Хадис

Кутуб ситтә, № 4541

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
677. Кейбір араб ру-тайпаларының артықшылығы
Нөмірі
№ 4541 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4541
Кутуб ситтә, № 4541 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «جَاءَ الطُّفَيْلُ بْنُ عَمْرٍو الدَّوْسِيُّ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ، فَقَالَ: إِنَّ دَوْسًا قَدْ هَلَكَتْ، عَصَتْ وَأَبَتْ، فَادْعُ اللَّهَ عَلَيْهِمْ فَظَنَّ النَّاسُ أَنَّهُ يَدْعُو عَلَيْهِمْ. فَقَالَ: اللَّهُمَّ اهْدِ دَوْسًا وَأْتِ بِهِمْ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Туфәйл ибн Амр әд-Дауси Расулаллаға (с.а.с.) келіп: “Даус қауымы құрыды. Олар қарсы шығып, исламды қабылдамай қойды. Оларға қарсы дұға етіңіз!” – деді. Жұрт Алла елшісі оларға қарғыс айтады деп ойлады. Бірақ ол: “Уа, Алла, Даус қауымын тура жолға салып, оларды бізге жеткізе гөр!” – деп дұға етті».1

Түсіндірме

1. Даус – әзірет Әбу Һурайра (р.а.) шыққан йемендік тайпа.

2. Расулаллаға (с.а.с.) жүгінген Туфәйл ибн Амр (р.а.) да Даус тайпасынан еді. Ол Меккеде мұсылман болып, еліне оралды. Мәдинаға һижрет еткенше тайпасын исламға шақырып, олардың мұсылман болуы үшін қажырлы еңбек етті. Бірақ жұрт оған құлақ аспаған соң, Расулаллаға келіп, олардың өсім жеп, зина жасағанын айтып, қарғыс айтуын сұрады. Алайда әлемдерге рақым ретінде жіберілген Алла елшісі (с.а.с.) адамдардың құруын тілемей, дұғасы арқылы олардың тура жол табуын қалайтын. Бұл жолы да Алладан Даусқа тура жол нәсіп етуін тіледі. Дұғасы қабыл болып, Даус тайпасы исламды қабылдады.

  1. 1Бұхари, Мағази 75, Жиһад 100, Дағауат 59; Мүслим, Фазаилус-Сахаба 197 (2524).