмет” Алланы тануға жетелейтін білімді білдіреді».

Ибн Салах хадистің мағынасын осылай түсіндірген.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3936).
4545
Кутуб ситтә, № 4545 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ أَبِي سَكِينَةَ رَجُلٍ مِنَ الْمُحَرَّرِينَ، عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: دَعُوا الْحَبَشَةَ مَا وَدَعُوكُمْ، وَاتْرُكُوا التُّرْكَ مَا تَرَكُوكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Азат етілгендердің бірі Әбу Сәкина Пайғамбардың бір сахабасынан жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Хабаштар сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер. Түркілер сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер”, – деді».1

Түсіндірме

1. Түсіндірмешілер «Хабаштар сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер» деген сөзді «Олар шабуыл жасамаса, соғысты бірінші болып бастамаңдар» деп түсіндірген. Түркілерге қатысты сөздің мағынасы да солай. Олар тиіспей, соғыс ашпаса, мұсылмандар да шабуыл жасамайды. Ал олар бірінші болып соғыс ашса, мұсылмандар қарсы соғысады. Хаттаби мұны ﴿وَقَٰتِلُوا۟ ٱلْمُشْرِكِينَ كَآفَّةً كَمَا يُقَٰتِلُونَكُمْ كَآفَّةً﴾ «Әрі соғысқұмар мүшріктердің сендерге қарсы жаппай жұмыла соғысқанындай, сендер де оларға қарсы жаппай жұмыла соғысыңдар» («Тәубе», 36) аятымен байланыстырып түсіндіреді: «Аят – мұтлақ, хадис – мұқайяд. Мұтлақ мұқайядқа сәйкес түсіндіріледі. Хадис аяттың жалпы үкімін шектейді. Мәжусилерге қатысты да осылай істелген. “Мәжусилерге кітап иелеріне қарағандай қараңдар”, – деген хадиске сүйеніп, олар кәпір болса да, кітап иелері тәрізді жизия төлеген». Тиби хадистің үкімі жойылған болуы да мүмкін екенін айтып: «Хадис мұсылмандар әлсіз кезде айтылған, кейін аят оның үкімін жойған болуы ықтимал», – дейді.

2. Ғалымдар хабаштар мен түркілерге бірінші болып соғыс ашпаудың себебін былай түсіндірген: «Мұсылмандар мен хабаштардың арасында сусыз, қатерлі шөлдер жатты. Ол жаққа жету көп машақат туғызатындықтан, мұсылмандарға бұл міндет жүктелмеді. Ал түркілердің әскері күшті, елі суық еді. Мұсылман әскерлері жылы өңірден шыққандықтан, ол жаққа баруға міндеттелмеді. Расулалла (с.а.с.) осы екі себепке орай оларды өзге халықтардан бөле атаған. Алайда олар ислам өлкесіне күшпен басып кірсе, елді қарсылықсыз беруге болмайды. Мұндайда жиһад әр адамға міндетті парыз айн болады, ал алдыңғы жағдайда парыз кифая еді». Осы пікірді келтірген Әли әл-Қари: «Расулалла (с.а.с.) осы мағынаны “Сендерге тиіспейінше” деген сөзімен білдірген», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәлахим 8 (4302).
4546
Кутуб ситтә, № 4546 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

وَعَنْ عِمْرَانِ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَاتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَهُوَ يَكْرَهُ ثَلَاثَةَ أَحْيَاءٍ: ثَقِيفًا، وَبَنِي حَنِيفَةَ، وَبَنِي أُمَيَّةَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) дүниеден өткенде, үш тайпаны – Сақифты, Бәни Ханифаны және Бәни Умәйяны – ұнатпайтын еді».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта Расулалланың (с.а.с.) үш тайпаны ұнатпай өткені айтылады. Соның бірі – Құрайыштың Бәни Умәйя тармағы. Түсіндірмешілер Расулалланың Бәни Умәйяны ұнатпауын Убәйдулла ибн Зиядпен байланыстырады. Ол, бұған дейін айтқанымыздай, Пайғамбардың сүйікті немересі әзірет Хусайнның (р.а.) шабылған басын табаққа салып, таяғымен түртіп қорлаған (№4433, 4434). Хусайн өлтіріліп, басы әкелінгенде, иләһи жаза ретінде бір жіңішке жылан жұрттың көзінше Ибн Зиядтың аузы мен мұрнына кіріп шыққан (№4433, 4434). Расулалланың Сақифты ұнатпауы сол тайпадан шыққан залым Хажжажға байланысты. Ол да талай жазықсыз жанның қанын төкті, Расулалланың (с.а.с.) ардақты сахабаларын, исламның негізін қалаған адамдарды қорлап, азаптады. Тіпті тас атқышпен Қағбаны қиратудан да тайынбады. Ал Бәни Ханифаны ұнатпауы сол тайпадан шыққан жалған пайғамбар Мусәйләмә Кәззапқа байланысты. Ол Расулалланың өмірінің соңғы кезінде өзін пайғамбармын деп жариялап, діннен шықты. Әбу Бәкір билік еткенде, мұсылмандар оны жеңу үшін көп күш жұмсады. Алла елшісі (с.а.с.) соңғы адамның діннен шыққанын көзі тірісінде көрген. Ал алдыңғы екі адам туралы Алла Тағаланың білдіруімен ғайыптан білген.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3943).