Хадис

Рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалар

Кутуб ситтә, 5-том, 234-тарау · 9 хадис · № 1801–1809

Хадистер

1801
Кутуб ситтә, № 1801 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَلَا، وَإِنِّي نُهِيْتُ أَنْ أقْرَأ القُرْآنَ رَاكِعًا وَسَاجِدًا، فَأَمَّا الرُّكُوعُ فَعَظِّمُوا فِيهِ الرَّبَّ، وَأَمَّا السُّجُودُ فَاجْتَهِدُوا فِي الدُّعَاءِ، فَقَمِنٌ أَنْ يُسْتَجَابَ لَكُمْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَمَعْنَى «قَمِنٌ» جَدِيرٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Маған рүкүғ пен сәждеде Құран оқуға тыйым салынды. Рүкүғте Раббыны ұлықтаңдар. Ал сәждеде дұға жасауға барынша тырысыңдар, өйткені ол дұғаның қабыл болуына лайық».1

Түсіндірме

1. Бірқатар риуаяттар рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқылмайтындығын білдіреді. Хадис ғалымдары бұның себебін былай түсіндіреді: «Рүкүғ пен сәжде құлдың Раббысының алдындағы қарапайымдылығы мен тағзымын білдіреді. Сондықтан ол уақыттар зікірге арналған. Сол себептен бір мезетте Алланың сөзі мен жаратылыстың сөзін тең көріп, бірге айту мәкрүһ».

2. Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «...Мен рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқудан қайтарылдым» деген сөзі оның тек өзіне қатысты тыйым емес, үмбеттің де бағынуы тиіс тыйым. Өйткені үмбеті кейбір жайттарды есептемегенде әр әрекетінде Алла елшісінің артынан ілесуге міндетті. Оның үстіне Расулалла (с.а.с.) сахабаларына рүкүғ кезінде Алланы ұлықтап, сәжде кезінде дұға жасауларын бұйырған. Бұндай әмір де біз айтып отырған тыйымның тек Алла елшісіне емес, бүкіл үмбетке қатысты екендігін көрсетеді.

Қорыта айтқанда, рүкүғ пен сәжде кезінде Құран оқуға тыйым салынған. Рүкүғте тәсбих, сәждеде тәсбих пен дұға жасалады.

3. Ханафилерде намаздың бір рүкінінде, намаз әрекеттерінің біріне бір нәрсе қосып жіберсе, саһу сәждесін жасау талап етіледі. Өйткені уәжіп немесе парызы кешігіп орындалады. Шәфиғилердің пікірінше, рүкүғ пен сәжделерде Фатихадан басқа бір сүре немесе аят оқу мәкрүһ. Бірақ оқыса, намаз бұзылмайды.

4. Фатиханы оқымауға келсек, бұл мәселеде шәфиғилерден екі түрлі көзқарас жеткен. Біріншісіне сай Фатиха мен басқа сүренің арасында айырмашылық жоқ. Сол себепті Фатиханың оқылуы да мәкрүһ. Бірақ намазды бұзбайды. Екінші көзқараста Фатиханы рүкүғ пен сәждеде әдейі оқу харам, намазды бұзады. Қателікпен оқу мәкрүһ емес. Алайда қателікпен болса да, әдейі болса да Шәфиғидің пікірінше саһу сәждесін қажет етеді.

  1. 1Мүслим, Салат 207 (479); Әбу Дәуіт, Салат 152, (876); Нәсәи, Ифтитах 98, (2, 189).
1802
Кутуб ситтә, № 1802 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ فِي سُجُودِهِ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي ذَنْبِي كُلَّهُ، دِقَّهُ وَجِلَّهُ، أَوَّلَهُ وَآخِرَهُ، سِرَّهُ وَعَلَانِيَتَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәждеде “Аллаһуммағфир ли зәнби кулләһу, диққаһу уә жиллаһу, әууәләһу уә ахираһу, сирраһу уә аланийатаһу” дейтін. Мағынасы: “Уа, Алла! Үлкен-кіші, алғашқы-соңғы, жасырын-ашық күллі күнәмді кешір”».1

  1. 1Мүслим, Салат 216, (483); Әбу Дәуіт, Салат 152, (878).
1803
Кутуб ситтә, № 1803 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكْثِرُ أَنْ يَقُولَ فِي رُكُوعِهِ وَسُجُودِهِ: سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ رَبَّنَا وبِحَمْدِكَ. اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي: يَتَأَوَّلُ الْقُرآنَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ وَأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِيِّ: «كَانَ يَقُولُ فِي رُكُوعِهِ وَسُجُودِهِ: سُبُّوحٌ قُدُّوسٌ رَبُّ الْمَلَائِكَةِ وَالرُّوحِ». وَفِي أُخْرَى لِمَالِكٍ وَالتِّرْمِذِيُّ وَأَبِي دَاوُدَ: «فَقَدْتُهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْفِرَاشِ فَالْتمَسْتُهُ فَوَقَعَتْ يَدِي عَلَى بَطْنِ قَدَمَيْهِ، وَهُوَ سَاجِدٌ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ، وَأَعُوذُ بِمُعَافَاتِكَ مِنْ عُقُوبَتِكَ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْكَ، لَا أُحْصِي ثَنَاءً عَلَيْكَ أَنْتَ كَمَا أَثْنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғ пен сәждеде “Субханакаллаһумма Раббана уә бихамдика, Аллаһуммағфир ли” деген дұғаны жиі айтатын. Мағынасы: “Уа, Алла, Раббымыз! Саған мадақ айта отырып, Сені пәктеймін. Уа, Алла! Мені кешір”». Ол осылайша «Наср» сүресінің 3-аятын іс жүзінде орындаған: ﴿فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَٱسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُۥ كَانَ تَوَّابًۢا﴾ «Міне, сонда Раббыңды мадақтап ұлықта һәм Одан кешірім тіле! Өйткені Ол – Тәууәб (құлының тәубесін қабыл етуші)!».1

Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсәидегі бір риуаятта былай деп жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғ пен сәждеде: “Өте пәк, кіршіксіз таза, періштелер мен рухтың Раббысысың” – деп айтатын».

Муатта, Тирмизи мен Әбу Дәуіттің бір риуаятында былай деп жеткен: «Алла елшісін (с.а.с.) төсектен таппай қалдым. Іздестіргенде қолым аяғының астына тиді. Сәждеде болатын. Және былай деп дұға жасап жатты: “Аллаһумма инни ағузу биризика мин сахтика уә ағузу бимуғафатика ми уқубәтика уә ағузу бикә минкә лә ухси сәнаән алайка. Әнтә кәмә әснәйтә ала нәфсикә. (Уа, Алла! Сенің разылығыңды шапағатшы етіп, ашуыңнан саған сиынамын. Кешіріміңді шапағатшы етіп, жазаңнан саған сиынамын. Өзіңнен өзіңе сиынамын. Саған лайық болған мадақты айта алмаймын. Сен өзіңді мадақтағандайсың)”».

Түсіндірме

1. Бұл хадис көрініп те тұрғандай әртүрлі кітаптарда әрқилы үлгіде жеткен. Авторымыз бұл жерде рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғаларды көрсетуді қалағандықтан риуаяттағы басқа элементтерді мүмкіндігінше қысқартып, хадисті қорытындылап берген. Мәселен, әзірет Айша (р.а.) былай деген: «Бір түні Алла елшісін төсектен таппай қалдым. Әйелдерінің бірінің қасына кетті деп ойладым. Іздей бастадым. Кейін кері қайттым. Рүкүғ пен сәждеде «Субханака уә бихамдика лә иләһә иллә әнтә» деп жатқа болатын. Мен: «Ата-анам саған құрбан болсын! Мен ненің соңындамын, сен ненің соңындасың» дедім.

2. Айша анамыздың қызғаныштың себебінен ардақты Пайғамбарды (с.а.с.) іздеуі оны сәжде кезінде оқыған дұғаларды үйренуіне түрткі болған. Сәждеде оқылатын дұғаларды сахабалардың білгендігіне де күмән жоқ. Алайда олардың әртүрлі бейнеде болғандығы байқалады.

3. Өте пәк – Аллаға лайық емес әртүрлі кемшіліктерден ада дегенді білдіреді. Ал кіршіксіз таза – Аллаға лайық емес әртүрлі нәрселерден таза екендігін білдіреді. «Мүбәрак» деген мағынада екендігі де айтылады. Бұл сөздер «сәббух» және «қаддус» деп те риуаят етілген. Ашық түрі «суббух» және «қуддус» түрлері. Бұлар кейбір ғалымдардың айтуынша Аллаға тән есімдер. Сипаттары деп айтқандар да кездеседі.

4. Хадисте айтылған «рух» дегеніміз не? Ғалымдардың көпшілігі бұл жерде Жәбірейілдің көзделгендігін айтады. Кейбіреулері «бір үлкен періште» деген. Рухты «иләһи мейірім» «періштелер де көрмеген басқа бір жаратылыс» деп топшылағандар да болған. Құран кәрімде әртүрлі аяттарда «Рух» жайлы айтылған (Нахл, 2; Исра, 85; Шұғара, 193; Ғафыр, 15; Мағариж, 4; Нәбә, 4; Қадыр, 4) Көпшілік ғалым «Жәбірейіл» деп айтқан. Біз талас-тартысты мәселелерде көпшілік ғалымның пікірін негізге аламыз.

5. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құлдықтың ең көркем көрінісі ретінде күнәларды мойындап, Алланың ашу мен жазасынан Алланың разылығы мен кешірімін паналайды. «Өзіңнен өзіңе сиынамын» деген сөйлемге қатысты Хаттаби былай дейді: «Бұл жерде бір нәзік мағына бар. Пайғамбар (с.а.с.) Алла тағаланың ашуынан Алла тағаланың разылығын, азабынан кешірімін паналайды. Бұның мағынасы оған деген құлдығы мен мадағындағы кемшіліктерге байланысты Алладан кешірім тілеу».

6. «Саған лайық болған мадақты айта алмаймын» деген сөйлем Аллаға деген лайық құлшылықтың ақысын бере алмаймын дгенді білдіреді. Өйткені мадақ – Алланың ұлы сипаттарын зікір ету. Яғни ол сөздің тағы бір аудармасы «Сені мадақтауды санап бітіре алмаймын. Сен өзіңді қалай мадақтасаң сондайсың» дегендей болады. Алла тағаланың нығметтері, сипаттарының көп болғаны соншалық – адамның ақылы оның барлығын қамти алмайды. Алла елшісі (с.а.с.) адамзаттың ең ақылдысы, ең кәміл иманға иесі бола тұра Алланың сипаттарын толық тануға әлсіз екендігін мойындап, «Я, Раббымыз! Біз адамға тән ақылымызбен Сені тануда әлсізбіз, тілмен жеткізуге дәрменсізбіз, сен өзіңді қалай айтсаң солай екеніңді қабылдаймыз» деп білдірген.

7. Хадистің түсіндіруді қажет ететін тағы бір тұсы біз «Бұл дұғаны оқу арқылы Құранмен амал етіп жатқан болатын» деп аударған сөйлем. Сөзбе-сөз алғанда «Құранды тәуил етіп жатқан болатын» деп аударылуы керек еді. Ибн Хажар бұны: «Құран кәрімнің рүкүғ пен сәждеде жасалуын әмір еткен нәрселерді істеп жатқан болатын» деп түсіндіреді. Оған қоса: «Ағмаштың риуаятында “Құран” дегенде оның бір бөлігі, аталмыш сүре және айтылған зікір екендігі түсіндіріледі» дейді.

8. КЕЙБІР ҮКІМДЕР

• Ибн Дақиқу әл-Ғид былай дейді: «Бұл риуаят рүкүғте дұғаның, сәждеде тәсбихтің мүбаһ екендігіне дәлел болады. Бұл сөзге Алла елшісінің (с.а.с.) “Рүкүғте Алла тағаланы ұлықтаңдар, сәждеде дұға жасауға тырысыңдар” деген хадисі қайшы келмейді. Өйткені біз тоқталып отырған хадистен рұқсат үкімін шығаруға болады және сол негізге алынады. Сәждеге қатысты әмірді де дұғаны көп жасауды жатқызуға болады. Өйткені “тырысыңдар” деген сөз де көп жасау жорамалын бекіте түседі»

Сәждеде көп дұға жасауға қатысты хадистер де жеткен. Солардың бірі – أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ فَأَكْثِرُوا فِيهِ مِنَ الدُّعَاءِ. «Құлдың Раббысына ең жақын болатын кезі – сәждедегі сәті. Сондықтан сәждеде дұғаны көп жасаңдар» деген хадис.

Сәждеде дұғаны көп жасау әмірі – қажеттіліктің барлығын сұрауға ынталандыруды да қамтиды. Бұл жоғарыда да айтып өткеніміздей аяқ киімнің бауы секілді ұсақ-түйек нәрселерді сұрауды да білдіреді. Сонымен қатар көп дұға жасауға – қажет нәрсені қайталап сұрау да жатады.

• Әзірет Айшаның (р.а.) аяғы Алла елшісіне (с.а.с.) сәждеде жатқанда тиюі ханафилерде әйелдің денесі тигенде дәрет бұзылмайтынына дәлел ретінде алынған. Алайда қалған үш мәзһабта әйелдің ерге жанасуы дәретті бұзады.

• Сәждеде аяқты тік ұстау сүннет.

  1. 1Бұхари, Азан 123, 139, Мағази 50, Тәфсир, Изә жәә әнасруллаһи уә әл-фатх, Мүслим, Салат 217, (484); Әбу Дәуіт, Салат 152, (877); Нәсәи, Ифтитах 153, (2, 219).
1804
Кутуб ситтә, № 1804 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا رَكَعَ أَحَدُكُمْ فَلْيَقُلْ ثَلَاثَ مَرَّاتٍ: سُبْحَانَ رَبِّي الْعَظِيمِ، وَذَلِكَ أَدْنَاهُ، وَإِذَا سَجَدَ فَلْيَقُلْ: سُبْحَانَ رَبِّي الْأَعْلَى ثَلَاثًا، وَذَلِكَ أَدْنَاهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Қайсыбірің рүкүғке барғанда “Субхана Раббийәл-азим” деп үш рет айтсын. Мағынасы: “Аса ұлы Раббым кемшілік атаулыдан пәк”. Бұл – ең азы. Сәждеге барғанда “Субхана Раббийәл-ағла” деп үш рет айтсын. Мағынасы: “Аса жоғары Раббым кемшілік атаулыдан пәк”. Бұл да – ең азы».1

Түсіндірме

Алдыңғы хадистің түсіндірмесінде айтып өткеніміздей, рұкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалардың әртүрлі нұсқасы жеткен. Біз тоқталып отырған Ибн Масғудтың риуаяты – солардың бірі. Ибраһим Нәһәи, Хасан Басри, Әбу Ханифа, Әбу Юсуф, Мұхаммед және бір риуаятта Ахмад ибн Ханбал осы хадисті негізге алып, аталмыш дұғаны үш мәрте оқуды сүннет деп білген.

Риуаятта үштен кем айтпауға кеңес бар. Демек, үштен аз болса сүннет басшылыққа алынбағаны. Үштен көп айтуға тыйым жоқ. Десек те соңғы шегіне қатысты кейбір жорамалдар айтылған. Мәуәрди: «Ең көбі он бір немесе тоғыз, ортасы бес. Алайда бір мәрте айтса да тәсбих орындалады», – дейді. Тирмизидің Ибн әл-Мүбәрак пен Исхақ ибн Рахуядан жеткізуінше имамның тәсбихті бес мәрте айтуы мұстахаб. Шәуканидың пікірінше тәсбихті тоғыздан көп жасаған жағдайда саһу сәждесі талап етіледі, ал үштен көп оқылса, саны жұп емес, тақ болуына қатысты ашық дәлел жоқ.

Рүкүғ пен сәждеде жасалатын зікірдің үкіміне қатысты әртүрлі пікір айтылған. Әбу Ханифа, Имам Мәлик пен Имам Шәфиғидің пікірінше сүннет. Орындалмаған жағдайда еш нәрсе талап етілмейді. Ахмад ибн Ханбал мен кейбір ғалымдарда уәжіп. Әдейі тастаған жағдайда намаз бұзылады. Қателікпен орындалмаса, саһу сәждесі жасалу керек. Захирилерден Ибн Хазм «парыз» деп кесіп айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 154, (886); Тирмизи, Салат 194, (261).
1805
Кутуб ситтә, № 1805 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَكَعَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ رَكَعْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ، وَلَكَ أَسْلَمْتُ، وَعَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ، أَنْتَ رَبِّي. خَشَعَ سَمْعِي وَبَصَرِي وَلَحْمِي وَدَمِي وَعِظَامِي لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ».«الْخُشُوعُ» الْخُضُوعُ وَ الذُّلُّ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيَّ. »الْخُشُوعُ» الْخُضُوعُ وَ الذُّلُّ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғке барғанда “Аллаһумма лака ракағту уә бика аманту уә лака асламту уә ғалайка тәуәккалту, анта Рабби, хашаға самғи уә басари уә лахми уә дами уә ғизами лилләһи Раббил-ғаламин” дейтін. Мағынасы: “Уа, Алла! Саған рүкүғ еттім, Саған иман келтірдім, Саған мойынсұндым, Саған тәуекел еттім. Сен – Раббымсың. Құлағым да, көзім де, етім де, қаным да, сүйегім де әлемдердің Раббысы Аллаға бойсұнды”».1

  1. 1Нәсәи, Ифтитах 104, (2, 192). Бұл Мүслимдегі ұзын риуаяттың бір бөлігі (Салатул-Мусафирин) 201, (771).
1806
Кутуб ситтә, № 1806 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Ибн Әбу Әуфа

وَعَنِ ابْنِ أَبِي أَوْفَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَفعَ ظَهْرَهُ مِنَ الرُّكُوعِ قَالَ: سَمِعَ اللَّهُ لِمَنْ حَمِدَهُ، اللَّهُمَّ رَبَّنَا لَكَ الْحَمْدُ مِلْءَ السَّمَاوَاتِ، وَمِلْءَ الْأَرْضِ، وَمِلْءَ مَا شِئْتَ منْ شَيْءٍ بَعْدُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Әбу Әуфа (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғтен бойын тіктегенде “Самиғаллаһу лиман хамидаһ. Аллаһумма Раббана лакал-хамду милъас-самауати уә милъал-арди уә милъа ма шиʼта мин шайʼин бағду” дейтін. Мағынасы: “Алла Өзіне мадақ айтқанды естиді. Уа, Алла, Раббымыз! Көктер мен жер толарлық, одан әрі Өзің қалаған нәрсені толтырарлық мадақ Саған тән!”»1

  1. 1Мүслим, Салат 204, (476); Әбу Дәуіт, Салат 144, (846).
1807
Кутуб ситтә, № 1807 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ بَيْنَ السَّجْدَتَيْنِ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي وَارْحَمْنِي وَاجْبُرْنِي وَاهْدِنِي وَارْزُقْنِي». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَاللَّفْظُ لَهُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) екі сәжденің арасында: “Аллаһуммағфир ли, уәрхамни, уәжбурни, уәһдини, уәрзуқни” дейтін. Мағынасы: “Уа, Алла! Мені кешір, мейіріміңе бөле, кем-кетігімді толтыр, тура жолға сал, ризық бере гөр”».1

Түсіндірме

1. Соңғы үш риуаят Алла елшісінің (с.а.с.) рүкүғтен тұрғанда да, екі сәжде арасындағы отырыста да әртүрлі тәсбих сөздерін оқығандығын көрсетеді.

2. Оқылған дұғадағы сөздердің мағынасы белгілі болғанымен, хадис ғалымдары мынадай түсіндірме берген: «Хадисте кешірім сұрау – адамдарға қарсы істелген күнәлардың кешірімі мен құлшылықтағы орын алған кемшіліктердің кешірілуі үшін. Мейірім тілеу де амалдың қарымы ретіндегі мейірім емес, Алланың мейірімі мен жомарттығына лайық болған мейірім немесе құлшылығымды қабыл алу арқылы мейіріміңе бөле дегенге саяды. Байлықты сұраудағы мақсат – көңіл байлығы, дүние-мүлікке қарсы көңіл тоқтығы. Ризық сұраумен көзделген нәрсе – таза және адал ризық, қажеттіліктерді қамтамасыз ететіндей ризық немесе рухани дәрежелерге яки ақыреттік жоғары дәрежелерге қол жеткізуге жәрдем».

3. Хадис сонымен қатар екі сәжденің арасында жоғарыдағы сөздермен дұға жасаудың шариғатымызда бар екендігіне дәлел болады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 145, (850); Тирмизи, Салат 211, (284); ибн Мәжа, Салат 23, (898).
1808
Кутуб ситтә, № 1808 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النَّبِىَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا سَجَدَ قَالَ: اللَّهُمَّ لَكَ سَجَدْتُ، وَبِكَ آمَنْتُ، وَلَكَ أَسْلَمْتُ، سَجَدَ وَجْهِي لِلَّذِي خَلَقَهُ وَصَوَّرَهُ، وَشَقَّ سَمْعَهُ، وَبَصَرَهُ تَبَارَكَ اللَّهُ أَحْسَنُ الْخَالِقِينَ، ثُمَّ يَكُونُ آخِرُ مَا يَقُولُ بَيْنَ التَّشَهُّدِ وَالتَّسْلِيمِ: اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي مَا قَدَّمْتُ، وَمَا أَخَّرْتُ، وَمَا أَسْرَرْتُ، وَمَا أَعْلَنْتُ، وَمَا أَسْرَفْتُ، وَمَا أَنْتَ أَعْلَمُ بِهِ مِنِّي، أَنْتَ الْمُقَدِّمُ، وَأَنْتَ الْمُؤَخِّرُ لَا إِلَهَ إِلَّا أَنْتَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сәждеде: “Уа, Алла! Саған сәжде еттім, Саған иман келтірдім, Саған мойынсұндым. Жүзім өзін жаратқан, бейне берген, құлағы мен көзін ашқан Жаратушысына сәжде етті. Жаратушылардың ең көркемі Алла аса ұлық”, – дейтін».

Алла елшісінің (с.а.с.) ташаһһуд пен сәлемнің арасында оқыған соңғы дұғасы мынау: «Аллаһуммағфир ли ма қаддамту уә ма аххарту уә ма асрарту уә ма ағланту уә ма асрафту уә ма анта ағламу биһи минни. Антал-муқаддиму уә антал-муаххир. Лә иләһа иллә ант». Мағынасы: «Уа, Алла! Бұрын істегенімді де, кейін істейтінімді де, жасырын істегенімді де, ашық істегенімді де, шектен шыққан тұстарымды да, Сен менен жақсы білетін істерімді де кешір. Ілгерілететін де, кейін қалдыратын да Сенсің. Сенен басқа тәңір жоқ».1

  1. 1Мүслим, Салатул-Мусафирин 201, (771), Тирмизи, Дағуат 32, (3417, 3418, 3419); Әбу Дәуіт, Салат 121, (760); Нәсәи, Ифтитах 17, (2, 130).
1809
Кутуб ситтә, № 1809 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас

وَعَنِ ابْنِ عَمْرَو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ أَبُو بَكْرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ لرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: عَلِّمْنِي دُعَاءً أَدْعُو بِهِ فِي صَلَاتِي، قَالَ: قُلِ اللَّهُمَّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي ظُلْمًا كَثيرًا، وَلَا يَغفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا أَنْتَ فَاغْفِرْ لِي مَغْفِرَةً مَنْ عِنْدَكَ وَارْحَمْنِي إِنَّكَ أَنْتَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.анһума) былай дейді: «Әбу Бәкір (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) келіп:

– Маған намазда оқитын дұға үйретіңіз, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған “Аллаһумма инни заламту нафси зулман касиран уә лә йағфируз-зунуба иллә анта, фағфир ли мағфиратан мин ғиндика уархамни, иннака антал-ғафурур-рахим” деп дұға етуін айтты. Мағынасы: “Уа, Алла! Мен өзіме көп зұлымдық жасадым. Күнәларды Сен ғана кешіресің. Мені Өз құзырыңнан келетін кешіріммен кешір, мейіріміңе бөлей гөр. Расында, Сен аса Кешірімді, ерекше Мейірімдісің”».1

Түсіндірме

1. Бұл соңғы риуаяттар намазда сәлемнен бұрын оқылуы сүннет дұғаларды қамтыған. Бұл дұғаларда Алла елшісі (с.а.с.) өз-өзіне зұлымдық жасағанын айту арқылы кешірім тілеп, жасырын-ашық, бұрынғы-кейінгі істеген күнәларды тілге тиек етіп, кешірім сұраған. Кейбір ғалымдар «Фатх» сүресінің басында айтылғандай бұрынғы және кейінгі күнәларының барлығы кешірілгенімен, Алла елшісінің бұлай дұға жасауын түсіндіруге қиналған. Алайда бірнеше қырынан жауаптар да берілген:

1) Расулалла (с.а.с.) үмбетіне дұғаны үйрету мақсатында осындай сөздерді қолданған.

2) Бұл дұғадағы мақсат – үмбеті үшін сұрау. Сонда «Я, Раббым! Үмбетім үшін сенен кешірім тілеймін» деген мағына шығады.

3) Қарапайымдылық танытып, қаншалықты бағынатындығын көрсету, одан қорқуды артық көріп, бағыныштылығын көрсетіп, разылығын тілеп, әмірін орындағысы келген. Дұғасына жауап берілгенімен де тілегін қайталап сұраудан бас тартпаған. Өйткені бұндай әрекет сауап бергендіктен, рухани және ақыреттік дәреженің өсуіне себеп болады.

Расулалланың (с.а.с.) дұғаға қатысты берген осы тақылеттес жеке мысалы үмбетін сондай әрекет жасауға ынталандырады. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.с.) толықтай кешіріле тұра бағыну мен дұға жасаудан бір сәтке де ажырамаса, кешірілгеніне нақты кепіл жоқ қарапайым адам дұға мен мойынсұнушылығын тіптен арттыруға мәжбүр.

2. Әзірет Әбу Бәкірге үйреткен дұғаға қарай отырып «Қандай да бір адам шыншылдық секілді қаншалықты жоғары мәртебеге жетсе де кемшіліксіз болмайды» деген де пікір айтылған.

3. «Абыройыңа лайық кешіріммен кешір» деп аударған сөйлемге өзіңдегі кешіріммен деп түпнұсқаға жақынырақ тәржіма беруге болады. Ибн Дақиқ әл-Ғид екі ықтималға тоқталып: «Бірі таухидке ишарат. Бейне бір “Я, Алла! Бұны сенен басқа ешкім жасамайды. Олай болса оны мен үшін жаса”, – дегендей. Екіншісіне келсек, құлдың көркем, ізгі амалдарының себебінен өзін құтылуға лайық деп білмей, тек мейірімнен бастау алатын кешірімді сұрауға ишарат болады». Кейбір ғалымдар осы екінші жорамалды құптап «Я, Алла! Мен амалыммен лайық болмасам да, сен маған (өзіңе жарасатын) мейіріміңмен кешірім ет», – деп түсіндірген.

4. Ғалымдардың арасынан кең мағынаны қамтыған дұғаларды сұрау мұстахаб, бірақ дұға намаздың қай жерінде оқылатындығы хадисте анық айтылмаған дегендер кездеседі. Көпшілік ғалымдар кейбір хабарларға сүйеніп, оның орны соңғы отырыста сәлем беруден бұрын екендігін айтқан. Сонымен қатар сәжде мен ташаһһудта оқылатындығын айтқандар да бар.

  1. 1Бұхари, Сифату әс-Салат, 149, Дағуат 17, Таухид 9; Мүслим, Зикр 48, (2705); Тирмизи, Дағуат 98, (3521); Нәсәи, Саһу 58, (3, 53).