وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الْإِسْلَامِ خَيْرٌ؟ قَالَ: تُطْعِمُ الطَّعَامَ، وَتَقْرَأُ السَّلَامَ عَلَى مَنْ عَرَفْتَ وَمَنْ لَمْ تَعْرِفْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. قُلْتُ: وَأَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي كِتَابِ الْإِيمَانِ مِنْ صَحِيحِهِ بِهَذَا اللَّفْظِ، وَاللَّهُ أَعْلَمُ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) жеткізген хадисте бір кісі Алла Елшісінен (с.а.с.) «Исламдағы ең игі іс қандай?» деп сұрайды. Ол «Жұртқа ас беруің және таныған адамыңа да, бейтанысқа да сәлем беруің» деп жауап береді. Осы мәтінді Бұхари де «Сахихының» «Иман» бөлімінде келтірген.1
Түсіндірме
«Исламдағы ең игі іс қандай?» деген сауал Алла Елшісіне (с.а.с.) жиі қойылатын. Пайғамбарымыз сұраушының жайын, уақыт пен жағдайды ескеріп, әр жолы әртүрлі жауап берген. Өзге хадистерде уақытында оқылған намаз, жиһад, ата-ананы құрметтеу, қабыл болған қажылық секілді амалдарды атаған. Осы хадисте жұртқа ас беруді және танысқа да, бейтанысқа да сәлем беруді алға тартады.
Имам Нәуәуи «Бұл хадистен кездескенде таныған адамға да, бейтанысқа да сәлем беру керегін ұғамыз. Осыдан ықылас пен кішіпейілділік көрінеді. Сөйтіп, Исламның айрықша әдебі – сәлем ел арасына тарайды» дейді.
Кісі таныстарына ғана сәлем берсе, оның ықыласына селкеу түсуі мүмкін. Бейтанысқа да сәлем беру сол кемшіліктің орнын толтырып, діннің талабын, Пайғамбар сүннетін орындауға жол ашады. Ғалымдар «Ықыласпен берілген бір дирхам ықылассыз берілген мың дирхамнан артық» деген.
Хадис өзгенің сәлемін күтпей, бірінші болып амандасуға үндейді. Бұл кісіні кішіпейілділікке баулып, Алла Тағаланың алдында сауапқа кенелтеді. Сәлем естіген адамның көңіліндегі күдік сейіліп, бойындағы қорқыныш басылады.
Сәлем – Пайғамбарымыздың үмбетіне қалдырған сүннеті әрі сыйы.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 142 (5194). Бұхари, «Иман», 6 (12).