عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنِ اشْتَرَى طَعَامًا فَلَا يَبِعْهُ حَتَّى يَسْتَوْفِيَهُ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деген: «Кім азық-түлік сатып алса, оны түгел қабылдап алмайынша қайта сатпасын».1
Түсіндірме
1. Хадисте сатып алынған тауарды сатушыдан толық қабылдап алмай тұрып қайта сатуға тыйым салынған. Ғалымдар осы мәселеге қатысты басқа риуаяттарды да ескеріп, әртүрлі пікір айтқан. Әбу Ханифа жылжымайтын мүліктен басқа тауарды қабылдап алғанға дейін сатуға болмайды деген. Имам Шафиғи сатып алынған тауар қолға тимейінше қайта сатылмайды деп есептеген. Оның пікірінше, бұл үкім азық-түлікке, жылжымайтын және жылжымалы мүлікке, қолма-қол ақшаға да ортақ. Имам Мәлик пен кейбір ғалымдар бұл тыйым тек азық-түлікке қатысты, ал өзге тауарларды сатуға болады деген. Тыйым көлемі өлшенетін немесе таразыға тартылатын тауарларға ғана қатысты деп санағандар да бар.
Бұл пікірлердің әрқайсысы шариғи дәлелге сүйенеді. Пікір алуандығы дініміздің түрлі жағдайға қарай берген жеңілдігін, Алла Тағаланың құлдарына деген мейірімін аңғартады. Түсіндірме авторы осы орайда «Үмбетімнің пікір алуандығы – рақым» деген сөзді келтіреді.
2. Тауарды қабылдап алу тәсілі оның түрі мен мәміле жағдайына қарай өзгереді. Хаттаби мұны былай түсіндіреді: «Тауарды қабылдап алу оның түріне және елдің әдет-ғұрпына байланысты. Кейде сатылған зат сатып алушының қолына табысталады. Жер телімі сияқты мүлікті қабылдау үшін сатып алушының оны иеленуіне кедергі келтіріп тұрған бөгет жойылады. Кей тауар орнынан алынып әкетіледі, ал көлеммен өлшенетін заттар өлшеуіш ыдыспен өлшеніп беріледі. Көз мөлшерімен көтерме сатылған тауарды қабылдау үшін оны басқа жерге апарады. Тауарды көлемін өлшеп сатып алған кісі алғашқы өлшемге сүйеніп, оны қайта өлшемей сата алмайды. Қайта сатарда көлемін тағы бір өлшеуі керек».
- 1Бұхари, «Буюғ», 49, 51, 54, 55, №2126, «Худуд», 42; Мүслим, «Буюғ», №1526; Нәсәи, «Буюғ», 55, 7-т., 286–287-б.; Әбу Дәуіт, №3492; Мәлик, «Муатта», «Буюғ», 40, 2-т., 640–641-б.; Ибн Мәжа, «Тижарат», 37, №2226. Мағыналас риуаяттар Мүслимде (№1525, 1528, 1529) және Тирмизиде (№1291) берілген.