Хадис

Кутуб ситтә, № 2775

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
382. Тиләуат сәждесін жасаудың артықшылығы
Нөмірі
№ 2775 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
2775
Кутуб ситтә, № 2775 · тараудағы реті: 9

زَادَ فِي رِوَايَةِ التِّرْمِذِيِّ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَقَالَ: «جَاءَ رَجُلٌ، فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ رَأَيْتُنِي اللَّيْلَةَ وَأَنَا نَائِمٌ كَأَنِّي أُصَلِّي خَلْفَ شَجَرَةٍ فَسَجَدْتُ فَسَجَدَتِ الشَّجَرَةُ لِسُجُودِي، فَسَمِعْتُهَا تَقُولُ: اللَّهُمَّ اكْتُبْ لِي بِهَا أجْرًا، وَحُطَّ عَنِّي بِهَا وِزْرًا، وَاجْعَلْهَا لِي عِنْدَكَ ذُخْرًا، وَتَقَبَّلْهَا مِنِّي كَمَا تَقَبَّلْتَهَا مِنْ عَبْدِكَ دَاوُدَ. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ: فَسَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَرأَ السَّجْدَةَ، فَقَالَ فِيهَا مِثْلَ مَا أَخْبَرَهُ الرَّجُلُ عَنْ قَوْلِ الشَّجَرَةِ».

Қазақша аудармасы

Тирмизидің Ибн Аббастан (р.а.) жеткізген риуаятында мына қосымша бар: «Бір кісі келіп: “Уа, Алла елшісі! Түнде түсімде бір ағаштың артында намаз оқып тұр екенмін. Сәжде жасағанымда, ағаш та менімен бірге сәжде жасады. Оның: ‘Уа, Алла, осы сәждем үшін маған сауап жаз. Осы арқылы күнәмді өшір. Оны Өз қасыңда мен үшін сақталған қор ет. Оны құлың Дәуіттен қабыл алғаныңдай, менен де қабыл ал’, – дегенін естідім”, – деді».

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Кейін Алла елшісі (с.а.с.) сәжде аятын оқып, әлгі кісінің ағаштан естігеніндей дұға айтқанын естідім».1

Түсіндірме

Тиләуат сәждесіне қатысты тоғыз риуаят берілді. Кейбіріне түсіндірме жасадық. Бұдан бөлек, тақырыптың басындағы көлемді түсіндірмеде мәліметтерді жинақтап ұсындық. Осы жерде тақырыпты тағы да тұжырымдап ұсынбақпыз.

• Тиләуат сәждесі Құранның сәжде аятын оқығанда, тыңдағанда немесе сол аятты оқыған имамға ұйығанда жасалады. Оның рукуғы да, отырысы да жоқ.

• Ғалымдар тиләуат сәждесінің дұрыстығын бірауыздан құптағанмен, уәжіптігіне қатысты әртүрлі пікір білдірген:

• Ғалымдардың басым көпшілігі сүннет деп қабылдаған.

• Әбу Ханифа «уәжіп, бірақ парыз емес», – дейді.

• (Ғалымдардың басым көпшілігінің пікірінше) ол сәжде аятын оқушыға сүннет, оқыған кісі сәждеге жығылса, тыңдаушыға да сүннет. «Оқыған кісі сәждеге бармаса да, тыңдаушыға сүннет» дегендер де болған.

• Сәжде орындарына қатысты да әртүрлі көзқарас бар:

• Шәфиғидің пікірінше, муфассалдан тыс аяттарда сәжде жасалады. Яғни, он бір жерде сәжде жасалады.

• Ханафилар бойынша он төрт жерде сәжде жасалады. Ханафилер «Хаж» сүресінде бір сәжде бар деп қабылдайды, дегенмен «Сад» сүресінде де сәжде жасайды.

• Ахмад ибн Ханбал мен бір топ ғалым: «Он бес жерде сәжде бар» дейді, әрі «Хаж» сүресіндегі екі сәждені әрі «Сад» сүресіндегі бір сәждені мойындайды.

• «Намазға қажетті тазалық т.б. талаптар бұған да қатысты ма?» деген мәселеде пікір қайшылығы бар. Бір жамағат сол талаптар болуы керектігін жақтаса, енді бір топ ол талаптар міндетті емес дейді. Бұхаридың бір риуаятында ибн Омардың дәретсіз сәжде жасағаны айтылған.

• Тиләуат сәждесі жасалғанда намаз сәждесінде оқылатын тәсбихті оқу керек. Сүннеттегі тәсбихтардың бірін оқуға да болады.

  1. 1Тирмизи, Дағуат: 33, (3420).