Хадис

Тиләуат сәждесін жасаудың артықшылығы

Кутуб ситтә, 7-том, 382-тарау · 9 хадис · № 2767–2775

Хадистер

2767
Кутуб ситтә, № 2767 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Амр ибн әл-Ас

عَنْ عَمْرٍو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أقْرَأنِي رَسُولُ اللَّهِ ﷺ خَمْسَ عَشَرَةَ سَجْدَةً فِي الْقُرآنِ، مِنْهَا ثَلَاثٌ فِي الْمُفَصَّلِ، وَفِي سُورَةِ الْحَجِّ سَجْدَتَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған Құрандағы он бес сәжде аятын оқытты. Оның үшеуі муфассал сүрелерде, ал екеуі “Хаж” сүресінде».1

Түсіндірме

Хадис риуаятында «оқытты» деп аударылған أَقْرَأَ сөзінің арнайы мағынасы бар. Кісі Құранды не хадисті ұстазына тексерту немесе ижазат алу үшін оқыса, бұл قَرَأَ عَلَى الشَّيْخِ деп аталады. Ол «Пәленше маған оқытты» (أَقْرَأَنِي فُلَانٌ) дегенде, ұстазының өзіне оқып беруге мүмкіндік бергенін айтады. Демек, бұл хадис Амрдың (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) он бес сәжде аятын оқып бергенін білдіреді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 328, (1401); Ибн Мәжа, Иқамат: 71, (1057).
2768
Кутуб ситтә, № 2768 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَيْسَتْ ص مِنْ عَزَائِمِ السُّجُودِ، وَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَسْجُدُ فِيهَا وَيَقُولُ: سَجَدَهَا دَاوُدُ عَلَيْهِ السَّلَامُ تَوْبَةً، وَنَسْجُدُهَا شُكْرًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «“Сад” сүресіндегі сәжде міндетті сәжделерге жатпайды. Дегенмен мен Алла елшісінің (с.а.с.) сол сүреде сәжде жасағанын көрдім. Ол: “Дәуіт (а.с.) мұны тәубе ретінде жасады. Біз шүкір ретінде жасаймыз”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Азаим» – «азимат» сөзінің көпше түрі. «Азимат» عَزْمٌ («азм») түбірінен тарайды. «Азм» байыптылық, сабыр, табандылық және талпыныс сияқты ұғымдарды білдіреді. Аятта: ﴿فَٱصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُو۟لُوا۟ ٱلْعَزْمِ مِنَ ٱلرُّسُلِ﴾ «Ендеше, осы жолда барынша табандылық танытқан аса жігерлі елші-пайғамбарлар сынды сен де сабыр ет!»2 – делінген.

Ибн Хажар «азаим»-ды сөздің түбіріне сай түрде «істегісі келген ісі үшін талпыныс білдірген нәрселер» деп түсіндіре келе: «Мәселен, бұйрық рай секілді кейбір мәндүп істер бар, олар күшейтпелі түрде келген. Мұндай мәндүп істерге “уәжіп” демегендердің өзі бекітілген мәндүп деп, өзгелерден ерекшелеп түсіндіреді».

Ендеше, «Сад» сүресінің «азаимус сужуд»-тан болмауы деген сөз, осы сүредегі сәжде аятының барлық ғұламаның сәжде етілуі қажеттігіне үкім берген сәжде аяттарынан еместігін білдіреді.

Ендеше, «азаимус-сужуд», яғни, оқығанда сәжде жасау шарт, сәжде етпеуге болмайтын, сәжде жасау керектігі нақтыланған аяттар қайсылар? ибн Хажар бұл сұраққа жауап ретінде мына мәліметті келтіреді: «Ибнул-Мунзир мен басқалары әзірет Али ибн Әбу Талибтен (р.а.) хасан тізбекпен мынаны риуаят еткен: «Азаим болғандар «Ха мим (Фуссилат), «Уән Нажми», «Иқра» мен «Әлиф-Ләм-Тәнзил». Себебі ибн Аббастан да соңғы үшеуі жайлы риуаят жеткен. Ибн Әбу Шәйбаның жеткізуінше, «Ағраф», «Субхан», «Ха мим» мен «Әлиф-Ләмның» азаим екенін айтқандар да болған.

Ибн Әбу Шәйбаның басқа риуаятында бұлар бес: «Бәни Исраил», «Исра», «Нажм», «Иншиқақ», «Иқра бисми раббикә». Абд ибн Умәйрдің көзқарасы бойынша, азаим төртеу, дегенмен кейбірі өзгеше. «Нәжм» мен «Иқра бисми раббикәның» орнына «Ағраф» пен «Бәну Исраил» айтылған».

Осы риуаят ғалымдар арасындағы пікір айырмасына назар аудартып, «Сад» сүресіндегі сәжденің азаимге жатпайтынын айтады.

2. Бұхари «Сад» сүресінің тәпсірінде мына риуаятты келтірген. Мужаһид Ибн Аббастан: «“Сад” сүресіндегі аятта сәжде жасауыңа не негіз болды?» – деп сұраған. Ол: «“Әнғам” сүресінің 84–90-аяттарын оқымайсың ба? ﴿وَمِن ذُرِّيَّتِهِۦ دَاوُۥدَ وَسُلَيْمَٰنَ﴾ “Әрі Ибраһимнің нәсілінен Дәуітті, Сүлейменді...” ﴿أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ هَدَى ٱللَّهُ فَبِهُدَىٰهُمُ ٱقْتَدِهْ﴾ “Міне, осы таңдаулы тұлғалар – Алланың тура жолға салған құлдары. Ендеше, сен де солардың тура жолына түс...”», – деп жауап берген. Демек, Алла Дәуітті, Сүлейменді және олардан кейінгі пайғамбарларды тура жолға салған. Алла елшісі (с.а.с.) де солардың тура жолына еруге бұйырылған. Сондықтан Дәуіт сәжде еткенде, Алла елшісі де осы аятта сәжде еткен.3

3. Хадистің Нәсәи жеткізген нұсқасында Дәуіттің (а.с.) «Сад» сүресіндегі сәждені тәубе үшін жасағаны, ал Алла елшісінің (с.а.с.) шүкір сәждесі ретінде жасағаны айтылады. Мұны түсіну үшін сүренің сәжде аятына және оның мазмұнына үңілген жөн.

«Сад» сүресі Меккеде түскен. Ол Алла елшісі (с.а.с.) дінді жеткізе бастағаннан кейін, Мекке мүшріктері жала жауып, келемеждеп, жәбір көрсеткен кезеңде оған жұбаныш беріп, сабырға шақыру үшін түсті. Алғашқы аяттарда мүшріктердің Алла елшісі мен Құранға қарсы ұстанымы баяндалады (1–11-аяттар). Одан соң бұрынғы пайғамбарлардың да осындай қиындыққа ұшырап, сабыр еткені, ал залым қауымдардың опат болғаны айтылады. Нұх, Ад, Перғауын, Сәмуд пен Лұттың аты аталады (12–16-аяттар). Кейін Дәуіттің басынан өткен оқиғалар мен Алланың оны қолдауы сөз болады (17–23-аяттар). Сәжде аяты болған 24-аятта Дәуіттің (а.с.) не себепті сәжде еткені айтылады. Ол аңдаусызда жаңсақтық жасап, соның салдарынан азапқа ұшыраймын ба деп қорыққан.

﴿وَظَنَّ دَاوُۥدُ أَنَّمَا فَتَنَّٰهُ فَٱسْتَغْفَرَ رَبَّهُۥ وَخَرَّ رَاكِعًا وَأَنَابَ ۝ فَغَفَرْنَا لَهُۥ ذَٰلِكَ وَإِنَّ لَهُۥ عِندَنَا لَزُلْفَىٰ وَحُسْنَ مَـَٔابٍ﴾ «Ақырында, Дәуіт өзін сынағанымызды түсінді де, бірден Раббысынан кешірім сұрап, иілген бойда сәждеге жығылып, жан-тәнімен тәубе етіп, Раббысына бет алды. Біз де оның ағат кеткен сол бір ісін кешірдік. Расында, оның Бізге деген жақындығы һәм құзырымызда сондай керемет қайтар жері бар!»4

Аяттың мағынасынан көрінгендей, Дәуіт (а.с.) жаңсақтығына кешірім тілеп, тәубе етті де, сәждеге жығылып, Алла Тағалаға бет бұрды. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) оның сәждесін тәубе сәждесі деп сипаттаған. Дәуітке кешірім жасалып, Аллаға жақындық пен ізгі ақырет нәсіп етілетіні айтылғанда, Алла елшісі сәждеге жығылып, оны шүкір сәждесі деп атаған.

Осы мағынаға сүйенген ханафилер «Сад» сүресіндегі сәждені ﴿وَخَرَّ رَاكِعًا وَأَنَابَ﴾ «иілген бойда сәждеге жығылып, жан-тәнімен тәубе етіп, Раббысына бет алды.» деген тұстан кейін жасамай, келесі аяттағы ﴿وَحُسْنَ مَـَٔابٍ﴾ «һәм құзырымызда сондай керемет қайтар жері бар!» деген сөздерден кейін жасаған.

4. Ғалымдардың кейбірі мынадай пікірді де алға тартады: «Сад» сүресінде сәжденің бар екендігі жайлы Ханафилер мен Шафиғилер арасында талас жоқ. Талас бұл сәжденің «азаимға» жатып-жатпайтындығында. Шәфиғилер жоғарыдағы хадисте айтылған ибн Аббастың (р.а.): «Сад азаимнен емес» деген сөзімен амал етіп, аталған аяттың оқылуында сәждені уәжіп деп санамаған. Шәфиғи мен жақтастары: «Сад» сәждесі уәжіп емес, бұл – шүкір сәждесі, намаздан тыс мұстахаб ретінде сәжде жасалады, намазда харам» деген. Имам Ағзам мен серіктері болса Бұхаридың «Сад» сүресінің тәпсірінде келген әрі риуаяттарды негізге алып, аталған сәждені азаимнен деп қабылдап, оқылғанда сәжде етудің уәжіп екенін білдірген. Нәсәидің риуаятында «Сад» сәждесі үшін тәубе сәждесі делінгені де Ханафилерге дәлел болуы мүмкін. Себебі оның тәубе сәждесі болуы уәжіп болуына кедергі емес. Анығында, ибн Аббастың риуаятында «Сад» сүресін оқу кезінде Расулалланың да сәжде еткені айтылған, бұл да Ханафилердің пікірінің дұрыстығына жарайтын дәлел.

Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбалдан келген риуаят олардың екі түрлі көзқараста екенін қуаттайды. Бір көзқарасында Ханафилерге, бір көзқарасында Шәфиғилерге ереді.

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 3, Әнбие 39; Әбу Дәуіт, Салат: 332, (1409); Тирмизи, Салат: 405, (577); Нәсәи, Ифтитах: 48, (2, 159).
  2. 2«Ахқаф» сүресі, 35-аят.
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Сад» сүресі, №4807.
  4. 4«Сад» сүресі, 24–25-аяттар.
2769
Кутуб ситтә, № 2769 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَأ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: وَالنَّجْمِ، فَسَجَدَ فِيهَا وَسَجَدَ مَنْ كَانَ مَعَهُ، غَيْرَ أَنَّ شَيْخًا مِنْ قُرَيْشٍ أخَذَ كَفًّا مِنْ تُرَابٍ فَرَفَعَهُ إِلَى جَبْهَتِهِ، وَقَالَ: يَكْفِنِي هَذَا. قَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ: فَلَقَدْ رَأَيْتُهُ بَعْدُ قُتِلَ كَافِرًا وَهُوَ أُمَيَّةُ بْنُ خَلَفٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Нәжм” сүресін оқып, сәжде жасады. Қасындағылар да сәжде жасады. Тек құрайыштық бір қария жерден бір уыс топырақ алып, маңдайына апарып: “Маған осы жетеді”, – деді».

Ибн Мәсғуд: «Кейін оның кәпір күйінде өлтірілгенін көрдім. Ол Умәйя ибн Халаф еді», – дейді.1

Түсіндірме

1. Бұхаридің бір риуаятында «Нәжм» сүресі сәжде аяты түскен алғашқы сүре екені айтылады. Аят оқылғанда, сол жердегі мұсылмандар мен мүшріктер, адам мен жын атаулы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге сәжде жасаған. Кей ғалымдардың түсіндіруінше, мүшріктер сүреде Лат пен Ұзза сияқты пұттары аталғандықтан сәжде еткен.

2. Бұл риуаятта сәждеден тартынған адамның Умәйя ибн Халаф екені айтылған. Дегенмен басқа риуаяттарда кейде аты аталмайды, кейде Уалид ибн әл-Муғира, Утба ибн Рәбиға мен Сағид ибн әл-Астың да аттары аталады. Ибн Хажар «Нәжм» сүресіндегі түсіндірмесінде ибн Масғудтың сәждеден бір кісіні шеттетуін «өз көргенінше» деп береді. Басқа да риуаяттар Умәйя ибн Халафтан басқа сәждеге қатыспағандарды да атайды. Негізі, төрт кісінің сәждеге қатыспауы анағұрлым күшті ықтималдылық.

3. Уақидидің айтуынша, оқиға пайғамбарлықтың бесінші жылы рамазан айында болған. Сол жылдың ережеп айында алғашқы көш Хабашстанға бет алған еді. Бұл оқиға Хабашстандағы мұсылмандарға «Мекке мүшріктері мұсылман болыпты» деген хабар болып жетіп, олар елге қайтқан. Елге келген соң, мүшріктердің бұрынғы қалпында қалғанын көріп, екінші рет көшкен.

  1. 1Бұхари, «Сужудул-Құран», 4, 1, «Мәнәқибул-ансар», 29, «Мағази», 7, «Тәпсір», «Нәжм». Мүслим, «Мәсәжид», 105 (№576). Әбу Дәуіт, «Салат», 330 (№1406). Нәсәи, «Ифтитах», 49 (2/160). Хадис мәтіні Бұхари нұсқасынан алынған.
2770
Кутуб ситтә, № 2770 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Зәйд ибн Сәбит

وَعَنْ زَيْدٍ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَأْتُ عَلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَالنَّجْمِ فَلَمْ يَسْجُدْ فِيهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Сәбит (р.а.) былай дейді: «Мен Алла елшісіне (с.а.с.) “Нәжм” сүресін оқып бердім. Ол сәжде жасамады».1

Түсіндірме

Осы тақырыптың бас жағындағы түсіндірмеде де айтылғандай, сәждені қажет ететін аяттар тақырыбы даулы мәселе. Жоғарыдағы риуаят «Нәжм» сүресінде сәжде жоқтығын айтады. Мәликилер осы риуаятқа амал етіп, «Муфассал сүрелерде сәжде болмайды» деген. Әбу Сәуір секілді ғалымдар «Нәжм» сүресінде сәжде жоқ» деген. Ибн Хажар: «Бұл мәселе «Нәжм» сүресінде сәжде орындамау толықтай сол сүреде сәжде аяты жоқ деген мағынаны білдірмейді» деп, мынаны қосады: «Сол кезде сәждені орындамау Пайғамбарымыздың дәреті болмауынан немесе мәкрүһ уақыттардың бірі болуы себепті туындаса керек. Мұны мүмкін емес деуге келмейді. Немесе оқыған кісінің сәжде жасамауынан болған. Мүмкін Расулалла (с.а.с.) сәждені орындамауға болатынын көрсету үшін сәждеге жығылмаған».

Мәселені қарастырған ғалымдар осы соңғы айтылғанның ықтималдығы көбірек дейді. Шәфиғидің ойынша, «Нәжм» сүресінде сәжде уәжіп болса, кейінірек болса да сәжде жасауды бұйырар еді».

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 6; Мүслим, Мәсәжид: 106, (577); Әбу Дәуіт, Салат: 329, (1404); Тирмизи, Салат: 404, (576); Нәсәи, Ифтитах: 50, (2, 160).
2771
Кутуб ситтә, № 2771 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ أَبِي سَلَمَةَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ قَرَأ سُورَةَ: إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ. فَسَجَدَ بِهَا، فَقُلْتُ: يَا أَبَا هُرَيْرَةَ أَلَمْ أَرَكَ تَسْجُدُ؟ قَالَ: لَوْ لَمْ أَرَ النَّبِيَّ ﷺ يَسْجُدُ لَمْ أسْجُدْ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сәләма былай дейді: «Әбу Һурайра (р.а.) “Иншиқақ” сүресін оқып, сәжде жасады. Мен: “Уа, Әбу Һурайра, сәжде жасағаныңды көрдім ғой?” – дедім. Ол: “Пайғамбардың (с.а.с.) сәжде жасағанын көрмесем, мен де сәжде жасамас едім”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 7, 6, Азан: 100, 102; Мүслим, Мәсәжид: 107; Муатта, Құран: 12, (1, 205); Әбу Дәуіт, Салат: 331, (1407); Нәсәи, Ифтитах: 51, (2, 161).
2772
Кутуб ситтә, № 2772 · тараудағы реті: 6

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَجَدْنَا مَعَ النَّبِيِّ ﷺ فِي: إِذَا السَّمَاءُ انْشَقَّتْ، وَاقْرَأْ بِاسْمِ رَبِّكَ الَّذِي خَلَقَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Біз Алла елшісімен (с.а.с.) бірге “Иншиқақ” пен “Алақ” сүрелерін оқығанда сәжде жасадық».1

Түсіндірме

Бұл хадис те муфассал сүрелерде сәжде бар екендігіне дәлел болады. Бұл сүрелерде сәжде жасау керектігіне иланған Әбу Дәуіт хадис жайлы мына пікірін айтқан: «Әбу Һурайра һижреттің алтыншы жылы Хайбарды азат еткенде мұсылман болғанына қарағанда, бұл сәжде Расулалланың (с.а.с.) соңғы ісі».

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 108, (578); Әбу Дәуіт, Салат: 331, (1407); Тирмизи, Салат: 402, (573, 574); Нәсәи, Ифтитах: 51, 52, (2. 161, 162).
2773
Кутуб ситтә, № 2773 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَمْ يَسْجُدِ النَّبِيُّ ﷺ فِي شَىْءٍ مِنَ الْمُفَصَّلِ مُنْذُ تَحَوَّلَ إِلَى الْمَدِينَةِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаға келгеннен бері муфассал сүрелердің ешқайсысында сәжде жасамады», – деген.1

Түсіндірме

Бұл риуаят жоғарыдағы Әбу Һурайра хадисіне қайшы. Бұл хадис әлсіз, ал алдыңғысы сахих деп бағаланған. Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісімен (с.а.с.) бірге муфассал сүрелерінде сәжде жасағанын анық айтқан. Әбу Дәуіт ескерткендей, ол исламды һижреттің алтыншы жылы қабылдаған. Бұл Алла елшісінің (с.а.с.) муфассал сүрелерінде сәжде жасағанын айқындайды. Ибн Мәлік бірқатар сахабаның сәжде жөнінде риуаят жеткізгенін әрі олардың көбі қабылданатынын айтқан. Нәуәуи де амалға алдыңғы хадис негіз болатынын айтып, мұнда сәжде жасалмауының бірнеше ықтимал себебі барын көрсеткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 329, (1403).
2774
Кутуб ситтә, № 2774 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ فِي سُجُودِ الْقُرْآنِ بِاللَّيْلِ: سَجَدَ وَجْهِيَ لِلَّذِي خَلَقَهُ وَصَوَّرَهُ، وَشَقَّ سَمْعَهُ وَبَصَرَهُ بِحَوْلِهِ وَقُوَّتِهِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) түнде тиләуат сәждесін жасағанда: “Жүзім оны жаратқан, оған пішін берген, Өз күшімен әрі құдіретімен оның есту және көру қабілетін ашқан Аллаға сәжде етті”, – дейтін».1

Түсіндірме

1. Мұндағы «жүз» сөзі адамның өзін білдіреді. «Жүзім сәжде етті» дегені – «мен сәжде еттім» деген сөз. «Жүзі ақ» дегенде де адамның ары таза екені меңзеледі.

2. Әли әл-Қаридың айтуынша, тиләуат сәждесінде намаздағы сәжденің тәсбихы айтылады. Осы көзқарас дұрысырақ. Дегенмен кейбір ғалымдар «Субхана Раббана ин кана уағду Раббина ләмафғула» деп айтуды да мұстахаб санаған. Алла Тағала аятта ізгі жандар жайында: ﴿إِذَا يُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ يَخِرُّونَ لِلْأَذْقَانِ سُجَّدًا ۝ وَيَقُولُونَ سُبْحَٰنَ رَبِّنَآ إِن كَانَ وَعْدُ رَبِّنَا لَمَفْعُولًا﴾ «өздеріне Құран оқылғанда бірден сәждеге жығылады. Олар: “Уа, кемшілік атаулыдан ада, мінсіз Раббымыз! Егер Раббымыз уәде берген болса, ол міндетті түрде орындалады”, – деп айтады.»2 – деп хабар берген. Сондықтан кей ғалымдар сәждеде осы тәсбихты айтуды мұстахаб деп есептеген.

Алиул-Қари тақырыпқа қатысты былай дейді: «Сәжделерде оқылатын тәсбих сахих риуаяттарда келген тәсбихтардан таңдалғаны жөн. Айталық, тиләуат сәждесі намазда жасалатын болса, намаз сәждесінде оқылатын тәсбих оқылуы керек. Намаз парыз намаз болса, “Субхана раббиәл ағла” деу керек немесе нәпіл намаз болса, сәждеде айтылуы жайында риуаяттарда келген бір тәсбих оқылуы керек. “Сәжде уажһи” секілді, “Аллаһумма уктуб ли...” деген секілді. Тиләуат сәждесі намаздан тыс болса, бұл тұрғыда келген тәсбихтардың кез келгенін оқуға болады».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 334, (1414); Тирмизи, Салат: 407, (508); Нәсәи, Ифтитах: 71, (2, 222).
  2. 2«Исра» сүресі, 107–108-аяттар.
2775
Кутуб ситтә, № 2775 · тараудағы реті: 9

زَادَ فِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ رَأَيْتُنِي اللَّيْلَةَ وَأَنَا نَائِمٌ كَأَنِّي أُصَلِّي خَلْفَ شَجَرَةٍ فَسَجَدْتُ فَسَجَدَتِ الشَّجَرَةُ لِسُجُودِي، فَسَمِعْتُهَا تَقُولُ: اللَّهُمَّ اكْتُبْ لِي بِهَا أجْرًا، وَحُطَّ عَنِّي بِهَا وِزْرًا، وَاجْعَلْهَا لِي عِنْدَكَ ذُخْرًا، وَتَقَبَّلْهَا مِنِّي كَمَا تَقَبَّلْتَهَا مِنْ عَبْدِكَ دَاوُدَ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: فَسَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَرأَ السَّجْدَةَ، فَقَالَ فِيهَا مِثْلَ مَا أَخْبَرَهُ الرَّجُلُ عَنْ قَوْلِ الشَّجَرَةِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында мына қосымша бар: «Бір кісі келіп: “Уа, Алла елшісі! Түнде түсімде бір ағаштың артында намаз оқып тұр екенмін. Сәжде жасағанымда, ағаш та менімен бірге сәжде жасады. Оның: ‘Уа, Алла, осы сәждем үшін маған сауап жаз. Осы арқылы күнәмді өшір. Оны Өз қасыңда мен үшін сақталған қор ет. Оны құлың Дәуіттен қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ал’, – дегенін естідім”, – деді».

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Кейін Алла елшісі (с.а.с.) сәжде аятын оқып, әлгі кісінің ағаштан естігеніндей дұға айтқанын естідім».1

Түсіндірме

Тиләуат сәждесіне қатысты тоғыз риуаят берілді. Кейбіріне түсіндірме жасадық. Бұдан бөлек, тақырыптың басындағы көлемді түсіндірмеде мәліметтерді жинақтап ұсындық. Осы жерде тақырыпты тағы да тұжырымдап ұсынбақпыз.

• Тиләуат сәждесі Құранның сәжде аятын оқығанда, тыңдағанда немесе сол аятты оқыған имамға ұйығанда жасалады. Оның рукуғы да, отырысы да жоқ.

• Ғалымдар тиләуат сәждесінің дұрыстығын бірауыздан құптағанмен, уәжіптігіне қатысты әртүрлі пікір білдірген:

• Ғалымдардың басым көпшілігі сүннет деп қабылдаған.

• Әбу Ханифа «уәжіп, бірақ парыз емес», – дейді.

• (Ғалымдардың басым көпшілігінің пікірінше) ол сәжде аятын оқушыға сүннет, оқыған кісі сәждеге жығылса, тыңдаушыға да сүннет. «Оқыған кісі сәждеге бармаса да, тыңдаушыға сүннет» дегендер де болған.

• Сәжде орындарына қатысты да әртүрлі көзқарас бар:

• Шәфиғидің пікірінше, муфассалдан тыс аяттарда сәжде жасалады. Яғни, он бір жерде сәжде жасалады.

• Ханафилар бойынша он төрт жерде сәжде жасалады. Ханафилер «Хаж» сүресінде бір сәжде бар деп қабылдайды, дегенмен «Сад» сүресінде де сәжде жасайды.

• Ахмад ибн Ханбал мен бір топ ғалым: «Он бес жерде сәжде бар» дейді, әрі «Хаж» сүресіндегі екі сәждені әрі «Сад» сүресіндегі бір сәждені мойындайды.

• «Намазға қажетті тазалық т.б. талаптар бұған да қатысты ма?» деген мәселеде пікір қайшылығы бар. Бір жамағат сол талаптар болуы керектігін жақтаса, енді бір топ ол талаптар міндетті емес дейді. Бұхаридың бір риуаятында ибн Омардың дәретсіз сәжде жасағаны айтылған.

• Тиләуат сәждесі жасалғанда намаз сәждесінде оқылатын тәсбихті оқу керек. Сүннеттегі тәсбихтардың бірін оқуға да болады.

  1. 1Тирмизи, Дағуат: 33, (3420).