وَعَنْ أَسْمَاءَ بِنْتِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «مَرَّ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي نِسْوَةٍ فَسَلَّمَ عَلَيْنَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلتِّرْمِذِيِّ: «فَأَلْوَى يَدَهُ بِالتَّسْلِيمِ».
Әсма бинт Язид (р.а.) айтады: «Бір топ әйел отырған жерден Алла Елшісі (с.а.с.) өтіп бара жатып, бізге сәлем берді». Тирмизидің бір нұсқасында Пайғамбарымыздың қолымен ишара жасап амандасқаны айтылады.1
Түсіндірме
1. Хадис Алла Елшісінің (с.а.с.) жолыққан әйелдерге сәлем бергенін көрсетеді. Абдурраззақтың «Мусаннафында» ер мен әйелдің өзара сәлемдесуін мәкруһ санаған риуаяттар бар. Рұқсат еткен ғалымдар орынсыз жағдай туу қаупі болмауын шарт еткен. Абдурраззақ келтірген риуаят та сол қауіп бар жағдайға қатысты түсіндіріледі. Халими Пайғамбардың исмат сипатына ие екенін айтып, өзге адамдарға мұндай қауіптен аулақ екеніне сенімді болса, сәлем беруге рұқсат, күмәнданса, үндемегені абзал деген.
Мәликилер орынсыз жағдайдың алдын алу қағидасына сүйеніп, әйелге сәлем беруде жас ерекшелігін ескерген. Куфа ғалымдары әйелдің бөтен ер кісіге бірінші болып сәлем беруін құптамаған. Олар мұны әйелдерге азан, қамат айту мен намазда дауыстап оқу жүктелмейтінімен байланыстырып, жақындарына сәлем беруге болатынын айтқан.
Шәфиғи фақиһы әл-Мутауалли «Ер кісінің өз әйелімен, махрам туысымен немесе күңімен сәлемдесуі екі ер кісінің сәлемдесуіне ұқсайды. Бөтен әйел мен ер кісі орынсыз жағдай тууынан қауіптенсе, бірінші болып сәлемдеспегені жөн. Бірі сәлем берсе, бұл іс мәкруһ саналып, екіншісі жауап бермейді. Қауіп тудырмайтын егде әйелге сәлем беруге болады» дейді.
Ибн Хажар бұл екі көзқарастың айырмасын былай түсіндіреді: «Мәликилер жасты ескереді. Әл-Мутауаллидің сөзінен адамның жасымен қатар оның тартымдылығы да ескерілетіні аңғарылады. Өйткені орынсыз жағдайдың тууына жастан гөрі тартымдылық себеп болуы мүмкін. Әйелдер мен ерлер бір жиында отырса әрі сондай қауіп болмаса, сәлемдесуге болады».
2. Имам Нәуәуи әйелдермен амандасу әдебін былай түйіндейді:
• Бір топ әйелге сәлем беруге болады.
• Жалғыз әйелге өзге әйелдер, күйеуі, тарихи қолданыстағы иесі және некелесуге болмайтын жақын туыстары сәлем бере алады.
• Бөтен ер кісі орынсыз ықылас тудыру қаупі жоқ егде әйелге сәлем бере алады. Әйелдің оған сәлем беруі де мұстахаб. Қайсысы бірінші сәлем берсе, екіншісі жауап қайтарады.
• Жасына қарамастан, әйел мен бөтен ер кісінің сәлемдесуі орынсыз ықылас тудыруы мүмкін болса, екеуі де бірінші сәлем бермейді. Бірі сәлем берсе, екіншісіне жауап беру міндеттелмейді. Жауап беру мәкруһ саналады. Бұл – шәфиғи мәзһабының және көпшілік ғалымдардың пікірі.
3. Тирмизидегі нұсқада әйелдерге қолмен ишара жасап сәлем беруге болатыны аңғарылады. Әсма (р.а.) «Бір күні бір топ әйелмен мешітте отыр едік. Алла Елшісі (с.а.с.) мешітке соғып, бізге қолымен ишара жасап сәлем берді» дейді. Кейбір ғалымдар екі риуаятты қатар қарастырып, Пайғамбарымыз сөз бен ишараны бірге қолданған деп түсіндірген.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 148 (5204). Тирмизи, «Истизан», 9 (2697). Осы тақырыпта қараңыз: Бұхари, «Истизан», 15.