Хадис

Кутуб ситтә, № 2768

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
382. Тиләуат сәждесін жасаудың артықшылығы
Нөмірі
№ 2768 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
2768
Кутуб ситтә, № 2768 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَيْسَتْ ص مِنْ عَزَائِمِ السُّجُودِ، وَقَدْ رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَسْجُدُ فِيهَا وَيَقُولُ: سَجَدَهَا دَاوُدُ عَلَيْهِ السَّلَامُ تَوْبَةً، وَنَسْجُدُهَا شُكْرًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «“Сад” сүресіндегі сәжде міндетті сәжделерге жатпайды. Дегенмен мен Алла елшісінің (с.а.с.) сол сүреде сәжде жасағанын көрдім. Ол: “Дәуіт (а.с.) мұны тәубе ретінде жасады. Біз шүкір ретінде жасаймыз”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Азаим» – «азимат» сөзінің көпше түрі. «Азимат» عَزْمٌ («азм») түбірінен тарайды. «Азм» байыптылық, сабыр, табандылық және талпыныс сияқты ұғымдарды білдіреді. Аятта: ﴿فَٱصْبِرْ كَمَا صَبَرَ أُو۟لُوا۟ ٱلْعَزْمِ مِنَ ٱلرُّسُلِ﴾ «Ендеше, осы жолда барынша табандылық танытқан аса жігерлі елші-пайғамбарлар сынды сен де сабыр ет!»2 – делінген.

Ибн Хажар «азаим»-ды сөздің түбіріне сай түрде «істегісі келген ісі үшін талпыныс білдірген нәрселер» деп түсіндіре келе: «Мәселен, бұйрық рай секілді кейбір мәндүп істер бар, олар күшейтпелі түрде келген. Мұндай мәндүп істерге “уәжіп” демегендердің өзі бекітілген мәндүп деп, өзгелерден ерекшелеп түсіндіреді».

Ендеше, «Сад» сүресінің «азаимус сужуд»-тан болмауы деген сөз, осы сүредегі сәжде аятының барлық ғұламаның сәжде етілуі қажеттігіне үкім берген сәжде аяттарынан еместігін білдіреді.

Ендеше, «азаимус-сужуд», яғни, оқығанда сәжде жасау шарт, сәжде етпеуге болмайтын, сәжде жасау керектігі нақтыланған аяттар қайсылар? ибн Хажар бұл сұраққа жауап ретінде мына мәліметті келтіреді: «Ибнул-Мунзир мен басқалары әзірет Али ибн Әбу Талибтен (р.а.) хасан тізбекпен мынаны риуаят еткен: «Азаим болғандар «Ха мим (Фуссилат), «Уән Нажми», «Иқра» мен «Әлиф-Ләм-Тәнзил». Себебі ибн Аббастан да соңғы үшеуі жайлы риуаят жеткен. Ибн Әбу Шәйбаның жеткізуінше, «Ағраф», «Субхан», «Ха мим» мен «Әлиф-Ләмның» азаим екенін айтқандар да болған.

Ибн Әбу Шәйбаның басқа риуаятында бұлар бес: «Бәни Исраил», «Исра», «Нажм», «Иншиқақ», «Иқра бисми раббикә». Абд ибн Умәйрдің көзқарасы бойынша, азаим төртеу, дегенмен кейбірі өзгеше. «Нәжм» мен «Иқра бисми раббикәның» орнына «Ағраф» пен «Бәну Исраил» айтылған».

Осы риуаят ғалымдар арасындағы пікір айырмасына назар аудартып, «Сад» сүресіндегі сәжденің азаимге жатпайтынын айтады.

2. Бұхари «Сад» сүресінің тәпсірінде мына риуаятты келтірген. Мужаһид Ибн Аббастан: «“Сад” сүресіндегі аятта сәжде жасауыңа не негіз болды?» – деп сұраған. Ол: «“Әнғам” сүресінің 84–90-аяттарын оқымайсың ба? ﴿وَمِن ذُرِّيَّتِهِۦ دَاوُۥدَ وَسُلَيْمَٰنَ﴾ “Әрі Ибраһимнің нәсілінен Дәуітті, Сүлейменді...” ﴿أُو۟لَٰٓئِكَ ٱلَّذِينَ هَدَى ٱللَّهُ فَبِهُدَىٰهُمُ ٱقْتَدِهْ﴾ “Міне, осы таңдаулы тұлғалар – Алланың тура жолға салған құлдары. Ендеше, сен де солардың тура жолына түс...”», – деп жауап берген. Демек, Алла Дәуітті, Сүлейменді және олардан кейінгі пайғамбарларды тура жолға салған. Алла елшісі (с.а.с.) де солардың тура жолына еруге бұйырылған. Сондықтан Дәуіт сәжде еткенде, Алла елшісі де осы аятта сәжде еткен.3

3. Хадистің Нәсәи жеткізген нұсқасында Дәуіттің (а.с.) «Сад» сүресіндегі сәждені тәубе үшін жасағаны, ал Алла елшісінің (с.а.с.) шүкір сәждесі ретінде жасағаны айтылады. Мұны түсіну үшін сүренің сәжде аятына және оның мазмұнына үңілген жөн.

«Сад» сүресі Меккеде түскен. Ол Алла елшісі (с.а.с.) дінді жеткізе бастағаннан кейін, Мекке мүшріктері жала жауып, келемеждеп, жәбір көрсеткен кезеңде оған жұбаныш беріп, сабырға шақыру үшін түсті. Алғашқы аяттарда мүшріктердің Алла елшісі мен Құранға қарсы ұстанымы баяндалады (1–11-аяттар). Одан соң бұрынғы пайғамбарлардың да осындай қиындыққа ұшырап, сабыр еткені, ал залым қауымдардың опат болғаны айтылады. Нұх, Ад, Перғауын, Сәмуд пен Лұттың аты аталады (12–16-аяттар). Кейін Дәуіттің басынан өткен оқиғалар мен Алланың оны қолдауы сөз болады (17–23-аяттар). Сәжде аяты болған 24-аятта Дәуіттің (а.с.) не себепті сәжде еткені айтылады. Ол аңдаусызда жаңсақтық жасап, соның салдарынан азапқа ұшыраймын ба деп қорыққан.

﴿وَظَنَّ دَاوُۥدُ أَنَّمَا فَتَنَّٰهُ فَٱسْتَغْفَرَ رَبَّهُۥ وَخَرَّ رَاكِعًا وَأَنَابَ ۝ فَغَفَرْنَا لَهُۥ ذَٰلِكَ وَإِنَّ لَهُۥ عِندَنَا لَزُلْفَىٰ وَحُسْنَ مَـَٔابٍ﴾ «Ақырында, Дәуіт өзін сынағанымызды түсінді де, бірден Раббысынан кешірім сұрап, иілген бойда сәждеге жығылып, жан-тәнімен тәубе етіп, Раббысына бет алды. Біз де оның ағат кеткен сол бір ісін кешірдік. Расында, оның Бізге деген жақындығы һәм құзырымызда сондай керемет қайтар жері бар!»4

Аяттың мағынасынан көрінгендей, Дәуіт (а.с.) жаңсақтығына кешірім тілеп, тәубе етті де, сәждеге жығылып, Алла Тағалаға бет бұрды. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.) оның сәждесін тәубе сәждесі деп сипаттаған. Дәуітке кешірім жасалып, Аллаға жақындық пен ізгі ақырет нәсіп етілетіні айтылғанда, Алла елшісі сәждеге жығылып, оны шүкір сәждесі деп атаған.

Осы мағынаға сүйенген ханафилер «Сад» сүресіндегі сәждені ﴿وَخَرَّ رَاكِعًا وَأَنَابَ﴾ «иілген бойда сәждеге жығылып, жан-тәнімен тәубе етіп, Раббысына бет алды.» деген тұстан кейін жасамай, келесі аяттағы ﴿وَحُسْنَ مَـَٔابٍ﴾ «һәм құзырымызда сондай керемет қайтар жері бар!» деген сөздерден кейін жасаған.

4. Ғалымдардың кейбірі мынадай пікірді де алға тартады: «Сад» сүресінде сәжденің бар екендігі жайлы Ханафилер мен Шафиғилер арасында талас жоқ. Талас бұл сәжденің «азаимға» жатып-жатпайтындығында. Шәфиғилер жоғарыдағы хадисте айтылған ибн Аббастың (р.а.): «Сад азаимнен емес» деген сөзімен амал етіп, аталған аяттың оқылуында сәждені уәжіп деп санамаған. Шәфиғи мен жақтастары: «Сад» сәждесі уәжіп емес, бұл – шүкір сәждесі, намаздан тыс мұстахаб ретінде сәжде жасалады, намазда харам» деген. Имам Ағзам мен серіктері болса Бұхаридың «Сад» сүресінің тәпсірінде келген әрі риуаяттарды негізге алып, аталған сәждені азаимнен деп қабылдап, оқылғанда сәжде етудің уәжіп екенін білдірген. Нәсәидің риуаятында «Сад» сәждесі үшін тәубе сәждесі делінгені де Ханафилерге дәлел болуы мүмкін. Себебі оның тәубе сәждесі болуы уәжіп болуына кедергі емес. Анығында, ибн Аббастың риуаятында «Сад» сүресін оқу кезінде Расулалланың да сәжде еткені айтылған, бұл да Ханафилердің пікірінің дұрыстығына жарайтын дәлел.

Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбалдан келген риуаят олардың екі түрлі көзқараста екенін қуаттайды. Бір көзқарасында Ханафилерге, бір көзқарасында Шәфиғилерге ереді.

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 3, Әнбие 39; Әбу Дәуіт, Салат: 332, (1409); Тирмизи, Салат: 405, (577); Нәсәи, Ифтитах: 48, (2, 159).
  2. 2«Ахқаф» сүресі, 35-аят.
  3. 3Бұхари, «Тәпсір», «Сад» сүресі, №4807.
  4. 4«Сад» сүресі, 24–25-аяттар.