1. Хадистегі صُورَتِهِ сөзінің соңындағы «һи» есімдігі Алланы немесе Адамды меңзеуі мүмкін. Ғалымдар осы екі ықтимал мағынаға сүйеніп, түрлі түсіндірме берген.
• Есімдікті Аллаға қатысты түсіндіргенде, Адамның Алланың бейнесінде жаратылғаны туралы мәселе туады. Құранда Аллаға еш нәрсенің ұқсамайтыны айтылған. Сондықтан ғалымдар мұны сыртқы бейнеге қатысты емес, Алланың ілім, хаят, есту, көру, сөйлеу сипаттарын тануға себеп болатын қабілеттердің адамға берілуімен байланыстырған.
• Есімдікті Адамға қатысты түсіндірген ғалымдардың айтуынша, Алла Адамға әуел баста-ақ толық тұлға берді. Оның жер бетіндегі бейнесі жәннатта жаратылған қалпындай болды. Адамның ұрпағы ана құрсағынан қарттыққа дейін бірнеше кезеңнен өтіп, түр-тұлғасы өзгеріп отырады. Бұл түсіндірме бойынша Адам сол кезеңдерден өтпей, жаратылған бейнесінде өмір сүрген. Ол, ұрпағы секілді, ер мен әйелдің қосылуынан пайда болған жоқ. Жаратылыс туралы Құранда «бір жан» аталады.2 Мұны түсіндіретіндер «Адам баласы бір тамшы судан жаратылса, сол тамшының өзі үшін де адам керек қой» дейді. Яғни жаратылыстың бастауы бар, ал сол алғашқы жаратылыс біз білетін заңдылықтардан тыс, Алланың құдіретімен жүзеге асқан.
Адамға өмір сүру, есту, көру және сөйлеу қабілеттері берілген.
2. Ибн Хажар Адамның алпыс зирағ бойы туралы екі жорамал келтіреді. Біріншісінде зирағ3 Адамның өз қолымен, екіншісінде қалыптасқан ұзындық өлшемімен есептеледі. Әдетте адамның бір зирағы бойының төрттен біріне жуық. Алпыс зирағты Адамның өз қолымен өлшесек, қолы бойына шаққанда тым қысқа болып шығады. Әбу Һурайрадан жеткен мәрфуғ риуаятта Адамның бойы алпыс, ені жеті зирағ болғаны айтылады.
3. Кейбір ғалымдар Адамның жаратылған бойда періштелерге сәлем беруін негізге алып, сәлем беруді уәжіп санаған. Бұл тұжырымды әлсіз деп тапқандар да бар. Ибн Абдулбәрр ғалымдардың сәлем берудің сүннет екеніне ортақ пікірге келгенін жеткізген. Сәлемге жауап беру – парыз.
4. Кейбір хадистерде яһудилердің мұсылмандардың сәлемдесуіне және «әмин» деуіне ерекше қызғаныш білдіргені айтылады. Ғалымдар осыған сүйеніп, сәлемдесу Адамның бар ұрпағына ортақ болғанымен, оның осы үлгісі мұсылман үмбетінде кең тарағанын айтқан. Әр халықтың сәлемі хал сұрасуға негізделсе де, мұсылмандардың сәлемінің өзіндік ерекшелігі бар. Пайғамбарымыз жаһилия дәуіріндегі кейбір амандасу сөздерінен тыйып, Исламдағы сәлем үлгісін таратқан. Әбу Дәуіт жеткізген риуаятта Имран ибн Хусейн «Жаһилия кезінде ‘Әнғамаллаһу бика’ және ‘Әнғим сабахан’, яғни ‘Алла сені қуанышқа бөлесін’ және ‘Қайырлы таң’ деп амандасатынбыз. Ислам келген соң, бұл сөздерді қолданудан тыйылдық» дейді.
Әбу Зәрр әл-Ғифари өзінің қалай мұсылман болғанын баяндайтын ұзақ хадисте «Алла Елшісіне (с.а.с.) Ислам үлгісімен алғаш сәлем берген мен едім» деген.
Бірқатар риуаяттың түсіндірмесінде мұсылмандардың сәлемдесу үлгісі Жаратушының сыйы ретінде сипатталады. Мұсылмандар Пайғамбарымыздан жеткен бұл үлгіні сол қалпында сақтауға тырысқан. Өйткені сәлемдесудің қалай айтылатыны хадистер мен аяттарда көрсетілген. Бір хадисте «Алла сәлемді үмбетіме амандасу үлгісі әрі арамыздағы амандықтың белгісі етті» делінген.
5. Жәннатқа кіретіндердің Адамның бейнесінде болатынын ғалымдар олардың тәнінде дүниеде кездесетін кемістіктер мен өзгерістердің болмайтыны деп түсіндірген.
6. Хадистің соңында адам бойының аласарғаны айтылады. Ғалымдар мұны алғашқы адамдардың бойы ұзын болып, кейін біртіндеп аласарғаны деп түсіндірген. Ибн Хажар «Бұл үдеріс осы үмбетке дейін жалғасып, бой өлшемі содан кейін тұрақтады» деген. Ибн әт-Тин оны баланың өсуімен салыстырады: күн сайынғы өзгеріс көзге түсе бермейді, ол айлар мен жылдар өте байқалады. Түсіндірмелерде бұрынғы қауымдардың тұрмыстық бұйымдары мен баспаналарына қатысты сұрақ та қойылған. Мысалы, Сәмуд қауымынан қалған баспаналар бүгінгі адамға лайық өлшемде. Бұл қауым өмір сүрген уақыт Адам атаның заманымен салыстырғанда бізге әлдеқайда жақын деген жауап берілген.