وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: قُرَيْشٌ وَالْأَنْصَارُ وَجُهَيْنَةُ وَمُزَيْنَةُ وَأَسْلَمُ وَأَشْجَعُ وَغِفَارٌ مَوَالِيَّ. لَيْسَ لَهُمْ مَوْلَى دُونَ اللَّهِ وَرَسُولِهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Құрайыш, ансар, Жуһәйна, Музәйна, Әсләм, Әшжағ және Ғифар – менің жақтастарым. Олардың Алла мен Оның елшісінен басқа қамқоршысы жоқ”, – деді».1
Түсіндірме
Расулалла мұнда алдымен Құрайыш пен ансарды мақтаған. Исламның алғашқы дәні Құрайыш арасында себілді. Расулалланың өзі, исламды алғаш қабылдап, кейін халифалық міндет атқарған әзірет Әбу Бәкір, әзірет Омар, әзірет Осман және әзірет Әли де Құрайыштан шыққан. Мекке азат етілгеннен кейін де исламға қызмет етуде, күпірлік жайлаған аймақтарды алуда жетекшілік еткендер құрайыштықтар еді. Сондықтан олар Пайғамбардың мақтауына лайық болды. Расулаллаға ең қатты қарсылық көрсеткендер де Құрайыштың кәпірлері еді. Бірақ Мекке азат етілген соң бұл қарсылық тоқтады. Ал ансар – Расулалла мен исламды Мекке мүшріктерінен қорғаған, жомарттығы, мәрттігі және жанкештілігімен адамзат тарихында айрықша орын алған ұрпақ. Алла Тағала оларды өздері мұқтаж бола тұра, мұһажир бауырларын өздерінен артық көргендері үшін мақтаған.
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ: «لَوْ سَلَكَ النَّاسُ وَادِيًا وَسَلَكَتِ الْأَنْصَارُ شِعْبًا لَاخْتَرْتُ شِعْبَ الْأَنْصَارِ».
Әнәс (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Елдің бәрі бір жолға түсіп, ансар басқа жолмен кетсе, мен ансардың жолын таңдар едім», – деген.2
Өзге тайпалардың мақталуын ғалымдар олардың исламды ерте қабылдауымен түсіндірген. Олар соғысып жеңілмей де, тұтқынға түспей де өз еріктерімен келіп, исламды қабылдағандықтан, Алланың жақыны болу мәртебесіне жетті делінген. Кей ғалымдар хадис оларды тұтқынға алуға тыйым салады деген пікір айтқанымен, бұл пікір әлсіз деп табылған.