Хадис

Әрқилы пікірлер

Кутуб ситтә, 7-том, 381-тарау · 4 хадис · № 2763–2766

Хадистер

Ғалымдар сәжде аяттарының саны жөнінде он екі түрлі пікір айтқан. Төменде солардың кейбірі берілді.

1. «Нәмл» сүресіндегі жоғарыда аталған аят – ханафилердің ұстанымы. Имам Мәлик пен Шәфиғидің пікірінше, сәжде орны 26-аяттағы ﴿هُوَ رَبُّ ٱلْعَرْشِ ٱلْعَظِيمِ﴾ «Ол – Ұлы Арштың Раббысы!» деген тұсқа сәйкес келеді.

2. Мәликилер мен шәфиғилер «Сад» сүресінде сәждені осы аятқа қатыстырады. Ханафилер дәл осы жерде сәжде жасамайды. Имам Мәликтен жеткен басқа риуаятта сәжде орны келесі аяттағы ﴿وَحُسْنَ مَـَٔابٍ﴾ «һәм құзырымызда сондай керемет қайтар жері бар!» деген тұс деп көрсетілген.

3. «Фуссилат» сүресіндегі жоғарыда аталған аят – Имам Мәлик пен Шәфиғидің алғашқы ұстанымы. Ханафилер мен Шәфиғидің кейінгі көзқарасы бойынша, келесі аяттың соңындағы ﴿وَهُمْ لَا يَسْأَمُونَ﴾ «және Оны ұлықтап дәріптеуден әсте жалықпайды.» деген тұсқа дейін оқылады.

4. «Иншиқақ» сүресінде Мәликилерден ибн Хабибтің пайымынша, сүренің соңы.

5. Ханафилер «Хаж» сүресіндегі екінші сәждені есептемейді. Олардың пікірінше, сәжде аяттарының саны – он төрт.

6. Имам Шәфиғидің кейінгі ұстанымы мен Имам Ахмадтың дұрысырақ деп танылған пікіріне сай, «Сад» сүресіндегі аятта тиләуат сәждесі жасалмайды. Олардың есебінде де сәжде аяттарының саны – он төрт.

7. Әбу Сәурдің пікірінше, «Нәжм» сүресіндегі сәжде есептелмейді. Сәжде аяттарының саны – он төрт. 8. Ата әл-Хорасанидің пікірінше, «Хаж» сүресіндегі екінші сәжде мен «Иншиқақ» сүресіндегі сәжде есептелмейді. Сондықтан сәжде аяттарының саны – он үш.

Ханафилер бойынша тиләуат сәждесіне үш нәрсе себеп болады: сәжде аятын оқу, оны тыңдау және аят оқыған имамға ұю. Сондықтан оқыған адам да, тыңдаған адам да сәжде жасайды. Имам сәжде аятын ішінен оқыса да, оған ұйыған адам имаммен бірге сәжде жасайды. Аятты оқудың сәждеге себеп болатынын ғалымдар бірауыздан мойындаған. Аятты есту де сәждеге себеп бола ма деген мәселеде пікірлері әртүрлі. Бұл жайды төменде түсіндіреміз.

Тиләуат сәждесінің үкімі

• Әбу Ханифаның пікірінше, тиләуат сәждесі аятты оқыған кісіге де, естіген кісіге де уәжіп. Тыңдауды көздемей, аятты кездейсоқ естіген адамға да осы үкім жүреді.

Ханафилер бұл үкімге мына аяттарды дәлел етеді. ﴿فَمَا لَهُمْ لَا يُؤْمِنُونَ ۝ وَإِذَا قُرِئَ عَلَيْهِمُ ٱلْقُرْءَانُ لَا يَسْجُدُونَ﴾ «Ендеше, оларға не көрінген, неліктен иман келтірмейді?! Өздеріне Құран оқылғанда, неге сәждеге жығылып, оған бойсұнбайды?!»1 Тағы бір аятта: ﴿فَٱسْجُدُوا۟ لِلَّهِ وَٱعْبُدُوا۟﴾ «Аллаға сәжде етіңдер һәм Оған ғана құлшылық қылыңдар!»2 – делінген.

Ханафилер кейбір хадистерден уәжіп деген мағына шығарған:

Бірінші хадисте: «Сәжде аятын естіген кісі сәжде жасауы керек», – делінсе, екіншісінде: «Сәжде – сәжде аятын тыңдаған кісіге», – делінген. Біріншісі аятты қасақана тыңдамай-ақ естіген кісіні, екіншісі оны ниеттеніп тыңдаған адамды білдіреді.

• Имам Шәфиғи бойынша, тиләуат сәждесі – бекітілген сүннет. Дегенмен мәзһабтағылар тыңдау ниеті болмастан, сәжде аятын кездейсоқ естіп қалған адам жайлы түрлі көзқарастар алға тартқан.

a) Кездейсоқ естушінің сәжде жасауы мұстахаб, бекітілген сүннет емес.

ә) Мұндай адамның әдейі тыңдаушыдан айырмашылығы жоқ, яғни, оған да бекітілген сүннет.

б) Мұндай адамға қатысты сүннет емес. Ғазали осы пікірде.

Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, тиләуат сәждесі – сүннет. Айнидің айтуынша, Исхақ ибн Раһуя, Әузағи, Ләйс ибн Сағд және Дәуіт әз-Заһири де осы пікірде болған. Омар, Салман ибн Аббас пен Имран ибн Хусайн да осы пікірді ұстанған. Кей мәликилер оны ізгі, яғни мәндүп амалға жатқызған.

Тиләуат сәждесін сүннет санағандар №2764 хадиске және соған ұқсас риуаяттарға сүйенген. Соның бірі – Бұхариде келген Зәйд ибн Сәбиттің (р.а.) хадисі. Зәйд Алла елшісіне (с.а.с.) сәжде аяты бар «Нәжм» сүресін оқып бергенде, ол кісінің сәжде жасамағанын айтады.

Кейбір үкімдер:

• Тиләуат сәждесінде намаздағыдай дәретті болу, нәжістен тазару, әуретті жабу және құбылаға бет бұру қажет. Дәретсіз тиләуат сәждесін Ибн Омар жасаған, бұл істе оған тек Шағби қосылған. Алайда Ибн Омардың «Кісі таза болмаса, сәжде жасай алмайды» деген сөзі де жеткен. Ғалымдар екі риуаятты үйлестіріп, оның «Жүніп болмауы керек» дегенді меңзегенін айтқан.

• Намазды бұзған нәрселер тиләуат сәждесін де бұзады.

• Сәжде аяты оқылған бойда сәжде жасау міндетті емес. Оны кейін де жасауға болады.

• Сәжде аятындағы сәждені білдіретін сөз алдыңғы не кейінгі бір сөзімен бірге оқылса, сәжде уәжіп болады. Аятты түгел оқып шығу шарт емес.

• Сәжде аятының аудармасын естіген кісі мағынасын түсінсе, сәжде жасау уәжіп. Мағынасын түсінбей, тек аяттың аудармасы екенін білсе, уәжіп болмайды. Аударманы оқыған кісіге мағынасын түсінсе де, түсінбесе де, сәжде жасау уәжіп.

• Бір жиында бір сәжде аяты бірнеше рет оқылса, бір сәжде жеткілікті. Әр басқа сәжде аяты үшін жеке сәжде жасалады. Бір аят бөлек жиындарда қайталанса да, әр жиын үшін жеке сәжде жасалады.

• Сәжде аяты намазда қиямда оқылса, сол мезетте тиләуат сәждесін жасауға болады. Аяттан кейін тағы үш аятқа жетпей рукуғ жасалса, рукуғ тиләуат сәждесінің орнына жүреді. Оны қайта жасау қажет емес.

2763
Кутуб ситтә, № 2763 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ السُّورَةَ الَّتِي فِيهَا السَّجْدَةُ فَيَسْجُدُ وَنَسْجُدُ حَتَّى مَا يَجِدُ أَحَدُنَا مَكَانًا لِمَوْضِعِ جَبْهَتِهِ فِي غَيْرِ وَقْتِ الصَّلَاةِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәжде аяты бар сүрені оқығанда, сәжде жасайтын, біз де сәжде жасайтынбыз. Бұл намаз үстінде болмаса да, кейде арамызда маңдайын қояр жер таба алмаған кісілер болатын».1

Түсіндірме

Бұл риуаят сәжде аятын оқыған адам сәждеге барғанда, тыңдаушылардың да бірге сәждеге жығылатынын көрсетеді. Оқыған кісі сәжде жасамаса, тыңдаушы да жасамайды. Бұл мәселеде әуелгі кезек бала болса да оқыған кісіге тән екендігі, оқыған кісіге «имам» делінгені марфуғ риуаяттарда да келген. Сәжде орнын таба алмау жағдайында ғалымдардан бірқатары «бауырының арқасына сәжде жасайды» десе, бірқатары «сәждені кейінге қалдырып, ыңғайлы уақытта сәждесін жасайды» деп пәтуа берген.

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 9, 8, 12; Мүслим, Мәсәжид: 103, (575); Әбу Дәуіт, Салат: 333, (1411, 1412, 1413).
2764
Кутуб ситтә, № 2764 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ رَبِيعَةَ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ: «أَنَّهُ حَضَرَ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَرَأَ يَوْمَ الْجُمُعَةِ عَلَى الْمِنْبَرِ بِسُورَةِ النَّحْلِ حَتَّى إِذَا جَاءَ السَّجْدَةَ، فَنَزَلَ وَسَجَدَ وَسَجَدَ النَّاسُ: حَتَّى إِذَا كَانَتِ الْجُمُعَةُ الْقَابِلَةُ قَرَأَ بِهَا حَتَّى إِذَا جَاءَ السَّجْدَةَ قَالَ يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّمَا نَمُرُّ بِالسُّجُودِ فَمَنْ سَجَدَ فَقَدْ أَصَابَ وَمَنْ لَمْ يَسْجُدْ لَا إِثْمَ عَلَيْهِ وَلَمْ يَسْجُدْ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَمَالِكٌ. وَفِي رِوَايَةٍ لِلْبُخَارِيِّ: «إِنَّ اللَّهَ لَمْ يَفْرِضْ عَلَيْنَا السُّجُودَ إِلَّا أَنْ نَشَاءَ».

Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Абдулла мына оқиғаға куә болған: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жұма күні мінберде “Нахл” сүресін оқыды. Сәжде аятына келгенде, мінберден түсіп, сәжде жасады. Жұрт та онымен бірге сәжде етті. Келесі жұмада сол сүрені тағы оқыды. Сәжде аятына келгенде: “Уа, жұрт! Біз сәжде аятына келдік. Кім сәжде жасаса, дұрыс істейді. Ал жасамаған адамға күнә жоқ”, – деді. Омардың өзі сол жолы сәжде жасамады»1. Бұхаридің басқа риуаятында: «Алла сәждені бізге парыз еткен жоқ, оны өз қалауымызбен жасаймыз», – делінген.

Түсіндірме

Хадистің соңғы жағынан ғалымдар тиләуат сәждесінің парыз еместігі үкімін шығарса да, Ханафилер: «Уәжіп болуына кедергі емес», – деп жауап берген. Ханафилер «жасағымыз келмесе» сөзін «оқымасақ уәжіп болмайды, алайда оқысақ уәжіп болады» деп түсіндіріп, осы түсінікке сүйеніп, «уәжіп емес» деушілерге жауап берген.

Хадистен мына үкімдер де шығарылған:

• Мінберге шыққан кісі құтбада Құран оқуы мүмкін, сәжде аятына келгенде, мінбері сәжде жасауға ыңғайсыз болса, түсе алады. Бұл құтбаны бұзбайды. Әзірет Омар сахабалар арасында осыны істегенде, ешбірі қарсылық танытпаған.

• Әзірет Омардың «Кім сәжде жасамаса, күнә емес» деген сөзінен кейбір ғалымдар тиләуат сәждесінің уәжіп еместігіне дәлел шығарған.

  1. 1Бұхари, Сужудул-Құран: 10, Муатта, Құран: 16, (1, 206).
2765
Кутуб ситтә, № 2765 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا قَرَأَ ابْنُ آدَمَ السَّجْدَةَ فَسَجَدَ، اعْتَزَلَ الشَّيْطَانُ يَبْكِي يَقُولُ يَا وَيْلَنَا، أُمِرَ ابْنُ آدَمَ بِالسُّجُودِ فَسَجَدَ فَلَهُ الجَنَّةُ، وَأُمِرْتُ بِالسُّجُودِ فَأَبَيْتُ فَلِيَ النَّارُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адам баласы сәжде аятын оқып, сәжде жасаса, шайтан жылап әрі кетеді де: ‘Құрыдым! Адам баласына сәжде ету бұйырылды. Ол сәжде етті, оған жәннат бар. Маған да сәжде ету бұйырылды. Мен бас тарттым, маған тозақ бар’, – дейді”, – деді».1

  1. 1Мүслим, Иман: 133, (81).
2766
Кутуб ситтә, № 2766 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ أَبِي تَمِيمَةَ الْهُجَيْمِيِّ قَالَ: «كُنْتُ أَقُصُّ بَعْدَ صَلَاةِ الصُّبْحِ فَأَسْجُدُ فِيهَا، فَنَهَانِي ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فَلَمْ أَنْتَهِ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ، ثُمَّ عَادَ فَقَالَ: إِنِّي صَلَّيْتُ خَلْفَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَمَعَ أَبِي بَكْرٍ وَعُمَرَ وَعُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ، فَلَمْ يَسْجُدُوا حَتَّى تَطْلُعَ الشَّمْسُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Тәмима әл-Һужәйми былай дейді: «Таң намазынан кейін уағыз айтып, сол кезде сәжде жасайтынмын. Ибн Омар (р.а.) маған үш рет тыйым салды, бірақ мен тоқтамадым. Кейін ол тағы келіп: “Мен Алла елшісінің (с.а.с.) артында және Әбу Бәкір, Омар, Османмен бірге намаз оқыдым. Олар күн шыққанша сәжде жасамайтын”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Уағыз айту» деп аударылған قَصَّ сөзі «қисса айту» деген мағынаны білдіреді. Ол заманда бұл мешітте халықты ізгілікке шақыратын насихат еді. Алла елшісі (с.а.с.): «Қиссаны не басшы, не басшы тапсырған кісі, не өзін жоғары қойғысы келген тәкаппар айтады», – деп, бұл істің басшының құзыреті мен бақылауында екенін білдірген. Насихат басшының сыртынан пайда табу үшін айтылмайды.

2. Ибн Омар (р.а.) әл-Һужәймидің мәкрүһ уақытта, яғни таң намазынан кейін күн шықпай тұрып, тиләуат сәждесін жасауына үш рет тыйым салған. Төртінші рет Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның (р.а.) сол уақытта сәжде жасамағанын дәлелге келтірген.

3. Шәуқани былай дейді: «Кей сахабалардың мәкрүһ уақыттарда тиләуат сәждесін де мәкрүһ санағаны риуаят етілген. Алайда дәлелдердің сыртқы мағынасына қарағанда, мұндай сәжде мәкрүһ саналмайды. Өйткені тиләуат сәждесі – намаз емес, ал тыйым туралы риуаяттар намазға қатысты айтылған».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 335, (1415).