عَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ عَامَ الْفَتْحِ بِمَكَّةَ: “إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى حَرَّمَ بَيْعَ الْخَمْرِ، وَالْمَيْتَةِ، وَالْخِنْزِيرِ، وَالْأَصْنَامِ”. فَقِيلَ: “يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَأَيْتَ شُحُومَ الْمَيْتَةِ؟ فَإِنَّهُ يُطْلَى بِهَا السُّفُنُ، وَيُدْهَنُ بِهَا الْجُلُودُ، وَيَسْتَصْبِحُ بِهَا النَّاسُ”. فَقَالَ: “هُوَ حَرَامٌ”. ثُمَّ قَالَ عِنْدَ ذَلِكَ: “قَاتَلَ اللَّهُ الْيَهُودَ، إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى لَمَّا حَرَّمَ عَلَيْهِمْ شُحُومَهَا أَجْمَلُوهُ، ثُمَّ بَاعُوهُ فَأَكَلُوا ثَمَنَهُ”». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Жәбир (р.а.) былай дейді: «Мекке алынған жылы Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Меккеде: “Алла Тағала ішімдікті, өлексені, доңызды және пұттарды сатуға тыйым салды”, – дегенін естідім. Сонда: “Уа, Алланың елшісі, өлексенің іш майы жайында не айтасыз? Онымен кемені майлайды, теріге жағады, шам жағады”, – деп сұралды. Ол: “Ол харам”, – деп жауап берді. Содан кейін: “Алла яһудилерге қаһарын төксін! Алла оларға өлексенің іш майын харам еткенде, олар оны ерітіп сатты да, одан түскен ақшаны пайдаланды”, – деді».1
Түсіндірме
وَمَعْنَى «أَجْمَلُوهُ» أَذَابُوهُ.
Ғалымдар хадистегі «Ол харам» деген сөздің мағынасы жайында әртүрлі пікір айтқан. Пікір айырмасы арабша «һуә» деген есімдіктің нені меңзеп тұрғанына байланысты. Шафиғи мәзһабының ғалымдары оны саудаға қатысты деп түсіндірген. Осыған сүйеніп, өлексенің іш майын және кейбір нәжіс заттарды сатып алу мен сату харам болғанымен, оларды пайдалануға болады деген тұжырым жасаған. Ал көпшілік ғалым «ол» есімдігі пайдалануға қатысты айтылған деп ұққан. Сондықтан олардың пікірінше, әлгі майды саудалау да, пайдалану да харам.
Шафиғи мәзһабы бойынша өлексенің іш майын жеуге немесе адам денесіне жағуға болмайды. Оны кеме майлауға, майшамға құюға пайдалануға болады. Көпшілік ғалымның пікірінше, өлексені пайдалануға жалпы тыйым салынғандықтан, оның ешбір бөлігін қолдануға рұқсат жоқ. Тек өлексенің терісін илегеннен кейін пайдалануға болады. Бұл рұқсат хадиспен бекітілген.
Зәйтүн майы мен сары май сияқты бастапқыда таза болып, кейін нәжіс тиген заттарды жеу мен денеге жағудан өзге мақсатта қолдануға қатысты бұрынғы ғалымдар түрлі пікір айтқан. Олар мұндай майды шамға жағуға, сабын жасауға, былғанған балды араға қайта жегізуге, өлексені итке, нәжіс тиген тағамды малға беруге бола ма деген мәселелерді қарастырған. Шафиғи мәзһабындағы дұрыс деп танылған үкім бойынша аталған амалдардың бәріне рұқсат. Имам Мәлик пен Әбу Ханифаның да осы пікірді ұстанғаны риуаят етіледі. Әбу Ханифа былғанған зәйтүн майының жайын сатып алушыға алдын ала айтқан жағдайда оны сатуға да болады деген. Ахмад ибн Ханбал нәжіс заттарды сату да, қолдану да харам, оларды ешбір жағдайда пайдалануға болмайды деген пікір айтқан.
- 1Бұхари, «Буюғ», 112, «Мағази», 50; Мүслим, «Мусақат», 71 (1581); Әбу Дәуіт, «Буюғ», 66 (3486); Тирмизи, «Буюғ», 61 (1297); Нәсәи, «Буюғ», 93 (7, 309–310); Ибн Мәжа, «Тижарат», 11 (2167).