وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَرَأ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: وَالنَّجْمِ، فَسَجَدَ فِيهَا وَسَجَدَ مَنْ كَانَ مَعَهُ، غَيْرَ أَنَّ شَيْخًا مِنْ قُرَيْشٍ أخَذَ كَفًّا مِنْ تُرَابٍ فَرَفَعَهُ إِلَى جَبْهَتِهِ، وَقَالَ: يَكْفِنِي هَذَا. قَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ: فَلَقَدْ رَأَيْتُهُ بَعْدُ قُتِلَ كَافِرًا وَهُوَ أُمَيَّةُ بْنُ خَلَفٍ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ الْبُخَارِيِّ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Нәжм” сүресін оқып, сәжде жасады. Қасындағылар да сәжде жасады. Тек құрайыштық бір қария жерден бір уыс топырақ алып, маңдайына апарып: “Маған осы жетеді”, – деді».
Ибн Мәсғуд: «Кейін оның кәпір күйінде өлтірілгенін көрдім. Ол Умәйя ибн Халаф еді», – дейді.1
Түсіндірме
1. Бұхаридің бір риуаятында «Нәжм» сүресі сәжде аяты түскен алғашқы сүре екені айтылады. Аят оқылғанда, сол жердегі мұсылмандар мен мүшріктер, адам мен жын атаулы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге сәжде жасаған. Кей ғалымдардың түсіндіруінше, мүшріктер сүреде Лат пен Ұзза сияқты пұттары аталғандықтан сәжде еткен.
2. Бұл риуаятта сәждеден тартынған адамның Умәйя ибн Халаф екені айтылған. Дегенмен басқа риуаяттарда кейде аты аталмайды, кейде Уалид ибн әл-Муғира, Утба ибн Рәбиға мен Сағид ибн әл-Астың да аттары аталады. Ибн Хажар «Нәжм» сүресіндегі түсіндірмесінде ибн Масғудтың сәждеден бір кісіні шеттетуін «өз көргенінше» деп береді. Басқа да риуаяттар Умәйя ибн Халафтан басқа сәждеге қатыспағандарды да атайды. Негізі, төрт кісінің сәждеге қатыспауы анағұрлым күшті ықтималдылық.
3. Уақидидің айтуынша, оқиға пайғамбарлықтың бесінші жылы рамазан айында болған. Сол жылдың ережеп айында алғашқы көш Хабашстанға бет алған еді. Бұл оқиға Хабашстандағы мұсылмандарға «Мекке мүшріктері мұсылман болыпты» деген хабар болып жетіп, олар елге қайтқан. Елге келген соң, мүшріктердің бұрынғы қалпында қалғанын көріп, екінші рет көшкен.
- 1Бұхари, «Сужудул-Құран», 4, 1, «Мәнәқибул-ансар», 29, «Мағази», 7, «Тәпсір», «Нәжм». Мүслим, «Мәсәжид», 105 (№576). Әбу Дәуіт, «Салат», 330 (№1406). Нәсәи, «Ифтитах», 49 (2/160). Хадис мәтіні Бұхари нұсқасынан алынған.