Хадис

Кутуб ситтә, № 3377

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
456. № 3373–3389 хадистер
Нөмірі
№ 3377 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
3377
Кутуб ситтә, № 3377 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ «أَنَّهُ مَرَّ عَلَى صِبْيَانٍ فَسَلَّمَ عَلَيْهِمْ، وَقَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَفْعَلُهُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) бір топ баланың жанынан өтіп бара жатып, оларға сәлем берді. Содан соң «Алла Елшісі (с.а.с.) осылай істейтін» деді.1

Түсіндірме

Сәлемдесу әдептерінің бірі – кішінің үлкенге сәлем беруі. Бұл хадисте үлкеннің, соның ішінде Алла Елшісінің (с.а.с.) балаларға сәлем бергені айтылады. Әбу Дәуіттің бір риуаятында Пайғамбарымыздың ойнап жүрген балаларға сәлем бергені баяндалады. Өзге бір риуаятта Әнәс (р.а.) «Балалармен бірге ойнап жүргенімде, Алла Елшісі (с.а.с.) келіп, бізге сәлем берді» дейді.

Алла Елшісінің балаларға сәлем бергені өзге де риуаяттарда кездеседі. Дегенмен балалармен сәлемдесу жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Хасан Басри оларға сәлем бермеген жөн десе, Ибн Сирин сәлем берген, бірақ олардың жауабын күтпеген. Ибн Баттал балаларға сәлем беру арқылы оларды Ислам әдебіне баулуға болатынын айтқан. Кейбір ғалымдар баланың сәлемге жауап қайтаруын міндет санамаған, өйткені ол діни міндет жүктелетін жасқа әлі жетпеген. Дегенмен ата-анасының балаға жауап беруді үйретуі тәрбие үшін қажет деген.

Балаға діни міндет жүктелмейтіндіктен, үлкендер мен балалар аралас отырған топқа сәлем берілсе, бір баланың жауабы жеткіліксіз деп есептеледі. Топ атынан кемінде бір ересек жауап беруі керек.

  1. 1Бұхари, «Истизан», 14 (6247). Мүслим, «Сәлем», 14 (2168). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 147 (5202). Тирмизи, «Истизан», 8 (2696).