Хадис

Кутуб ситтә, № 238

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
32. Сатып алуға және сатуға рұқсат етілмеген заттар. Нәжістер
Нөмірі
№ 238 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
238
Кутуб ситтә, № 238 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әбу Талха

وَعَنْ أَبِي طَلْحَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّهُ سَأَلَ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَيْتَامٍ وَرِثُوا خَمْرًا، فَقَالَ: «أَهْرِقْهَا». قَالَ: «أَوَلَا أَجْعَلُهَا خَلًّا؟» قَالَ: «لَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدُ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَعِنْدَهُ: «أَهْرِقِ الْخَمْرَ وَاكْسِرِ الدِّنَانَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Талха (р.а.) Алла елшісінен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жетімдерге мұраға қалған шарап жайында сұрады. Алла елшісі: «Оны төк», – деді. Әбу Талха: «Одан сірке суын жасауға болмай ма?» – деп сұрады. Ол: «Болмайды», – деп жауап берді.

Тирмизи жеткізген риуаятта: «Шарапты төк те, құмыраларын сындыр», – делінген.1

Түсіндірме

Бұл хадистен шығатын үкім жайында да ғалымдар арасында пікір айырмасы бар. Бірқатары шарапты ешбір түрде пайдалануға болмайды деп үкім шығарған. Жетімнің мал-мүлкіне зиян келтірмеуге айрықша мән берілгеніне қарамастан, оларға мұраға қалған шараптан сірке суын жасауға рұқсат етілмей, оны төгу бұйырылған. Омар, имам Шафиғи және Ахмад ибн Ханбал осы пікірді ұстанған.

Ата ибн Әбу Рабах, Омар ибн Абдулазиз, Әбу Ханифа сынды кейбір ғалымдар шарапты өңдеп, сірке суына айналдыруға рұқсат берген. Кейбір ғалымдар мұны өлексенің терісін илеп, пайдалануға жарамды етуге ұқсатқан. Бұл пікірге: «Теріні илеуге қатысты шариғи мәтін бар. Шараптан сірке суын жасауға рұқсат беретін мұндай мәтін болмағандықтан, екі істі өзара қияс ету дұрыс емес», – деген уәж айтылған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 3 (3675); Тирмизи, «Буюғ», 58 (1293).