Хадис

Кутуб ситтә, № 4546

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
677. Кейбір араб ру-тайпаларының артықшылығы
Нөмірі
№ 4546 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 13
4546
Кутуб ситтә, № 4546 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Имран ибн Хусайн

وَعَنْ عِمْرَانِ بْنِ حُصَيْنٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «مَاتَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ وَهُوَ يَكْرَهُ ثَلَاثَةَ أَحْيَاءٍ: ثَقِيفًا، وَبَنِي حَنِيفَةَ، وَبَنِي أُمَيَّةَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Имран ибн Хусайн (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) дүниеден өткенде, үш тайпаны – Сақифты, Бәни Ханифаны және Бәни Умәйяны – ұнатпайтын еді».1

Түсіндірме

Бұл риуаятта Расулалланың (с.а.с.) үш тайпаны ұнатпай өткені айтылады. Соның бірі – Құрайыштың Бәни Умәйя тармағы. Түсіндірмешілер Расулалланың Бәни Умәйяны ұнатпауын Убәйдулла ибн Зиядпен байланыстырады. Ол, бұған дейін айтқанымыздай, Пайғамбардың сүйікті немересі әзірет Хусайнның (р.а.) шабылған басын табаққа салып, таяғымен түртіп қорлаған (№4433, 4434). Хусайн өлтіріліп, басы әкелінгенде, иләһи жаза ретінде бір жіңішке жылан жұрттың көзінше Ибн Зиядтың аузы мен мұрнына кіріп шыққан (№4433, 4434). Расулалланың Сақифты ұнатпауы сол тайпадан шыққан залым Хажжажға байланысты. Ол да талай жазықсыз жанның қанын төкті, Расулалланың (с.а.с.) ардақты сахабаларын, исламның негізін қалаған адамдарды қорлап, азаптады. Тіпті тас атқышпен Қағбаны қиратудан да тайынбады. Ал Бәни Ханифаны ұнатпауы сол тайпадан шыққан жалған пайғамбар Мусәйләмә Кәззапқа байланысты. Ол Расулалланың өмірінің соңғы кезінде өзін пайғамбармын деп жариялап, діннен шықты. Әбу Бәкір билік еткенде, мұсылмандар оны жеңу үшін көп күш жұмсады. Алла елшісі (с.а.с.) соңғы адамның діннен шыққанын көзі тірісінде көрген. Ал алдыңғы екі адам туралы Алла Тағаланың білдіруімен ғайыптан білген.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3943).