Хадис

Сәһу және тиләуат сәжделері. Сәһу сәждесі

Кутуб ситтә, 7-том, 380-тарау · 9 хадис · № 2754–2762

Хадистер

2754
Кутуб ситтә, № 2754 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Абдулла ибн Мәлик ибн Бухайна

عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مَالِكِ بْنِ بُحَيْنَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَامَ مِنَ اثْنَتَيْنِ مِنَ الظُّهْرِ لَمْ يَجْلِسْ بَيْنَهُمَا، فَلَمَّا قَضَى صَلَاتَهُ سَجَدَ سَجَدَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ بَعْدَ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ، وَاللَّفْظُ لِلشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Мәлик ибн Бухайна (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін намазының алғашқы екі рәкатынан кейін отырмай, орнынан тұрып кетті. Намазын аяқтағанда екі рет сәжде жасап, содан соң сәлем берді».1

Түсіндірме

1. «Сәһу» бір нәрсеге алаңдап, жүректің басқа нәрсеге бұрылуы дегенді білдіреді. Ғалымдардың бірқатары сәһу мен ұмыту (нисиян) арасында айырмашылық барын айтады.

2. Сәһудың үкімі даулы мәселенің қатарына жатады.

• Шәфиғилер қандай жағдайда да сәһу сәждесін сүннет деп қабылдайды.

• Мәликилер «ұмытуымыз намазда кемшілікке себеп болса, сәһу сәждесі уәжіп, қосымшаға себеп болса, сүннет» деген.

• Ханбалилер «Рүкіндерге жатпайтын уәжіптер аңдаусызда ұмытылса, сәһу сәждесін жасау уәжіп, қаули (сөзбен) сүннеттерді орындамай кетуде уәжіп еместігіне» үкім береді. Әдейі жол берген жағдайда намазды бұзатын бір сөз не іс-қимыл жасаған жағдайда сәһу сәждесін орындау тағы да уәжіп болады.

• Ханафилер: «Сәһу сәждесі не себепті орындалса да, бәрі уәжіп» деген.

3. Жоғарыдағы оқиға Бұхаридың бір риуаятында кеңірек берілген: «Расулалла (с.а.с.) намаздардың бірінің екі рәкатын оқытқанда, тізе бүгіп отырмастан тұрып кетті, жамағат та түрегелді. Намазды тамамдағанда, сәлеміне қарадық. Сәлемнен бұрын тәкбір айтты, (орнынан тапжылмастан) отырған күйінде сәждеге барды, содан соң сәлем берді».

4. Ғалымдар былай дейді: «Сәһу сәждесі сол мезет жасалған екі сәждені білдіреді. Ұмытып бір сәжде жасаса, еш нәрсе керек емес, ал біле тұра бір ғана сәжде жасаса, намазы бұзылады. Өйткені намазға орынсыз тағы бір сәжде қосқаны».

5. Хадистен ғалымдардың басым көпшілігі мынадай үкім де шығарған: «Сәһу сәждесі бір нәрсені алаңдаушылықпен ұмытып кеткенде жасалады, мұндай қателікті әдейі жасаса, оған сәжде қажет емес».

6. Имам жіберіп алған қателігі үшін сәждеге барғанда, жамағат имамның қатесін жасамаса да, имаммен бірге сәһу сәждесін жасауы тиіс. Ибн Хазм бұл тұрғыда ижмағ барын айтқанмен: «Имам қателестім деп сәһу сәждеге барған жағдайда көпшілік оның қателеспегеніне көз жеткізсе, сәһу сәждесіне қосылмаса да болады», – деген.

7. Бұл хадис алғашқы екі рәкаттан кейінгі тәшәһһудтың парыз еместігін көрсетеді. Кері жағдайда оны орындамау сәһу сәждемен өтелмес еді.

8. Екінші рәкаттан кейінгі тәшәһһуд үшін отырмастан, ұмытып үшінші рәкатқа тұрса және тәшәһһудты ұмытқаны есіне түссе, қайта қайтпайды, намазын жалғастырады. Үшінші рәкаттың қиямына өткеннен кейін кері қайтатын болса, Шәфиғи «намазы жарамсыз» деп ғалымдардың басым көпшілігіне қайшы пікір білдіреді.

9. Хадис сәһу мен ұмыту пайғамбарларда да болатынын көрсетеді.

10. Сәһу сәждесі жасалатын орын – намаздың соңы. Қателесіп тәшәһһудтан бұрын сәһу сәждесі жасалса, сәһу сәждесінің уәжіп екенін мойындаған ғалымдардың басым көпшілігі бойынша, оны қайта жасайды.

  1. 1Бұхари, Сәһу: 1, 5; Азан: 145, 147, Әйман: 15; Мүслим, Мәсәжид: 85, (570); Муатта, Салат: 65, (1, 96); Әбу Дәуіт, Салат: 200, (1034, 1035); Тирмизи, Салат: 288, (391); Нәсәи, Сәһу: 21, (3, 19, 20), 28, (3, 34), Ифтитах: 196, (2, 244); Ибн Мәжа, Қамат: 131, (1206).
2755
Кутуб ситтә, № 2755 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا كُنْتَ فِي صَلَاةٍ فَشَكَكْتَ فِي ثَلَاثٍ أَوْ أَرْبَعٍ، وَأَكْبَرُ ظَنِّكَ عَلَى أَرْبَعٍ تَشَهَّدْتَ، ثُمَّ سَجَدْتَ سَجْدَتَيْنِ، وَأَنْتَ جَالِسٌ قَبْلَ أَنْ تُسْلِّمَ، ثُمَّ تَشَهَّدْتَ أَيْضًا، ثُمَّ تُسَلِّمُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ، وَقَالَ: وَقَدْ رُوِيَ عَنْهُ وَلَمْ يَرْفَعُوهُ إِلَى النَّبِيِّ ﷺ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Намазда үш рәкат оқыдың ба, төрт рәкат оқыдың ба деп күмәнданып, төрт оқыдым деген ойың басым болса, отырып, ‘Әттахиятты’ оқы. Сәлем бермей тұрып екі сәжде жаса. Содан соң қайтадан ‘Әттахиятты’ оқып, сәлем бер”, – деді».1

Әбу Дәуіт бұл хабардың Пайғамбарға (с.а.с.) телінбей, Ибн Мәсғудтың өз сөзі ретінде де жеткенін айтқан.

Түсіндірме

Бұл хадисте намаз кезінде оқылған рәкаттар санында шатасқан адамның жағдайы түсіндірілген. Бұл жағдай әртүрлі пікірлерге себеп болған:

• Ханафилер мен мәликилер осы риуаятқа сүйеніп, басым ойға қарай амал етуді жөн санаған. Басым ой болмаса, адам анық білгенін негізге алады.

• Шәфиғилер кез келген жағдайда анық білгеніне (яқинге) сүйену керек дейді. Олар төменде келетін Әбу Сағид әл-Худридің хадисін негізге алған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 198 (№1028).
2756
Кутуб ситтә, № 2756 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Сағид

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِىِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا شَكَّ أَحَدُكُمْ فِي صَلَاتِهِ فَلَمْ يَدْرِ كَمْ صَلَّى ثَلَاثًا أَوْ أرْبَعًا، فَلْيَطْرَحِ الشَّكَّ وَلْيَبْنِ عَلَى مَا اسْتَيْقَنَ، ثُمَّ يَسْجُدْ سَجْدَتَيْنِ قَبْلَ أَنْ يُسَلِّمَ، فَإِنْ كَانَ صَلَّى خَمْسًا شَفَعْنَ لَهُ صَلَاتَهُ، وَإِنْ كَانَ صَلَّى تَمَامًا لِأرْبَعٍ كَانَتَا تَرْغِيمًا لِلشَّيْطَانِ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ. «تَرْغِيمُ الشَّيْطَانِ»: إلْصَاقُ أَنْفِهِ بِالرَّغَامِ، وَهُوَ التُّرَابُ ذُلًّا.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қайсыбірің намазыңда үш рәкат оқыдың ба, төрт рәкат оқыдың ба деп күмәндансаң, күмәнді ысырып қой да, анық білгеніңе сүйен. Содан соң сәлем бермей тұрып екі сәжде жаса. Егер бес рәкат оқыған болсаң, сол екі сәжде намазыңды жұптайды. Төрт рәкатты толық оқыған болсаң, ол екі сәжде шайтанды қор етеді”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис «Сәһу сәждесі сәлемнен бұрын жасалады» дегендерге дәлел.

2. Хадисте екі сәһу сәждесінің бір рәкаттың орнына жүретіні айтылған. Егер күмән салдарынан бесінші рәкат оқылып қойса, сәһу сәждесі алтыншы рәкаттың орнына өтіп, намазды жұп етеді.

3. Сәһу сәждесінің «шайтанды қор ету» деп сипатталуы оның намаз оқыған адамның көңіліне күмән салып, намазын бұзбақ болған ойы іске аспағанын білдіреді. Демек, сәһу сәждесі – сауапты амал.

4. Бұл хадис намазда күмән туған жағдайда анық білгеніне сүйенуге шақырады. Ибн Мәжа жеткізген риуаятта мұның мәні анығырақ айтылған: «Қайсыбірің бір рәкат па, екі рәкат па деп күмәнданса, бірді негізге алсын. Екі ме, үш пе деп күмәнданса, екіні, үш пе, төрт пе деп күмәнданса, үшті негізге алсын. Намазының қалғанын соған қарай толықтырсын. Сонда күмән қосымша оқылған рәкатқа қалады. Одан кейін отырып, сәлем бермей тұрып, екі сәжде жасасын». Хакимдегі нұсқада: «...Өйткені артық болғаны кем болғаннан қайырлы», – деген қосымша бар. Бұдан кейін келетін Тирмизи хадисі де кейбір сөздері түсіп қалғанымен, осы мағынаны береді.

5. Ханафилер негізге алатын ибн Мәсғуд хадисі (№2760) мен мұның арасында екі маңызды айырмашылық бар:

а) ибн Мәсғуд хадисінде басым түскен ой негізге алынады. Бұл жерде нақтылық негізге алынып, мұқият әрекет ету арқылы кемшілік толықтырылуы айтылған.

ә) ибн Мәсғуд хадисінде сәһу сәждесі сәлемнен кейін жасалу керектігі айтылса, мұнда сәлемге дейін жасалу керектігі айтылған.

Мынаны да айта кетейік, Ханафилер айтқан «басым ой» мәселесі жиі күмәнға берілетін адамға қатысты. Мұндай азғыруды алғаш бастан өткерген жан намазын жаңадан басынан оқуы тиіс.

Бұл тақырып жайлы кейбір түсіндірмелер №2760 хадисте беріледі.

  1. 1Мүслим, Мәсәжид: 88, (571); Муатта, Салат: 62, (1, 95); Әбу Дәуіт, Салат: 197, (1024, 1026, 1027, 1029); Тирмизи, Салат: 291, (396); Нәсаи, Сәһу: 24, (3, 27); Ибн Мәжа, Қамат: 132, (1210); 133, (1212).
2757
Кутуб ситтә, № 2757 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Абдуррахман ибн Ауф

وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ عَوْفٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ إِذَا سَهَا أَحَدُكُمْ فِي صَلَاتِهِ فَلَمْ يَدْرِ وَاحِدَةً صَلَّى أوِ اثْنَتَيْنِ فَلْيَبْنِ عَلَى وَاحِدَةٍ، فَإِنْ لَمْ يَدْرِ اثْنَتَيْنِ صَلَّى أمْ ثَلَاثًا فَلْيَبْنِ عَلَى اثْنَتَيْنِ، فَإِنْ لَمْ يَدْرِ ثَلَاثًا صَلَّى أمْ أَرْبَعًا فَلْيَبْنِ عَلَى ثَلَاثٍ وَيَسْجُدْ سَجْدَتَيْنِ قَبْلَ أَنْ يُسَلِّمَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Қайсыбірің намазда жаңылып, бір рәкат оқығанын не екі рәкат оқығанын білмесе, бір оқыдым деп есептесін. Екі ме, үш пе деп күмәнданса, екі деп есептесін. Үш пе, төрт пе деп күмәнданса, үш деп есептесін. Содан соң сәлем бермей тұрып екі сәжде жасасын”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, Салат: 291, (398).
2758
Кутуб ситтә, № 2758 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ انْصَرَفَ مِنَ اثْنَتَيْنِ، فَقَالَ لَهُ ذُو الْيَدَيْنِ: أَقَصُرَتِ الصَّلَاةُ أَمْ نَسِيتَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟ فَقَالَ: أصَدَقَ ذُو الْيَدَيْنِ؟ فَقَالُوا: نَعَمْ، فَصَلَّى اثْنَتَيْنِ أُخْرَيَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ كَبَّرَ ثُمَّ سَجَدَ سَجْدَتَيْنِ مِثْلَ سُجُودِهِ أَوْ أطْوَلَ، ثُمَّ رَفَعَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екі рәкаттан кейін намазын аяқтады. Зул-Ядайн: “Уа, Алла елшісі, намаз қысқарды ма, әлде ұмыттыңыз ба?” – деп сұрады. Ол жамағаттан: “Зул-Ядайн рас айтып тұр ма?” – деп сұрады. Олар: “Иә”, – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) тағы екі рәкат оқып, сәлем берді. Содан кейін тәкбір айтып, әдеттегідей немесе одан ұзағырақ екі сәжде жасады да, басын көтерді».1

  1. 1Бұхари, Сәһу; 3, 4, 5, Мәсәжид: 88, Жамағат: 69, Әдеп: 45, Хабарул-Уахид: 1; Мүслим, Мәсәжид: 97, (573); Муатта, Салат: 58, (1, 93); Әбу Дәуіт, Салат: 195, (1008, 1009, 1010, 1011, 1012); Тирмизи, Салат: 289, (394); 292, (399); Нәсәи, Сәһу: 22-23, (3, 20, 26).
2759
Кутуб ситтә, № 2759 · тараудағы реті: 6

وَفِي رِوَايَةٍ: «صَلَّى إِحْدَى صَلَاتَيْ الْعَشِىِّ. قَالَ مُحَمَّدٌ: وَأَكْثَرُ ظَنِّي أَنَّهَا الْعَصْرُ رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ قَامَ إِلَى خَشَبَةٍ فِي مُقَدِّمِ الْمَسْجِدِ فَوَضَعَ يَدَهُ عَلَيْهَا وَفِيهِمْ أَبُو بَكْرٍ وَعُمَرُ فَهَابَاهُ أَنْ يُكَلِّمَاهُ، وَخَرَجَ سُرْعَانُ النَّاسِ، فَقَالُوا: أَقَصُرَتِ الصَّلَاةُ؟ وَرَجُلٌ يَدْعُوهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ ذَا الْيَدَيْنِ، فَقَالَ يَا رَسُولَ اللَّهِ: أقَصُرَتْ أمْ نَسِيتَ؟ فَقَالَ: لَمْ أَنْسَ وَلَمْ تُقْصَرْ، فَقَالَ: بَلَى قَدْ نَسِيتَ، فَقَامَ فَصَلَّى رَكْعَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ كَبَّرَ فَسَجَدَ مَثْلَ سُجُودِهِ أَوْ أطْوَلَ، ثُمَّ رَفَعَ رَأْسَهُ فَكَبَّرَ، ثُمَّ وَضَعَ رَأْسَهُ فَكَبَّرَ، فَسَجَدَ مِثْلَ سُجُودِهِ أَوْ أطْوَلَ، ثُمَّ رَفَعَ رَأْسَهُ وَكَبَّرَ». «سُرْعَانُ النَّاسِ» أوَائِلُهُمْ وَمُتَقَدِّمُوهُمْ.

Қазақша аудармасы

Бір риуаятта былай делінген: «Алла елшісі (с.а.с.) күннің екінші жартысындағы екі намаздың бірін екі рәкат етіп оқыды. Мұхаммед ибн Сирин: “Меніңше, ол екінті намазы еді”, – деген. Сәлем берген соң, Пайғамбар (с.а.с.) мешіттің алдыңғы жағындағы ағашқа барып, қолын соған қойды (жүзінен ашуланғаны байқалды). Сол жерде Әбу Бәкір мен Омар да бар еді, бірақ екеуі де оған сөз айтуға батылы бармады. Мешіттен ертерек шыққандар: “Намаз қысқарды ма?” – десті. Алла елшісі Зул-Ядайн деп атайтын кісі: “Уа, Алла елшісі, намаз қысқарды ма, әлде ұмыттыңыз ба?” – деді. Ол: “Ұмытқаным жоқ, намаз да қысқарған жоқ”, – деп жауап берді. Зул-Ядайн: “Жоқ, ұмыттыңыз”, – деді. Сонда Алла елшісі орнынан тұрып, екі рәкат оқыды да, сәлем берді. Содан соң тәкбір айтып, әдеттегідей не одан ұзағырақ сәжде жасады. Басын көтеріп, тәкбір айтты. Қайта сәждеге барғанда да тәкбір айтып, әдеттегідей не одан ұзағырақ сәжде жасады. Содан кейін басын көтеріп, тағы тәкбір айтты. (Содан соң отырып, “Әттахиятты” оқыды да, сәлем беріп, намазын аяқтады.)»1

Түсіндірме

1. Алла елшісінің (с.а.с.) намазында жаңылысып, екі рәкатта сәлем беруін қозғаған түрлі риуаяттар бар. Бұл риуаяттар бір оқиғаны баяндағандай көрінгенімен, риуаяттардың әртүрлілігін талдаған ғалымдар түрлі оқиғалар айтылған деген байлам жасаған. Яғни, бұл риуаяттар Расулалланың бірнеше рет ұмытып, төрт рәкаттық намазды екі рәкат етіп оқығанын, жамағат ескерту жасағанда, төртке толықтырғанын көрсетуде. Мәселе былай:

а) Алдымен қай намаздың екі рәкат оқылғаны жөнінде пікір әртүрлі. Кей риуаятта бесін намазы, кейбірінде екінті намазы делінсе, енді бірінде анық айтылмаған. №2759 хадисте осындай екіұдайлық бар.

ә) Алла елшісіне (с.а.с.) ескерткен кісінің аты да риуаяттарда әртүрлі. Кейбірінде Бәни Сүләймнен әл-Хирбақ аталады. Екі қолы ұзын болғандықтан, оны Зул-Ядайн деп атаған. Кейбір риуаятта Зуш-Шималайн лақап аты бар кісі аталады. Зуһри оларды бір кісі деп топшылаған, бірақ ғалымдар оның бұл пікірде жаңылғанын айтқан. Басқа ғалымдар бұлардың екі бөлек адам екеніне бірауыздан келіскен. Зуш-Шималайн Хузаға тайпасынан шыққан және Бәни Зуһраның одақтасы болған. Есімі – Умайр ибн Абди Амр. Бәдір шайқасына қатысып, сол жерде шейіт болған.

2. Тіл мамандары хадистегі «аший» сөзін күн тас төбеден ауғаннан бастап батқанға дейінгі мезгіл деп түсіндіреді. «Екі аший» дегені – бесін мен екінті намаздары.

3. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) намазды кем оқуына ықпал еткен көңіл күйіне ишара бар. Намаздан соң алға өтіп, қолын бөренеге қойғанда, жамағат оның жүзінен ашу нышанын байқаған. Түсіндірмешілер ашудың әсерінен қанша рәкат оқығанына күмәнданған болуы мүмкін дейді. Керісінше, рәкат санына күмәндануы ашуына себеп болған деп топшылағандар да бар.

4. Ибн Аббас, Ибн әз-Зубәйр, Ұруа, Ата, Хасан Басри, Имам Шәфиғи, Ахмад ибн Ханбал және хадис имамдары осы риуаятқа сүйеніп, мынадай байлам жасаған. Адам намазын толық оқыдым деп ойлап, оны аяқтауға ниеттеніп, оңға және солға сәлем берсе де, намазы бұзылмайды. Ұмытып немесе намаз бітті деп ойлап сөйлеген адамның сөзі де намазды бұзбайды. Бұрынғы және кейінгі ғалымдардың көпшілігі осы көзқарасты ұстанған.

Ескерту: Ханафилер бұл мәселеде басқаша ойлайды. Олардың пайымынша, бұл хадис мансұқ. Намазда мейлі ұмытып, мейлі білімсіздікпен бітірдім деп қандай жағдайда сөйлеп қойса да намаз бұзылады. Ханафилер бұл мәселеде намазда сөйлеуге тыйымға қатысты ибн Мәсғуд пен Зәйд ибн Әркам (р.а.) риуаят еткен хадистерге сүйенеді. Аталған хадистердің жоғарыдағы хадисті жойғанын (насых) айтады.2

5. Сәһу сәждесі сипатталған тұста риуаяттың өзінде сәһу сәждесінен кейінгі «Әттахият» пен сәлем айтылмаған. Әбу Дәуіт бұлардың орындалғанын түсіндірмесінде хабарлаған.

6. Кейбір ғалымдар бұл хадистен мына үкімдерді шығарған:

• Сәлем бергеннен кейін кем оқылған рәкаттарды толықтыру үшін арада аз ғана уақыт өтуі керек. Бұл аралық бір рәкаттың немесе бір намаздың уақытынан аспауға тиіс дегендер де болған.

• Мұндай жағдайларда сәһу сәждесін жасау уәжіп, өйткені Пайғамбарымыз: «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, солай намаз оқыңдар», – деген.

• Намазда бірден көп сәһу сәждесін қажет ететін қателік кетсе де, соңынан бір рет сәһу сәждесі жасалады.

• Сәһу сәждесі сәлемнен кейін орындалады.

Ескерту: Хадиске қатысты үкімдерді зерделегенде, хадистің мансұқ болып-болмағандығы жайында Ханафилер мен өзге ғалымдар арасында көзқарас айырмашылықтары барын қаперде ұстаған дұрыс.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 195, (1008).
  2. 2Бұл хадистер №2708 және №2709 хадистердің түсіндірмесінде қарастырылды.
2760
Кутуб ситтә, № 2760 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ ﷺ فَزَادَ أَوْ نَقَصَ. فَقِيلَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ أَحَدَثَ فِي الصَّلَاةِ شَيْءٌ؟ فَقَالَ: وَمَا ذَاكَ؟ قَالُوا: صَلَّيْتَ كَذَا وَكَذَا، فَثَنَى رِجْلَيْهِ وَاسْتَقْبَلَ الْقِبْلَةَ، وَسَجَدَ سَجْدَتَيْنِ، ثُمَّ سَلَّمَ، ثُمَّ أَقْبَلَ عَلَيْنَا بِوَجْهِهِ، فَقَالَ: إِنَّهُ لَوْ حَدَثَ فِي الصَّلَاةِ شَيْءٌ أَنْبَأْتُكُمْ بِهِ، وَلَكِنِّي بَشَرٌ أَنْسَى كَمَا تَنْسَوْنَ، فَإِذَا نَسِيْتُ فَذَكِّرُونِي، وَإِذَا شَكَّ أَحَدُكُمْ فِي صَلَاتِهِ فَلْيَتَحَرَّ الصَّوَابَ وَلْيَبْنِ عَلَيْهِ، ثُمَّ يَسْجُدُ سَجْدَتَيْنِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) намазда рәкатты артық не кем оқыды. Одан: “Уа, Алла елшісі, намазға қатысты бір өзгеріс болды ма?” – деп сұрады. Ол: “Қандай өзгеріс?” – деді. Жұрт: “Сіз осынша рәкат оқыдыңыз”, – деді. Сонда ол екі аяғын бүгіп, құбылаға бұрылды да, екі сәжде жасап, сәлем берді. Сосын бізге жүзін бұрып: “Намазға қатысты өзгеріс болса, сендерге хабарлар едім. Мен де адаммын, сендер сияқты ұмытамын. Ұмытсам, есіме салыңдар. Қайсыбірің намазында күмәнданса, дұрысын анықтауға тырысып, соған сүйеніп намазын толықтырсын. Содан соң екі сәжде жасасын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаятта да Алла елшісінің (с.а.с.) намазда рәкат санынан жаңылғаны айтылады. Кей нұсқада оның бесін намазын бес рәкат оқығаны, ал кей нұсқада сәһу сәждесін сәлем беріп, сөйлескеннен кейін жасағаны көрсетілген.

2. «Намазға қатысты бір өзгеріс болды ма?» деген сұрақ «Намаз жайында жаңа уахи түсті ме, рәкат саны көбейді ме?» дегенді білдіреді. Өйткені кей риуаятта сұрақ «Намаздың рәкат саны артты ма?» деп берілген.

3. Хадисте айтылған тахарри (зерттеу) дегенде не көзделгені жөнінде әртүрлі пікір айтылған.

• Шәфиғидің пікірінше: «Бұл нақтылыққа негізделген, басым ойға емес. Себебі намазда қателескенін нақты білген жағдайда ғана жарамсыз етіледі».

• ибн Хазмның ойынша, ибн Мәсғуд хадисіндегі тахарриды Мүслимдегі Әбу Сағид хадисі түсіндірген: «...Егер үш пе, төрт пе қанша оқығанын білмесе, күмәнды қойсын, нақты білген мөлшерімен әрекет етсін» (№2756). Бұл түсіндірме Шәфиғидің көзқарасын түрлі сөздермен білдірген.

• Тахарри сөзі «басым көзқараспен амал ету» деп те түсіндірілген. Мүслимдегі риуаяттардың сырттай мәні осыны білдіреді.

• ибн Хиббанның ойынша, «бина» тахарри емес. «Бина» мәселе үш пе, төрт пе деп күмәндану және күмәнді жою деген сөз. Тахарри болса, намазда күмәнданып қанша оқығанын білмеу. Мұндай жағдайда басым ойды негізге алған абзал.

• Былай дегендер де болған: «Тахарри жиі күмәнданатын адамға тән. Мұндай адамға басым оймен әрекет ету керек». Имам Мәлик пен Имам Ахмад осындай үкім берген.

• Имам Ахмадтың әйгілі көзқарасы бойынша, тахарри имамға қатысты мәселе, басым ойға қарай намазының қалғанын тамамдайды. Дегенмен жеке оқыған кісі үнемі нақтылыққа қарай намазын оқуы тиіс. Ахмад ибн Ханбал осы мәселеге қатысты басқа да көзқарастар білдірген.

• Әбу Ханифаның пікірінше, адам бірінші рет күмәнге түскенде намазды қайта оқуы тиіс, жиі күмәнданса, басым ойға қарауы керек, керісінше болған жағдайда нақтылықты негізге алғаны жөн.

4. Расулалла қателесіп бес рәкат оқытқан деген хадис нұсқасын негізге алған кейбір ғалымдар бұл хадисте Ханафилердің бір үкіміне қайшы жағдай тапқан. Белгілі Ханафи үкімі бойынша «Әлдекім төртінші рәкатқа отырмай, қателесіп бесінші рәкатқа тұрса, намазы жарамсыз болады». Жоғарыдағы хадис бойынша, мұндай жағдайда намаз бұзылмайды.

5. Пайғамбар іс-қимыл тұрғысында қате жіберген болуы бек мүмкін. Ғұламалар да бұл жайында ортақ пікірде. Ал бір топ пайғамбарға қателік жуытпайды. Дегенмен жоғарыдағы хадис пен соған ұқсас жағдайлар бұл көзқарасты қабылдамайды. Мынаны да қоса айта кетейік, Расулаллаға қате жуытпайтындар, көбіне үкімдерді жеткізу ісінде мұны қабылдамайды. Бұл көзқарастағы ғалымдар ардақты Пайғамбар қателескен деп келетін риуаяттарды былай түсіндіреді: «Жаңылысудан пайғамбарлар да шет қалмаған, жаңылысады, алайда қателік сол күйі қателік болып қалмайды. Осы себепті ондай қателіктен дінге зиян тимейді, керісінше, пайдасы тиеді. Өйткені осы себепті жаңа үкімдер анықталады. «Қателік жібергенде, ескерту дереу жасалған ба, кейіннен жасалған ба?» деген мәселеде де әртүрлі пікірлер бар.

Қади Ияд «үкімдерге қатысты мәселелерде “Расулалла (с.а.с.) қателесті” деудің дұрыс болмайтынын, әдейі қате айтуы да мүмкін еместігі жайында ғалымдар ортақ көзқараста екенін» айтады.

  1. 1Бұхари, Сәһу: 2, Салат: 31, 32, Әйман: 15, Хабарул-Уахид: 1; Мүслим, Мәсәжид: 89, (572); Әбу Дәуіт, Салат: 196, (1019, 1020, 1021, 1022); Нәсәи, Сәһу: 26, (3, 31-36); Тирмизи, Салат: 289, (392, 393).
2761
Кутуб ситтә, № 2761 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Мұғира

وَعَنِ الْمُغِيرَةِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا قَامَ الْإِمَامُ فِي الرَّكْعَةِ فَذَكَرَ قَبْلَ أَنْ يَسْتَوِيَ قَائِمًا فَلْيَجْلِسْ، فَإِنِ اسْتَوَى قَائِمًا فَلَا يَجْلِسْ، ولْيَسْجُدْ سَجْدَتَي السَّهْوِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Муғира ибн Шуғба (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Имам рәкаттан кейін отырмай, тұра бастап, толық түрегелмей тұрып есіне түсірсе, отырсын. Толық түрегеліп кетсе, отырмасын. Сәһу үшін екі сәжде жасасын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадистің Әбу Дәуіттегі нұсқасында «екінші рәкатта отырмай тұрып кетсе...» деп берілген. Бұл жерде анағұрлым ашық айтылған.

2. Екінші рәкаттан кейін отыруды ұмытып, тұра бастаған кісі толық түрегелмей тұрып есіне түсірсе, дереу отырады. Толық түрегеліп кетсе, намазын сол күйі жалғастырады.

3. «Тұрғаннан кейін есіне алып кері әрекет жасаған адам сәһу сәждесін жасай ма, жасамай ма?» деген мәселеде ғалымдар арасында талас бар. Ханафилер уәжіп еместігін айтады, өйткені оның қимылы онсыз да отыруға жақын. Шәфиғилердің көпшілік ғалымдарының айтуынша, сәһу сәждесі отыруға жақын кейіпте түрегелсе де керек емес. Сәһу сәждесі хадистің екінші бөлігі үшін, яғни тәшәһһуд оқымастан тұру жағдайында жасалады. Ахмад ибн Ханбал «тұрғаны үшін сәһу сәждесін жасайды» деген. Шәфиғилер мен Ахмад ибн Ханбалдың өздеріне тән басқа дәлелдері жоқ емес. Шәфиғилер мына хадисті алға тартады: «Намазда шұғыл қимыл қателесуге жатпайды, қателесу (сәһу): отырудың орнына тұру немесе тұрудың орнына отыруды білдіреді». Ахмад та мына хадиске сүйенеді: «Расулалла (с.а.с.) екінті намазының екінші рәкатында қателесіп орнынан тұрайын деп қимыл көрсеткенде, жамағат “субханалла” деп ескерту жасады. Дереу отырды. Артынан сәһу сәждесін жасады».

4. Бұл хадис сәһу сәждесі қиямға тұрғаны үшін емес, алғашқы отырыстағы «Әттахиятты» оқымай кеткені үшін жасалады деген пікірге дәлел.

5. Хадис намазда уәжіп амалды өткізіп, парыз амалға кіріскен кісінің уәжіпке қайта оралмайтынын көрсетеді. Мұнда алғашқы отырыс пен «Әттахият» – уәжіп, ал қиям – парыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 201, (1036); Тирмизи, Салат: 269, (365).
2762
Кутуб ситтә, № 2762 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ مَالِكٍ أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِنِّي لَأنْسَى أَوْ أُنَسَّى لأَسُنَّ».

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мен ұмытамын немесе сүннет белгілеуім үшін ұмыттырыламын», – деген.1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят – «Муаттада» орын ала тұра тізбегі жоқ, төрт қосымша келген хадистің бірі. Ибн Абдулбәрр хадис тізбек жағынан әлсіз болса да, мағынасының сахих екендігін айтады.

Ибн Хажар да тізбек жағынан «негізі жоқ» деген, алайда мағынасымен дәлелге жарағанын айтқан. «Бәлағ әлсіз хадиске жатса да, мағынасы маудуғ емес», – дейді.

Суфиян Сәури: «Мәликтің “Маған жетті” деуі сахих тізбекке жатады» деген.

2. Хадистің мағынасы: «Адамдарды тура жолға бағыттауым үшін маған да ұмыттырады, осы кейіппен ұмытқан жағдайда оларға не істеу керектігін білдіремін» деген сөз.

Ендеше, Расулалла (с.а.с.) бұл хадистерімен өзіндегі ұмытуы арқылы өзінен кейінгілерге жол көрсетуде. Шариғаттағы ұмытқан жағдайдағы үкімдерін жеткізіп, кемелдікке жету жолында мұның да қажет екеніне назар аудартқан.

3. Хадисте екі бөлек «ұмыту» оқиғасы туралы баян етілген. Бұлардан бірін Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзіне, екіншісін Аллаға қарата айтқан. Ал негізінде, бізге мәлім Пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі ұмытса да, ол да Алладан. Яғни, Алла ұмыттырған. Ендеше, екі мағына да дұрыс.

• Біріншісі бойынша: «Ояу кезде ұмытамын, ұйқыда маған ұмыттырады» дегісі келген. Осылайша ояу кездегі ұмытуды өзіне теліген, өйткені ұйқылы-ояу сәт адамдардың көбі сақтана алатын сәт деуге болады. Ұйқыдағы ұмытуды басқаға теліген, өйткені одан сақтану көбіне мүмкін бола бермейді, ояу кезде мүмкін болған жайт ұйықтаған кезде мүмкін болмайды.

• Екіншісі бойынша: «Менде қалыпты адами істерде кездесетін ұмыту, қателік секілді ұмытушылық бар» немесе «мен беріле атқарып, ұмытпауға тырыссам да, маған ұмыттырады» дегісі келген, сөйтіп екі ұмытудың бірін мәжбүр жағдай екенін айтып, өзіне теліген.

Қади Иядтың түсіндірмесі бойынша, ұмытуды Расулалланың өз жеке басына телуі, сөздің тілдік мағынасы тұрғысынан алынған, Аллаға телуі болса, Расулаллада шын мәнінде ұмытудың болмағанын білдіру үшін. Себебі ұмыттырушы Алла. Ендеше, қай жерде өзінде ұмыту болғанын айтқан болса, осы қасиеттің өзінде барын білдіру үшін. Қай жерде мұны Аллаға теліп, өзінен алыстатқан болса, онда бұл ұмыту қасиетінің табиғатынан, өздігінен емес, Алланың қалауымен болғанын көрсету үшін. Басқаша айтқанда, ол елші, шариғатты жеткізуші, жеткізу міндетіне толық орындауы үшін барлық істері Жаратушының бақылауында. Соның ішінде ұмыту қасиеті де. Бұл қасиет Расулалланың (с.а.с.) бойында адам ретінде бар, дегенмен Алланың бақылауында. Ол ұмытуы қажет нәрселерді ұмыттырады.

Тиләуат сәждесі

1. Құрандағы кейбір аяттар оқылғанда сәжде жасалады. Мұндай аяттардың мазмұны үш түрлі:

• Бірінде сәжде жасау бұйырылады. Сәжде сол бұйрықты орындау үшін жасалады.

• Екіншісінде сәждеге ынталандырып, сәжде етуші мақталады. Ол аяттар оқылғанда адам сол ізгілікке жету үшін сәжде етеді.

• Үшіншісінде сәжде дәріптеліп, кәпірлердің сәжде жасамағаны айтылады. Адам олардың ісіне ермеу үшін сол аяттар оқылғанда да сәжде етеді.

2. Ғалымдар Құрандағы сәжде аяттарының саны туралы әртүрлі пікір айтқан. Ибн Хажар олардың он аят жөнінде бірауыздан келіскенін жеткізеді. Имам Мәликке телінген бір түсіндірмеде он бес сәжде аяты бар делінген. Ханафилер он төрт жерде сәжде жасалады деп есептейді. Сәжде аяттары төменде берілді.

1. «Ағраф» сүресінің соңғы аяты (206-аят). ﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ عِندَ رَبِّكَ لَا يَسْتَكْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِهِۦ وَيُسَبِّحُونَهُۥ وَلَهُۥ يَسْجُدُونَ﴾ «Раббыңның дәргейіндегі періштелер тәкаппарланып, Оған құлшылық етуден қалыс қалмайды. Олар Оны үнемі ұлықтап, мадақтайды һәм бір Өзіне ғана сәжде етеді.»

2. «Рағыд» сүресінің 15-аяты. ﴿وَلِلَّهِ يَسْجُدُ مَن فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ طَوْعًا وَكَرْهًا وَظِلَٰلُهُم بِٱلْغُدُوِّ وَٱلْـَٔاصَالِ﴾ «Күллі аспан әлеміндегі және жердегі жаратылыс атаулы, тіпті олардың көлеңкесі де ерікті һәм еріксіз түрде ертелі-кеш Аллаға құлдық ұрып, сәжде етуде.»

3. «Нахл» сүресінің 49-аяты. ﴿وَلِلَّهِ يَسْجُدُ مَا فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَا فِى ٱلْأَرْضِ مِن دَآبَّةٍ وَٱلْمَلَٰٓئِكَةُ وَهُمْ لَا يَسْتَكْبِرُونَ﴾ «Күллі аспан әлемі мен жердегі барлық тіршілік иелері мен періштелер Аллаға сәжде етеді һәм әсте көкірек керіп, тәкаппарланбайды.»

4. «Исра» сүресінің 107-аяты. ﴿قُلْ ءَامِنُوا۟ بِهِۦٓ أَوْ لَا تُؤْمِنُوٓا۟ إِنَّ ٱلَّذِينَ أُوتُوا۟ ٱلْعِلْمَ مِن قَبْلِهِۦٓ إِذَا يُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ يَخِرُّونَ لِلْأَذْقَانِ سُجَّدًا﴾ «Ендеше, мүшріктерге: “Сендер оған қаласаңдар сеніңдер, қаласаңдар сенбеңдер. Расында, бұрын-соңды өздеріне ілім нәсіп болған жандар өздеріне Құран оқылғанда бірден сәждеге жығылады”, – деп айт.»

5. «Мәриям» сүресінің 58-аятынан. ﴿إِذَا تُتْلَىٰ عَلَيْهِمْ ءَايَٰتُ ٱلرَّحْمَٰنِ خَرُّوا۟ سُجَّدًا وَبُكِيًّا﴾ «Оларға Рахманның аяттары оқылғанда, жылаған күйі сәждеге жығылатын еді.»

6. «Хаж» сүресінің 18-аятынан. ﴿أَلَمْ تَرَ أَنَّ ٱللَّهَ يَسْجُدُ لَهُۥ مَن فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَمَن فِى ٱلْأَرْضِ وَٱلشَّمْسُ وَٱلْقَمَرُ وَٱلنُّجُومُ وَٱلْجِبَالُ وَٱلشَّجَرُ وَٱلدَّوَآبُّ وَكَثِيرٌ مِّنَ ٱلنَّاسِ﴾ «Көрмейсің бе, көктегілер мен жердегілер, әрі Күн, Ай, жұлдыздар, таулар, ағаштар, барлық жан-жануарлар мен адамдардың көбі бір Аллаға сәжде етуде!»

7. «Хаж» сүресінің 77-аяты. ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ ٱرْكَعُوا۟ وَٱسْجُدُوا۟ وَٱعْبُدُوا۟ رَبَّكُمْ وَٱفْعَلُوا۟ ٱلْخَيْرَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾ «Уа, иман келтіргендер! Рукуғ жасаңдар, сәждеге бас қойыңдар, Раббыларыңа толыққанды құлшылық етіңдер және жақсылық жасаңдар! Міне, сонда мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер!»

8. «Фурқан» сүресінің 60-аятынан. ﴿وَإِذَا قِيلَ لَهُمُ ٱسْجُدُوا۟ لِلرَّحْمَٰنِ قَالُوا۟ وَمَا ٱلرَّحْمَٰنُ﴾ «Мүшріктерге: “Рахманға сәжде етіңдер!” – делінгенде, олар: “Рахман деген не?!”»

9. Алдыңғы аятта шайтанның олардың істерін әдемі етіп көрсеткені айтылады. «Нәмл» сүресінің 25-аяты. ﴿أَلَّا يَسْجُدُوا۟ لِلَّهِ ٱلَّذِى يُخْرِجُ ٱلْخَبْءَ فِى ٱلسَّمَٰوَٰتِ وَٱلْأَرْضِ وَيَعْلَمُ مَا تُخْفُونَ وَمَا تُعْلِنُونَ﴾ «Әйтсе де, олардың көктер мен жердегі жасырын нәрсенің бәрін жарыққа шығаратын, әрі іштеріңе бүккендеріңді де, жария еткендеріңді де толық білетін бір Аллаға сәжде етуі керек емес пе?!»

10. «Сәжде» сүресінің 15-аяты. ﴿إِنَّمَا يُؤْمِنُ بِـَٔايَٰتِنَا ٱلَّذِينَ إِذَا ذُكِّرُوا۟ بِهَا خَرُّوا۟ سُجَّدًا وَسَبَّحُوا۟ بِحَمْدِ رَبِّهِمْ وَهُمْ لَا يَسْتَكْبِرُونَ﴾ «Біздің аяттарымызға қалтқысыз иман келтіретіндер – өздеріне сол аяттарымыз арқылы насихат айтылғанда, бірден сәждеге жығылатын және Раббыларын мадақтап, ұлықтайтын жандар ғана. Олар әсте тәкаппарланбайды.»

11. «Сад» сүресінің 24-аятынан. ﴿وَظَنَّ دَاوُۥدُ أَنَّمَا فَتَنَّٰهُ فَٱسْتَغْفَرَ رَبَّهُۥ وَخَرَّ رَاكِعًا وَأَنَابَ﴾ «Ақырында, Дәуіт өзін сынағанымызды түсінді де, бірден Раббысынан кешірім сұрап, иілген бойда сәждеге жығылып, жан-тәнімен тәубе етіп, Раббысына бет алды.»

Ханафилер бұл аяттың дәл соңында сәжде жасамайды. Шәфиғилер мен мәликилер осы тұста сәжде жасайды.

12. «Фуссилат» сүресінің 37-аяты. ﴿وَمِنْ ءَايَٰتِهِ ٱلَّيْلُ وَٱلنَّهَارُ وَٱلشَّمْسُ وَٱلْقَمَرُ لَا تَسْجُدُوا۟ لِلشَّمْسِ وَلَا لِلْقَمَرِ وَٱسْجُدُوا۟ لِلَّهِ ٱلَّذِى خَلَقَهُنَّ إِن كُنتُمْ إِيَّاهُ تَعْبُدُونَ﴾ «Түн мен күндіз, Күн мен Ай Оның айқын дәлелдері! Ендеше, Күнге де, Айға да сәжде етпеңдер. Егер бір Аллаға ғана табынуды қаласаңдар, солардың бәрін жоқтан жаратқан Аллаға сәжде етіңдер!»

13. «Нәжм» сүресінің 62-аяты. ﴿فَٱسْجُدُوا۟ لِلَّهِ وَٱعْبُدُوا۟﴾ «Аллаға сәжде етіңдер һәм Оған ғана құлшылық қылыңдар!»

14. «Иншиқақ» сүресінің 21-аяты. ﴿وَإِذَا قُرِئَ عَلَيْهِمُ ٱلْقُرْءَانُ لَا يَسْجُدُونَ﴾ «Өздеріне Құран оқылғанда, неге сәждеге жығылып, оған бойсұнбайды?!»

15. «Алақ» сүресінің 19-аяты. ﴿كَلَّا لَا تُطِعْهُ وَٱسْجُدْ وَٱقْتَرِب﴾ «Жо-жоқ! Оған мойынсұнба! Раббыңа сәжде ет һәм Оған жақындай түс!»

  1. 1Муатта, Сәһу: 2, (1, 100).