Хадис

Кутуб ситтә, № 1803

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
234. Рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғалар
Нөмірі
№ 1803 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
1803
Кутуб ситтә, № 1803 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُكْثِرُ أَنْ يَقُولَ فِي رُكُوعِهِ وَسُجُودِهِ: سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ رَبَّنَا وبِحَمْدِكَ. اللَّهُمَّ اغْفِرْ لِي: يَتَأَوَّلُ الْقُرآنَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ. وَفِي أُخْرَى لِمُسْلِمٍ وَأَبِي دَاوُدَ وَالنَّسَائِيِّ: «كَانَ يَقُولُ فِي رُكُوعِهِ وَسُجُودِهِ: سُبُّوحٌ قُدُّوسٌ رَبُّ الْمَلَائِكَةِ وَالرُّوحِ». وَفِي أُخْرَى لِمَالِكٍ وَالتِّرْمِذِيُّ وَأَبِي دَاوُدَ: «فَقَدْتُهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْفِرَاشِ فَالْتمَسْتُهُ فَوَقَعَتْ يَدِي عَلَى بَطْنِ قَدَمَيْهِ، وَهُوَ سَاجِدٌ يَقُولُ: اللَّهُمَّ إِنِّي أَعُوذُ بِرِضَاكَ مِنْ سَخَطِكَ، وَأَعُوذُ بِمُعَافَاتِكَ مِنْ عُقُوبَتِكَ، وَأَعُوذُ بِكَ مِنْكَ، لَا أُحْصِي ثَنَاءً عَلَيْكَ أَنْتَ كَمَا أَثْنَيْتَ عَلَى نَفْسِكَ».

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғ пен сәждеде “Субханакаллаһумма Раббана уә бихамдика, Аллаһуммағфир ли” деген дұғаны жиі айтатын. Мағынасы: “Уа, Алла, Раббымыз! Саған мадақ айта отырып, Сені пәктеймін. Уа, Алла! Мені кешір”». Ол осылайша «Наср» сүресінің 3-аятын іс жүзінде орындаған: ﴿فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَٱسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُۥ كَانَ تَوَّابًۢا﴾ «Міне, сонда Раббыңды мадақтап ұлықта һәм Одан кешірім тіле! Өйткені Ол – Тәууәб (құлының тәубесін қабыл етуші)!».1

Мүслим, Әбу Дәуіт және Нәсәидегі бір риуаятта былай деп жеткен: «Алла елшісі (с.а.с.) рүкүғ пен сәждеде: “Өте пәк, кіршіксіз таза, періштелер мен рухтың Раббысысың” – деп айтатын».

Муатта, Тирмизи мен Әбу Дәуіттің бір риуаятында былай деп жеткен: «Алла елшісін (с.а.с.) төсектен таппай қалдым. Іздестіргенде қолым аяғының астына тиді. Сәждеде болатын. Және былай деп дұға жасап жатты: “Аллаһумма инни ағузу биризика мин сахтика уә ағузу бимуғафатика ми уқубәтика уә ағузу бикә минкә лә ухси сәнаән алайка. Әнтә кәмә әснәйтә ала нәфсикә. (Уа, Алла! Сенің разылығыңды шапағатшы етіп, ашуыңнан саған сиынамын. Кешіріміңді шапағатшы етіп, жазаңнан саған сиынамын. Өзіңнен өзіңе сиынамын. Саған лайық болған мадақты айта алмаймын. Сен өзіңді мадақтағандайсың)”».

Түсіндірме

1. Бұл хадис көрініп те тұрғандай әртүрлі кітаптарда әрқилы үлгіде жеткен. Авторымыз бұл жерде рүкүғ пен сәждеде оқылатын дұғаларды көрсетуді қалағандықтан риуаяттағы басқа элементтерді мүмкіндігінше қысқартып, хадисті қорытындылап берген. Мәселен, әзірет Айша (р.а.) былай деген: «Бір түні Алла елшісін төсектен таппай қалдым. Әйелдерінің бірінің қасына кетті деп ойладым. Іздей бастадым. Кейін кері қайттым. Рүкүғ пен сәждеде «Субханака уә бихамдика лә иләһә иллә әнтә» деп жатқа болатын. Мен: «Ата-анам саған құрбан болсын! Мен ненің соңындамын, сен ненің соңындасың» дедім.

2. Айша анамыздың қызғаныштың себебінен ардақты Пайғамбарды (с.а.с.) іздеуі оны сәжде кезінде оқыған дұғаларды үйренуіне түрткі болған. Сәждеде оқылатын дұғаларды сахабалардың білгендігіне де күмән жоқ. Алайда олардың әртүрлі бейнеде болғандығы байқалады.

3. Өте пәк – Аллаға лайық емес әртүрлі кемшіліктерден ада дегенді білдіреді. Ал кіршіксіз таза – Аллаға лайық емес әртүрлі нәрселерден таза екендігін білдіреді. «Мүбәрак» деген мағынада екендігі де айтылады. Бұл сөздер «сәббух» және «қаддус» деп те риуаят етілген. Ашық түрі «суббух» және «қуддус» түрлері. Бұлар кейбір ғалымдардың айтуынша Аллаға тән есімдер. Сипаттары деп айтқандар да кездеседі.

4. Хадисте айтылған «рух» дегеніміз не? Ғалымдардың көпшілігі бұл жерде Жәбірейілдің көзделгендігін айтады. Кейбіреулері «бір үлкен періште» деген. Рухты «иләһи мейірім» «періштелер де көрмеген басқа бір жаратылыс» деп топшылағандар да болған. Құран кәрімде әртүрлі аяттарда «Рух» жайлы айтылған (Нахл, 2; Исра, 85; Шұғара, 193; Ғафыр, 15; Мағариж, 4; Нәбә, 4; Қадыр, 4) Көпшілік ғалым «Жәбірейіл» деп айтқан. Біз талас-тартысты мәселелерде көпшілік ғалымның пікірін негізге аламыз.

5. Пайғамбарымыз (с.а.с.) құлдықтың ең көркем көрінісі ретінде күнәларды мойындап, Алланың ашу мен жазасынан Алланың разылығы мен кешірімін паналайды. «Өзіңнен өзіңе сиынамын» деген сөйлемге қатысты Хаттаби былай дейді: «Бұл жерде бір нәзік мағына бар. Пайғамбар (с.а.с.) Алла тағаланың ашуынан Алла тағаланың разылығын, азабынан кешірімін паналайды. Бұның мағынасы оған деген құлдығы мен мадағындағы кемшіліктерге байланысты Алладан кешірім тілеу».

6. «Саған лайық болған мадақты айта алмаймын» деген сөйлем Аллаға деген лайық құлшылықтың ақысын бере алмаймын дгенді білдіреді. Өйткені мадақ – Алланың ұлы сипаттарын зікір ету. Яғни ол сөздің тағы бір аудармасы «Сені мадақтауды санап бітіре алмаймын. Сен өзіңді қалай мадақтасаң сондайсың» дегендей болады. Алла тағаланың нығметтері, сипаттарының көп болғаны соншалық – адамның ақылы оның барлығын қамти алмайды. Алла елшісі (с.а.с.) адамзаттың ең ақылдысы, ең кәміл иманға иесі бола тұра Алланың сипаттарын толық тануға әлсіз екендігін мойындап, «Я, Раббымыз! Біз адамға тән ақылымызбен Сені тануда әлсізбіз, тілмен жеткізуге дәрменсізбіз, сен өзіңді қалай айтсаң солай екеніңді қабылдаймыз» деп білдірген.

7. Хадистің түсіндіруді қажет ететін тағы бір тұсы біз «Бұл дұғаны оқу арқылы Құранмен амал етіп жатқан болатын» деп аударған сөйлем. Сөзбе-сөз алғанда «Құранды тәуил етіп жатқан болатын» деп аударылуы керек еді. Ибн Хажар бұны: «Құран кәрімнің рүкүғ пен сәждеде жасалуын әмір еткен нәрселерді істеп жатқан болатын» деп түсіндіреді. Оған қоса: «Ағмаштың риуаятында “Құран” дегенде оның бір бөлігі, аталмыш сүре және айтылған зікір екендігі түсіндіріледі» дейді.

8. КЕЙБІР ҮКІМДЕР

• Ибн Дақиқу әл-Ғид былай дейді: «Бұл риуаят рүкүғте дұғаның, сәждеде тәсбихтің мүбаһ екендігіне дәлел болады. Бұл сөзге Алла елшісінің (с.а.с.) “Рүкүғте Алла тағаланы ұлықтаңдар, сәждеде дұға жасауға тырысыңдар” деген хадисі қайшы келмейді. Өйткені біз тоқталып отырған хадистен рұқсат үкімін шығаруға болады және сол негізге алынады. Сәждеге қатысты әмірді де дұғаны көп жасауды жатқызуға болады. Өйткені “тырысыңдар” деген сөз де көп жасау жорамалын бекіте түседі»

Сәждеде көп дұға жасауға қатысты хадистер де жеткен. Солардың бірі – أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ فَأَكْثِرُوا فِيهِ مِنَ الدُّعَاءِ. «Құлдың Раббысына ең жақын болатын кезі – сәждедегі сәті. Сондықтан сәждеде дұғаны көп жасаңдар» деген хадис.

Сәждеде дұғаны көп жасау әмірі – қажеттіліктің барлығын сұрауға ынталандыруды да қамтиды. Бұл жоғарыда да айтып өткеніміздей аяқ киімнің бауы секілді ұсақ-түйек нәрселерді сұрауды да білдіреді. Сонымен қатар көп дұға жасауға – қажет нәрсені қайталап сұрау да жатады.

• Әзірет Айшаның (р.а.) аяғы Алла елшісіне (с.а.с.) сәждеде жатқанда тиюі ханафилерде әйелдің денесі тигенде дәрет бұзылмайтынына дәлел ретінде алынған. Алайда қалған үш мәзһабта әйелдің ерге жанасуы дәретті бұзады.

• Сәждеде аяқты тік ұстау сүннет.

  1. 1Бұхари, Азан 123, 139, Мағази 50, Тәфсир, Изә жәә әнасруллаһи уә әл-фатх, Мүслим, Салат 217, (484); Әбу Дәуіт, Салат 152, (877); Нәсәи, Ифтитах 153, (2, 219).